Ағашқа жан бітірген

Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік Комитетіне 25 жыл толды. Бұл мақаланың кейіпкері осы қызметтің ардагері, ағаштан түйін түйген қолөнер шебері Ғабит Мәкенов.

«Адамдар дүние есігін ашқанда өзіне ата-ана таңдамайды. Олар бірінің ұлы, бірінің қызы болып туады. Өзіме қатыстылығын айтсам, менің жолым болды деп ойлаймын. Арғы аталарымның көбі, нағыз халықтың балалары болған. Әлім келгенше, барынша соларға ұқсауға тырыстым». Бұл – Қазақстанның атақты сәулетшісі, қоғам қайраткері, жазушы Шота Уәлихановтың сөзі. Ғабит Мәкенов та осы ойға толықтай қосылады. Шота Уәлихановтың 70 жылдық мерейтойына шығарылған журналда «Ғабит ініме! Жақсылық тілеймін. Шота ағаң. 21 қыркүйек 2002 жыл» деген қолтаңба бар. Шота Уәлихановтың әкесі Ыдырыс пен Ғабит Мәкеновтың атасы Сәдуақас ағайынды адамдар.
Ғабеңнің арғы атасы Мақыжан Уәлихановтан тараған. Қазақтың дәстүрі бойынша оны «Мәке», «Мақы», «Мақыжан» деп атаған. Шоқан Уәлихановтың ағасы, қазақтың алғашқы кәсіпқой суретшілерінің бірі, толық есімі – Әбділмақыжан Шыңғысұлы Уәлиханов (1845-1918). Мақы Уәлиханов жеті жасында ауырғаннан құлақ, тіл кемістігіне шалдықты. Санкт-Петербургтегі кемістігі бар балаларға арналған патшалық өнер пансионатында білім алып, суретші мамандығын иеленді. Мектепті тәмамдаған соң Петербург қаласының губерниялық басқармасында, «Сібір қырғыздары облысы» губернаторының кеңсесінде, Баянауылда аудармашы, Көкшетау мен Атбасарда хатшы болып қызмет атқарған. Отставкаға шыққаннан кейін бар өмірін қолданбалы өнерге: ағаштан қазақтың ұлттық және зергерлік бұйымдарын жасауға арнады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, нақтырақ айтсақ, 1876 жылы әйгілі Абылай ханның немересі – Шыңғыс Уәлиханұлы Петербургте өткен Шығыстану Халықаралық Конгрессіне арнап этнографиялық заттарды жинаумен айналысты. Бұл іс-шараға Көкшетау өңіріндегі қазақ халқының ұлттық, күнделікті қолданыста сирек кездесетін көне заттары жіберілген. Мақыжанның өзі жасаған қалта сағатына арналған ағаш қаптама мен басқа да бұйымдары осы көрмеде алтын медальді иеленеді.
Мақы Уәлихановтың отбасында Сәдуақас, Қасым және Ыдырыс атты үш бала тәрбиеленген. 1887 жылы дүниеге келген тұңғышы Сәдуақастан Қалтай, Рашид, Ерсін және Мақфура деген төрт бала болған. Қазіргі уақытта 92 жастағы Мақфура Сәдуақасқызы Уәлиханова Көкшетау қаласында тұрады. Оның үйінде Абылай ханның ұлы Уәлидің хандық мөрі сақтаулы. Мақфура апайдың інісі болып келетін біздің кейіпкеріміз Ғабит Мәкеновтың айтуы бойынша Кұрандағы сүренің жазулары ойылған хандық мөр оларға мұрагерлікпен Көкшетау округінің сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың ұлы Мақыжаннан қалған. Оның үлкен ұлы Сәдуақас бұл мөрді әкесінен қалған мұра ретінде сақтаған. Ғалым, этнограф және Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потаниннің (1835-1920) естеліктерінде «Мақы Петербургтен білім алып, осында он бір жыл тұрған. Ол Көкшетауға қыста барған кезде орыс клубында оны жағымды қонақ ретінде қарсы алатын. Ол жердегі адамдар Мақының жайдары мінезі мен адамдармен қарым-қатынасы үшін жақсы көретін» делінген. 1896 жылы Г.Потанин өзінің досы Шоқан Уәлихановтың туған жері – Көкшетауға барған кезде, Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханұлымен кездесіп, қазақтың ғұлама ғалымына арнап мақала жазған. Кейін ол бұл сапарын өмір бойы естен шығармай өтті.
Тағдырдың жазуымен Ғабит Мәкенов бар саналы ғұмырын Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті органдарында қызметте өткізді. Ол 1952 жылы қасиетті Көкше өңірінде дүниеге келді. Суретші Мақы Уәлихановтың немересі Қалтай Сәдуақасұлы Мәкенов жеті баланы: ұлдары Уәхит, Сағит, Сәбит, Ғабит, Серік және қыздары Райхан, Ғалия, Гүлханды тәрбиелеп өсірген. Бүгінгі таңда оның алты баласы Көкшетауда, бір қызы Алматыда тұрады.
Алматыдағы халық шаруашылығы инс-титутын тәмамдаған соң Ғабит Көкшетау мейрамханалар жүйесіне жұмысқа орналас-ты, кейін бір жыл Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеді. Ал, Көкшетау облыстық партия комитетінде қызмет істеп жүрген кезінде жоғарыдан ұсыныс түсіп, Минск қаласындағы Кеңес Одағының Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің жоғары курстарына оқуға түседі. 1970 жылдардың екінші жартысы мен 1990 жылдардың орта тұсында Ғабит Мәкенов қатардағы курсанттан Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің полковнигі дәрежесіне дейін өсті. Ол осы мекеменің Көкшетаудағы қызметкерлерімен бірге 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада ойындарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Сол кездегі Кеңес Одағының астанасына Олимпиада жарыстары басталардан екі апта бұрын барып, сонда бір айдан астам уақыт болған.
– Астрахан облысының қызметкерлерімен бірге казармалық тәртіппен КСРО ҰҚК-інің жоғарғы мектебінде тұрдық. Айта кететін ең қызығы, астрахандық орыстардың біздің Қазақстаннан келгендігімізді естіп, білгеннен кейін бізбен қазақша сөйлескендері. Олар Ресейде тұратын астрахандық қазақтардан қазақ тілін аздап үйренген екен. «Олимпиада-80» ойындарында болған кезде біз Мәскеу өзенінің туристік параходтары мен жолаушыларды тасымалдайтын су көлігінің қауіпсізідігін қамтамасыз еттік. Бұл тапсырмаға террористік актілердің алдын-алу шаралары да кірді. Қорыта айтқанда, барлығы ойдағыдай өтті. Жемісті қызметіміз үшін Көкшетаудан келген жеті адамның бәрін сол кездегі КСРО ҰҚК-інің төрағасы Юрий Андропов Алғыс хатпен марапаттады, – дейді Ғабит аға.
1982 жылдың орта кезі мен 1987 жылдың соңына дейін Ғабит Қалтайұлы Мәкенов КСРО ҰҚК-інің Экономикалық қауіпсіздік басқармасы бөлімінің басшысы қызметінде болып, Омбы қаласында тұрған.
Қазақ халқында ағаштан ою-өрнек жасау өнері ертеден қалыптасқан. ХV ғасырдан бастап Көкшетау елі ағаш ұсталарымен танымал болған. Осы жайлы Шоқан Уәлиханов өзінің ғылыми еңбектерінде баса атап өткен. Бұл өнермен жоғарыда айтқанымыздай, біздің кейіпкеріміз Ғабит Мәкеновтың атасы Мақы да айналысқан. Шоқанның досы, ғалым Г.Потаниннің: «Мақының жағдайы қалай? Қазір немен шұғылдануда?» деп сұраған хатына «Біздің Мақы ағаштан ерекше ойыншықтар ойып, балаларды қуантуда» деген жолдар осы сөзіміздің айқын дәлелі. Уәлихан әулетіне қонған осы бір өнер Мақыдан оның немересі Қалтайға және шөбересі Ғабитке ауысқан. Егер Қалтай ұста қазақ халқының ұлттық жиһазын да-йындаса, ұлы Ғабит түбірден мүсіндер жасаумен айналысады. Біздің кейіпкеріміздің «уақытты бағалап, оны пайдалы іске арна» деген өмірлік ұстанымы шығармашылық әлеуетін жақсартуға көп септігін тигізуде. Ағаш шеберінің өзі жан-дүниесін баураған, әртүрлі тақырыптан тұратын туындылары жүзге жуық. Ғабит аға осыған күш-қуатты қоршаған орта мен табиғаттан алады. Осындай заттарды жасап, айналадағы адамдарға қуаныш сыйлау қабілеті оған арғы аталары – Уәлихановтар әулетінен дарығаны көрініп тұр.
2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің ардагері Ғ.Қ.Мәкеновтің жеке көрмесі өтті. Сөйтіп, оның шебер қолынан шыққан туындылар көпшіліктің жақсы бағасын алды.

Бибігүл СӘДУАҚАС.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар