Астанада үшінші «AQMOL» сауда үйі ашылды

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Астана қаласында ақмолалық тауар өндірушілердің «AQMOL» үшінші сауда үйінің және Ақкөл мен Бурабай аудандарында бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысып, олардың халыққа қызмет көрсету жайымен танысты.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Астана қаласының аумағында азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасын одан әрі дамыту туралы бірқатар нақты міндеттер қойған болатын. Бүгінгі күні осы бағытта ақмолалықтар тарапынан ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бұдан бұрынырақта газетімізде жазғанымыздай, Елордада облыс азық-түлік тауарын өндірушілердің өнімдерін сататын екі «AQMOL» сауда үйі ашылып, жұмысқа кіріскен болатын. Мəңгілік Ел көшесінің бо-йында ақмолалық тауар өндірушілердің үшінші «AQMOL» сауда үйінің ашылуы астаналық облыс тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын тағы бір дәлелдегендей болды.
Сауда үйінің ашылуына аймақ басшысымен бірге, астаналықтар және жақын маңдағы аудандардан барған облыс жəне Астана тұрғындары қатысты.
Осы орайда, журналистерге берген сұхбатында облыс әкімі Мәлік Мырзалин Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде Елордада ақмолалық тауар өндірушілердің сауда нүктелерін ашу арқылы астаналықтардың арзан әрі сапалы азық-түлік өнімдеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді көздеп отырғандарын атап өтті.
– Ақмолалық тауар өндірушілердің өз сауда желісін құруы өнім өткізу мәселелерін шешуге игі ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, астаналықтарға делдалсыз нарық бағасынан арзан әрі сапалы азық-түлік тауарларын алуға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру барысында 3 дүкен ашуды көздеген едік. Бүгін міне, үшінші сауда үйін ашып, жоспарлаған межеден көріндік, – деді Мәлік Мырзалин өз сөзінде.
Облыс басшысы Астана қаласында ойға алған жоспарға сай екінші кезеңде дүкендер желісі 10 сауда нүктелеріне дейін кеңейтілетінін, оған қоса, аймақ тауар өндірушілерінің көтерме сауда орталығын ашу да жоспарланып отырылғандығын атап өтті. Әзірге көкөніс, сүт және ет өнімдерін, өсімдік майын және белгілі брендтегі азық-түлік түрлерін өндіретін «Родина» агрофирмасы», «Астана Агро Продукт», «CAPITAL PROJECTS LTD», «Көкшетау сүт зауыты», «Айна» сауда үйі», «Бижан»ет өңдеу кəсіпорны», «Капитал Натур Продукт», «СТЕРХ» серіктестіктері мен «Ижевский» өндірістік кооперативі жəне «Есіл» əлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компания-сы» АҚ-ы тәрізді өңдеуші кәсіпорындардың өнімдері жеткізілуде. Алдағы уақытта тауар өндірушілердің қатары және тауар түрлері де кеңейе түспекші.
Бұдан кейін аймақ басшысы Ақкөл ауданының Красный Горняк ауылындағы «Family Garden» туристік демалыс базасында қысқы маусымның ашылуына қатысты. Еліміздің үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасында туризмді дамыту мәселесіне жете көңіл бөлінген. Бағдарламада қойылған мақсаттарға сәйкес, мемлекет іскер топтармен бірігіп, еліміздің барлық облыстарында туристік инфрақұрылымды белсенді қалыптастыруда. Красный Горняк ауылында ашылған бұл «Family Garden» туристік демалыс базасы да туризмді өркендетуге таптырмас мекен деп батыл айтуға болады.
«Астана-Көкшетау» тас жолының бойында орналасқан туристік демалыс базасы өте жоғары талғаммен салынып, заманауи үлгіде жабдықталған. Бөренеден қиып салынған кешенде мейрамхана, бильярд, караоке, vip-зал, банкет залы, екі vip коттедж, ересектер мен балаларға арналған бассейн, монша, сауна, балаларға арналған ойын алаңы, қонақ үй барлық талаптарға сай жабдықталған және демалуға келушілердің көңілдерінен шығары сөзсіз. Оған қоса, футбол, волейбол алаңдары мен велосипед, квадрацикл жолдары да бар. Шағын және үлкен топтарды қабылдап, экскурсия жасайтын орындары белгіленген демалыс базасы бір мезетте 100 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Нысанның құрылысына жұмсалған 65 миллион теңге «Family Garden» туристік демалыс базасының өз қаражаты есебінен алынса, оған қосымша 45 миллион теңге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлінген.
– Бұл жерде әзірге он адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Біз жаз және қыс мезгілдерінде де үздіксіз жұмыс істеп, демалуға келген меймандарымызды қабылдайтын боламыз. Жаздағы секілді қыста да өте көңілді болатынына сенімдіміз, – деді демалыс базасының құрылтайшысы Наурызбай Жұмабаев.
Облыс басшысы бұдан әрі Щучинск қаласының маңында «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында жаңадан салынған қонақ үй кешенінің ашылуына қатысты. Осы орайда, облыс басшысы жол бойындағы сервистік қызмет көрсету мəселесін қозғай келе, Астанаға барар күре жолдың бойындағы «Нарбота» дəмханасы, «Есіл», «Бахыт», «ҚазМұнайГаз», «Гелиос», «Кизат», «Sinooil» тəрізді жанар-жағар май құю стансалары мен «Қазавтожол» ұлттық компаниясының балансындағы жол бойындағы дəретханаларды алып тастау қажеттігін атап өтті. Жаз айларында талапқа сай салынбаған бұл дəретханалардағы иіс қолқаны қабатыны жасырын емес. Жүкті əйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды айтпағанда, дені сау адамдардың өзі əлгі дəретханаларға əзер кіреді. Осы орайда, туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан және жаз айларында демалушылар көп келетін өңірімізде барлық жағдай талапқа сай болуын ескеру қажет. Ең бастысы, қызмет көрсету сапасы жоғары болып, санитарлық талап нормалары сақталуы тиіс.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар