Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ тіліндегі сайттардың келешегі қандай? - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ тіліндегі сайттардың келешегі қандай?

Астанада «Қазақ сайттары редакторларының форумы» өтті. Қазақ тілді сайттардың бүгінгі ахуалы, атқарып жатқан жұмыстары мен болашақ даму бағдары жайында келелі әңгіме қозғалған алқалы жиынға ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қатысып, сөз сөйледі.

Бар шығынды мойнына алып, аталмыш шараны өткізуге атсалысқан АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі екендігін, форумның өзін «Қазақстан» РТРК АҚ-ы ұйымдастырғанын айта кеткен артық болмас. Шараны ашу салтанатына қатысқан АҚШ елшісі Джордж Крол мен ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, сондай-ақ, «Қазақстан» РТРК АҚ-ы басқармасының төрағасы Ерлан Қарин, ақпарат кеңістігінде елеулі орны бар сайттардың жайы, болашақ дамуы маңызды мәселе екендігін айтып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
«Заманына қарай адамы» демекші, ғаламтордың ауылға да, қалаға да кең таралуы және қолжетімді болуы ақпарат кеңістігіндегі оның рөлін күшейтіп, ықпалын да еселеп арттырған жайы бар. Осыған орай, сайт арқылы ақпарат тарату және әлеуметтік желілер бүгінде алдыңғы орынға шықты. Интернет арқылы таратылатын ақпаратты смартфон ұстайтын мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерге дейінгі барлық жастағы адамдар тұтынады. Содан болар, бұл сала қазақ тілді аудиторияда да жыл санап қарқынды дамып, ақпаратқа деген қажеттіліктер еселеп артып келеді. Нарық заңы бо-йынша сұраныс бар екен, онда ұсыныс та болуы тиіс. Осыған орай, қазақ тілді интернет ақпарат алаңынан өз орындарын алып қалуға талпынушылар қатары да уақыт өткен сайын өсе түсуде. Иә, қазақ сайттарының көбейгені жақсы-ау, бірақ, «күріш арқасында күрмек су ішедінің» керімен, оқырман тарту үшін өсек-аяңнан бастап, зорлық-зомбылық, неше түрлі арсыздықтарға дейін айтып-жазатын арзанқол сайттар да шығып жатыр. Форумның алғашқы отырысына төрағалық жасаған «Алаш айнасы» ақпараттық порталының басшысы, белгілі журналист Серік Жанболат сайттардағы контент сапасын жақсарту жайына ерекше назар аударды.
– Бір жылда ақпарат құралдарына, оның ішінде сайттар да бар, мемлекеттік тапсырысқа 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Сол ақша қалай жұмсалып жатыр, қазақ тілді оқырмандарға сапалы ақпараттар берілді ме, адамдарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу бағытында мемлекеттік тапсырыс аясында насихат жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде? Өкінішке орай, бұны тексеріп, талдап жатқан ешкім жоқ, – деді «Мінбер» журналистерді қолдау қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы.
Форум барысында қазақ тілді сайттарының қазіргі атқарып жатқан жұмыстары мен жағдайы, болашақ даму бағдары туралы жан-жақты әңгіме қозғалды. Сайт ашып, қазақ оқырмандарына ақпарат таратумен айналысып жүргендер, тіпті соны негізгі кәсіп көзіне айналдырып, жап-жақсы табыс тауып жатқан қазақ жастары бар екендігін көргенде Елбасы көтерген цифрлық Қазақстан идеясының нақты жүзеге аса бастағанын сезінгендей болдық. Бұрын «Сұрақ-жауап» аталып, қазіргі күні «Бәрібар» деген жаңа атты иеленген сайттың негізін салушы интернет-кәсіпкер Ербол Серікбай: «Биыл Ksell компаниясымен бірлескен жобаны қолға алдық. Сол арқылы мен өз қызметкерлерімнің жарты жылдық жалақысын табу мәселесін шештім. Осындай екі-үш жоба болса, мемлекеттік тапсырыссыз-ақ күн көруге болады», – дейді. Аталмыш сайтқа күніне 150 мың адам кіреді екен. Сонша оқырманы бар сайтқа жарнама беруге ынталылар да баршылық. Интернет-кәсіпкер алдағы уақытта Қытай тауарларын сататын сайттың жанынан «интернет-дүкен» ашу ниеті бар екендігін де айтып қалды.
Газет-жорналдар түбі жабылып, бәрі сайтқа айналады дейтін әңгіменің шыққанына да бірқыдыру уақыт өткен. «Бізді күнде өлтірмек болады, бірақ, қағаз газет әлі тірлік кешіп келеді. Талай өткелектен өткен басылымдар ғаламтор әкелген бұл қиындықты да жеңер. Дегенмен, қазақ басылымдары заман талабына сай өз жұмыстарын өзгертіп, газеттің интернет нұсқасы түріндегі сайттарды да дамытуы қажет» дегенді айтты «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
Бүгінде қазақ тілді аудиторияға ақпарат таратумен айналысып жүрген 120-дай сайт бар екен. Бұл оншалықты көп емес. Осы орайда, қазақ тілді сайттар арасындағы бәсекелестік деңгейі де төмен болып отыр. Осыны пайдаланған орыс тілді сайттар соңғы кезде қазақ тілінде мақалалар беруге де назар аударып, ақпарат кеңістігінен өз орнын алуға ұмтылуда. Міне, сол себепті де қазақ тілді сайттар ақпарат кеңістігіндегі өз орындарын сақтап қалғысы, дамығысы келсе, бәсекелестікке қабілетті болуы қажет. Яғни, заман талабына сай алға басып, ақпарат технологиясындағы жаңалықтарды меңгеруге тиіс. Ал, оның ең басты тәсілі – контент, яғни жарияланатын материалдардың сапалылығы болуы қажет. Ал, сапалы мақалаларды жазатын білікті маман журналистер екендігі белгілі. Форумда сайттарда жұмыс істейтін кәсіби білікті журналистер даярлау мәселесіне көңіл бөлетін уақыт жетті деген әңгіме айтылды.
Қазақ сайттары редакторларының басын қосқан алқалы жиында сөз болған барлық көкейкесті мәселелер назарға алынып, оны шешу жолдары қарастырылатын болады, қазақ сайттарын дамыту үшін де осылай жасау қажет деген тұжырым жасалды шара қорытындысында.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар