Бәсекеге қабілетті білім ордасы

Өткен сейсенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде болып, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттеріне облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбында лекция оқыды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, медицина, туризм салалары бойынша мамандарды даярлау ісіне назар аударып, оқуын үздік оқитын он студентке Ақмола облысы әкімінің 350 мың теңге көлеміндегі шәкіртақысын тапсырды.

Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті ғылыми-біліктілік әлеуеті жаңа үлгіде құрылған, материалдық-техникалық базасы жақсы, сонымен қатар, мамандарды даярлау кезінде қазіргі заманғы инновациялық технологияларды қолдану бағытын ұстайтын, халықаралық сапа стандартына толығымен сай келетін оқу орны болып табылады. Университеттің 5 факультетінде бакалавриаттың 24 мамандығы, жоғары білімнен кейінгі магистратураның 13 мамандығы, PhD-докторантураның 2 мамандығы және 7 әскери-есептік мамандық бойынша оқыту жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орнында жаңа үлгідегі зертханалар жұмыс істейді. Ғылыми және тәжірибелік жобалар облыс орталығындағы «Зеленстрой» серіктестігі, «Көкшетау минералды сулары» және «Тыныс» акционерлік қоғамдары тәрізді ірі кәсіпорындарда жүзеге асырылады. Ал, әскери кафедраға келетін болсақ, ұлдармен бірге қыздар да әскери-есептік мамандық бойынша қазақ және орыс тілдерінде білім алады.
– Білім, спорт, қоғамдық өмірде белсенділік танытқан біздің студенттердің көбі мемлекеттік гранттар мен Қазақстан Республикасы Президенті және Ақмола облысы әкімі стипендиясының иегерлері. Сонымен қатар, еліміздің ғарышкері Талғат Мұсабаев пен университет ректорының да шәкіртақысы тағайындалған. Оған қоса, жыл сайын оқу озаттары Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының аппаратында, Сыртқы істер министрлігінде және Аэроғарыш комитетінде өндірістік тәжірибеден өтеді. Ең бастысы, оқу бітіріп, қолына диплом алып шыққан студенттердің 90 пайыздан астамы жұмысқа орналасады, – деді университет ректоры, заң ғылымдарының докторы Мәди Елубаев.
Облыс әкімі алдымен, аталмыш университет ғалымдары мен студенттерінің ғылыми шығармашылық жұмыстары ұсынылған көрмені аралап көрді. Көрмеде көрініс тапқан университет жетістіктерінің арасында оқу орнының жақында Ұлыбританияның Оксфорд қаласында 2017 жылғы халықаралық жұмыстарының қорытындысы бойынша ең үздік «жоғары оқу орны» аталымы бойынша алған марапаты бар. Бұл университеттің білім беру саласындағы жай ғана жетістігі емес, білім сапасының деңгейін көрсетіп отырған көрсеткіш.
Одан әрі университет ректоры Мәди Елубаев аймақ басшысына жоғары білім ордасын аралатып, оның материалдық-техникалық базасымен таныстырды.
– Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамдық сананы өзгерту үшін экономика, саяси үрдістерді жаңғырту міндеттерін де белгілеген болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру тұрғысынан алғанда біздің облыста ауқымды шаралар қолға алынуда, – дей келе, ол өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуы жайында айтып берді. Аймақ басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, машина жасау, тау-кен металлургия саласындағы жетістіктерге тоқталды. Әсіресе, агроөнеркәсіп секторы, туристік кластер, әлеуметтік сала, жаңа жобалар мен технологияларды игеруде инвестиция тартудың қажеттілігін атап өтті.
Лекция соңында облыс әкімі кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға байыппен жауап берді. Сауалдар негізінен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту және жергілікті бюджеттен бөлінетін білім гранттарының көлемін арттыру төңірегінде өрбіді. Осы орайда, облыс басшысы Қытай еліне жұмыс сапары барысында екіжақты студенттер алмасу туралы келісім жасалғанын атап өтті. Келер жылдан бас-тап Қытай елінде білім алатын ақмолалық студенттердің мәселесі нақты шешімін табатын болады.
Кездесу соңында Мәлік Мырзалин аталмыш университеттің үздік он студентіне Ақмола облысы әкімінің 350 мың теңге көлеміндегі атаулы шәкіртақысын салтанатты түрде тапсырды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар