Күн – көркіне, ажарына – Ай қызыққан!..

Алма ағаштың бүріндей, аққудың көгілдіріндей, нәркескөз нәзік, ақылына көркі жарасқан қазақтың ару қыздарын көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейтіні бар. Әсіресе, сұлу сымбатына табиғи дарыны үйлесіп тұрса қандай ғанибет десеңізші! Аудандағы №5 Ақмол орта мектебінде музыкалық жетекші әрі аудандық мәдениет үйінің қызметкері болып жұмыс істейтін Фариза Едресованың бойында біз жоғарыда айтып өткен жақсы қасиеттердің барлығы табылады.

Қазақтың кішілігі мен кісілігі бір бойына дарыған дарынды қызбен біз облыстық халық шығармашылық орталығы ұйымдастырған композиторлардың облыстық байқауында танысқан болатынбыз. Сол жерде әнші қыздың өнеріне тәнті болып, оның шығармашылығымен жақынырақ танысуды жөн санаған едік.
Фариза Ғалымжанқызы Қостанай облысына қарасты Тасты ауылының қызғалдағы. Ауылдағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, Арқалық қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, музыкалық білім бөлімінде тәлім алған. Институт тәмамдаған күннен бері аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп келеді.
– Тәжірибелі өнерпаздардан құралған ортада жұмыс істеу мен үшін зор мәртебе. Аға буыннан үйрене жүріп, көптеген ән байқауларына қатысып, лауреат, дипломант атандым. Атап айтар болсақ, облыстық «Ақмола жұлдыздары», «Мен әртіспін» сияқты көптеген өнер додаларына қатысып, бағымды сынап жүрмін. Жалпы, біздің облыста жас өнерпаздардың өнеріне өріс кең, – дейді
Фариза бізге берген әңгімесінде.
Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрімізді, халық әндерін жастарға, жас буынның санасына сіңіруді жас әнші өзіне мақсат тұтқан. Аудандағы мектепте өзі жетекшілік ететін «Өнерпаз өркен» ән үйірмесінде де оқушыларды, жауқазын өнерпаз жастарды өнерге баулып жүр.
– Мен жүрегім қалаған мамандық иесі атандым. Данышпан ұстаз Әл-Фараби: «Адамға ең алдымен тәрбие беру керек, ал, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» демеп пе еді, осы ұстаныммен өз шәкірттерімді тәрбиелеуге тырысамын. Өмірімді өнермен өрнектесем бе деймін. Сонау бір жылдары Астана қаласында талантты композитор Болат Әшірбаевтың «Тарбағатай таулары» атты ән кеші өткен болатын. Аталмыш шығармашылық кеште елімізге танымал Қайрат Нұртас, Рүстем Жүгінісов сияқты әншілермен қатар, мен де сазгердің «Аяулы ана», «Ғашығым» әндерін орындап, тыңдарман қошеметіне бөленгенім күні бүгінгідей жадымда жаңғырып тұр. Бұл кеш менің қабілетімді әрі қарай дамытуға тың серпін бергені рас,–дейді әнші қыз осылайша өз ойын ортаға салып.
Әңгіме барысында қазақтың жыр падишасы Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін жатқа оқыған әнші қыздың парасаты биік екендігін де аңғардық.
«Еңбек етсем ертеңгі,
Бақытыма сенемін.
Мақсатыма жеткізер,
Уақытыма сенемін.
Ақыл-сана, біліммен,
Өнеріме сенемін!
Арым таза, ақ көңіл,
Адалдыққа сенемін», –
деп өзінің өмірлік ұстанымымен бөліскен, келер күнге сенім, яки үмітпен қарайтын, өнерін өміріне балайтын бір шолпан жұлдыз Ақмола көгінде жарқырап тұрғандай. Осындайда, әр күнін әнмен өріп, әрлендірген, әрбір сәтін өнерге деген ынтазар көңілдің шуағымен нұрландырған Фаризадай әншілерге қарап тәнті боласың һәм сүйсінесің. Аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауының сәні мен салтанатына айналған, тыңдасаң әндері құлақ құрышын қандырған, сұлу сымбатына бүрмелі көйлегі жарасып, көз салсаң көңіл марқаятын, бойынан имандылық пен кіршіксіз тазалықтың шуақты нұры себізгілеп тұратын, ұлттық құндылыққа қылау түсірмей жүрген осындай қазақтың әнші қыздары көп болса игі деген тілек көкейде сайрап тұратыны бар.
Ендеше, көркіне күн, ажарына ай қызыққан аяулы әнші қызға өнердегі сапарыңыз оң болсын деген тілек білдіреміз!

Ұлмекен Шаменова.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар