Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кездесулер, пікір алмасу, ой бөлісу және сұрақтар мен жауаптар - АРҚА АЖАРЫ

Кездесулер, пікір алмасу, ой бөлісу және сұрақтар мен жауаптар

Бұл күндері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары еліміздің барлық аймақтарын аралап, ондағы өндіріс орындарының, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысуда, еңбек ұжымдарымен кездесіп, жоғары заң шығарушы органдағы өз қызметтерінен есеп беруде.

Халық қалаулылары көшпелі отырыстардың аясында 1500 адаммен кездесуді жоспарлап отыр. Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Асылбек Смағұлов осы аптада Целиноград ауданы Қызылсуат ауылында болып, бұқара халықпен кездесті. Халық қалаулысы ауыл халқына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат, міндетін түсіндіріп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Ауыл тұрғындарын мазалайтын ауыз су, жолдың жөнделмеуі, жер телімдерін алу мәселелерін депутат қойын дәптеріне жазып алып, алдағы уақытта Парламент қабырғасына жеткізетіндігін айтты. Сонымен қатар, бұл күні Асылбек Смағұлов Қажымұқан ауылындағы «Зеренді» серіктестігінің ұжымымен кездесу өткізіп, Қараөткел ауылындағы №2 орта мектеп қабырғасында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Көшпелі сессия барысында Ақмола облысына келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанат Омарбекова мен Меруерт Қазбекова Бурабай ауданындағы республикалық спорт кешенінің құрылысы барысымен жан-жақты танысты. Халық қалаулылары құрылысы толық аяқталған спорт кешенінің мейманхана және өзге де сервистік қызмет көрсету нысандарында болды. Мұнда осы заманғы талаптар толықтай сақталған. Ондағы құрал-жабдықтар да шетелден алынған. Шаңғы жолдарына қызмет көрсететін техникалар да сақадай сай тұр. Төрешілік ғимараттағы есептеу және бейне көрсету құралдары іске қосылған. Жоғарыдан шаңғымен секіру алаңы толық аяқталғанша, мұнда шаңғы мен биатлоннан халықаралық жарыстар өткізу межеленіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл нысан Олимпиадалық жарыстар өткізу талаптарына сай келеді. Мердігер компания өкілдері құрылысты тезірек аяқтауға ынталы. Егер іргелі спорт кешені іске қосыла қалса, мұнда шетелден туристер де көптеп келетін болады,–дейді депутаттар. Көп ұзамай әлемдік додалы жарыстар Бурабайдың баурайында өтетініне сенім мол.
Ал, Шортанды ауданында ресми іс сапарда жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Владимир Божко А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығында болып ғылыми орталықтың қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында ғылыми орталықтың Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен байланысы, тиісті қаражаттың уақытында бөлінуі, ғылыми жұмыстардың өнеркәсіпке енуі жайы сөз болды. Одан әрі Владимир Божко Научный ауылындағы этно-мәдени бірлестік өкілдерімен кездесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын талқылады.
Динара ДҮЙСЕНОВА,
«Нұр Отан» партиясы облыстық
филиалының баспасөз хатшысы.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінің хатшысы Рашит Әкімов пен Сенат депутаты Дәурен Әділбеков өңірлерге сапар барысында Ақмола облысының Зеренді ауданында болды және Көкшетаудағы «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасында бизнес саласының өкілдерімен кездесті.

Сенаторлар Зеренді ауданының әкімі Мереке Мұстафинмен және аудан шаруашылықтарының басшыларымен болған әңгіме барысында Парламент Сенатының заң шығарушылық қызметі жайлы айтып берді. Сондай-ақ, Р.Әкімов пен Д.Әділбеков бизнес өкілдерімен кездесу барысында жаңадан қабылданған Салық кодексі туралы, ондағы өзгерістер мен толықтырулар жайлы кеңінен түсінік берді.
–Елімізде салық жүйесі жетілдіріліп келеді. Соның барлығында шағын және орта бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай туғызу көзделген. Бұл жолғы толықтырулар мен өзгертулерде де сондай үрдіс қалыптасты,–деді сенатор.
Ол сонымен бірге, Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігінің жиырма алты жылында қол жеткізген табыс-тарды, бұл орайда, Елбасының тарихи рөлін атап көрсетті.
–Қазақстан қазір Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік комитетіне төрағалық етеді,– деді сенатор. –Бұл сөз жоқ, Қазақсанның және Елбасының ішкі және сыртқы саясаттағы тарихи жеңісі. Біздің еліміздің дипломатиясының жеңісі.
Сенат депутаты Р.Әкімов аграрлық саланы дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын айрықша көңіл бөлініп, нақтылы қолдау мен көмектер көрсетіліп жатқанын дәйектермен дәлелдей сөйледі. Ақмола облысы диқандарының биылғы орақта бұрын-соңды болмаған астық жинағандарын атап көрсеткен сенат депутаты алдағы уақытта мал шаруашылығын өркендетудің зор мүмкіндігі барлығын айтты. Қазіргі уақытта Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мүмкіндіктері бар екендігі дау тудырмайтын мәселе. Соңғы жылдары Үкімет тарапынан мал тұқымын асылдандыруға, мал дәрігерлік қызметті жетілдіруге, жайылымды тиімді пайдалануға назар аударылып, оған қажетті қаржы бөлініп келеді. Кездесу барысында сенаторлар көптеген сауалдарға да жауап берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Астрахан ауданында болып, бірқатар өндірістік нысандарды аралап көрді, сонымен қатар, аудан активімен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.

Жұмыс сапарының басында халық қалаулысы аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен кездесіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Үкіметте қолға алынып жатқан шараларға, алда елімізді қандай өзгерістер күтіп тұрғандығына тоқталып өтті. Одан кейін жергілікті жерде астықты қабылдаумен және қайта өңдеумен айналысатын «Гросс нан» ЖШС-інде болып, кәсіпорынның жұмысына қанықты. Серіктестік бүгінде Орта Азия мемлекеттеріне астықты экспортқа шығарады. Кездесу кезінде кәсіпорын басшылығы Мәжіліс депутатына бидайды сыртқа көптеп тасымалдау үшін вагондардың жеткіліксіз екендігін айтып, осы мәселеде көмек беруді өтінді.
Бұл күні халық қалаулысы аудандағы «Тас-Ақбұлақ» кәсіпорнының жұмысшыларымен де кездесті. Минералды су, өзге де сусын түрлерін шығарумен айналысатын өндіріс орнының даму қарқыны жақсы. Кәсіпорын өнімі Қазақстанның бірқатар өңірлеріне және де Ресейге тасымалданады. Мәжіліс депутаты жоғарыда аталған екі ұжымның да жұмыстарына сәттілік тілеп, өтініштер бойынша тиісті органдарға депутаттық сауал жолдайтындығын жеткізді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Кәрібай Мұсырман Зеренді ауданында болып бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесті және азаматтарды өз өтініштері бойынша қабылдады. Сонымен бірге, халық қалаулысы Айдарлы ауылының тұрғындарымен де кездесу өткізді. Одан әрі жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында партияның облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, бұқаралық ақпарат өкілдерімен кездесті.

Қабылдауда болған азаматтар жер телімін бөлу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жетім қалған балалардың білім алуы секілді әлеуметтік мәселелерді алға тартты. Мәселен, облыс орталығындағы мүгедектерге көмек көрсететін «Үміт» қайырымдылық қорының басшысы Бейбіт Башаров мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орнын қалыптастыру мақсатында ашқысы келетін жылыжайға жер телімін беру бойынша арызданды. Осыған дейін ол бірнеше мәрте Көкшетау қаласының жер қатынастары бөліміне өтініш жазыпты. Бірақ, белгілі бір себептермен жер бөлу комиссиясы оған қажетті 2 гектар жерді бермей қойған. Осы мәселе бойынша халық қалаулысы облыс әкімі Мәлік Мырзалинге жеке хат жолдап, заң шеңберінде көмек көрсететінін айтты.
Ал, көпбалалы ана, «Алтын алқа» алқасының иегері Ризагүл Тілеукина баспана бөлу мәселесімен келді. 2015 жылы отбасымен бірге Целиноград ауданынан көшіп келген ол пәтер кезегінде 2946 болып тіркелген. Он баланың анасына халық қалаулысы әрине, көмек бергісі келді, бірақ, заңнан ешкім аса алмайды. Қазір ол он баласымен және жолдасымен Краснояр селосында екі бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Бұл орайда, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Жүнісов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қалада биыл 40 пәтерлі 8 үй салынатынын, бірақ оның 20 пайызы жетім балаларға, қалғаны әлеуметтік осал топқа жататын санаттағы адамдарға кезекпен берілетіндігін жеткізді. Бұл кезекте 4 мыңнан астам адам тұратын көрінеді. Олай болса, Ризагүл Тілеукинаға әлі де күту керек. Бұл орайда, халық қалаулысы солтүстік аймақтарда тұратын және халықтың демографиялық өсуіне үлес қосып келе жатқан осындай аналарға жеңілдік жасау жөнінде заңға өзгерту енгізуге өз ұсынысын жасайтынын айтты.
Бұдан соң Кәрібай Мұсырман журналистермен кездесіп, Қазақстан Республикасының Парламентінде депутаттар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 3 қаңтардан бастап облыс аудандарында халықпен кездесіп, елдің жағдайымен танысып жүрген ол осы жүздесулерде айтылған ұсыныстар мен елді толғандырған мәселелермен бөлісті. Бұл орайда, жергілікті жерлердегі атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің өз жұмыстарына салғырт қарайтындықтары да сөз болды. Сонымен бірге, журналистер коммуналдық тарифтердің күрт өсуі, БАҚ өкілдеріне қатысты енгізілген жаңа заңның мән-маңызы, жер телімдерін бөлу, облыстық басылымдардың болашағы секілді мәселелерге назар аударып, халық қалаулысының ой-пікірін сұрап білді.
Сондай-ақ, ол Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттері Жанар және Жұлдыз Темірбековалардың оқуға түскен соң ата-анасынан бір жылда айырылып, жетім қалғандықтан, оқу ақысын төлей алмайтындықтарына қатысты көтерілген мәселені тыңдады. Апалы-сіңілілі қыздардың екеуінің оқуына жылына 800 мың теңгедей қаржы керек екен. Ал, оларға ректорат тарапынан ешқандай да жеңілдік қарастырылмаған. Себебі, тексерістер барысында бұрын болған мұндай жеңілдіктер заңсыз деп табылып, алынып тасталған. Ал, жетім балаларға қатысты ереже тармағында «жетім балаларға тегін оқу мүмкіндігі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ғана беріледі» деп көрсетіліпті. Бұл мәселе бойынша депутат Парламентте алдағы уақытта балалардың құқығын қорғауға арналған екі заң жобасы әзірленіп жатқандығын, студенттердің арызы жөнінде тиісті орындарға хат жолдап, мәселенің оң шешілуіне күш салатынын айтты. Қазіргі уақытта бұл оқу орнында оқуға түскеннен кейін ата-анасынан айырылған студенттер саны оннан асады екен.
Бұл күні Мәжіліс депутаты Көкшетау қаласының халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтарында да болып, ондағы еңбек ұжымдарымен кездесті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар