Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құқық қорғау ардагері - АРҚА АЖАРЫ

Құқық қорғау ардагері

Ата-анасының айтқанымен жүріп, солардың өсиетін орындауға тырысқан адам өмірде ешқашан адаспайтынына кәміл сенемін. Себебі, ата-ана баласына ешуақытта жамандық тілемейді. Бүгінде асқаралы алпыс жасқа толып отырған ішкі істер полковнигі Серік Әркенов те өмірде жеткен жетістігінің барлығы да әке-шешесінің арқасында екеніне бек сенімді.

Естуімізше, баласының милиция қатарында қызмет етіп, офицер болғанын қалаған Бәри ата ұлы жөргекте жатқан кезінен-ақ құлағына осы тілегін сыбырлап айта берген екен. Сөйтіп, әке арманын орындау үшін Серік мектеп бітірісімен Алматыдағы жоғары техникалық училищеге оқуға түседі. Оны аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Көкшетаудағы кіші және орта буындағы басшылар құрамын даярлайтын техникалық мектепте ұстаздық етуден бастайды. Оның ішкі істер саласындағы еңбек өтілі 34 жыл. Екі ғана санмен өрнектеген осынау жылдарда қаншама еңбек, ынта мен жігерге толы өмір өріліп жатыр десеңізші. Оның барлығына тоқталып өту үшін бір мақаланың көлемі жетпес әрине. Десек те, алпыстың асуына шығып отырған аптал азаматтың жарқын бейнесін көрсету, қоғамның тыныштығын сақтау жолындағы еңбегіне алғысымызды жеткізу парызымыз деп білемін.
Серік Әркенов өте білімді, білгір азамат. Білім, еңбек дегеннен ешқашан ат тонын ала қашқан емес. 1982 жылы Ленинград қаласында, 1987 жылы Павлодардағы индустриялық институтта білімін жетілдіріп келді. Мұнымен тоқтап қалмай, 2000 жылы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясында дайындықтан өтті.
Білім алумен қатар, оның білім саласына қосқан үлесі де орасан зор. Ол Көкшетаудағы техникалық мектепте сабақ бере жүріп, әріптестерімен бірге сол оқу ордасын 1995 жылы Алматыдағы жоғары техникалық училищесінің филиалы дәрежесіне көтеруге атсалысты. Бұл еңбектері зая кеткен жоқ. Аталған оқу орны Қазақстан Республикасының Жоғары техникалық институты болып аталды. Еңбек жолын осы білім ордасында мұғалімдіктен бастаған Серік Әркенов директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, тәрбие және кадрлар ісі жөніндегі орынбасары лауазымдарына дейін көтерілді.
1997 жылы Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалып, бұл орында да өзін тек жақсы қырынан таныта білді. Оған облыстық ішкі істер басқармасының штаб бастығының орынбасары, жедел істер бөлімінің басшысы қызметтерінің де сеніп тапсырылуы оның білікті де білімді азамат екендігін айқындап тұрғандай.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына тегеурінді жұмыс істеу керектігін тапсырған кезде облыс орталығында озық технологиямен жабдықталған Жедел басқару орталығын ашу мәселесі тұрды. 2007 жылы облыстық ішкі істер департаментінде елімізде алғашқылардың бірі болып осы орталық құрылғанда күрделі жұмысты басқару Серік Әркеновке жүктелген болатын. Ол орталықта облыс аумағында орын алған қылмыстар жедел тіркеліп отырды. Бізбен әңгіме барысында кейіпкеріміз сол оқиғалардың бірін былайша еске алды:
–2001 жыл. Жолдасым Тамира Зейнулқызы екеуімізді қалалық АХАЖ мекемесі қосылғанымызға 20 жыл толуына орай мерекелік тіркеуге шақырған болатын. Бір кезде қалада қылмыс орын алып, екі кісінің қаза болғаны жөнінде суыт хабар келіп түсті. Сөйтіп, неке сарайынан жүгіре шығып, жедел іздестіру шараларына кірісіп кеттік. Шапшаң әрекет етуіміздің арқасында қылмыскерлер тез арада құрықталды, – дейді ол.

Бүгінде мерейтой иесінің кеудесінде жарқыраған «Ерлігі үшін», бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер министрлігінің ардагері» медальдары, Президентіміздің Алғыс хаты адал еңбегінің жемісі деп білеміз. Мерейтой иесіне жан-жары Тамира Зейнулқызымен бірге жүз жасап, немерелерінің ортасында шаттыққа кенеліп жүре беруін тілейміз.

Көшек СӘМЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар