Қамаш Дәдетова – 100
Қамаш Дәдетова! Бұл есім Көкшетау облысының біраз адамдарына таныс болуға тиіс. Өйткені, сексенінші жылдары «Көкшетау правдасы» газетінің оқырмандары көбейіп, таралымы 17 мыңға дейін жеткен кездері де болған. Кейін «Көкшетау» атауын алған осынау облыстық басылымды сол жылдарда әр қала, әр ауыл көптеп жаздырып алып оқитын. Газет дала қосындағы егінші мен жайлаудағы малшының, мектептегі мұғалімнің қолынан түспей, жан серігі іспетті қойын-қонышы, папкісінде бірге жүретін.
Ал, кейін зейнет демалысына шыққан ауыл педагогы Қамаш Дәдетова болса, осы басылымға небір хабар-ошарларын, мақалалары мен өлеңдерін үзбей жолдаумен, газет бетінен жиі көрінуші еді. Осылай бара-бара оқырман жүрегінде жатталып қалған жергілікті тілші күнделікті өмірде болмай қоймайтын кей жағдайларға байланысты сүйікті басылымына қалам тербеуден уақытша қол үзіп алса, оны іздеп елегізушілер де табылатыны, жазар дүниелеріне кәдімгідей сусап отыратыны және бір сол уақыт шындығы болатын.
Өйткені, сол кезде көріп жүреміз, Қамаш апай газет бетінде нағыз халықтың көкейіндегісін қозғайды. Еңбек адамы туралы жазса, қарап жүріп, таңдап жүріп, ішіндегі ең лайықтысына сөзін арнайды. Кемшілікке кез болса, оны да айналып өте алмайды. Керек десеңіз, жанрын тауып, «Көкшетаудың» бетіндегі сын-сықақ бұрышы «Біздің ара» болып шағады. Ескіден келе жатқан ескі сөзге де мәттақамдығы өз алдына. Құйма құлағы көпті көрген, көп нәрсені біліп, қағазға түсірген өз әкесі Дәдеттен бастап, талай ел қарияларының көңілге тоқығанын жандарында отырып іліп алады да, көпшіліктің оқырлық бір дүниесіне жаратып жібереді. Ал, онда ел-жер тарихы, не болмаса сонау тар замана запыраны, ұлттық өнер көкжиегі, батырларымыз, би-бағландарымыздың өмірі мен елді өзіне қаратқан ерліктері, бүгінге дейін құнын жоймаған аталы сөздері бірге жүреді. Мұның бәрі өзі өмір бойы сабақ беріп келе жатқан мектептерінде ұстаз, үй шаруасында әйел, Алла берген жеті баланың киімі мен тамағын ойлар ана, үйдегі үлкеннің көңіліне қарайлап, кішілік міндетін екі етпейтін келін, қонағына, келім-кетім кісісіне ілтипаты тағы бөлек бір үйлі жанның иесі ретінде уақыт, қоғам, жаратылысы мен қызметі жүктеп қойған міндеттеріне қоса, осы тұла бойына берген сөз өнеріндегі зейінділігінен, зерттеушілік қыры мен зерделілігінен еді.
Иә, жергілікті тілші, қазақ баспасөзінің бір ауыл, бір аудандағы көзі мен құлағы бола жүріп, сол кезде Қамаш апайдың қаламынан тыс қалған тақырып бар ма екен өзі. Осының бәрін мен бұдан бірер күн бұрын редакциямызға бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Амандық ауылынан Қамаш апамыздың үлкен қызы Мәриям тәтеміз келіп, жөн сұраса бастағаннан-ақ іштей ойлап та, толғап та кеткенмін.
–Сіз менің анам Қамаш Дәдетованы білетін шығарсыз? – дегеніне:
–Иә, білгенде қандай. Жоғары шығыңыз, төрлетіңіз, – деп лезде тіл қатқанымның өзінде ол кісіге деген құрметім мен ілтипатымның да үлкен белгісі жатқан. Жүзінен мейірім төгілген тәтеміз ә дегеннен осы бір ауыз сөзіме риза болды білем, алдымда оқып жатқан қолжазбама көз тастап, басымды көтерсем, жанарына жас оралып кеткен екен.
Әз анасын осы күні журналист інілерінің ұмытпағанына шүкіршілік еткені, содан туған толғаныс жасы болар, сәл өз-өзіне келіп алып, қолына ұстаған ауқымды пакетінен осы күнге дейін сары майдай сақтап келген, әлі де сақтай беретін ана қазынасын, ана мұрасын баппен шығарып жатыр, шығарып жатыр. Ақырын алып үстел үстіне қойды, одан шыдай алмай, байқап, көрмекке мен қолымды создым. Мұндайда өз қадірін, өз құнын білдіріп тұратын зат пен дүниені «сыры кетсе де, сыны кетпеген» дейді ғой біздің қазақ. Мұқабасы бүгінгі жылтырақтан рас, көп төмен, қағазы сарғыш, сан түптелген, Көкшетау баспаханасынан сонау 1987 жылы басылып шыққан үлкен альбом тектес бухгалтерлік есеп журналының сыртынан бастап әр бетіне үңілсем, тұнып тұрған бір өңірдің, бір елдің шежіресі, замана жылнамасы. Бәрі де Қамаш апамның көзі тірісінде өзі желімдеп кеткен өз жазғандары, ел аузынан жинағандары, мәселе етіп көтерген сан көңіл көгендері, жанының қымбатына балап, газет-журналдардан қиып алып, тәптіштеп екі немесе төрт бүктеп қойған белгілі қаламгерлер мен ел ішіндегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың оқшау ой, тартымды толғаныстары, әртүрлі газет-журналдардан, ақын-жазушылардан келген хат нұсқалары…
Алтыннан да ардақты Қамаш апам-ау! Үйде қаншама бала, сізді күтетін, сізсіз өтсе қоңалтықсып қалатын қазақтың қаншама салт-жоралғысы, ойын-тойы, мектептің сізсіз бәрібір бір қайнауы кем түсіп жататын түрлі әдеби, басқа да іс-шаралары, күнделікті беретін сабақ, 34 жасында өмірден ерте өткен еріңіз Ризабек ол жоқ, ер-азаматтың шаңырағын шайқалтпаған бар ауыртпалық та тек бір өзіңіздің мойныңызда. Осының бәріне апыр-ау, қалай үлгергенсіз, қалай уақыт тапқансыз. Өз басым қайран қаламын. Жазу өнері дертпен тең ғой. Бір басталса, аяқ-қолға тұрғызбай ұзағынан ала кетері, өмір бойы қолыңыздан қаламыңызды түсіртпейтіні бар. Соны жас кезіңізден, ту-ту сонау 17 жасыңыздан бастапсыз. Соның бәріне біз айтып жатқан мынадай жағдайда қалай бекем болдыңыз, қалай адалдық таныттыңыз, қалай көзіңіз жұмылып, 1999 жылы 17 желтоқсанда, 74 жасыңызда қара жер қойнына кіргенше жазумен, оның жан үйірер әлемімен болдыңыз!
Міне, жетпістің ішіндегі Мәриям тәтеміз өз заманында елге ұстаздық та, рухани-танымдық, тарихи-ағартушылық та қызметі бір төбе дерлік аяулы да асыл анасы жайлы небір мөлтек-мөлтек тұмса сырды көкірек зердесінен құштарлана ақтарып жатыр. Ішінде, «қап, әттеген-ай» дегізетіні де бар. Осы отырғанда менің ұғымымда Қамаш Дәдетова апамыз сонау бір иен даладағы қазақ ауылында қазақ баспасөзі, оның баянды ғұмыры үшін жаратылған жан. Бар ынта-шынтасымен қаламға берілген тұла бойында тіршіліктің оты маздаған, газет-журналсыз тұра алмайтын, сол үшін тізілтіп қағазға құймаққа айналасынан мөлтек сыр аулаудан әсте жалықпаған небір қоғамдық тілшілер кезінде баршылық еді-ау. Газетке келген хаттардан білеміз, олардың бойы мен ойында мына өмірге, тіршілік тербелісіне деген іңкәрлік, жазу өнеріне, өзіміз жүрген ортаның ию-қию көшіне қатыстылық қуанарлықтай еді. Қазір неге бұлай болмай кетті? Неге баяғыдай газет деген қоғамдық мінберге үн қосушылар, хат-хабар жолдаушылар қатары тым аз, тіпті жоқтың қасы. Жоғарыдан басшы, төменнен қосшы да, ешкім газет деп тақа елпілдемейді. Оған жазылу да қат мәселе. Тек керегінде ғана жағалап келетіндер бар. Мына қоғам әрі-сәрі күй кешкелі, құндылықтардың алмасып, байлық, ақша төрге шығып, күнкөріс қиындап, рухани қажеттіліктің бәсі төмендеп кеткелі газетіңіздің ау-жайы осы.
Ал, бұрын ше? Қамаш апамыз кәрілікке бет алып, жасы келген шағында барған үйінде облыстық «Көкшетау» газетінің төменде, аяқ астында жатқандығын көріп «бұлары несі?!» деп соны көтере бергенде, аяғы тайып кетіп, құлап, сүйегіне зақым келіп, содан сап-сау жүрген денсаулығына сырқат тапқан жан ғой. Ақыры, жасы келгенде әлгі жарасы жазылмай, асқынып, бара-бара төсек тартып жатып қалған да, сол жағдайдан көз жұмған. Бұл да баспасөзді жанындай көрген, сол баспасөзбен бірігіп кеткен өмірінің соңғы бір түйіні сияқты.
Жалпы, Қамаш апамыз дүниеге келіп, бар саналы ғұмырын өткізген Бурабайдың арғы беті менің де нағашы жұртым. Осындағы менің Жағыпар нағашы атам мен Сақанай нағашы апам тұрған Жаңаталап ауылында ол кісі соғыс аяқталғаннан кейін 1945-1946 жылдары жиырмаға жетер-жетпесте бастауыш сыныптарға сабақ берген. Тоқсаныншы жылдардың ортасында ауырып, Көкшетау облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесіне түссем, Қамаш Дәдетқызы да осында, сол біз айтқан аяғынан ем алып жатыр екен. Сырттай жақсы білгеніммен, жүзбе-жүз алғаш рет көруім. Нағашы ата-апамды айтып едім, тағдыр-талайлары бес саусағындай алақанында болып шықты. Жалғыз ұлдары Ордабай соғыстан оралмай, әке-шешемізден қолқалап, сұрап алып, бауырларына басқан туған апам Шәрия, болашақ жездем Сағындық та 9-10 сыныпты осы Қамаш апамыз өмір бойы ұстаздық еткен Жаңауыл ауылындағы Амангелді орта мектебінен оқығанын білетінмін. Соның бәрі, оған қоса, сол Жаңауылда тұрған Батқолда келіні Қадишаның менің әкемнің туған қарындасы екенін айтқанымда, сол ауруханада апамыз үшін осы жарты айдың ішінде менен жақын адам болсайшы. Қолыма түскен газет-журналды, өзім Көкшетау облысы бойынша меншікті тілшісі болып істейтін «Халық кеңесін» күн құрғатпай апарып тұрамын. Жасы келген, көз жанары да сұйылған қария соның бәрін құныға оқиды. Ол аздай кереуетінің басында қағаз-қалам. Бір күні «кітап» дегесін, палатасына үйден өзім оқимын деп алып шыққан Жабал Ерғалиевтің «Сөне көрме, жұлдыздар» кітабын әкеліп бердім. Артынша ауруханадан да шықтық. Көп ұзамай, бірде үйге келген «Көкшетау» газетін қарап отырсам, апамыздың сол «Сөне көрме, жұлдыздарға» жазған оқырман пікірі жүр. Ауруханада әлгі кітапты оқып шыққан да, соған мақала жазып үлгерген.
Көңіліне тек жақсылықты түйген, адам баласына одан басқа бөтен ойы жоқ, осыған келгенде қаламы да жүрдек Қамаш Дәдетқызы міне, осындай ардақты жан еді. Сан тақырыпқа толассыз қалам тартқан апамыздың сөзі де салмақты, ойы да орнықты болатын.
Мен жаңағы бір әдетте Мәриям тәтеміз ұсынған үлкен де қалың альбом тектес қоңыр журналды әлі парақтап отырмын. Жоғарыда аңғартқанымдай, толған мақала, хат-хабар мен суреттеме. Апамыздың әр жылдардағы қалам-қарымынан туған дүниелердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Десе де, «Баладан безіп не бақыт табады?» деп мына бірінде отбасының шырқының бұзылуына қамығады. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым Есмағанбет Ысмайыловтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында жарық көрген «Асылдың бірі еді» атты естелігінде 1950 жылы елге келгенде жерлес ағаны өз көзімен көріп, құлағымен естіген мына бір әңгімені алға тартады:
–Аға, 1936-1938 жылдардағы нәубеттен қалай аман қалып жүрсіз?
–Араларыңда тірі отырғаным болмаса, ол зобалаңның да шет-жағасын көрдік қой. Жатып та шыққанымды білесіңдер. Өзгесін айтпағанда, інімнің баласының атын Кенесары қойдың деп қаншама әуре-сарсаңға салды…
Енді Алаш Орданың Көкшетау комитетінің төрағасы болған халқымыздың қалаулы ұлы Мұхаметсәлім Кәшімов туралы «Үмітім алдамады» деген мақаласынан сәл үзінді: «Мұхаметсәлім латынша оқуды біздің Қосдәулетте менің әкем Дәдетпен бірге үйренген екен. Іңір қараңғылығын жамыла бір зиялы адам біздің киіз үйге келіп түсті. Бірақ, көп аялдамады, суыт аттанды. Менің «неге тез кетіп қалды?» деген сауалыма әкем:
–Севкрай жақта істі болып, жасырынып жүр екен, – деп қысқа ғана жауап берді.
Әлі онға тола қоймаған менің ұғып жатқаным шамалы. Тек сол жолы мықтап есімде қалғаны, әкемнің Мұхаметсәлімнің «Мұңлы Мәриям» деген шығармасының мазмұнын жатқа айтып бергені.
Қазір елде Мұхаметсәлімді білетін қарттар да жоқтың қасы. Соңғы 10-15 жылда республикалық, облыстық басылымдарды жіті қадағалаумен келемін. Бірде Қазақ совет энциклопедиясынан қысқаша өмірбаянын тауып алдым. Сөйтіп жүргенде 1988 жылы «Жұлдыз» журналында профессор Тұрсынбек Кәкішевтің мақаласы шықты. Содан бастап ол кісімен де хабарлас болып, Мұхаметсәлім жайлы білетінімді, бес кітабы барын жазып жібердім…
Апамыздың кеңестік кері саясаттан ұлтымызға бөгесін көп болған сексенінші жылдың өзінде кезекті бір мақаласында «Әл-Фарабидің өз басы, өр сөзі теңдесі жоқ өнеге. Өзінің рухани ұстазы Аристотель еңбектеріне қандай мұқияттылықпен, керемет бейнетқорлықпен дендеген. Мысалы, «Жан» туралы трактатын жүз қайтара, «Табиғат үйлесімділігі» дейтін еңбегін қырық рет, «Риторикасын» жүз мәрте оқып шыққан» деген тұрғыда сөз саптауы да шығыстың данышпан, ғұлама ғалымын өз халқына жақындатуы, өзі тәрбиелеп, баптаған жас ұрпаққа үлгі ете ұсынуы еді.
Қарап отырсақ, Қамаш апамыздың 1943 жылы сұрапыл соғыс кезінде бұғанасы қатпай жатып, Еңбекшілдер аудандық «Коммунизм жолы» газетінде жарық көре бастаған тырнақалды әрбір дүниесі де жауға атылған бір-бір оқ еді. Өйткені, өзі де анасы мен апаларына ілесіп, колхоз жұмысынан қалмаған жас қыз маңызы майдан шебінен кем емес, тылдағы ауыр еңбекті, Ұлы Жеңіс жолындағы ерен құлшынысты жазатын, осы жолда үлкен-кішіні одан сайын намысқа, табандылыққа қайрайтын. Өзі болса, кей кезде ауданнан хат-хабар тасып жүріп, қолындағы күнделікті майданнан келіп жататын бір-екілі сирек хатқа «қара қағаз емес пе екен?» деп тосылатын. Өзі сияқты қыздармен колхоз жұмысынан сәл қолдары босаса, майдан үшін шұлық, қолғап тоқитындары өз алдына, бірде ауыл үлкендері мен ағайын-туыстарын танк колоннасы үшін ақша жинауға көндіріп, 30 мың сомды сол қорға апарып бергендері де бар.
Соның ара-арасында бойына қуат берген тілшілік, қаламгерлік жолы тұп-тура 56 жылға ұласып, біздің есептеуімізше, өзі дүниеден өтер 1999 жылы ғана Щучье аудандық «Бурабай» газетінде жарияланған «Науан хазіреттің Үркітке жер аударылуы» мақаласымен барып, үзілгенге ұқсайды. Бір адамның өмірі дерлік осыншама ұбақ-шұбақ уақыт аралығында Қамаш Дәдетованың көпке ой тастарлық үлкенді-кішілі дүниелері қай мерзімдік басылымда жарық көрмеді дейсіз. Республикалық бұрынғы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Халық кеңесі», «Қазақстан мұғалімі», «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан мектебі», жергілікті «Көкшетау», «Степной маяк», «Оқжетпес» және «Бұқпа!» сияқты газет-журналдар өз беттерінде ол кісінің мақалаларын басып қана қоймай, ара-арасында хат жазып, хабарласып, редакциядан тапсырма да беріп қоятын.
Айталық, 1981 жылдың аяғына қарай Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының органы – «Қазақ әдебиеті» газетінен келген осындай көп хаттың бірінде өнер бөлімінің меңгерушісі О.Сәрсенбаев «енді өз ауданыңыз, өз ауылыңызда қазақ кітаптарының таралуы қалай? Кітап саудасында қандай жетістік, кемшіліктер бар, осы жөнінде нақты мысалдар келтіре отырып, редакциямызға бір мақала жолдауыңызды өтінеміз» деп қолын қояды.
Енді бірде елде жатқан штаттан тыс тілшісіне «Неліктен екенін, «Арды ойлаған апалар» атты хатыңызды алмаппыз. Қайтадан жіберіңіз. Өзіңізден журналға қатысатын жаңа материалдар күтеміз» деп «Қазақстан әйелдері» журналы, нақты айтсақ, бөлім редакторы Шәрбану Бейсенова іш тартады.
Қамаш апаның соңында қалған шығармашылық мұрасында басылым мен тілші байланысын нығайтатын мұндай жылы рәуішті хаттар аз емес. Ал, енді айта берсе, қазақ баспасөзінің құрышты сапына қайта құру лебімен сексенінші жылдардың аяғына қарай жаңадан келіп қосылған, алайда, ғұмыры қысқа болған осы өңірдегі тәуелсіз «Оқжетпес» газетінің де шығуын Қамаш апамыз жан-тәнімен қуана қарсы алған. Оған «Менің әкем Дәдет Шаханұлы өздігінше көп оқыған, білімді, мейлінше ұғымпаз, әңгімесін нақышына келтіре айтатын шешен, ғұлама адам еді. Ауылдың кәрі-жасы бірдей сыйлап, әр сөзін ұйып тыңдайтын. Кезінде ауылдық Кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Әлі есімде, 1937 жылдың жазында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов ауылымызға келіп, киіз үйде әкеммен үш-төрт күн бойы әңгіме-дүкен құрды. Жерлесіміз, белгілі әдебиет сыншысы Есмағанбет Ысмайылов та Көкшеге келген сайын әкеме соқпай кетпейтін. Әкемнің өзі де жазудан қара жаяу емес еді. «Қолаңшаш», «Тауқымет» деген деректі әңгімелері мен өлеңдері, «Шешендік сөздерге» кірген дүниелері де бар. Қазақтың Ұлттық Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасының қолжазба және сирек кездесетін кітаптар қорындағы (829-ыншы папкінің 10-ыншы дәптері) менің әкемнің айтуы бойынша жазып алынған «Абылай хан мен Садырбала хан» әңгімесі биыл «Егемен Қазақстан» газетінің 10 қазандағы санында жарияланды» деп алғысөзін жаза келе, сол тарихи туындыны жаңа газетке ұсынғаны дәлел.
Сөз ретіне қарай айта кетсек, 1967 жылы 69 жасында көз жұмған Дәдет ақсақалдың соңында қалған әдеби мұрасын кезінде жинастырып, Алматыға алып кеткен халық ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Қарта Қаңтарбаевтың да: «Дәдет білгір, ибалы жанның бірі еді. Аңыз әңгімені егжей-тегжейлі толықтырып айтып беретін шежіре адам болатын» деген сөзі бар.
Міне, осындай тектінің ұрпағы Қамаш Дәдетқызының өнегелі өмірі де үнемі ұстаздық ұлағатты қызметпен, халқының өткен тарихын, есті сөзін тірнектеп жинаумен өтті. Мамандығы бастауыш сынып мұғалімі болғанымен, өзінің 49 жылдық ұстаздық қызметінде 44 жыл үздіксіз еңбек еткен Жаңауыл ауылындағы Амангелді орта мектебінде бойындағы қабілет-қарымына қарай, қажет болса, басқа пәндерден де сабақ беріп жүре беретін. Жазу өнерінде ақындығы да біршама еді.
1994 жылы облыстық айтыста бірінші рет айтыс бағдарламасында өтірік өлеңнен бір жұп іріктеліп, Ленин ауданының ақынымен сайыста жеңіп шыққан осы Қамаш апамыз бұдан бұрын 1980 жылы Қазақ ССР-інің 60 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысына да шақырту алып, әншілік, жыраулық өнерімен көзге түскен жан-жақты дарын иесі болатын.
Әр сөздің жауап, дауы бар,
Дауласқан адам жауығар.
Кей сөзден адам сауығар,
Кей сөзден адам ауырар, –
деп келетін өз күнделігінде қалдырған мына бір ауыз өлеңде де адамды ашу мен араздықтан жақсылық пен ізгілікке жетелемей ме?!
Облыстық «Көкшетау» газетінің ауыл-село тілшілері слеттерінен басшылардың қолқалауымен сөз сөйлемей, жүлде алмай қатпайтын Қамаш Дәдетова бұл басылымның да науқандық жұмыстар тұсында, жайшылықта талай шұғыл тапсырмаларын орындап, өз тарапынан да хат-хабарларын жолдап, тыным таппайтын. Ал, жекелей газет қызметкерлеріне келсек, көбіне журналист-жазушы Жабал Ерғалиевпен хат алысып, амандық білісіп тұратын. Тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңінде сондай бір кезекті хатында:
«Жабал қарағым, аман-сау жүріп жатырсыңдар ма, редакция ұжымы аман ба? Осы жетпістен асқан жасымда екі рет таршылық кезең өтті басымнан. Оның бірі 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, екіншісі Ұлы Отан соғысы. Екі нәубетті де халық ерлігімен, төзімділігімен жеңіп едік. Мына аз күн қиыншылыққа да шыдамды болайық. Жастарды тәрбиелеуге күш-жігерімізді аянбайық» деп аналық ақ тілегін жайып салады.
Ондайда қаламгер інісі де тілші апасымен ел-жер тарихы, кешегі өткен игілеріміз хақында көп сырын бөлісіп тұрған. Соның айғағындай, бір хатында:
«Қадірлі Қамаш апай! Жазған хатыңызды алдым. Маған деген ықылас-пейіліңізге көп рахмет. Сіздің топырақтан шыққан Жанбатыр қажы жайлы жазылған дүниелерді жинап жүрген себебім, менің өз атам Бабаназар Жаңабатырұлының арасында байланыс бар. Менің атам Бабаназар мен Жанбатыр бір-бірін білген, тіпті Науан хазіретті айдауда жүрген жерінен екеуі бірге барып алып келгендігі тарихи ақиқат. Сізге өзіңіз сұраған Тұрсекеңнің, Тұрсынбек Кәкішевтің адресін де жіберіп отырмын» дейді.
Шіркін, апа мен іні арасындағы шығармашылық байланыс, көңіл, сөз жарастығы деген осы ғой. Бұл арада, Қамаш Дәдетованың өзіне құтты мекен болған сол Жаңауыл, оған іргелес ауылдардан кешегі қазақ елінің азаттығы мен тұтастығы жолында Кенесары ханның айналасына топтасып, оның сенімді серіктері бола білген Аңғал, Аңдығожа батырлар туралы да тірнектеп деректер жинап, осы есіл ерлеріміздің көп жылғы томаға-тұйықтықтан кейін алғаш тарих сахнасына шығуларына дәнекер болғанын айтпай тұра алмаймыз. Бүгінде бұл екі батырдың да есімі көршілес қос ауылдың атауында бір-бірімен әдемі үйлесіп, көңілден шығып тұр.
Қалам ұстаған бір адамға аздық етпейтін осынша еңбек Қамаш апамыздың өзі жүрген жерлерінде ел аузынан Біржан сал, Ақан сері, Орынбай, Тезекбай ақындар, Саққұлақ шешен, Кенжебай молда туралы да қаншама ауызекі әңгіме, сөз қағыстары, өлең жолдарын жазып алып, жарыққа шығарғанынан да еселеніп көріне түсер еді. Оның ішінде Абай мен Байкөкше ақынның өзара сыйластығы туралы қалам тербеген тұстары да бар.
Әрбір жылт еткен жаңалыққа жаны құмар ұстаз елдік, ұлттық мәселе дегенде және бір байыз тауып жүре алмайтын. Кезінде Бурабай ауылындағы курортты аймақты басып өтетін автобустар аялдайтын бекет осы кісінің мәселе көтеруімен қойылды. Осылай Көкшетауда әдебиет және өнер музейінің ашылуына үн қосты. Ауыл тұрғындарының қазақ телевизиясы хабарларын көре алмайтыны туралы сын мақаласы Қазақ ССР Байланыс министрлігінде талқыланып, ауданда ретранслятор орнатылатын болды.
Осы арада, Қамаш апамыздың осынау бір қасиеттерімен бірге, тағы да ойға келіп қалатындығы, жолдасы Ризабектен тым жастай қалып, қаршадай жеті бірдей баланы тәрбиелеп, жеткізудегі асқан ет тірлігі мен ерік-жігерінің мықтылығы. Апамыз келін болып түскенге дейін бұл шаңырақтың да басынан өткерген өмір теперіші аз емес-ті. Ризабектің әкесі Тілеміс бай болғандықтан, сонау 1928 жылы үлкен ұлымен бірге жер аударылып кеткен. Күйікте, қапада өскен бала намысшыл келеді екен. Ризабек те он екі жасынан еңбекке араласып, кейін бас есепшіге дейін көтеріледі. «Әттең, сағаты жеткенде қанша баланы маған тастап, мезгілсіз кете барды. Қайырымды, адал, арлы еді. Ажал ерте әкетті. Енді алдымда бір ғана міндет, арысымның орнын жоқтатпай, жеті баланы жеткізу парызы тұрды» деп жазыпты өзінің отбасылық өмірі жайлы да Қамаш апамыз.
Бұл сөз маған осы отырғанда ана серті, ана жүрегінің таза да кіршіксіз, ақ тілеуі сияқты көрінеді. Сол арман-мұратына Қамаш апа көзі тірісінде жеткен. Төлегендей жайсаң азаматқа қосылған үлкені Мәриям тәтеміз анасының жолын қуып, мектепте қырық жыл ұстаздық етті. Төлеген күйеу баласының әу баста алған мамандығы агроном еді. Сол қызметте істеп жүретін. Кісі танитын Қамаш апа «сенен жақсы мұғалім шығады» деп ақыл берген соң, оған да оқып, Ленинград орта мектебінде біраз жыл мектеп директоры болды. Осылайша ерлі-зайыпты ұстаздар өмірі ана шапағатымен және бір көркейді.
Қамаш апамыздың кенже қызы Бақыт та бұл күнде білім мен тәрбие ісіне 33 жыл ғұмырын арнаған ардагер ұстаз. Мәншүк пен Анары басқа жолды қаласа да, төрт қыздан екі, үш ұлдан бір мұғалімнің шыққаны ана шоқтығын одан сайын биіктете түссе керек.
–Ажал сұғы әркімге әрқалай. Кідіре тұрса дейсің, оған бола ма? Әке-шешеміздің көзіндей үш бауырымыз Төлеубек, Тілеубек, Тілеген бұл күнде ортамызда жоқ. Бірақ, шүкір, соңдарында қалған ұрпақтары бар. Олардың да дені білім саласында еңбек етеді. Жалпы, біздің Дәдетовтар әулетінен балалары, немерелері, шөберелері бар, анамыздың ізін басып, барлығы 22 ұстаздың шыққанын, олардың еңбек өтілі бәрін қосқанда, екі жүз жылға жуықтайтынын өз басым керемет бір ұрпақ сабақтастығы, анашымның баршамызды өзіне, ісіне тартып тұрар жан жылуы деп білеміз.
Осылай деп сөзін іркіп, үнсіз отырып қалған Мәриям тәтемізге ойын бөліп, мен не айтайын. Бәрі де белгілі. Осы 3 мамырда көпке құрметті Қамаш Дәдетқызының ұстаздық, тілшілік қызметпен өрілген өнегелі өмір жолының алғашқы жүз жылдығы да өзі жатқан Аңғал батыр ауылындағы еске алу шарасымен екінші жүз жылдыққа алмасып, көз көргендерді осы бір абзал да ерекше жанға деген терең құрмет сезіміне бөлей түсері хақ.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
![]()

