Отан үшін от кешкен ағайынды бауырлар

Майдан даласындағы қанды қасап ұрыс. Күн құрғатпай өтетін кезекті шайқас. Снаряд келіп гүрс еткенде, қабатымен қопарылып, жан-жаққа ұшқан топырағы әр алғанда көміп, бері алғанда басыңнан бастап, тұла бойыңды жартылай басып қалатын жан дәрмен сәт.

Көмілмесең, естен таңбасаң, одан әуперімдеп ұмтылып тұрып, шыбын жандарын шүберекке түйіп, алға жүгіргендермен ілесіп кете баратын тағдырыңның алда не күтіп тұрғаны белгісіз, беймәлім бұйрығы. Тағы да бұл жолы снаряд жарықшақтары тиіп, не зу еткен бір оқ қадалып, жансыз қаласың ба, әлде көрер жарығың одан қағып, мұршаң осы ұрысты да аман аяқтауға жетіп тына ма, бәрі бір жазмыштың қолында.

Елге сансыз қайғы, аяусыз қасірет, зар еңіреткен қара қағаз болып ентелеген ала құйын сұм соғыста елін, жерін фашизм тырнағынан қорғамаққа, сол сұмдыққа қару асынып Көкшеден кеткен Сыздық Шоғырмақұлына да біз барлай отырсақ, жоғарыдағы жағдайдың талайын кесе-көлденең тартқан екен. Ажалмен бетпе-бет келу қашанғы ер пайдасына шешіле берсін. Сол сансыз қанды ұрыстардың төртеуінде жараланып, жаны аман қалады, былайша айтқанда, періштесі қорғап, кейін үш рет қан майданға қайта кіреді де, төртіншісінде өкінішке орай, олай бола қоймайды.

Бұл мақаламызда біздің де айтпағымыз әлбетте, осы – сол төртінші ауыр жаралануына дейін кейіпкеріміздің өзі қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыстағы өшпес ерлігі мен батылдығы. Оған шейін сәл-пәл ардақты аға өмірінің бастауына, шыққан ортасы мен түп-тегіне де көз жүгіртіп алсақ, артықтығы жоқ сияқты. Көкшетаудың сыртындағы Қаратал ауылында дүниеге келген әкесі Шоғырмақ, анасы Дәмет қарапайым ауыл адамдары еді. Байға батырақ болып жалданып, жалаң аяқ жар кешкен Шөкең осы баласының көзі ашық болуын ойлап, Кеңес өкіметі орнағаннан мектепке тартады. Сөйтіп, жеті класты тәмамдатып, 1928 жылы Қызылжар педучилищесіне оқуға түсуіне бас-көз болады. Сол үміті ақталып, Сыздық ағамыз Көкшетау ауданы мектептерінде мұғалім болады, қызметі өсіп, аудандық оқу бөлімінде жұмыс істейді. Кейін сот қызметіне ауысып, бірқатар жылдары Чкалов ауданында өтеді. Сонда жүріп, Қарағаш ауылында басқарма болып істейтін ақын-жазушы Төлеген Қажыбаевтың әкесі Қажыбаймен танысып, екеуі ажырамастай дос болып кетеді. Тағдырдың тағы бір жазуы, екеуі 1942 жылдың бұйырған күнінде сол Чкаловтан қан майданға да ел қорғауға бірге аттанса керек.

Соғыс өрті оларды бұдан кейін бөліп жіберіп, екеуі зұлым жауға қарсы кескілескен ұрысқа әр жерде, әр бөлек кіреді.  Қажыбай ағамыздың содан алапат қырғында хабарсыз кеткенін жан әкеге деген сарытап сағынышқа толы Төлеген аға өлеңдерінен жақсы білеміз. Солай екі досқа соғыстан кейін қайта жүздесуге жазбаса да, жетпісінші жылдардың басында осы Сыздық ағамыз бен басқарма досының ұлы Төкең екеуі Көкшетаудың басында ойламаған жерден кездейсоқ кездесіп қалады. Сөйтіп, аға жанының жомарттығы мен достыққа адалдығының арқасында майдангер ілтипатын енді ақын ағамыз көріп, баласындай болады. Сыздық Шоғырмақұлының жас Төлегенді бауырына тартқаны сонша, ақын ағамыз ол кісіні «әке» деп кетеді, естеліктерінде солай Сыздық әкем деп жазады.

Халқымыздың «әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» немесе «әкесі достың баласы дос» деген нақыл сөздерінің жанды бір мысалы осы болар.  Сондай кең жүрек, үлкен қасиет иесі Сыздекең жайшылықта дәті барып, біреуге мылтық кезеніп, қарауылға алар ма еді?! Алаңсыз елде бейбіт күннің тілеуін тілеп, жасампаз өмірдің қам-қарекетімен жүрген жанды, өзі сияқты мыңдарды осыған мәжбүр еткен атың өшкір соғыс, өз жаназасын өзі шығаруға асыққан қанқұйлы фашизмнің жер  бетіне салған оспадар лаңы, зымиян жоспары ғой. Мұның да тұла бойында кек болып жиналған сол қарымта күш-қайрат небір ауыр, адам төзгісіз шақтарда да намысты қолдан бергізбеген. Майдан даласында өзі үшін ғана емес, рота командирінің орынбасары болғандықтан, өзімен бірге жүз қаралы жауынгердің өміріне жауап беру де оңай міндет емес еді. Кейін рота жетекшілігі тікелей өзіне жүктеліп, талай рет қарамағындағыларды әртүрлі жағдайларда шабуылға бастады. Осылайша Үшінші Екпінді Армияның құрамындағы тоғызыншы гвардиялық Қызыл Тулы атқыштар дивизиясымен Великие Луки, Невель, Витебск бағыттарындағы кескілескен ұрыстардан өтті, Прибалтика майданында да Риганы азат ету операциясына қатысып, ротасымен де, жекелей де зұлым жауға қарсы небір табандылық пен ержүректіліктің үлгісін көрсете білді. Отан үшін, ел үшін әркім  өз басын қанды қатерге тіккен осы бір ауыр да жанкешті майдан жорықтарында омырауынан орын алған екінші дәрежелі Отан соғысы ордені, тағы басқа да жауынгерлік медальдар сол бір «ел» деп соққан жүрек лүпілінің анық дәлелі еді.

Ал, майдангердің бір соғыста төрт рет жараланған жоғарыдағы тағдыр-талайына келсек, періштесінің қаққаны да, «ажал келмей өлмек жоқ» деген қазақтың тағы бір нақылының шындығы да рас. Алғашқы екі жарасына ұзын-ырғасы бірталай апталарға созылған сол Великие Луки қаласы мен оның төңірегіндегі қиян-кескі шайқастарда душар болады. Алдында оқ иығына тисе, кейін сенің бұған дейін қай жерің жарақаттанғандығында жұмысы жоқ снаряд жарықшақтары тағы да иық тұсы мен бет-жүзін қанға бояйды. Осылай қатардан уақытша шығып, емделіп барып, ұрысқа қайта кіріп отырған Сыздық Шоғырмақов 1943 жылдың аяғына таман Витебск қаласын жаудан азат ету барысында тағы да сол қолынан қатты жараланады. Сонда да емделіп, жазылғаннан кейін кезекті рет соғысқа қайра келіп кірген ерлік пен «Отан үшін отқа күй, өлмейсіңнің» жолы-ай!

Тек араға белгілі бір уақыт салып, толассыз ауыр ұрыстардың бірінде алған соңғы тән мен жан жарасы – бір көзін жақын жарылған жау снарядының жарықшағы ағызып жібергені ғана есіл ердің ұзақ уақыт бойына Иваново қаласындағы №3825 эвакогоспиталінен бір-ақ шығуына әкеліп соғады. Сол жарықшақтың басы мен кеудесін де айналып өтпеген зардабынан әзер ес жиып, енді майданға жол жоқ екенін білсе де «қатардан шықтым-ау» деп жаны тыншымайды. Асқан табандылықпен, осы ауыр халдің өзінде енді қолына қару алып, зұлым жауға қарсы қайрат көрсете алмауына өкінумен болады.

Соғыстан осылай оралған соң да Сыздық аға өзіне тән ет тірлігімен бұрынғы жұмысын қайта жалғастырып, Шортан аудандық әскери комиссариатының бөлім бастығы, қалалық, облыстық прокуратура органдарында прокурордың көмекшісі қызметтерін ойдағыдай атқара білді. Қай жерде жүрсе де тек адалдық пен әділдікке ғана жүгініп, азаматтық бітім-болмысын биік ұстады. Өзінің сүйекке біткен қарапайымдылығы мен қанағатшылдығынан жазбай, ешкімге де соғыста көрген қиямет-қайымы, үсті-үстіне айналдырып, кейде о дүниеден де қайта оралғандай болған жарақаттары туралы басы артық тіс жармайды.

Сөйтіп жүріп ойлайтыны, жанына бататыны 1919 жылы туып, 1945 жылы соғыс аяқталардан бір ай ғана бұрын 26 жасында Берлин түбіндегі қанды шайқастардың бірінде жау снаряды тиген танк ішінде қалып, демі таусылып кете барған туған інісі Қайырбек Шоғырмақұлының өкінішті қазасы еді. Амал не, көпті көрген қартты өз көрер жарығы Аллаға мың мәрте шүкіршілік еткізсе де, осы бауырын ойлағанда ет жүрегі езіліп, томаға-тұйық отырып қалатын. Иә, қатал тағдыр ешкімнің де төрт құбыласын сай етпеген. Соны білетін Сыздық әке мен Күлпәш ана өздері сүйген жеті перзентінің тілеуін тілеп, соларды бұл тірліктің өз бойларында баршылық ізгі мұраттарына баулып,  досының ұлы, біздің Төлеген Қажыбаев ағамызды да өле-өлгенше өздерінің сегізінші баласындай көріп өтеді.

Соғысқа дейін үйленіп те үлгермеген Қайырбек бауырынан ұрпақ қалған жоқ. Ал, өз балаларынан үлкені Мәйкен, Майра, Қайрөш, Қайырлы және Ғалия қашанда ата-аналарын қастер тұтумен ұрпақтар сабақтастығын лайықты жалғастырып келеді. Өкінішке орай Жанұзағы мен Өмірзағы бұл екі аралықта өмірден өтіп кетті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жақындаған сайын бұл әулеттің де ұл-қыздарында дегбір жоқ. Жастайынан от кешкен Сыздық әкелері мен Қайырбек ағаларының, өзге де мың, миллион жандардың Отан үшін бастарын өлімге тіккен сол жанқиярлық ерліктері, сан қилы тағдырлары жүректерін тербеп, жандарын ауырта түседі.

Иә, топырақтарыңыз торқа, жандарыңыз жәннатта болсын, сол бір сұрапыл соғыстың шаһидтері мен қаһармандары дейміз біз де осындай ауыр жағдайлар арқылы сол өшпес күндердің қатпар-қатпар сырына үңілген сайын…

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар