Бір ғасыр биігінен сыр шерткен ұлағат

Фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан лап қойғанда Таңатар аға 16 жаста еді. Ауылдан зұлым жауға қарсы қолына қару ұстауға қауқары бар ер-азаматтардың бәрі майданға осы балаң жігіттің де көз алдында аттанып жатты.

Сол кезде араға екі жыл салып, өзі де сол от-жалынға бет алатыны туралы ой көкейіне әлі келе қоймаған.

Өйткені, елдегі көп адам, майдандағы нақты жағдайдан тақа хабары жоқ жұртшылық соғыс тез арада аяқталады, яғни, тұтанып барып сөнеді деп ойлады. Тек бара-бара алғашқы қара қағаздар да келіп, бір үйде болмаса бір үйде жылап-сықтау көбейген сайын бұл ел басына түскен ауыртпалықтың жуыр маңда басылар түрі көрінбейтінін, біздің ел табандылық танытып, Мәскеу түбінен жауды тықсыруын тықсырса да, алда әлі ащы шектей шұбатылар соғыстың талай қасіреті мен қайғысы жатқанын әркім біле де, мойынсұна да түскендей еді.

Міне, осылай қанды қасап үшінші жылға аяқ басып, сұм Гитлер мәжбүрлеп қойған соғыс өрті үдей түскенде 18 жасқа толған өрімдей жас Таңатар Әшімұлының да қолына қару ұстап, майданнан бір-ақ шығуы сол кездегі жалпыға бірдей заңдылық болатын. Оған дейін оқуын қоя тұрып, соғысқа кірген аға-әкелердің орнына колхоз жұмысына жегілген жасөспірім ауыр еңбекпен бұғанасын біраз қатайтса да, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен мына от-жалынға қорықпай-үрікпей, оп-оңай кіре  салды деу тағы қисынсыз. Жер басып жүргеннің бәріне жарық дүние қымбат. Сондықтан, бүгінде арамызда жоқ сол майдангерлердің бәрі де бұл қанды қырғында «біз тайсалмадық», «біз көз жұмып қойып кеттік» деп айта алмас  еді.

Бірақ, мұндайда басқа түскен істің барлығына да көндірері, мойынсұндырары бар. Таңатар ағамыз да солай бірте-бірте қан сасыған майдан даласына, оның от құрсаулы кейпіне, ыстық-суығы, күтпеген соққылары мен тосын жағдайларына төселіп, көндіге берді. Он сегізіңде қолыңа қару ұстап, адам баласына көздеп, оқ ату да оңай емес екен. Қолыңның қалтырары, санаңның сансырары бар. Бірақ, таразының бір басында Отан мен еліңнің тағдыры, оның бар, не жоқ болары, өзіңнің, жақындарыңның өмірі тұрғанда басқа шешімнің, келесі жаққа аяушылықтың, ымырашылдықтың да болмайтынын жақсылап бір көрсеткен осы майдан даласы ғой.

Таңатар аға Екінші дүниежүзілік соғыстың жау кейін қуылып бара жатқан Шығыс Пруссия жерінен бастап, өзіне бұйырған бөлігін бәріне де белді бекем буған кейіпте, сенімді жүріп өтті. Соғыстың соңғы аяқталар кезеңі – Берлин операциясында шешуші рөл атқарған үшінші Екпінді Армияның құрамында қиян-кескі шайқастарды, өмір мен өлім арпалысын, қаруластарының жан беріп, жан алысқан асқан ерлігін, неміс фашистерінің оңайлықпен тұяқ серпігілері келмей, қиястана жатып алғанын, бәрін де көрді. Көрді деген бер жағы, соның ішінде басын қатерге тігіп, ешкімнен кем түспей, өліспей беріспей, ерлерше өзі де жүрді.

Сосын да шығар, бертін көзі тірісінде, полковник Фроловтың басшылығымен өз бөлімдерінің жаудың қорғаныста көп үміт артқан ірі бекінісі – Кенисгберг қаласын алып, одан осы зұлымдықтың соңғы ордасы – Берлинге бет түзегендерін, ақыры, сәуір бойы өкшелей жүргізген ауыр ұрыстар ол басты апанның да шетіне табан тіретпей қоймағанын сыпайылап айта отыратыны. Осы арада кейінгі кездегі күн құрғатпай титықтатқан көп қимылдан аздап демалысқа шығып, әне-міне келер Ұлы Жеңісті тағатсыздана күтіп жүрген бұларға «соғыс бітті» деген хабар да жетіп, жер дүние жайнап, жарқырап сала берген. Сірә, сол сойқанды көрген өзге де майдангерлер сияқты, Таңатар ағаның да азды-көпті өміріндегі бұрын-соңды өзі сезінген, өзі басынан өткізген ең үлкен, ең зор қуанышы 1945 жылдың мамырындағы зарықтырып жеткен осы Жеңіс қуанышы, Жеңіс шаттығы болар.

Жігіттер мынадай астан-кестен, жер дүние  тітіркенген соғыс отынан қалай аман қалдық деп толқыды. «Енді елге қайтамыз» деп ол жақта күн, ай санап, зарыға тосқан үй ішімен, ет жақындарымен қауышпаққа дайындала бастады. Ал, осы екі жылда тағдыр-талайы бірде барлаушы, бірде автоматшы ретінде сан сынаққа салып, әйтеуір, ажал уысынан аман алып қалған Таңатар Әшімовке келсек, әлі де туған Көкшесіне бет түзер мүмкіндігі жоқ еді. Өйткені, бұл сияқты жастар соғыста болғаны өз алдына, сол кездегі әскери тәртіп бойынша қашан жоғары жақ өзі біліп, босатқанша, әрі қарай тағы да міндетті әскери борышын өтеуі тиіс болатын.

Осылай Таңатар аға соғыстан кейін де ел қорғау шебінде бес жыл жүріп, туған жерге ұзақ сағыныштан соң тек 1950 жылы ғана аяқ басты. Келе сала басқа мамандық таңдаған жоқ, өз жастық жігері, жеке басының қалауымен Куйбышев орман шаруашылығының қым-қуыт шаруасына қойды да кетті. Кейін осы арадан Самарбай лесхозына ауыстырылды. Сөйтіп, өз жұмысына жан-тәнімен берілуінің арқасында жүктелген міндетін екі етпей, мүлтіксіз орындай жүріп, Көкшетау облыстық орман шаруашылығы басқармасының маңдай алды орманшыларының біріне айналды. Қарағай, қайыңы мен тал-терегі аралас ну орманның арасында өскен өз басы кешегі от-жалын соғыста талай ағаш қара шаланың кебін киіп, небір бәйтерек қақ айырылып, опырылып жерге құлағанда іші удай ашып, табиғаттың жан жарасы мен тән жарасына бірге жылағандай күй кешуші еді. Енді өзіне сол орман-тоғайды сұқ көздердің сұғанақтығынан қорғаудың, желеңін молайтып, аң-құсын өрбітудің сәті түскенде, аянып қалмады. Туған жердің табиғатымен тыныстады, өмірінің мән-мағынасын осы орманға арнаған еңбегімен өлшеді.

Майдан мен әскердегі жеті жыл темірдей тәртіп те текке өтпей, адамшылықтың, қоғам игілігі мен дәулетінің шынайы қамқоры болудың сара жолына сала түскені анық-ты. Осылай орманшы кәсібін аялап-ардақтап, дендей бас қойғаннан басқа өзге мақсатты білмеген Таңатар Әшімов үшін орман бары да, анау-мынауға баспас ары да болғанына осы саладағы отыз жылдан астам адал еңбегі куә еді.

Ол кезде жұмысы жақсы жүрген Самарбай орман шаруашылығының ұжымды ұйытар, ауызбіршілік пен ынтымақ-бірліктің абырой-беделін бұйыртар бір берік негізі осы Таңатар ағамыз, Рейхстагтың қабырғасына Жеңіс туын тіккен даңқты жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаевпен бір полкта болған Саттар Жақанов, Тасым Шәкіров, тағы басқа да майдангер орманшылар еді. Олар өз көрген-түйгендерімен жастардың ақылшы-тәлімгерлері бола білген, майдан шынықтырған, пешенелеріне сұм соғысты, оның сан азабын жазған өз заманының алдыңғы қатарлы адамдары болатын.

Мәселен, Таңатар аға еңбектегі үздік көрсеткіштері үшін қатарынан екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1982 жылдың 10 ақпанында Мәскеуде Одақтар үйінің колонна залында кәсіподақтардың Бүкілодақтық ХІ съезі ашылды. Сол күні бұл съезд делегаттарының арасында Көкшетау облысынан барған санаулы адамның бірі болып, орманшы Таңатар Әшімов та отырған. Бұл кезде ол республика Орман, қағаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының президиум мүшесі және Самарбай орман шаруашылығы бастауыш партия ұйымының хатшысы болатын. Осылай орманшылық жұмысын белсенді қоғамдық істерімен тығыз байланыстырған Таңатар ағамен ержүрек майдангер, әрі еңбек майталманы ретінде сол кездегі журналистер мен фототілшілер де жиі жүздесіп тұратын. Айталық, сол сексенінші жылдары Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіндегі «Орманшы» деген мына мақалада ағамыз майдан даласындағы бір ерлігін өз аузынан былай баяндайды:

–Әрбір сүйем жер ілгерілеу үшін «тіл» керек болып тұрған кез. Жаумен тағы да аңдысып жатқанбыз. Мен автоматшылар ротасында едім. Колесников деген рота командирі шынтағымнан түртіп қалды да, өзі бұға қалды. Мен де солай істедім. Енді бір сәтте ол қайрадан сығалады да:

–Қанды басыңды бері тарт, – деп автоматтан оқты жаудырып жіберді. Екі неміс қалпақтай түсті.

–Аналардың біреуі тірі   болар, бар, – деді маған. Мен дереу ілгері ұмтылдым. Дүркін-дүркін атылып тұрған оқтың астымен жаралы фашисті алып келсем, бұлар да барлауға шыққандар екен. Командование кейін одан маңызды деректер алыпты. Маған сол үшін майдан қолбасшысының атынан алғыс жарияланды. Одан кейін де біздің әскерлер зұлым жауды өз ұясына қарай тықсыра түсіп, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алдым.

Міне, бекем тосқауыл болмаса, күніміз не болары белгісіз неміс фашистерінің жолын осылай қиған Таңатар Әшімов бейбіт күнде де отбасы ынтымағы мен өз ісіне деген жауапкершілік жүгін тең ұстап, қашан болсын, сенім биігінен көріне берді. Осы жылдар ішінде суреті облыстық орман шаруашылығы басқармасының Құрмет  кітабы мен Құрмет тақтасынан бір тыс қалып көрген жоқ. Туған жер төскейіне өз қолымен аялап отырғызған ондаған гектар тал-шыбығы қойнауында құсы сайраған жасыл желек орманға айналып, дала реңіне рең қосудан әлі күнге бір тынбауда.

Жан жары Қаман апай екеуі Самарбай, Бейсенбай, Роза және Сәуле атты төрт  ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, осы перзенттерінің бәріне де адамгершілік асыл қасиеттері мен қоршаған ортаға, табиғатқа деген өз бойларындағы сүйіспеншіліктерін айнытпай дарыта білді. Әке ұлағатымен екі ұлы да жастайынан орманшылық кәсіпті таңдап, алдымен Бурабай орман шаруашылығы техникумын, кейін Алматы ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін бітірген Самарбайы осы салада біраз жетекші қызметтер атқарды. Бұл күнде өмірден өткен Бейсенбайы да әке мен аға жолынан айнымай, еңбек жолын осы кәсіптен бастады.

Биыл туғанына 100 жыл толып отырған Таңатар Әшімовтің соңында қалған осы бір жарқын із бүгінде үрім-бұтағын да әке мен ата өнегесіне адал болуға, өмірде өз несібелерін маңдай термен теріп жеуге жетелеумен келеді. Самарбай орман шаруашылығында кешегі бар ғұмырын осы елдің орман-тоғайына қорған болумен өткізген майдангер орманшыны бүгінгі күні де екінің бірі жақсы біліп, құрмет тұтады. Молодежный ауылынан көп ұзамай, қалың орманға бастар жол бойында Таңатар кардоны бар. Ел кезінде майдангердің өзі көзінің қарашығындай сақтап, жасыл желегін көбейткен бұл орманды алқапты озат орманшы құрметіне осылай атап кеткен.

Жылда 9 мамыр – Жеңіс күні орманшылық кәсіпті өмірім деп білген, ел басына күн туған кешегі сұрапыл жылдарда да ер намысын қолдан бермеген абзал жанның ұрпақтары осы арадағы арнайы белгі қойылған орынға жиналып, әке-аталарының жарқын бейнесі, жақсылықпен өрілген ғұмырына бас иіп, тағзым етеді. Бір ғасыр биігінен өз ұлағатын шашқан абзал жан ғибраты биыл өзіне одан сайын тартып,  сол ұрпақтары жүрегін тереңнен тебірентері анық.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар