Әкім – іс үстінде
Мемлекет басшысының бастамасымен былтырдан бері бастау алған «Таза Қазақстан» жобасы биыл да экологиялық акциялармен жалғасын табуда. Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңір жастары ұйымдастырған осындай игі шарада құттықтау сөз сөйлеп, Көкшетауды жасыл желекке айналдыру ісінің маңыздылығын атап өтті.
Туған жерді көркейтіп, жасыл болашақ қалыптастыруға арналған шараға «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, облыс орталығындағы университеттер мен колледждердің оқытушылары мен студенттері, өңірдің белсенді жастары мен волонтерлар қауымы қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларының бірінде «Жасыл Қазақстан» – ұлт денсаулығы мен ұрпақ амандығының кепілі» деп атап өткен болатын. Оның бастамасымен бүгінде елімізде орман алқаптары кеңейіп, қалалар мен елді мекендерде ағаш егу мәдениеті жанданып келеді. Кешегі іс-шара осы ізгі ниеттің жалғасындай.
–«Таза Қазақстан» акциясы еліміздің болашағына, халқымыздың саулығына бағытталған өте маңызды қадам. Таза табиғат – таза ойдың, таза жүректің белгісі. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – қоршаған ортаны аялап, ұрпаққа салауатты Қазақстанды аманат ету. Бүгінгідей шаралар бір күндік акция ғана емес, өмір салтына айналса игі. Өткен сенбіде 5 мыңнан астам ақмолалық осындай игілікті іске атсалысып, өздері тұратын аумақтарға ағаш екті, –дей келе облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде экологиялық акцияларға қатысып, елдің көркеюіне үлес қосып жүрген жастарға игі тілектерін жеткізді. Сонымен бірге, ол аймақта жыл басынан бері 2,3 миллион көшет егілгенін және бұл жыл соңына дейін 14 миллион түпке жеткізілетінін ерекше атап өтті. Ағаш көшеттерінің 9 миллионы облыстың питомниктерінде өсіріліп, әзірленсе, қалған 5 миллион түп көшет басқа аумақтардан сатып алынбақшы.
Аймақ басшысы облыс орталығындағы «Революция күрескерлері» саябағында тұрған ғимаратты облыстық жастар ресурстық орталығына тарту етті.
–Бұл жастарға білім алып, рухани дамып, өз әлеуеттерін жетілдіре түсуге мүмкіндік беретін маңызды орынға айналсын. Біз әрқашан жастар саясатын қолдаймыз, Сіздерден жаңа идеялар мен бастамалар күтеміз,–деп тілектестігін білдірді өңір басшысы.
Акцияда сөз алған «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Науханбекқызы осы іс-шараға қатысуға шақырған облыс әкімі мен жастарға алғысын білдіріп, қордың облыс аумағы бойынша қаржыландыратын жобаларына тоқталды.
–Біздің орталық ұйымдастырып отырған акцияның басты мақсаты – өңір жастары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, волонтерлікті азаматтық белсенділіктің ажырамас бөлігі ретінде дамыту, облыс орталығындағы саябақтардың келбетін келтіріп, көркейте түсу, –дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков.
Бұдан әрі акцияның қатысушылары «Революция күрескерлері» саябағындағы ағаштар отырғызуға қызу кірісті. Бұл маңда егілген ағаштардың ертеңгі болашағына жастар ресурстық орталығының өкілдері жауапты болып бекітілді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

