Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баубек батыр - АРҚА АЖАРЫ

Баубек батыр

Дүниеден озғанына да біраз жылдың жүзі болған Мырзағали Дүйсенбаев Қима, Жақсы өңіріне есімі белгілі елге қадірлі ақсақал еді. Терісаққан ауылында ұзақ жылдар мектепте директор, мұғалім болып, кейін сол мектепте өлкетану мұражайын ашқан, жергілікті басылымдарға түрлі тақырыптағы мақалаларын үзбей жариялап тұратын оның Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан, әрі ханның ең жақын серіктерінің бірі болған, кейін сол үшін патша үкіметі жер аударып, Сібірде жүріп қайтыс болған Қарауыл Баубек батыр туралы мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қазақтың қаһарман ұлы Кенесары Қасымов халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресе жүріп, қырғыз жерінде қаза тапқаны белгілі. Кенесарының көптеген батырлары да қолға түсіп, қырғыз манаптарының тұтқындары болады. Солардың ішінде Кене ханның ең жақын серіктерінің бірі Баубек батыр да бар екен. Сол тұтқыннан Баубек батырды қырғыздардың өз адамы босатып жібереді. Ол былай болған екен.
Ертеректе қырғыз бен қазақ арасында барымта жорық, барымта соғыс дегендер жиі болып тұрған ғой. Сондай кезде Шұға анамыз – кәдімгі Баубек батырдың анасы Шұға бір күні ошақ басында ұршық иіріп отырады. Бір уақытта әлдекімнен жанұшыра қашып келе жатқан бейтаныс жігітті көреді. Жөн сұраса келгенде ол қазақ қуғыншыларынан қашып келе жатқан қырғыз жігіті болып шығады. Жас жігітті аяп кеткен Шұға анамыз оны анадай жердегі жерошаққа жатқызып, үстіне тулақ теріні тастай салады да, өзі жібін иіріп отыра береді. Әлгіндей болмай қуғыншылар да келіп қалады. «Қашып келе жатқан адам көзіңізге түспеді ме?» – деп сұрайды. Қашқын жігітті өлімге қимаған Шұға анамыз «Жоқ, көрмедім», – деп жауап береді. «Мүмкін ана сайға түскен шығар», – деп теріс сілтеп жібереді. Шұға ананың сөзіне сенбеске лажы жоқ қуғыншылар «Апырай, осылай қарай кеткен сияқты еді», – деп ілгері шаба жөнелді.
Артынан Шұға анамыз жігітті «Өмірің жаңа гүлдеп келе жатқан жап-жасыл бала екеңсің, еліңді тап», – деп астына ат мінгізіп, жетегіне және бір ат байлап қоя береді. Еліне барып үлкен азамат болған осы жігіт қырғыздың қолына түскен Кенесары батырларының ішінде Шұға ананың баласы Баубек батырдың да бар екенін естіп біледі. Күзетшілерді ақысын беріп көндіріп, Баубек батырды тұтқында отырған жерінен шығарып алады. Бұл дүниеде істелген жақсылық о дүниеге кетпейді деген осы. Анасы Шұғаның біреуге жасаған жақсылығы Баубектің алдынан жақсылық болып шығады. Қырғыз жігіті «Анаңның істеген жақсылығына қолымнан келгені осы болды, бауырым», – деп астына ақ боз ат мінгізіп, бір атты жетектетіп, қош айтысады.
Содан Баубек батыр түнімен суыт жүріп отырып, таң алдында аттан түсіп дем алмақ болады. Тізесіне қойған қамшысының сабына сүйеніп қалғып кетсе керек. Бір мезгілде қамшысының сабы тайып кетіп шошып оянады. Көзін ашып алса, төбе-төбенің басында қуғыншы қырғыздар жан-жақтан қоршай келіп қалған екен. Атына қарғып мінген Баубек батыр «Уа, Айтқожа пірім, қолдай көр, астымдағы ақ боз атым құрбандық», – деп тарта жөнеледі. Енді бір қараса, астындағы атына қанат біткендей болып құйғытып келеді екен. Әлгі бір әзірде өзін қуып жетіп, қоршап алуға шақ қалған көп қуғыншы өз-өзінен тұсалып, кейін қала бастайды. Олардың атқан оғы да дарымайды.
Қуғыннан құтылған Баубек батыр еліне аман-есен оралған соң, қарауыл балаларының басын қосып, оларды қоныстандыратын қоныс іздеп, бір жылдай жүріп қалса керек. Бір күні өзінің сонау қиын түнде Айтқожа піріне айтқан серті есіне түседі. Тұлпар мініп, ту ұстаған батырға жер алыс па. Айтқожа әулиеге сәлем беріп, өз көңілінің ақ-адал алғысын білдіру үшін Түркістанға келеді. Атақты Ахмет Яссауи кесенесінің иесі, мұсылманның пірі болып саналатын Айтқожа ишанға келіп тағзым етеді. Сәлем беріп кіріп келгенде: «Ә, батыр келдің бе? Жаның қысылғанда көмек сұрап өзіме сыйынып едің. Тілегіңді естіп, қыл шылбырды иығыма салып ат-матыңмен сүйреп едім. Міне, қыл шылбырдың сондағы ізі», – деп жалаңаштап иығын көрсетеді. Иығында шынында да қыл шылбырдың білеуленіп түскен ізі жатыр екен. Баубек батыр:
– Кешіріңіз, осы уақытқа дейін келе алмадым. Сертім серт, – деп ақбоз атын сол жерде құрбандыққа шалады.
Елге келген соң, Баубек батыр өз ағайындарына қылдан шылбыр еспеңдер, ессеңдер жүн қосып есіңдер, – деп өсиет айтады. Оның ұрпақтары күні бүгінге дейін таза қылдан шылбыр еспейді, жүн қосып еседі.

Мырзағали ДҮЙСЕНБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар