Мектепке ұстаздың есімі берілсе…

Атбасар өңірінде есімі елге танымал көптеген тұлғалар өтті. Олар тек қана аймағымыздың ғана емес, еліміздің өркендеуіне, бойындағы бар білімі мен қажырлы еңбектерімен сүбелі үлестерін қосты. Солардың бірі – Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдарда Атбасар аймағында ағартушылық саласында айтарлықтай із қалдырған, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, «Қазақ ССР-інің халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» құрметті атақтарына ие Жабағы Қаржасбаев болатын.

Ол 1892 жылы 15-ші ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Қаржасбай азын-аулақ малы бар және жер жыртып егін еккен шаруақор адам болған. Сонымен бірге, он саусағынан өнер тамған ісмерлігі, етікшілігі де ауыл аймағына танымал екен. Тіпті, тұрмысқа пайдаланатын арбаларды құрастырып жөндейтін де өнері болыпты. Осындай он саусағынан өнер тамған Қаржасбай ел сыйлаған қадірлі жандардың бірі екен. Осы азаматтың баласы Жабағы да өзінің адал еңбегінің арқасында халық құрметіне бөленеді. Ал, тұлға болып қалыптасу үшін балаға жақсы ұстаз бен оған ақыл-кеңес беріп отыратын үлкендер керек. Жабағы кішкентай күнінен осындай қолдауды өз әкесінен тапқан.
Әкесі Қаржасбай 1898 жылы баласын хат танысын, білімді азамат болсын деп Бейсенбай деген ұстаздан оқытады. «Мен алғаш «әліп, әліп» деп қайталап айтуды қызық көрсем, кейін жалығып кеттім. 29 әріптің түсін танып, атын атауды үйреніп алдым» деп есіне алады ол сол күндерді. Кейін ол Хасен Үсенов деген мұғалімнен «Төте оқу» әдісі бойынша білім алады. Хасен мұғалім ауылға ақ шатыр тігіп, онда жиырма бес баланы оқытыпты. Кейде ұстазы бір жаққа кеткенде іштерінде ересегі болған соң, Қаржасбай балаларды өзі оқытады екен. «Сен зейінді баласың, оқысаң, аталарың Абай, Ыбырай армандаған мақсаттарды орындауға атсалысар едің. Олар қазақты басқа ел қатарына қосуды арман еткен» деп Хасен ұстазы жиі айтады екен. Жабағы деген есімін жақтырмай «Жуан», «Қажымұқан», «Тас жүрек» деп атапты. Тіпті, есімін сықақ қылып:
Атыңды әкең қойған Жабағыбай,
Шешеңнің жүн көп болса, көңілі жай.
Нанға тойса, баласының атын нан қояды,
Ісіңнің асылы жоқ қазағым-ай, –
деп өлең де шығарыпты. Ұстазы жоқта оның орнына шәкірттерге дәріс беріп жүрген Жабағы мұғалімдікке қызыға бастағанын өзі де білмей қалады. Кейін балаларды оқытып, ауыл-аймаққа жақсы мұғалім деген атағы жайыла бастайды. Әсіресе, Атбасар қаласында маусым айында жәрмеңке басталып, оған жан-жақтан саудагерлер қаптағанда есеп-қисап білетін жастар қажет болады. Саудагерлер сауатты жаза білетін жергілікті тұрғындарды жұмысқа алады. Жәрмеңке кезінде Атбасар аймағында оқудың қажет екендігі байқалып, жергілікті қазақтар балаларының есеп-қисап жазуды үйренуін қалайды. Бірақ, кейбір молда діндарларға балаларды орысша оқытқандары ұнамайды. Шоқынып кетеді деген жамандауына қарамастан, ел арасында оқуға, білімге деген сана-сезім қалыптаса бастайды.
Кеңес үкіметі орнаған кезде ағартушылық жұмысы ел арасында кең көлемде жүргізілген еді. Оған арнайы қаражат бөлінеді. Осыған байланысты 110 тұрғыны бар Қаражар ауылында мектеп ғимараты бөренеден салынады. 1925 жылы басталған білім ордасының құрылыс жұмысына Жабағы Қаржасбаев басшылық жасайды. Мектеп 1926-1927-ші оқу жылдарына дайын болады. Бұл мектептен ондаған жастар білім алып шықты. Олардың ішінде тарих ғылымының кандидаты, профессор Аяп Нұрқанов, обком секретары Сақан Құсайынов, тау-кен инженері Кенжеболат Сәдуов, Ақтан Төлеубаев тағы басқалары осы мектептің түлегі еді.
Нұрлы болашақ білімде екенін жақсы түсінген Жабағы Қаржасбаев 1935-1938 жылдары Алматыдағы қазақ педагогикалық институтының дайындық курсын, одан кейін мұғалімдер институтын бітіреді. 1947-1953 жылдары педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтына ауысып, аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Осы жылдары бастауыш кластарға қазақ тіліне байланысты «Жазу үлгісі», «Диктанттар жинағы», «Баста-
уыш мектепте көркем жазу» сынды бірнеше әдістемелік құралдар жазды. Сондай-ақ, «Әліппе» оқулығының қосалқы авторы атанды. Осылайша елу жылдан астам ағартушылық салада еңбек еткен Жабағы Қаржасбаевтың еңбегі бағаланып, «ҚазССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚазССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атақтарына ие болды.
Ал, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған тұлғаның жеке өмірінен сыр шертер болсақ, Жабағының алғашқы жары Шәутік Құдабаева ауыр науқастан қайтыс болған екен. Содан екінші рет Сара Шойбекова деген әйелмен шаңырақ көтеріп, 17 жыл тату-тәтті ғұмыр кешеді. Ұлағатты ұстаз 1968 жылы қара жер қойнауына аттанады. Алайда, оның қажырлы еңбегі атбасарлықтардың әлі күнге дейін есінде. Өз басым да осы кісі жайында көп мағлұматтар естігендіктен, артында қалған ұрпақтары бар ма деп іздеу салғаным бар. Кейінірек, оның қызымен сөйлесудің бір сәті түсті. Сөйтсек, Жабағы ағаның соңынан ерген қыздары бар екен. Солардың бірі Алматыда тұратын Рауза апамыз бізге өздері жайлы көп ақпарат берді.
– Біз әке-шешеден жастай қалдық. 1963 жылы анамыз қатерлі ісік ауруынан қайтқанда Әлия 15 жаста, мен 13-те, Алтын 9-да еді. Бұл уақытта әкеміз 71-де болатын. Содан біздің тәрбиеміз толық әкеміздің қолында болды. Мектепке барарда үшеуіміздің шашымызды өріп, сабақтан үйге келгенде асымызды дайындап қоятын. Бізді ойын-сауыққа жібермейтін, киноға да бармайтынбыз. Содан барлық күшімізді оқуға салдық. Қазір соның жемісін көріп жүрміз.
Ол кісінің Әлия есімді қызы Теміртау қаласында «Қазақстан магниткасы» деп аталатын медициналық орталықта дәрігер болып еңбек еткен екен. Ол «Совет үкіметінің үздік дәрігері» төсбелгісінің иегері атанған. Рауза болса Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін жақсы бітіріп, химия пәнінен мектепте мұғалім, кейін әке жолын қуып Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында аспирантурада оқып, ғылыми жұмыспен айналысады. Сонымен қатар, «Атамұра» корпорациясында жетекші редактор болып еңбек еткен. Және «Білім беру ісінің үздігі», Білім министрлігінің құрмет грамотасының иегері. Ал, кенжесі Алтын Алматы технология институтын тәмамдаған. Ұзақ жылдар метеоролог болып жұмыс істеді. «Мет-
рология ісіне еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен марапатталған.
Атбасар қаласында сегіз орта мектеп бар. Сол мектептердің біріне ұстаз Жабағы Қаржасбаевтың аты беріліп, ауласына ескерткіш мүсіні орнатылса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, біздің өңірден шыққан ұлағатты ұстаздың ұрпақ тәрбиелеудегі істерін ұмытпай, әрі келешек ұрпақ біле жүрсін деген мақсатта шаһарымыздағы бір көшеге есімі берілсе деген тілек бар.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар ауданы.

Суретте: Ж.Қаржасбаев және қыздары Рауза, Әлия, Алтын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар