Әскери қызметкерлер баспаналы болады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласындағы бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдады.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев облыстағы іргелі кәсіпорын саналатын «Тыныс» акционерлік қоғамында болып, өндіріс цехтарын аралап көрді. Бүгінгі таңда осы зауытта шығарылатын авиация, темір жол, мұнай салаларына қажетті қосалқы бөлшектер мен Қарулы Күштер құрылымдарына арналған бронежилеттер тапсырыс берушілер тарапынан жақсы баға алып, сұранысқа ие болуда. Зауыт Ақмола облысында машина жасау ісінің көш басында тұр. Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өнеркәсіпті әртараптандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеуде.
Зауыттың бас директоры Қайрат Қалманбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда «Тыныс» акционерлік қоғамы көп салалы кәсіпорын қатарында. Авиациялық өнімнің негізгі тұтынушылары – Ресей мен Беларусьтің авиажасау және авиажөндеу кәсіпорындары. Кәсіпорынның өнімін сату саясаты ішкі және сыртқы нарықтарға бағытталған. Осы күні «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком», «Қазтрансойл», «Қазтрансгаз», «KEGOK» акционерлік қоғамдары сияқты ірі компанияларға өнімдерін өткізеді. Мәжіліс депутаты зауыттың құрастыру цехын аралап көріп, шығарылып жатқан өнім түрлерімен танысты.
– Соңғы кезде кәсіпорын басшылығы өнім өндіруде отандық үлестің мол болуына ерекше назар аударып келеді. Дегенмен, әлі де отандық үлесті арттыру және дайын өнімді сату аумағын кеңейту бағытында ауқымды жұмыс істеу керек. Біз осы жағынан өз тарапымыздан көмектесуге дайынбыз, – деді Мәжіліс депутаты.
Бұдан кейін 55/10 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездескен халық қалаулысы әскерилерді баспанамен қамтамасыз ететін Заңның қабылданғандығын айтып, заң нормаларын жан-жақты түсіндіріп берді. Депутаттың айтуынша, баспаналы болғысы келген әр әскери қызметші «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 5 пайыз несиемен ипотека алуына болады. Ол ипотеканы төлеуді Үкімет өз мойнына алып отыр.
– Әскери қызметшілер кез-келген өңірден, әрі өз таңдауы бойынша жекеменшік баспаналы бола алады. Әскери қызметтегі жылдарына қарамастан, барлық әскери қызметшілер баспанамен қамтамасыз етіледі. Үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж әскери қызметшінің отбасы құрамы есепке алынады, – деді Мәулен Әшімбаев. Осылайша алдағы уақытта қазақстандық 60 мың әскери қызметкердің барлығын дерлік баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
Ал, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған халық қалаулысына келген ақмолалық тұрғындар міндетті әскери қызметті өтеу, зейнетақы төлемдерін өсіру сияқты мәселелерді көтерді.

Аслан Оспанов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар