Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ресми тіл» деген тіл жоқ - АРҚА АЖАРЫ

«Ресми тіл» деген тіл жоқ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты күні кешегі Жолдауында тіл мәселесіне қатысты тағы да өз ойын айтқан болатын. Елбасы Қазақстанның болашағы қазақ тілі екендігіне бұдан бұрында сан мәрте барлық қазақстандықтардың назарын аударған-ды. «Толғауы тоқсан қызыл тілдің» толғағы әлі күнге бітпей келе жатқан сыңайлы. Бұл салада еш жұмыс жасалған жоқ десек, артық айтқандық болар, дегенмен атқарылып жатқан жұмыстардың дені қағаз немесе сөз жүзінде қалып, нақтылы іске аспай отырғаны шындық. Ата Заңымызда арнайы баппен бекітіліп, «Тіл туралы» заңмен тұжырымдалған, сөйтіп, заң жүзінде мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілі сол мәртебесіне лайықты деңгейге неге көтеріле алмай келеді? Бұл жөнінде біраз жайлар айтылған болса да, өзімнің жеке пікірімді ортаға салғанды жөн көрдім.

Әбден жауыр болған «тілімізге қамқорлық керек, жанашырлық керек» деген жалпылама сөзді жиып қойып, әрбір қазақ ана тілін дамытуға жеке өз үлесін қосатын уақыт жетті. «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте» деп Қадыр ақын айтқандай, әр қазақ ана тілін өзінің арындай ардақтап, анасындай құрметтеуі керек. Тілім – тірегім, тілім – болашағым, тілім – мақтанышым деген биік сезімді мұрат етуі шарт. Бұл – әсіресе, билік басындағы қандас бауырларымыз берік ұстанар қағидаға айналуы тиіс. Өйткені, олардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі үнемі көптің көз алдында. Көзқарасы қалыптасып үлгермеген, әр нәрсеге еліктегіш жастар соларға қарап бойын тіктеп, ойын түзейді. Ал, билік тұтқасын ұстаған бауырларымыз бәз-баяғы қалпы мінберге шығады да орысша желдіртіп сөйлеп ала жөнеледі. Сонда олардан үйренер үлгі, алар өнеге осы болғаны ма? Осылай жалғаса бермек пе?
Осы арада айтатын бір жайт, өзгеге емес алдымен өзіміздің қандас бауырларға сілкініс қажет-ақ болып тұр. Иә, сана сілкінісі. Қоғамға қызмет ету бар да, ұлт болашағына қызмет ету бар. Бұл екеуі ажырағысыз егіз ұғымдар. Білгір маман, іскер басшы болумен қатар, ұлтжанды азамат болу да парыз. «Қазақпын» деген қаны бір әр жүректе ұлтжандылық алау үздіксіз лапылдап тұрғанда ғана тіліміздің де, еліміздің де бағы жанбақ.
Бүгінде жігіт ағасы жасқа келген тілге шорқақ қандастарымыз өздерінің осындай мүшкіл халіне, алдыңғы аға буынды, яғни, ата-аналарын кінәлап жатады. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар.
Ананың әлдиіне алданып, бесік жырына елтімеген сәби бала сезімімен ертегі шуағына шомылып, бұла сезімін батырлар жырына суармаған, ерлік пен елдікті сезініп, бо-
йына туған халқына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін дарытпаған жан ес жиып есейгенде елім деп емірене қоюы екіталай.
Бүгінде ел тізгінін ұстаған лауазымды шенеуніктер арасында осы тақылеттес бауырларымыздың кездесетіні жасырын емес. Мемлекеттік билік тізгініндегі тілін білмейтін «мықтылар» тілдің қадіріне жетіп оған жанашырлық жасайды, ұлт болашағына қызмет етеді дегенге сену де қиын. Ал, елін елжірей сүйіп, халқына қалтқысыз қызмет етер ұлтжандылық сезімі қасиетті тіліміз арқылы ғана бойға тарап, қанға сіңбек. Сондықтан да, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке тағайындарда өзгелерді қоя тұрып, әсіресе, өз қандастарымыздың мемлекеттік тілді жетік білуін қатаң түрде талап ету керек-ақ. Ал, өзге ұлт өкілдерін тіл білмегені үшін кінәлап, не болмаса тіл меңгеруді міндеттеудің қажеті жоқ, керісінше оларға тіл үйрену үшін жағдай жасау керек. Мемлекеттік тілдің қажеттілігі артқан сайын, олардың тіл меңгеруге деген құлшынысы да өзінен-өзі арта түсері сөзсіз. Мұндай қажеттілік, мемлекеттік тіл мінбер тіліне, кеңсе тіліне, құжат тіліне айналғанда ғана тумақ. Сол үшін кеңсе қызметкерлерін де мемлекеттік тілді жетік білуіне қарап, қабылдау керек.
Зиялы қауымның бәрі демеймін, көбі балаларын кезінде орысша оқытты. Жарайды, ол уақыт талабы, заман солай болды дегенге келісейік. Ол кезде шынында орыс тілін білмесең қарға адым аттауың мұң болды. Ол тілді білуге, үйренуге мәжбүр болдық, ал ана тілін ұмытуға не мәжбүрледі? Ешкім де, ешқашан да сен өз тіліңді ұмыт деген талап қойған жоқ қой. Орысша оқытып та қазақша тәрбиелеуге болатын еді ғой. Осыны неге ескермедік? Неге ол бала өзінің рухани тамырынан ажыраған жарымжан болуы тиіс. Осыны неге ойланбадық? Ұлт болашағын неге ойламадық? Әрине, енді өткенде жол берілген олқылықты қайтара алмаймыз. Бірақ та, тәуелсіздігімізді алғалы да ширек ғасырдан астам уақыт өткен жоқ па. Ендігімізге береке берсін. Айтайын деп отырғаным бүгінгі ата-анаға құлаққағыс. Кешегі қателік бүгін қайталанбаса екен деген тілек. Халқымыздың өзіне ғана тән тамаша әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін бойға сіңдіргенде ғана ұлттық мінез қалыптаспақ. Ұлтжандылық сезімі оянбақ. Ал, оның түпкі төркіні қасиетті ана тілінде жатқаны айдан анық.
«Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол ұлтымыздың анасы» деп дәл айтты емес пе Елбасы.
Ендеше, ана тілін ардақтау әрбір азаматтың абыройлы борышы екені ешқандай дау туғызбас шындық. Ал, осы даусыз шындықтың әлі күнге дейін шенеуніктер тарапынан шешімін таппай келе жатқаны қынжылтады.
Ана тілін ықыластана үйреніп, тіпті мемлекеттік тілде баяндама жасауға құлшыныс танытып жатқан жекелеген шенеуніктердің ұмтылысы, әрине қуанарлық жағдай. Ал, өзінің тілін жетік біле тұра, өзге тілде сайрай жөнелетін шіркіндерге қарап отырып қайран қаласың. Орысша сөйлемесе кісілігіне мін, лауазымына нұқсан келтіретіндей көре ме сонда. Өзге тілде сөйлесе өзін зор сезініп, ана тілінде сөйлеуге қорланатын болғаны ма? Керісінше, өз тілінде көсіліп бір сөйлей алмағаннан асқан қорлық, тіпті сорлылық жоқ шығар, сірә.
Егемендіктің жиырма алты жылында өз тілімізге ауыса алмай жатсақ, оның да өзіндік себептері жетерлік деп есептеймін. Ұзақ жылдар бойы негізгі қарым-қатынас тілі болып келген орыс тілі енді ресми тілге айналды, мемлекеттік тілмен тең қолданысқа құқылы тіл болды. Үлкенді-кішілі жиындар осы тілде өтіп, ресми құжаттар осы тілде толтырылып, тіпті қабылданып жатқан заңнамалар да осы тілде жазылып жатыр. Себебі, орыс тілі – «ресми тіл». Осы орайда, сіздердің назарларыңызды мына бір жайтқа аударғым келеді.
Ата Заңымыз Конституцияның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп көрсетілген.
Демек, ресми тіл деген тіл жоқ, ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген ғана ұғым бар. Өкінішке орай, мұның бәрі заң жүзінде ғана, ал қолданыста бәрі басқаша. Орыс тіліне бар салада айқын басымдық беріп қойдық. Қазақ тілі оның қолына су құюға да жарамайтын жарымжан жағдайда мүшкіл хал кешіп отырғаны жасырын емес.
Мысалы үшін Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 9-бабына сүйенсек, «мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда мүмкіндігінше басқа тілге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін». Ал, бізде бәрі керісінше, заң да, басқа құжаттар да орыс тілінде әзірленіп, содан кейін барып қажет деп тапқан жағдайда мүмкіндігінше қазақ тіліне
аударылады.
Бұл да заң бұзушылық емес пе? Заңды тұлға не жекелеген азамат заң бұзып жатса заң нормасына сай жауапқа тартылады ғой. Ал, біз мемлекеттік тіл туралы заң талаптары тапталып жатса да үнсізбіз. Сол себепті, мекемелер арасындағы хат алмасуды тек мемлекеттік тілде жүргізуді қолға алу, дұрыс жолға қою қажет.
Бұдан шығатын қорытынды «ресми тіл» деген тіл жоқ, «ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген ұғым бар. Демек, орыс тілі айрықша қажет болған жағдайда ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Кейбіреулердің түсінбестікпен қоғамдық қате пікір туғызып жүргеніндей, «ресми тіл» деп заңда көрсетілмеген. Қайталап айтамын, «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген, оның да орны бар.
Біз оны жоққа шығармайық. Рас, төңіректегі елдер түгел тіл төңкерісін жасап бітті. Біз «әләуләймен» әлі жүрміз. Жетіскеннен жүрмегеніміз белгілі. Қазақстанның ұлт құрамы жағынан да, геосаяси жағдайы жөнінен де көрші елдерге ұқсамайтын өз ерекшеліктері бар екенін ескермесек тағы болмайды. Сөйте тұра, мемлекеттік тілмен ресми түрде тең қолданылады деген тілді ресми тіл деп қабылдап, ол тілге бар салада айқын басымдық беріп қойып, қарап отыра беруге болмайтынын айтқым келеді. Ол үшін мемлекеттік тілге деген қажеттілікті арттыруымыз керек. Сонда ғана өзіміз түгілі, өзгелердің де құлшына үйренуге құлық танытары сөзсіз.
Біздің қоғамымызға ұлтының қамын жеген, туған тілін көзінің қарашығындай сақтап биіктен көрінуіне жанын беретін азаматтар қажет. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп дана халқымыз бекерге айтпаған. Ертеңгі күні жүрегі елім деп елжірейтін патриоттарды бүгін тәрбиелеуіміз керек. Ана сүтімен бойына сіңген қастерлі тілін жетік меңгеріп, туған тілінің абыройын
асқақтата түсетін ұрпақ қажет. Қасиетті қазақ тіліміз бабадан балаға мұра боп қалған баға жетпес байлығымыз емес пе. Ендеше оны одан әрі еселей түсу, байыта түсу дәл бүгінгі ұрпақтың азаматтық борышы деп білемін. Өйткені, бүгінгі ұрпақ бабаларымыздың ғасырлар бойы
арпалысып, аңсап өткен, армандап өткен азаттыққа қол жеткізген ұрпақ.
Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту…» десе, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деп атап көрсетті емес пе!
Ендеше, мемлекеттік тіліміз Егемендігіміздің діңгегі екенін еш ұмытпауымыз керек.

Досжан ӘМІРОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар