Абыройлы ғұмыр

Жібектей сусып өтетін мына жалғанда адам баласы біреуге жақсылық жасауды ойлап, мейірімділік пен адамгершіліктің ақ жолынан айнымауы тиіс. «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет» деп, өмір бойы осы бір ұстаныммен жүріп өткен Жәнипа Құсайынқызы Ноғаева прокуратура саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, адалдықтың ақ туын жоғары ұстап, өзінің биігін бағындырған ардақты жан.

Қазір қоғамда адамдар ең алдымен өзінің жеке басын ойлап, қай жердің ақша-пұлы көп болса, соған қарай бет бұрып жатады. Соның салдарынан қаншама адам опық жеп, теріс жолға қалай түсіп кеткенін білмей, өмірлерін өкінішке айналдыруда. Ал, біздің басты кейіпкеріміз ғұмыр бойы әділ де адал жолды таңдап, біреуге жақсылық жасауды мақсұт тұтып, барға қанағат етті, әрқашан шындық пен ақиқатты қолдады. Ол бар саналы ғұмырын тек қана бір салаға – заң саласына арнады. Тәңір берген ғұмырының отыз жылдан астам уақытын құқық қорғау органында еңбектенумен өткізді.
Жәнипа Құсайынқызы 1937 жылы Ресейдің Түмен облысында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Құсайын мен анасы Бибәтима солақай саясаттың салқынын көріп, қуғын-сүргін кезінде тағдыр тауқыметімен туған елі –
Қазақстаннан Ресейге бас сауғалап кетіпті. Әкесі мен оның ағасы Тайжан содан бері Түменде тұрақтап қалыпты. Жәнипаның ата-анасы сол жақта бес баланы дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие берді. Біздің кейіпкеріміз Сәкен есімді бір ұл мен Шөрә, Әнипа, Ағыбай атты үш қыздың ортасына жайраңдап өскен қызғалдақ еді.
– Ата-анам кезінде 1930-1931 жылдары тарихтың соқпағымен қуғын-сүргін басталғанда, Ресейге көшіп кетіпті. Ағайындарым мен әкем орта таптың өкілдері, түбі қостанайлықтармыз деп айтып отыратын. Жазмыштың қалауымен қалған өмірлерін сол орыс жерінде өткізді. Бала-шағасы, немерелері сонда дүниеге келіп, өсіп-өнді. Кішкентайымнан аталарым мен туған-туысқандарымның аузынан Қазақстаннан көшіп келдік дегенді естіп, біздің тарихи Отанымыз – қазақ жері екендігін бала кезден құлағыма құйып өскеннен кейін бе, әлде ата жұрттың киелі топырағы тартты ма, мен мектеп бітірген соң, сол кездегі Қазақстанның астанасы – Алматы қаласына білім алуға барамын деп шештім, –дейді Жәнипа Ноғаева.
Сөйтіп, ол 1964 жылы Алматыдағы Киров атындағы университеттің заң факультетіне оқуға түседі. Оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң, 1968 жылы жолдамамен Көкшетау қаласына ат басын тірейді. Бұл жайында:
–Оқу бітіріп, мамандық иесі атанатын кез де жақындай берді. Ресейге қайтып барғым келмеді. Содан қай жаққа сұрансам екен деп, ойланып жүргенімде, курстастарымнан Көкшетау деген табиғаты әсем де сұлу, ауасы жұпар, жер жәннаты аталатын мекен бар екендігін естіп, өмірімде аяқ басып көрмеген осы Арқа төсіне сұрандым. Дипломымды қолыма алғаннан кейін жолдамамды алып, қайдасың Көкшетау деп осы киелі мекенге тарттым, – деп сол бір қайта оралмас жастық шақтағы албырт кезеңін сағынышпен еске алды Жәнипа апай әңгіме барысында.
Көкшетауға ат басын тіреген соң, жас маман облыстық прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеу бөліміне тергеушінің міндетін атқарушы болып жұмысқа орналасып, өзінің алғашқы еңбек жолын бастады. Оның алдында үлкен сынақтар мен сындар күтіп тұрды. Ешбір қиындыққа мойымай, өзінің білім-білігінің арқасында олардың барлығын жаны нәзік болса да, берген антына адал Жәнипа Құсайынқызы қайсарлықпен жеңе білді. Кейін облыс прокурорының қылмыстық істер жөніндегі көмекшісі, тергеу бөлімінің прокуроры, облыс прокурорының азаматтық істер жөніндегі аға көмекшісі секілді жауапты міндеттерді абыроймен атқарды. Еңбек жолының соңғы он алты жылында облыс прокурорының кадр жөніндегі аға көмекшісі қызметін атқарып, келешегінен үміт күткен жастарды тәрбиелеп, прокуратура саласына баулып, бағыт-бағдар берді. Зейнетке әділет полковнигі шенінде шықты.
Әрине, прокуратура, құқық қорғау, заң саласының қай-қайсы болсын, оңайлықпен атқарылатын жұмыстар емес. Бұл саланы таңдаған адам ең алдымен білімді, сабырлы, заңды жете білетін, өзіне талап қоя алатын, жауапкершілікті жақсы сезінетін, шапшаң әрі жылдам шешім қабылдайтын маман болуы керек. Алдыңа қаншама іс келеді, тергейсің, анықтайсың, осының барлығы қаншама уақытты қажет етеді. Оның үстіне аса маңызды істермен айналысқанда, оның құпиялы тұстары да болады. Осының барлығын жіпті ширатқандай ретке келтіріп, қыртысын басып, анықтау – құқық қорғау саласының, прокуратура қызметкерлерінің басты мақсаты. Таң атқаннан кеш батқанша дейін тынымсыз бір бітпейтін тірлік. «Антыңа адал болып, қызметіңді абыроймен мінсіз атқарғанға не жетсін, шіркін! Міне, менің мақсатым осы еді» дейді Жәнипа апай.
Ол прокуратураға жұмысқа орналасқан кезде бұл салада қызмет ететін қыз-келіншектер санаулы болыпты, олардың саны ерлерге қарағанда он пайыздан аспауы тиіс екен, оның үстіне қазақтар өте аз екен. Сол жылдары қазақ қыздарынан Жәнипа Құсайынқызы мен Бәтима Мангушова деген тергеуші екеуі ғана прокуратурада тергеуші болып жұмыс істепті. Кейін өзі прокурордың кадр жөніндегі көмекшісі болған уақытта болашағы бар, келешегінен бір нәрсе күтуге болады деген жастарды іріктеп алып, Қарағанды, Алматы, Свердловск қалаларындағы заң институттарына жолдамамен оқуға жіберіп отырған екен. Осы кадрларды даярлау кезінде оның мектебінен өткен қаншама қыз-жігіттер бүгінде прокуратура, сот, ішкі істер салаларында жауапты да лауазымды қызметтерді атқарып отыр. Олардың ішінде облыс прокурорының бірінші орынбасары болған Иоган Меркель, бұрын облыс прокуроры болған Қайрат Жүсіпов, қазіргі күні облыстық соттың судьясы болып отырған Алтын Әмірина, әділет басқармасында адвокат болған Клара Мырзахметова, Астанада адвокат, кейін судья болып қызмет еткен Әмина Жүсіпова секілді азаматтар бар. Бұлардың барлығы облыстық прокуратурада Жәнипа апайдан тәлім алған мамандар. Білгенін үйретіп, тәлімгер әрі қамқор болған Жәнипа Құсайынқызына олардың айтар алғысы шексіз деп білеміз.
Өзі қызмет атқарған уақытта Жәнипа Құсайынқызы білім-білігін арттыру мақсатында екі мәрте Мәскеуге барып, арнайы курстарға қатысып, шыңдалып келіпті. Зейнетке 1994 жылы әділет полковнигі, облыс прокурорының кадр жөніндегі аға көмекшісі лауазымында шықты. Өзінің атқарған мінсіз қызметі үшін 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты, араға бір жыл салып, 1989 жылы «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегінің жеңісті сәті еді Сондай-ақ, зейнеткердің облыс прокурорынан бастап, түрлі сала басшыларынан алған Алғыс хаттары мен грамоталары өз алдына бір төбе.
–Жұмысқа орналасып, тұрақтаған соң ағам Сәкеннің үш ұлы мен қыздары аяқтарынан нық тұрулары үшін қолымнан келгенше көмектестім. Оқыттым, жоғары білім алуларына жағдай жасадым. Үлкен ұлы Абзал прокуратурада лауазымды қызметте, кейінгі екі ұлы бизнесмен. Жұмысқа орналасуларына бағыт-бағдар беріп, ықпал еттім. Қазір ағамның Әйгерім есімді қызының балаларына қол ұшымды беріп, көмегімді аянбай көрсетіп жатырмын. Зейнетке шыққаннан кейін осы сіңілім мен күйеу балам Табылды екеуінің Меруерт есімді қыздарын алты жасынан өз тәрбиеме алып, осындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыттым. Қазір ол да бой жетіп, Астанадағы Назарбаев университетінде оқиды. Міне, мен осылайша қызметімнен бөлек бауырларымның өсіп-өнуіне, білім алып, азамат болып қалыптасуына барымды салдым, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Осылай бауырларын өсіріп, жеткіземін деп жүргенде уақыт деген зымыранның қалай зыр етіп өте шыққанын өзі байқамай да қалыпты. Бірақ, ол өткен өміріне еш өкінбейді. Өкінетін, несі бар?! Жұмысын абыроймен атқарды, өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетті, тәлім-тәрбие берді. Туған-туыстары, бауырлары оны барынша жақсы көреді, сыйлайды, жалғызсыратпауға тырысады. Оның ендігі алдағы бар үміті, жанына медеу болар Меруерті.
– Ағамның балалары мен немерелері менің ізбасарларым, қазір олардың кейбірі Ресейде, енді бірі Қазақстанда заң, құқық саласында лауазымды қызметтерді абыроймен жемісті атқарып келеді. Мен солармен мақтанамын, – дейді Жәнипа Құсайынқызы әңгіме арасында.
Біз өмірі өнеге, жаны жомарт осы бір қадірлі жанға алда да өмірдің бар жақсылығын тіледік.
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар