Достастық ардагерлері достық көңілмен жүздесті

Қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге құлағы түрік жүретін қауымға белгілі болар, қазіргі уақытта бұрынғы Кеңес кеңістігінің аумағында «Тәуелсіз мемлекеттердің ардагерлер (зейнеткерлер) қоғамдық ұйымдарының достастығы» Халықаралық одағы жұмыс істейді. Достастық КСРО ыдырағаннан кейін 1991 жылдың желтоқсанында құрылған болатын, штаб-пәтері Мәскеу қаласында. Бүгінде одақ ТМД-ның, сондай-ақ, Латвия мен Эстония ардагерлерінің 12 қоғамдық ұйымын біріктіреді. Олардың қатарына шамамен 60 миллиондай адам кіреді, соның ішінде 1 миллионнан астамы Ұлы Отан соғысына қатысқандар, жарты миллиондайы соғыс мүгедектері, 6 миллионнан астамы соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері, 1,3 миллионға тарта ұрыс қимылдарының ардагерлері және 26 миллионнан астамы еңбек ардагерлері.

Одақ жұмысының, жалпы, ардагерлер қозғалысының сияқты негізгі бағыттарына мыналар жатады: барлық нысандағы ардагерлердің, зейнеткерлер мен қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау; олардың өмір деңгейін көтеру үшін күресу; зейнетақымен қамтамасыз етуді және медициналық қызмет көрсетуді жақсарту; халықты әсіресе, жастарды патриоттық, интернационалдық және моральдық-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу; тарихи құндылықтарды қорғау; Отан қорғаушыларды мәңгілік есте қалдыру.
Халықаралық одақтың басшы органы Үйлестіру кеңесі болып табылады, оның төрағасы – Ұлы Отан соғысына қатысушы, наурыз айында 95 жасқа толған отставкадағы флот адмиралы Алексей Иванович Сорокин.
Таяуда Ресей астанасында, «Соғыс және қарулы күштер ардагерлерінің Мәскеудегі үйінде» Үйлестіру кеңесінің бірқатар шаралары – оның кезекті пленумы, одан кейін Достастықтың кезектен тыс VII съезі, келесі күні «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тарихын бұрмалаушылармен күрестің қазіргі кезеңдегі шиеленісуі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Пленумның күн тәртібінде екі мәселе қаралды: «Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындыққа байланысты ардагерлер ұйымдарының жұмысы туралы» және «Тәжікстан Республикасы ардагерлері қоғамдық ұйымының ардагерлер мен зейнеткерлердің әлеуметтік-экономикалық және материалдық-тұрмыстық ахуалын жақсарту туралы Тәуелсіз мемлекеттер ардагерлері Халықаралық одағы VI съезінің шешімдерін орындау жөніндегі жұмыс тәжірибесі туралы».
Бірінші мәселе бойынша Үйлестіру кеңесінің төрағасы А.И.Сорокин баяндама жасады. Ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Кеңес елі халықтарының тарихындағы аса трагедиялық оқиғалардың бірі және ең ұлы беттері деп атап көрсетті.
Тәуелсіз мемлекеттердің ардагерлер ұйымдары Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін дайындау және өткізу бойынша жүргізілген мақсатты, жемісті жұмыстың мол тәжірибесін жинақтаған болатын. Енді бүгінде сол оң тәжірибені, сондай-ақ, қазіргі кезеңге тән ерекшеліктерді ескере отырып, барынша пайдалану міндеті тұр. ТМД елдері Мемлекет басшыларының Кеңесі 2020 жылды Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы деп жариялағаны белгілі, сондықтан, ардагерлер ұйымдары осынау атаулы оқиғаны, сонымен қатар, Сталинград және Курск шайқастары, Ленинград блокадасының жойылуы, Украина мен Молдавияны неміс-фашист басқыншыларынан азат ету сияқты айтулы даталарды мерекелеуге бүгіннен бастап дайындалуға кірісуі керек. Өткізілетін барлық іс-шаралардың негізінде өткендегі һәм болашақтағы біздердің бүкіл жеңістеріміздің маңызды қайнар көзі болып табылатын тәуелсіз мемлекеттер халықтарының бірлігі мен достығын нығайту, өзіміздің Халықаралық одағымыздың дәстүрлерін сақтау және арттыру, ардагерлер қозғалысының барлық буындарын ұйымдық тұрғыдан нығайту міндеті тұр, деп атап көрсетті баяндамашы. Халықты, әсіресе жастарды, патриоттық және интернационалдық тәрбиелеу жөніндегі жұмыста соғысқа тікелей қатысқан ардагерлердің бай өмірлік тәжірибесін, рухани әлеуетін кеңінен пайдалану, келешек ұрпақтарға Ұлы Отан соғысы туралы, басқыншылармен күрестегі кеңес жауынгерлерінің адам айтқысыз ерліктері туралы қасиетті ақиқатты жеткізу үшін сол ардагерлердің шынайы естеліктері мен дауыстарын толық пайдалану қажет.
Осындай ойлар мен ұсыныстар Эстония, Молдова, Қазақстан, Беларусь, Литва, Қырғызстан, ТМД Атқару комитеті өкілдерінің сөздерінде де айтылды. Солай бола тұра, көңілге қаяу түсірген деректер де келтіріліп қалды. Мысалы, Литва республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының айтуынша, олардың заңына сәйкес, ол елде орақ пен балға, қызыл ту, қызыл жұлдыз бейнеленген төсбелгілерге, басқа да нышандарға тыйым салынған, мұндай нышандар шекарадан өтерде тәркіленеді екен. Пленум қабылдаған қаулыдағы осыған жауап секілді бір тармақта былай делінген: «Ардагерлер ұйымдары бірқатар елдерде орын алып отырған нацизмге қарсы күрескерлерге, азат етуші кеңес жауынгерлеріне қойылған ескерткіштерді қорлау, қирату, сондай-ақ кеңестік әскери нышандарға тыйым салу істерін айыптау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс».
Пленум Тәжікстан республикалық ардагерлер ұйымының қарастырылған мәселесі бойынша да тиісті қаулы қабылдады.
VII съезд жұмысына жоғарыда аталған барлық қоғамдық ұйымдардан делегаттар қатысты. Солардың ішінде Қазақстаннан ардагерлер кеңестерінің төрағалары – Алматы қаласынан академик Е.Шайхутдинов, Солтүстік Қазақстан облысынан Е.Елеусізов, Ақмола облысынан Ғ.Төлеғұл және «ҚР запастағы әскери қызметшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор А.Есенғұлов болды. Съезде негізгі мәселе бойынша – «Тәуелсіз мемлекеттердің ардагерлер (зейнеткерлер) қоғамдық ұйымдарының достастығы» Халықаралық одағының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы» Үйлестіру кеңесі төрағасының бірінші орынбасары М.В.Косяк баяндама жасады. Күн тәртібі жан-жақты талқыланғаннан кейін одақтың жаңа редакциядағы Жарғысы бекітілді.
Бұдан кейін съезд Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғыстарында фашизмнен жапа шеккен Еуропа мен Азия елдерінің барлық ардагерлер және антифашистік қоғамдық ұйымдарына Үндеу қабылдады. Онда съезге қатысушылар фашизммен күрескен жауынгерлердің ерлігін қастерлейтін адамдардың бәрін Ұлы Отан соғысына қатысты зердені қорлап-масқаралау жүріп жатқан Польшадағы және басқа да елдердегі вандализмді тоқтатуға шақырды. Құжат «Біз фашизмге кешірім болуы мүмкін емес, неофашизм бейбітшілікке және бүкіл адамзатқа қатер төндіруде деп есептейміз!» деген сөздермен аяқталады.
Әсіресе көкейтесті, мәнді де мағыналы сөздер ғылыми-практикалық конференцияда көп айтылды. Конференцияда негізгі баяндаманы академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, соғыс ардагері Л.И.Ольштынский жасады. Баяндамадағы өзекті ойдың меңзегені: Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – Қазан революциясының логикалық жалғасы, Кеңес мемлекетін мекендеген халықтардың мызғымас достығының нәтижесі. Сол ойын тереңдете отырып, ол мынадай дерек келтірді: 1952 жылы Деникиннің мүрдесін АҚШ-тағы Нью-Джерси зиратына қайра жерлеу кезінде оның жесірі, барлық эмигранттардың пікірі ретінде, Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен тек орыс солдаты депті. Ал, тарихқа жүгінсек, сол орыс солдатының 1905 жылғы Жапониямен болған соғыста, 1914-1916 жылдардағы бірінші дүниежүзілік соғыста масқара жеңіліске ұшырағаны белгілі ғой. Демек, фашизммен болған осынау қанды қырғында ғажап жеңіске жеткен тек көпұлтты совет халқы мен совет солдаты, социалистік құрылыс пен біздің идеология, деп атап көрсетті баяндамашы.
Жиналғандар соғысқа белсенді қатысушы С.А.Тюшкевичтің сөзін аса зор зейінмен тыңдағанын айту ләзім. Бұл кісінің атақ-дәрежелерін тізудің өзі көп орын алар еді, өйткені, ол шын мәнінде аңыз адам. Степан Андреевич – Қазан революциясының құрдасы, философия докторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ресейдің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, генерал-майор, т.с.с. Бір ғасыр жасағанына қарамастан, оның ғажап өмірлік қуаты сол күйі сақталғандай, сөз саптасы мен логикасы, тіпті сөйлеу мәнері мен ырғағы да адамды таң қалдыратындай екен. Содан болса керек, ол «Фашизммен күрестегі Ұлы Жеңіс – русофобиямен күрестің тірегі және факторы» атты баяндамасының тақырыбын терең де жан-жақты ашып берді.
Ірі саяси қызметкер, генерал-полковник Б.П.Уткиннің баяндамасы «Тарих ақиқаты – ардагерлердің қаруы» деп аталды. Бұл ғалымның да өмірбаяны өте бай, көргені, айтары мол. Ол Қызыл алаңда өткен 7 әскери парадқа, соның ішінде 1941 жылғы 7 қарашада болған атақты парадқа қатысыпты, И.Сталин дүние салғанда Колонна залындағы көсеммен қоштасу рәсімінің куәгері болған екен. Баяндамашы осыдан бір күн бұрын ғана Мемлекеттік Дума патриоттық тәрбие туралы және идеологиялық жұмыс туралы заңдардың қабылдағанын қанағаттанғандық сезіммен хабарлады. Бұл өскелең ұрпақты отансүйгіштік тұрғыда тәрбиелеу ісіне, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын лайықты мерекелеуге оң ықпал етеді, – деді ол.
«Ресей Федерациясы әскербасылары клубының» президенті, армия генералы А.С.Куликовтың пікірінше, тарихи шындықты, оның ішінде екінші дүниежүзілік соғыс жөнінде айтпай қалу, оны бұрмалау жақсылыққа апармайды және де бұл шындық мейлінше объективті, ашық әрі шабуылдық сипатта болуы керек. Сөзіне уәж ретінде ол маршал Жуков туралы кинофильмді еске салды; бұл лентада әйелдер де, ішімдік ішу де, астыртын сұрқия «ойындар» да – бәрі бар, тек аса көрнекті қолбасшының Жеңіске сіңірген еңбегін, ғаламат үлесін айғақтайтын нақты, сенімді, тартымды кадрлар жоқ.
«Жаһандану проблемалары орталығының» басшысы, саясат ғылымдарының докторы, профессор А.А.Чачияның «Ұлы Отан соғысының бұрмаланған тарихы – Ресей мемлекетіне қарсы күрестегі маңызды қару» атты баяндамасы өте әсерлі, көтерілген мәселелерді бүге-шігесіне дейін талдауға толы, ғылыми негізді болды. Оның тұжырымынша, жаулар Кеңес Одағын ыдыратып тынды, ендігі жерде оларға Ресейді құлдырату қажет. Өзінің алдында сөйлеген шешеннің тарихты бағамдағанда барынша объективтілікті сақтау керектігі туралы сөзін жалғастыра отырып, ол мынадай дерек келтірді: мәселен, Израильде Холокост құрбандарының санын, жалпы, осы трагедияны бұрмалаушыларды тіпті қылмыстық жазаға тартуды көздейтін заң бар екен.
Бұлардан басқа конференцияда Қарулы Күштердің запастағы офицерлері қауымдастығының төрағасы В.Н.Богатырев, А.К.Мироник (Молдова), «Жеңіс мұрагерлері» Халықаралық одағының президенті В.В.Калякин, Д.М.Халилов (Әзірбайжан), А.Ғ.Есенғұлов (Қазақстан), М.А.Степанян (Армения), И.А.Гордейчик (Беларусь) сөз сөйледі. Шешендердің пікірінше, ТМД-ның бүкіл кеңістігінде Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын бұрмалаушылармен ымырасыз, табанды күрес жүргізілуде және жүргізіле бермек, осынау күресте сол өткен соғыстағыдай, тәуелсіз мемлекеттер бір майдан шебінде көрінуі тиіс.
Конференция соңында ардагерлердің және басқа да қоғамдық ұйымдардың жетекшілеріне, тәуелсіз мемлекеттердің барлық ардагерлеріне Үндеу қабылданды. Үндеуде соңғы кездері біздің тарихымыздың, әсіресе, Ұлы Отан соғысына байланысты кезеңнің, неше түрлі бұрмалаушылары мен жалақорлары бастарын көтере түсуде, КСРО құлағаннан кейін бұл науқан тіпті қанат жаюда. Біздің қарсыластарымыздың күш-жігері, бүкіл идеологиялық жұмысы гитлерлік Германияны талқандаудағы Кеңес Одағының рөлін төмендетуге, оған Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына фашистік Германиямен бірдей жауапкершілік артуға және т.с.с. бағытталып отыр.
Тарихты қайтадан жазу және соғыстың қорытындыларына ревизия жасау турасындағы науқан әсіресе, Балтық жағалауы республикаларында – Латвияда, Литвада және Эстонияда кең өріс алуда, себебі, ол елдерде антисоветизм мен ұшқары ұлтшылдық қазір мемлекеттік деңгейге көтерілген. Ал, Грузияның Жоғарғы Кеңесі 9 мамыр – Жеңіс күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарып тастады. Жалақорлар мен бұрмалаушылар Молдовада да ойына не келсе соны істейтін еркіндікке ие болды. Украинада билік басына әсіре ұлтшылдардың келуіне орай, қалыптасып отырған саяси ахуал зор алаңдаушылық тудыруда. Бірқатар елдерде соғыс қаһармандарына, Кеңес кезеңінің көрнекті қайраткерлеріне орнатылған ескерткіштерді құлатып жою оқиғалары, КСРО және кеңес халқы ұғымдарына байланысты дүниенің бәрін адамдардың сана-сезімінен аластау жағдайлары жиілеп кетті (Польша, Венгрия, Украина, Эстония, Литва, Грузия).
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар осындай теріс пиғылдарға терең қамкөңілдік, алаңдаушылық білдіре отырып, ардагерлер ұйымдары жалақорлар мен бұрмалаушыларды әшкерелеу хақында белсенді де батыл күрес жүргізеді, жұмыстың жаңа, пәрменді түрлерін іздестіріп, тәжірибеге енгізеді деп нық сенім білдірді. Бәрімізге ортақ Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық аясында бұл жұмыс айрықша маңызға ие болмақ.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы, съезд делегаты.
Суретте: флот адмиралы А.Сорокин мен Ғ.Төлеғұл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар