Жүректің ыстық қаны үзілмейді…

(академик жазушы Сәбит Мұқанов пен халық ақыны Кенен Әзірбаев арасындағы
адами қарым-қатынас жайлы естелік әңгіме)

Сәбит Мұқанов қайтыс болыпты деген суық хабар келгенде біздің үйдің шаңырағы аласарып, айнала күңгірт тартқандай сезіліп еді. Әлгінде ғана кіргізген самауырдың ысылы болмаса, қалған жұртта үн жоқ. Шешем әлсін-әлсін кимешегінің ұшымен көзін сүртіп үнсіз жылайды. Табиғатынан сабырлы дейтін әкемнің өзі дегбірсізденіп, қолындағы тәспихын уыстаған күйі ұзақ отырды. Сол сәтте тоқсанды алқымдаған әкемнің палуан денесі шөгіп, кішірейіп кеткендей болып еді. Әлден соң басын көтеріп: «Өзегі темір жан болмас жалғанда. Сұм ажалдың құрығы саған да түскен екен-ау! Қайран, Сәбит!» дегені әлі құлағымда. Арада қанша жылдар өтсе де осы бір көрініс менің жадымда сурет болып мәңгі сақталып қалыпты.
Әке өкімі қысқа болды: – Насиха, балаларды ертіп Алматыға барып қайтыңдар. Мәриям келінге көрініп, көрісіп қайт. «Тұяғы кетілген тұлпардай, топшысы сынған сұңқардай» болып кәріліктің шеңгелінде отырған менің күйімді жеткізе барыңдар» деп қарт ақын терең күрсінді.
Біз сол күні асығыс жиналып, жолға шықтық.
Әкемнің «дос адамның белгісі қарлығаштай, қас адамның белгісі қара тас-
тай! Сәбиттің маған жасаған жақсылығын, қамқорлығын, сіңірген еңбегін атан түйеге артсаң да, көтере алмас, – дегенін талай рет естігенмін. Біздің шаңырақтағы баланың үлкені Төрткеннен бастап, Көркемжан, Ақтамақ, Ақбілек, менің өзім де Сәбит аға мен Мәриям апайдың қамқор көңілін қаршадайымыздан сезініп, бала жүрегімізге сіңіріп өстік. Жарықтық Сәбең Төрткенді «әнші қыз», мені «кішкене Кенен» деп еркелетуші еді.
Әкенің сол бір жүрек жарды сөзіне бала кезімізде мән беріп те жатпадық. Ержетіп, ақыл тоқтатқан шақта үлкен жүректі жандардың сыйластығы да, қимас достығы да ерекше, мәнді, терең, мәңгілік болатындығына талай рет көзім жетті.
Сәбит аға Мұқановты алғаш көруім еміс-еміс есімде. 1956-57 жылдары болуға тиіс. Ол кезде біз Отар стансасында тұратын едік. Бір-біріне жалғастыра соғылған қоржын там. Төбесі жайдақ болғандықтан ба, оны жұрт «тоқал там» деп те атайды. Түпкі бөлмеде әкем жатады. Бірнеше жылдан бері науқас. Бөгде адам түгіл біз өзіміз әкеміз жатқан түпкі үйге сирек кіретін едік. Алыстан арнайы келген адамдар болмаса, көңіл сұраған ағайын- жұрт шешеммен ғана тілдесіп, біліп қайтатын. Осы бір сүреңсіз, сүлейсапа солғын тірлігімізді ақын «Ауырып жазылғанда» деген өлеңінде былай көрсеткен.

Шілдедегі бұлбұлдай тілім келмей,
Дүниеден безгендей, көңіл желмей.
Жекжат-жұрат, ағайын, балаларға,
Мекіреніп, қарамай, мейірленбей.

Суық күздей сұрланды үйдің іші,
Балалардан тиылды ойын-күлкі.
Ауруменен қосыла әлек кіріп,
Өтіп жатты тіршілік ұйқы-тұйқы!..
…Сүліктей қара түсті жеңіл мәшине біздің үйге қарай бұрылды. Бір топ бала ойынымызды тастай салып, тобықтан келер май топырақты бұрқыратып тұра жүгірдік. Аулада бірнеше адам қонақтарды қарсы алып жатыр. Аман-саулық сұрасып, дабыр-дұбыр болып жатқан үлкендердің сөзінде шаруамыз жоқ. Көзіміз әлгі мәшинеде. «ЗИМ» деген жазуы бар екен. Жабыла оқимыз. Айнала жүріп, ішіне үңілеміз. Біз түгіл үлкендердің өздері таңдай қағып, бас шайқайды. «Келістіріп-ақ жасаған екен. Мініп алып заулатар ма еді!» деп құмарландыра түседі.
Шешем ымдап шақырып алды. Үстіме таза көйлек кигізіп жатып:
– Алматыдан сыйлы қонақтар келді. Барып сәлем бер. Бейбастық жасап жүрмеңдер, – дейді.
– Апа, мынау кімнің мәшинесі?
– Сәбит ағаңдікі.
– Онда мені ішіне отырғызшы, – деймін.
– Қой, балам, былғап тастайсыңдар, ұят болады, – деп шешем зекіп тастады.
Шай құйып отырған шешеме қайта-қайта келгіштеп, мазалап жүргенімді Сәбит аға байқап қалса керек. Менің жүзіме байыптап қарап алды.
– Жеңгей, балаңыз бірнәрсе айтқысы келе ме? Жүзінде реніш бар ғой өзінің, – деп сұрады.
– Ерке өскен баланың әдеті осы емес пе? Сіздің мәшинеңізге отырғыз, – деп қыңқылдап жүр.
– Пәлі, отырса несі бар? Баланың жаны нәзік, сезімтал болады. Көңілін қалдырсаң жасып қалады, жеңгей! Отырсын, – деді.
Сәбит аға шопырына қарап орысша бірдеме айтып жатыр. Анау басын изеп, маған «кеттік» дегендей ишарат білдірді.
Орыс шопыр қолындағы дымқыл шүберекті көрсетіп, бірдеңе деген болады. Аяқтарыңды мынаған «сүртіп кіріңдер» дегені екен. Оны түсініп жатқан біз жоқ. Таласа-тармасып мініп алдық. Көшеден шыққан соң түзу жол басталады. Сол жолға шыққан мәшине Қордай тауын бетке алып, зулап келеді. Қуанышымызда шек жоқ. Айдаушының өзі де балажан адам екен. Ұлардай шулаған бізбен қосыла күледі. Сол сәтте дүниенің бәрі бізге қол бұлғап, бізді ғана қызықтап тұрғандай еді. Сонау балалық шақтан есімде қалғаны Сәбит аға мінген осы қара түсті «ЗИМ» ғана!
Сәбит ағаның бұл сапары тек әкемнің ғана емес, бүкіл отбасының, тіпті менің өміріме де үлкен серпіліс, өзгеріс әкелерін балаң жүрегім қайдан түйсінсін?! Кейін білдім, Сәбит Мұқанов үкімет басшыларына қайта-қайта кіріп, ақынның өлең-жырларын, әндерін басып шығаруға, қалаған жерінен үй салдыруға қаражат бөлдіртіпті.
Әкем «қалаға барсам тынысым тарылады, үйренген жерім осы» деп Қордай тауының сағасын таңдаған екен. 1957 жылдың күзінде Қордай ауданы Киров колхозында (қазір Кенен ауылы) салынған жаңа үйге көшіп бардық. Ауасы тар, едені сыз қоржын тамнан кейін едені ағаш, өзі еңселі үйдің хан сара-
йындай көрінері хақ.
Жаңа қоныс, жұпар ауасы әсер етті ме әкемнің еңсесі көтеріліп, денсаулығы да оңала бастады. Айлап жатқанда қасына баруға батылымыз жетпейтін, енді айналсоқтап әкенің қасынан шықпайтын болдық. Ондай сәтте әкем: «Қарақтарым-ай, жаутаң көз болып, жасып қалдыңдар-ау!» деп басымыздан иіскер еді. Әке мейірімі ерекше. Оны бала жүрегім қалтқысыз сезінер еді. Дастарқанның берекесі кіріп, шаңырағымыздан домбыра үні естіле бастады. Онысын ақын:

Сағынтқан домбырама ішек тақтым,
Өзімде ішім толып өліп қаппын.
Шыққанда құлақ күйдің қоңыр үні,
Қалжа жеген әйелдей терім ақтың, –
деп жырына қосып еді.
Қуаныш қуанышқа ұласты. Жасы жетпістен асқан шағында әкем тұңғыш рет келін түсіру тойын жасады. Онда да шашуын алып Алматыдан Сәбит аға мен Мәриям апай келді. Әкемнің сол тойда шығарған «Келінжан» әні елге кең тарап, күні бүгінге шейін айтылып жүрер көпшіліктің ырзығына айналды.
Көңілі көкке жеткен қарт ақын аяулы Сәбитін құшақтап тұрып:
– Кәрілік пен көлденең келген науқастың құрсауынан құтқарып, араша түскен тілеулес інімсің. Арқаның кең даласындай дарқан көңіліңе тәнтімін, ризамын!, – деп ағынан жарылды.
Ал, 1959 жылдың маусым айында біздің өңірде бұрын болмаған ғаламат той өтті. Қордай тауының бөктерінде палуандар белдесіп, табаны қызған жүйріктер аламан бәйгіде сынға түсті. Ақындар домбырасын безеп жыр төкті. Ол кезде қандай ақынның болмасын мерей тойын ұлттық нақышта өткізу қиын болатын. Бұл тойдың ерекшелігі де осында.
Үш күнге созылған мерей тойдың басы-қасында Сәбеңнің өзі болды, өзі басқарды. Қарагер жорғамен сызылтып ортаға шыға келген Сәбиттің атқа отырысын, дене бітімін көрген жұрт: «Жазушы дегенің болмаса, сәйгүліктің құлағында ойнайтын сайыпкердің нағыз өзі ғой!» деп таңқалып, таңдай қақты. Дардай атағына қарамастан өзінің ақжарқын мінезімен кісілік пен кішіліктің өнегесіндей болған Сәбеңе ауыл ақсақалдары жабыла батасын беріп еді.
Той соңында әкеммен қоштасып тұрып: «Кенеке, өзіңізге айтарым. Жасыңыз келгенде көріп, көзайым болған балалардың көз алдыңда жүргенін қалайсыз. Оны түсінем. Алайда, заман талабы бар. Мүмкіндігінше балаларды қалада оқыту керек. Дұрыс білім алсын, орысша үйренсін. Өзім көмектесейін» деген Сәбеңнің осы сөзі қамшы болған шығар, сол жылдың күзінде мені Алматыдағы №12 қазақ орта мектебіне өткізді. Сол жылы он төрт жасқа толған едім.

Сәбитпен достығымды кім білмейді,
Кейбіреу ашық жүрмей күбірлейді.
Алты жыл ауырғанда ат салысқан,
Жүректің ыстық қаны үзілмейді, –
деп ақынның өзі айтқандай өмір, өнер жолында бірі аға, бірі іні боп табысқан әкелердің риясыз достығы бір сәтке бәсеңдеген емес. Бірер ай жолығыспай қалса, сағынып көрісетін.
Жыл сайын соғым кезінде шешем семіз бір қазыны «Сәбит пен Мәриямның сыбағасы» деп қаптағы ұнға тығып жатар еді. Жаз айының бірінде Сәбит аға отбасымен немесе жолдастарымен келіп қонақ болып қайтады. Ол күні әкемнің жүзі нұрланып, шабыттана жыр төгер еді. Ән де ерекше, әңгіме де ерекше. Небір күлдіргі әңгіме, әзіл-қалжыңдар айтылар еді. Сондай бір сәтте айтылған әкемнің:

Насиха екеуміз де қашықтадық,
Көжедей күбідегі ашып қалдық.
Кеудені қанша өрге сүйрегенмен,
Кездіктей жанымаған жасып қалдық.
Сәбит, Мәриям сағынтпай келіп тұрғын,
Шалыңа ақыл-кеңес беріп тұрғың, –
дейтін өлең жолдары ыстық ықыластан, жарасымды көңілден туған.
Бір жолы әкемнен:
– Бүкіл ақын-жазушылардың ішінде Сәбит Мұқановты ерекше көресіз, ықылас танытасыз. Соның сыры неде?! Осыны айтыңызшы дедім.
– Балам, адамның ғұмырында сыйластар көп, сырластар аз болады деп бастады әңгімесін. Адамға сый-сыяпат көрсету басқа, ал көңілдегіні бүкпей айтып, сыр ашуың басқа. Сәбит екеуміз сыйлас қана емес, сырлас доспыз. Сәбит те мен сияқты жасынан жетім қалып, жоқшылықтың ащы дәмін ерте татқан адам. Өміріміз ұқсас. Бұл жағынан – тағдырласпыз. Жазуды көбірек кәсіптегені болмаса, Сәбит те ақын. Бұл тұрғыдан – әріптеспіз.
Дүниенің астан-кестеңін шығарған кеңес үкіметінің алғашқы жылдары менің бағыма Ораз Жандосов сияқты оқығаны бар, көзі ашық азаматты жолықтырды. Кейіннен тағдырым осы Сәбитпен табыстырды. Ауыздығын шайнаған асаудай, арынды кезім. Тосын келген алапат заманның ыңғайын таба алмай, іш-құса болып жүргенімде, жалынан сипап жуасытқан асаудай етіп қасына ертіп жүріп көп нәрсеге көзімді жеткізіп еді.
Күндіз-түні ел аралап халқыма теңдік, ұрпағыма бақыт әпермек үкіметтің жаршысы болдық, шашбауын көтердік. Сол жылдары айтылған кемері жоқ, ұшан теңіз өлең-жырымның есебін кім өлшепті? Сөйткен азаматтардың бәрі қара тізімге ілікті, атылды, айдалып кете барды. Көкейде «бұл қалай?» деген запыран сұрақ қалып қойды. Үнсіз қалғам жоқ: Бұл сауалды төтесінен қойғандардың бірі мен екенмін. Оған «Оразжан» әнім куә. Осы үшін Алматыда бірнеше ай абақтыда жатқанымды біреу білсе, біреу білмейді. Бұдан аман-есен құтылуыма ең алдымен тақыр кедей екендігім, Жамбылдың үзеңгілес шәкірті екендігім себеп болған да шығар. Алайда, осының бәрін орайын тауып тиісті орындарға жеткізген, елге оралуыма себепші болған Мұқамеджан Қаратаев пен осы Сәбит ағаларың еді.
Тұрлаусыз тірлік, заман қысастығы бір жағынан, тұрмыс тауқыметі, балалардың өлімі (бізге дейін жеті баласы өлген) екінші жағынан қыспаққа алған кез. Өзім түгіл, ән-жырларым да кәдеге жарамай, ұмыт бола бастады. Баспалар да, радио да тым-тырыс. Кеше ғана Алатауды жаңғыртып, алты қанат ақ үйді әнімен шайқалтқан Кененін мүлдем ұмытқан сыңайлы. Тіпті дүмбілез біреулер кейбір әндерімді халық әні деп салатын да болды. Осының бәріне іштей налып, күштеп шөгерген атандай болып жатқанымда қасымнан тағы да сол Сәбит табылып еді.
– Кенеке, мұндай күйді кешегі Ақан да, Біржандар да бастан кешірген. Құлазу, дүниеден безіну, құса деген жаны таза, болмысы ерекше адамдарда ғана болады. Сары уайымға салынбай, серпілу керек. Сіздің өнеріңізді ел таныған, жұрт мойындаған. Ондай өнер еш уақытта өлмейді, мәңгілік,– дегенін қалай ұмытармын.
– Сәбиттің айтқандары дәл келді. Жетпістен асқан шағымда қанатын қомдаған кәрі қырандай қайта түлеп, науқасымды сілкіп тас-
тап, өнеріммен қайта табыстым. Қанатымен су бүріккен қарлығаштай отбасымның қамқоршысы болған, төніп келген ажалға араша түскен Сәбиттің алар орны ерекше, қарағым, – деп әкем ағынан жарылып еді.
…Сәбит ағаны соңғы рет көруім күні кешегідей көз алдымда. 1972 жылдың маусым айы. Ол кезде мен «Қазақстан» баспасында қызмет істеймін. Телефонды көтеріп едім, өзімді сұраған дауыс естілді. Тани кеттім. Сәл қарлығыңқырап шығатын, жұмсақ дауыс.
– Бақытжан, сені бастығыңнан сұрап алдым. Әкеңе барып қайталық. Ертең жүреміз. Сағат онда мәшине жіберемін, дайын отыр,– деді Сәбең. Менің күмілжіп қалғанымды сезе қойып: «Кенекең аман-есен, жәй барып, сәлем беріп қайтамыз» деді артынша.
Жолға шықсаң ақын-жазушымен шық, қалай жеткеніңді де білмей қаласың дейтін еді бір танысым. Дәл айтыпты. Қаладан шыққалы құлағым Сәбит ағада. Жәй әңгіменің өзін майын тамыза келістіріп айтады, жазған кезде тіпті төгілтетін шығар деймін ішімнен. Ұзынағаштың тұсынан өте бере әңгіме желісі Жамбыл атаның өміріне ауысты.
–Жамбылға көп адам хатшы болған. Мен де болдым. Жарықтық тілі өткір, нені болса да тап басып айтатын еді ғой. Ал бір қисайса, икемге келтіру оңайға соқпайтын. Жәкеңнің осындай мінездерін жақсы білемін. Жамбылдың атақ-даңқы әсіресе сұрапыл соғыс жылдары әуелеп тұрды. «Правда» газетінің бірінші бетіне Жәкеңнің суретімен қосып, «Ленинградтық өрендерім» деген толғауы басылды. Сөз құдіреті деген осы. Бір қиырда жатқан Жамбылға еліміздің түкпір-түкпірінен, майдандағы жауынгерлерден жүздеп, мыңдап хат келетін. Мәскеуден Сталиннің өзі телефон шалып, қарт жыраудың аман-саулығын біліп тұрады екен деп еститінбіз. Соның өзі-ақ Жәкеңнің аруағын аспандатып жіберіп еді.
Баласы Алғадайдың соғыста қаза болғаны жайлы хабар келді. Үкімет басшылары, ақын-жазушылар барып естірттік. Жамбыл теріс қарап, үнсіз жатыр. Бір-екі күн өтті. Нәр татпайды. Жарықтық ең жақсы көретін баласынан айрылған соң өлімге бел байлаған шығар деп ұйғардық. «Шалды өлтіріп алмаңдар, басымыз кетеді» деп жоғарыдағылар қайта-қайта телефон соғып безек қағады. Ауыл-аймақ, ақын-жазушылар құрақ ұшып әлекпіз. Әбден сасқандары: «Сәбит, бір амалын тап, көпті көрген жазушы емессің бе?» дейді.

Қатар-құрбы қадірлес,
Замандасты сағындым.
Қатаған мен Кебекбай,
Мақамдасты сағындым, –
дейтін қарт жыраудың көңілін кім табады? Қайғысын кім сейілте алады? Қырық жыл қасында жүріп сырмінез болған шәкірті, көз көрген замандасы әрі жақсы көрер інісі Кененді шақыртайын деген ой келді. Мәшине жіберіп Қордайдан Кененді алдырттым.
Екеуміз оңаша отырып ақылдастық.
– Сәбит, мен айтсам бұрынғының жолымен, құдайды ауызға ала отырып, аруақтарды шақыра айтамын. Басқа сөзді Жамбыл керек қылмайды. Мұнымыз үкіметке жақпай қалып жүрмесін, – деді Кенен.
– Тәуекел! Жәкең басын көтерсе болғаны. Қалғанын көре жатармыз!
Кенен биік қоңыр үнімен ұзақ жырлады. Арғы аталарынан бастап, кешегі ұстаздары Қабан, Сүйінбайлардың аруағын тізіп айтты:

Не күшті дүниеде – құдай күшті,
Көрдіңіз бір ғасырда талай істі.
Миуалы Отанның дарағы едің,
Жел соғып бір бұтағың жерге түсті…
Бір балаң халық үшін құрбан болды,
О, Жәке, тәуба қылып басың көтер!..

Кенен төкпелетіп барып, жоқтауын аяқтады. Бәріміз іштей толқып, ұмсынып тұрмыз. Жамбыл, бетін сәл бұрып: «Е, е, Кененбісің?» деп ишарат білдіргендей болды. Сол екен, біз де қолтығынан демей бердік. Әбден қаталап қалған екен Кенен ұсынған бір тостаған сусынды сіміріп жіберді. Жамбыл қартты осылай «тірілтіп» алғанбыз деп Сәбең ақтарыла күліп еді.
– Дегбірсіз ат сілкіншек, дегбірсіз адам жұлқыншақ деген. Сенің бітімің, сөз саптауың, отырысың баяғының билеріндей орнықты екен. Берекелі боласың-ау, Сәбитжан!, – деп қарт Жамбыл арқамнан қағар еді.
Баласы Тезекбаймен қатарлас болғаннан ба Тайырды (Т. Жароков) тым жақсы көретін. Әкесінен қайта-қайта ақша сұрап мезі қылған Тезекбай батылы бармаған сәтте Тайырды жұмсайды. Жәкеңнің мінезіне әбден қанық Тайыр ебін тауып, әкесіне еркелеген баладай тілегін білдіретін еді.
– Біліп тұрмын, әлгі Тезекбай ғой сені жіберіп отырған. Желігіп қалыпсыңдар, тағы да ұстатпай кетесіңдер-ау, желөкпелер, – дейді Жәкең зілсіз. Епті Тайыр:
– Мә, онда өлеңдеріңді өзің жазып ал, – деп қаламын тастай салып, өкпелеген болады.
– Жә, жә, ұзатылатын қыздай қылп ете қалуын мұның, – деп Жәкең көне кететін. Жарасымды, ерке әзіл еді-ау бұл!
Тарғаптан өтіп Ақтерек ауылына жеткенше Сәбең әңгіме желісін үзген жоқ. Айта түссе екен деп мен отырмын. Ойымды сезіп қойғандай оқшау тұрған биіктеу төбені нұсқап: «Анау төбенің қалай аталатынын білесің бе?» деді. Оның да өз қызығы бар.
– Мен алпыс жасқа толғанда Кенекең қонаққа шақырды. Бір топ ақын-жазушыларды ерте бардым. Үй маңындағы алма бағының ішіне үлкен палатка құрып, бүкіл ауыл болып қонақ күтісті. Қайтарда шығарып салуға ере келген ауыл азаматтары осы төбенің басына дастарқан жа-
йып жолаяқ жасады. Отырғандардың бірі: «Сәбеңнің тойынан ескерткіш болсын мына өзіміз отырған төбеге ат қоялық» дегені. Сол-ақ екен, қызып алған жұрт жабыла ат қоя бастады. Бірі «Мерейтөбе» десе, енді бірі «Өлеңтөбе» болсын дейді. Бірінен- бірі өтетін талай әдемі аттар айтылды. «Ақынтөбе», «Жалғызтөбе», «Сырластөбе»…десіп даурығып жатыр. Ұмытпасам Хамит Ерғалиев болу керек: «Ұлардай шуламай тұра тұрсаңдаршы. Бәріңді елеуретіп, желпінтіп қойған шампанның арқасы емес пе? «Шампантөбе» болсын дегені. Сөйтіп сол төбе «Шампантөбе» атанған. Біліп ал, кейін айта жүрерсің, – деп Сәбең әңгімесін бір қайырып тастады.
…Сонау бір жылы әкеңе тірі қасқыр апарып сыйлағам. Сен ол кезде кішкене баласың, қайдан есіңде болсын деп Сәбит аға тағы бір әңгіменің ұшын шығарып қойды. Ынтықтыра түскісі келгендей біраз үнсіз отыр.
Бұрын Ақтерек тауының төменгі жағы қалың қамысты, сулы, сазды жер еді. Түлкі, қоян, кекілік, үйрек-қаз дегенің көп болатын. Қазіргідей емес мәшине де сирек жүреді. Қасымда үлкен ұлым Арыстан бар. Астымызда судай жаңа «Победа». Күн ерте болған соң аң-құс аулап уақыт өткізейік, Кенекеңе кешке қарай қонаға барайық деп ұйғардық. Жолдан шығып ашық даламен сырғып келеміз. Кенет қалың шидің арасынан бір ит ата жөнелді. Алғашында ит екен деп қалғанымыз рас. Адамға үйреншікті ит болса біраз жерге ұзап барып тоқтар еді. Олай етпеді. Бейшара есі шыққан болу керек, тауға қарап емес, далаға қарай зытып барады. Қасқыр екенін тани кеттім. Біз де мәшиненің жүрісін ұлғайтып, қиялай қуып, бастырмалатып келеміз. Тақай бере қос ауызды басып қалдым. Оғым тимей кеткен сыңайлы.
Жасырақ кезімде киік аулағандарды көргенім бар, ал тақтайдай тегіс даламен қасқыр қуған тіпті қызық екен. Делебеміз қозып, есіміз кеткендей шулап келеміз. Астымызда мәшине екенін, жолда арық- шұңқыр кездесіп қалса қауіп боларын мүлдем ұмытқан сәт. Қасқыр амалдап тауға қарай бұрылса, алдын ораймыз. Амалы құрыған түз тағысы даланы бетке алады.
– Папа, тағы да атсаңызшы!, – дейді дегбірі кеткен Арыстан.
– Жоқ енді атудың керегі жоқ. Соғып аламыз.
Ұзақ қудық. Болдыра бастаған болу керек, қарқыны баяулаған тәрізді. Есік пен төрдей жерде тілін салақтатып әлі қашып келеді. Шопырым да әккі болатын, бір-екі рет қағып жіберіп аунатып түсірді. Ақыры өкпесі өшіп, талығып жатқан қасекеңді тұмсығынан буып, аяқтарын байлап мәшиненің артына салып алдық. Артынан байқадым. Менің оғым зая кетпеген екен. Артқы аяғынан қатты жараланыпты. Сол күйінде Отардағы Кенекеңнің үйіне алып келдік. Көрші-қолаң, бала-шаға тірі қасқырдың о жақ, бұ жағына шығып, қызықтап мәз болысып еді.
Жол бойы Сәбең айтқан неше өрім әңгіменің әсерімен біз де ауыл шетіне кірген едік. Тоқсан жасқа толғалы отырған қарт ақынның жәй-күйі бізге мәлім. Жақында келіп кеткенмін. Бұрынғыдай емес, әкемнің денесі ауырлап, толыса бастады. Дәрігерлер мұны көп қимылдамағаннан дейді. Сол күні әкем мен Сәбит аға екеуі оңашаланып, ұзақ әңгімелесті. Ежелден сырлас адамдардың не айтқандары, нендей ой түйіскендері өздеріне ғана мәлім. Баяғыда екеуі отырып-ақ бір табақ етті жұғын көрмейтінін талай көрген шешем: «Сәбиттің өңі солғындау көрінді. Бір жері ауырмай ма екен? Тағамға да аса зауқы жоқ» деп секем алған-ды. Біз бұған пәлендей мән берген де жоқпыз. Ертесі күні дастарқан жиналып, оңаша қалған сәтте:
– Бақытжан, бір нәрсе сұрайын, көңілге алма. Әкең қартайып отыр. Ажал айтып келмейді. Мұндайда дайын жүрген жөн. Әке ойын балаға айтады, ақыл-кеңес береді. Осы жайлы әкең сөз қылған жоқ па?, – деп сұрады Сәбең. Қаперімде жоқ сұрақ. Күмілжіп қалдым. Әке мәңгі жасайтындай бейғам жүре беріппіз. Бір жолы әкемнің:
– Ажал жеткен күні менің сүйегімді анау бір алма ағаштың түбіне көміңдер, – дегені бар еді. Қалжыңдап айтқаны, әлде шыны сол ма беймәлім. Әкенің бұл сөзіне күлген де қойғанмын. Сол айтқаны есіме түсіп, Сәбеңе осы жайды айтып бердім.
– Кенекеңдей кемел ақынға мына бақтың іші тарлау болады. Әттең, о баста ойластырылмаған екен, – деп өкініш білдірді.
Содан кейін қасына мені ертіп ауыл маңын шолып қайттық. Ауылдың желке тұсында жылға бар еді. Суы да мол болатын. Соның қасына келгенде мәшинеден түсіп, айналаны көзбен шолып ұзақ тұрды.
– Анау Қарабарақ, Иірсу маңының жері жақсы екен. Бірақ жолдан қиыс, қашықтау екен. Мына жылғадағы суды бері бұрса маңындағы жердің көк шалғынға айналары сөзсіз. Ағаш отырғызса тіпті жақсы. Осы тұс ыңғайлы болар. Біраз үнсіз тұрып, ендігі сөзін маған қарата айтты:
– «Екі Кенен тумайды Алатауға ексең де» дейтін әкеңнің өлеңін білетін шығарсың? Кенекең халық құрметіне бөленген, киелі адам. Өмірі ұрпаққа өнеге, бойына ақындық дарыған адам. Ол жайлы «Балуан Шолақ» романымда да жазғанмын. Ондай адамның жатқан жері де киелі, әлі-ақ жұрт тағзым етіп келетін болады. Мұның бәрін тәптіштеп айтып жатқаным сондықтан. Есіңе сақтап ал! Алда тоқсан жылдық тойы келе жатыр. Дәм бұйыртса оны да келістіріп тойлаймыз. Басы-қасында өзім де болармын!, – деді Сәбит аға.
Жүзіне нұр үйірілген аяулы Сәбит ағаның бұл соңғы аманаты, соңғы рет келуі, Кененін соңғы рет көруі екенін кім болжап білген?! Тойымсыз, қайырымсыз, қатігез ажал Сәбеңді де алып тынды.

Жасасып келіп едің бұл ғасырмен,
О, Сәбит, бауырым ең, сырласым ең.
Шынымен қоштасам ба, сенбей тұрмын,
Сәбиттің қайталанбас тұлғасымен, –
деп күңіренген қарт ақын аяулы Сәбитімен осылай қоштасып еді.
Сәбит ағаның болжап айтқандары дәл келді, аманаты түгелдей орындалды. 1974 жылы әкемнің торқалы тойы өтті. Бірінші рет Сәбит ағасыз тойланды. Құттықтай келген Ғабит Мүсіреповтың қолын алақанымен сыйпай отырып: «Ел бағына Мұхтар, Сәбит, Ғабит боп қатар туып едіңдер. Екі інім «келмес» сапарда. Мен сияқты қартыңның тойына үшеуің бірдей келіп, қатар тұрсаңдар қандай жарасар еді! Амал не? Ендігісі сенің ғұмырыңды ұзақ қылғай, Ғабит інім!, – деп әкемнің бата бергені де құлағымда тұр.
93 жыл жасап әкем де дүниеден өтті. Мәйіті сол Сәбит аға көрсеткен жерге жерленді. Сол жылдары отырғызылған нәзік шыбықтар, бұл күнде бой түзеп, зәулім баққа айналды. Кейіннен ақынға арнап мұражай салынды, бейітінің басына ескерткіші орнатылды. Қордай асуынан ары-бері өткен жолшылар арнайы бұрылып келіп тағзым ететін киелі жайға айналды. Жас жұбайлар гүл шоғын қойып, келешек ұрпақтары бас иіп еске алатын болды. Осының бәрін алдын ала сезіп білген Сәбит ағаның көрегендігіне қалай тәнті болмайсың?
Жыл сайын бала-шағамызды ертіп, әкеміз жатқан жерге тізе бүгіп, құран оқытып қайту әдетке айналған. Қыс барайық, жаз барайық көңіл түкпірінде Сәбит ағаның жарқын бейнесі тұрады. Қордайдың қоңыр желі ескен бақ ішінде Сәбит Мұқановтың рухы кезіп жүргендей сезінесің. Әкем екеуі әлі сырласып отырғандай көрінеді.

Бақытжан Кененұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар