Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес залында қазақша күрестен ересектер арасында турнир өтті. Жарысқа Астана, Арқалық, Алматы, Көкшетау, Шымкент қалаларынан және Астрахан, Атбасар, Аршалы аудандарынан келген 56 балуан қатысып, бақ сынасты.
Тартысты өткен жарыста қарсыластарын қапы қалдырған Мәди Жангелді 55 келі салмақта, Ермұханбет Серік 60 келі салмақта, Бағлан Бекенов 70 келі салмақта жеңімпаз атанды. 80 келі салмақта сайысқа түскендер арасында қызылордалық палуан Нұрлыбек Алдабергеновтың бағы жанса, 90 келілік салмақта белдескен көкшетаулық Леонид Станиев жүлдегер атанды. 90 келіден жоғары салмақты палуандар арасында Аршалы ауданының спортшысы Көпжасар Князовтың қарсыластарынан мерейі үстем болды.
Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне қазақ күресінің жанашырлары Атбасар аудандық спорт бөлімінің басшысы Қуаныш Қуатбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Боранбаев, қала әкімі Нұржан Қомбатыров атсалысып, көмек қолдарын созды. «Түйе палуан» атағына 16 палуан таласып, күш сынасты. Олардың арасында Әсет Жүнісовтің асығы алшысынан түсіп, «Түйе палуан» атанды және 100 мың теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Жеңіске жеткен палуандардың бәріне сый-сияпат табыс етілді.
Өмірсерік ШАЙХИН.
Атбасар ауданы.