Өнегелі Сейітовтер әулетінің ұрпақтары адал өмір сүріп, адал еңбек етуді өз борыштары деп біледі.
Жаңа ортаға келгеннен кейін айналаңдағы адамдармен танысып, олардың кім екендіктерін іштей зерттеп, бағаңды беріп жүру бір заңдылық сияқты. Соны бірнеше рет өз басымнан кештім. Әр істеген жерімнен өзіме көңілі жақын адамдарды да, өзімнің көңіліме қонбайтындарды да кездестіріп жүрдім.
Сондай жағдай Ақкөл ауданына қызметке келгенде болды. Көп азаматтар мені сыйлады, мен оларды жатсынған жоқпын. Солардың бірі ағайынды Сейітовтер болды. Олардың маған ұнаған жағы – кішіпейілділігі, адамгершілігінің молдығы, қызметтеріне жауапкершілігі. Үлкендері Серік органда қызмет атқарды. Жақын араласпасам да біртоға, аз сөйлеп, көп тыңдайтын сияқты болып көрінетін. Інілері Ахмет менімен қызметтес болды. Бірге қызмет атқарып жүріп, оның дауыс көтергенін немесе «сен» дегенін естіген емеспін. Қызметіне адал, кішіпейіл болды. Апасы Күлпәш басқа жерден көшіп келіп, туған ауылы Қына (Искра) мектебінде алдыңғы қатардағы мұғалім болып, кейін мектепті басқару дәрежесіне жетті. Ешуақытта алдыңды кесіп өтпейтін, үлкендерді сыйлап жүретін.
Ал, олардың ортаншылары Мүбәрәк Мағзұмұлы осы тамыз айының бел ортасында асқаралы алпыс жасқа толған көрінеді. Мүбәрәк – өте кішіпейіл, инабатты азамат. Өз ортасында беделі жоғары. Қызметте де менің байқауымша жауапты. Қатардағы жол маманынан бастап жолдарды пайдалану учаскесінің (ДЭУ) бастығына дейін көтерілді. Зайыбы Гүлжан да өзіне сай. Үлкендерді сыйлап тұрады. Ақкөл қаласында ұзақ жыл белді мектепті басқарып келеді.
Бірде үйлерінде болып, ата-аналарымен таныстым. Қарапайым ауыл адамдары. Мағзұм ақсақалмен әңгімелесіп отырып, мынадай сұрақ қойдым. «Осындай кішіпейіл, жақсы балаларды қалай тәрбиеледіңіз?». Сонда ол кісі: «Ерекше ештеңе істеген жоқпын. Мені әке-шешем қалай тәрбиеледі, мен де оларды солай тәрбиеледім. Адалдыққа, еңбексүйгіштікке көбірек көңіл бөлдім», – деді.
Менің түсінгенім – ақсақал ата-анасынан алған ұлттық тәрбиені балаларының зердесіне сіңірген. Біздің қоғамда осы жағы ақсап тұр. Жалпы, қазақ баласының тәрбиесінің өзегі ұлттық тәрбие болу керек қой деп ойлаймын.
Сейітовтер әулеті ата-аналарынан алған ұлттық тәрбиені ұрпақтарына жалғастыра беруін қалаймыз.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер.
Астана.