Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің баяндамасы

Көкшетауда қаңтардың 16-сы күні Ақмола облысы активінің жиналысы болып өтті. Актив жиналысына облыс әкімі Мәлік Мырзалин төрағалық етіп, «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» баяндама жасады.
Елбасының Жолдауын талқылауға арналған облыстық актив жиналысында Биотехнология Ұлттық орталығының директоры Д.С.Балпанов, Жақсы ауданындағы «ТНК агрофирмасы» бас директоры Б.Т.Уәлиев, Көкшетау қаласындағы «НИКС» серіктестігінің директоры В.А.Пинчук, «Білім-инновация» облыстық дарынды балалар мектебінің директоры И.И.Әдіханов, облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Т.Н.Зиновьева сөз сөйлеп, биылғы Жолдаудың тарихи зор маңызы жайлы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
(Актив жиналысының толық есебі газетімізде жарияланып отыр).

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің баяндамасы

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының басты идеясы даму сапасын әлемдік стандарттар деңгейіне көтеруге бағытталған. Жаңа экономикалық саясаттың басымдықтары экономиканың барлық салаларының тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін цифрландыру үрдісін кеңейтуді көздейді.
Жолдауда алға қойылған Президенттік тапсырмалардың барлығы да өзектілігімен ерекшеленеді:
Бірінші. Қазақстандық индустрия өндірістік процестерді цифрландыру және заманалық бизнес-модельдерді игеру арқылы жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Қазіргі дәуірдегі әлемде мейлінше озық цифрлық және ІТ технологияларға ден қойған компаниялар ғана шын мәніндегі табысты әрі бәсекеге қабілетті өндіріс ошағы бола алады.
Біздің облысымызда Индустрияландыру бағдарламасы нәтижелі түрде іске асырылуда. Бағдарлама аясында жалпы құны 250 миллиард теңгеден асатын 79 жоба жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында 8 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Қолға алынған жобалардың барлығы өңдеу кәсіпорындарын дамытуға бағытталса, мұндағы 41 жоба жоғары қосымша құнға негізделген өнімдер, 26 жоба экспорттық мақсаттағы тауарлар шығаруды қамтамасыз етті.
Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған нысандардан бюджетке 35 миллиард теңгеден астам қаржы құйылды, бұл салық аударымдарының жалпы көлемінің үштен бірін құрайды.
Өнеркәсіп өндірісі құрылымында облыс топ жарып келеді. Атап айтқанда, республика бойынша қайта өңдеу саласының үлесі 40 пайыз болса, бұл көрсеткіш облыста екі есе өсіп, 80 пайызға жетті.
Өңірде 20-дан астам ірі кәсіпорындар қазірдің өзінде барынша озық технологияларды қолданады және заманалық цифрлық жабдықтарды пайдаланады. «Қазақалтын», «Altyntau Kokshetau», «Тыныс», «Семізбай-U» компанияларының табыс-
ты қызметі Мемлекет басшысы Жолдауының өзектілігі мен бағытымыздың айқындылығын айғақтайды.
Біздің алдымызда өнеркәсіп өндірісін одан әрі жаңғырту, цифрлық технологияны қолдану және 2018 жылға жоспарланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру міндеттері тұр. Бұл орайда, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, аймақтардың әкімдері өнімді қайта өңдеу секторы мен экспортқа бағытталған өндірісті одан әрі дамытуды қамтамасыз етуі қажет.
Екінші. Ресурстық әлеуетті пайдалану тиімділігін елеулі түрде жақсарту керек.
Бұл бағытта белгілікті жұмыстар атқарылуда. Біздің өңірде баламалы қуаттар өндіру саласында қазірдің өзінде жоғары технологиялық жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында Целиноград ауданындағы жел энергетикалық қондырғысы (қуаты – жылына 6570 миллион кВт, құны – 200 миллион теңге) және Ерейментау ауданындағы жел электр стансасы (қуаты – 45 МВт, құны – 18,9 миллиард теңге) бар.
Сондай-ақ, Целиноград ауданындағы күн электр стансасы («КВ ENTERPRISES» ЖШС, қуаты – 100 МВт, құны – 165 миллион еуро) және Аршалы ауданындағы жел паркі (ЦатэкGreenEnergy, қуаты – 100 МВт, құны – 300 миллион доллар) жаңартылған қуат көздерін өндіру саласындағы маңызды жобалар болып табылады.
«Жасыл экономика» саласында үздік әлемдік тәжірибені қолдану мақсатында облыста «ЭКСПО-2017 – Болашақтағы энергия» көрмесінде ұсынған технологияны енгізу жұмысы жүргізілуде. Бұл –
мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясындағы «Global Gas Group» компаниясымен және «Газпром Экспорт» ашық қоғамдық бірлестігімен бірге Ақмола облысын кешенді газификация-лау жобасы, Ерейментау ауданындағы қуаты 100 МВт жел паркінің құрылысы («ЦатэкGreenEnergy»). Сондай-ақ, лай суды тазалаудың қазіргі заманғы технологиясын және оның химиялық дезинфекциясын, «Көкшетау Су Арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ғимараттарында тікелей гидротурбинамен аз қысымды шағын гидроэлектр станциясы құрылымының инновациялық әзірлемесін жасау негізінде «жасыл» энергия өндірісін, «АРЭК» акционерлік қоғамының электр тарату жүйесінде «Smart Girds» компьютерлік бақылау технологиясын қолдану мүмкіндігі зерттелуде. Өнеркәсіп кәсіпорындарында энергия тиімділігін арттыру мақсатында жарық және жылу жүйесі жаңартылуда.
(Қазіргі заманғы диодтық шамдарға көшу, «ЕПК-Степногорск» АҚ, «Целингормаш» ЖШС, «Көкшетауминералдысулары» АҚ, «Алтынтау-Көкшетау» АҚ) автоматтық жұмыс тәртібіне ауысу. Қуаты 30 кВт фотоэлектрлік станциясы, «Семізбай-U» және «СГХК» серіктестіктерінде өндірістік және тұрмыстық нысандарды энергиямен және жылумен қамтамасыз ету үшін «жылу сорғыш» орнатылды.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы кезінде күн энергиясы белсенді пайдаланылуда. Мәселен, Бурабай ауданындағы дәрігерлік амбулаторияда тұтынатын энергияның ширегін қамтамасыз ететін автономдық фотоэлектрлік жүйе орнатылды. Өткізілген шаралардың нәтижесінде 2017 жылы облыста үнемдеу электр қуаты бойынша 7,1 миллион кВт/сағатты, жылу энергиясы–136,6 мың Гкал, су – 222,6 мың текше метрді құрады. Меншікті көздерден өндірілген электр қуатының саны өткен жылы 853 миллион кВт/сағатты құрады. Бұл облыстың барлық қажеттілігінің 23 пайызы. Оның ішінде электр энергиясының жаңартылған көздері–167,6 миллион кВт/сағат (Ерейментау ауданындағы ВЭС 45 МВт – 166,4 миллион кВт/сағат, «Родина» өндірістік кооперативінің ВЭС 0,75 МВт–1,27 миллион кВт/сағат) немесе 19,6 пайыз.
ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған жобаларды есепке алып, баламалы энергетика саласында жобаларды іздестіру, «Жасыл технологияны» қолдану жұмысын жалғастыру қажет. Бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық және өнеркәсіп саласында бұл технологияларды қолдану белсенділігі байқалады. Қала мен аудан әкімдіктері алынатын ресурстардың үлесін, оны өңдеудің тереңдігін, сондай-ақ, энергия тиімділігі мен өндірістің экологиялығын көбейтуге, шағын және орта бизнес субъектілерін тартумен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді арттыруға мүмкіндік беретін ақпараттық-технологиялық шешімді енгізу бойынша шара қабылдауы қажет.
Үшінші. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешеніне еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты өсімін көбейтуге бағытталған жаңа технологияны енгізу қажет. Облыста ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру жұмысы жүргізілуде. Өткен жылы Аршалы ауданында диірмен-макарон комбинаты іске қосылды.

(Макарон өнімінің 10 атауының өндірісі, құны 1 миллиард теңге; «Аян» серіктестігі), Атбасар ауданында дәнді дақылдардан тары өндіру цехы («Лана» серіктестігінің базасында «Милл Хауз» серіктестігі, қуаты ауысымына 4 тонна).
Дайын өнім өндірісіне бағытталған жобаларды жүзеге асыру 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,4 есе көбейтуге мүмкіндік берді. (2017 жылы 2,8 миллион теңге, 2015 жылы 1,96 миллион теңге).
2018 жылы Жақсы ауданында дәнді дақылдардан тары өндіретін цехты пайдалануға беру жоспарлануда (қуаты 12 мың тонна, «Урожай» серіктестігі), қуаты жылына 50 мың тонна Макинск құс фабрикасы құс етін өндіру бойынша еліміздегі ең ірі жобаның 1 кезеңі іске қосылады (2022 жылы толық жүзеге асады).
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыста өткен жылы 9 мың жеке шаруашылықты біріктірген ет және сүт бағытындағы 35 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, өнім өңдеу қуаты бес есе артты. 2018 жылдың жоспарында бұған қосымша 28 ауыл шаруашылығы кооперативін құру және кооперацияларға біріккен жекеменшік шаруашылықтардың санын 25 мыңға дейін жеткізу көзделген.
Осылайша Мемлекет басшысының 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру бағытындағы тапсырмасын облыста ойдағыдай жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Өңір әлеуетінің жоғары болуы бізге облысты және Елорданы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге, «Қазақстанда жасалған» брендті республикадан тыс жерлерге шығару мүмкіндік береді.
Астана қаласында «AQMOL» сауда желісі құрылды және ауқымы кеңейе түсуде (2017 жылы жаңа 3 павильон ашылды, 2018 жылы тағы 7-еуін ашу жоспарланған), онда елорда тұрғындарына сапалы әрі арзан азық-түлік өнімдері ұсынылып отыр.
Қазіргі таңда облыста азық-түлік өнімдері бойынша өңірлік брендпен шамамен 80 экспортшы компания жұмыс істейді.
Ет өнімдері бойынша брендтер – «Бакара» (Қорғалжын ауданындағы «Астана Агро Продукт» ЖШС), мраморлы сиыр еті «KazBeef» (Бурабай ауданындағы «KazBeef» ЖШС), «Курочка Ряба» (Целиноград ауданындағы «Capital Projects LTD»), «Зорькин Луг», «Садовое» сауда брендімен сүт өнімдері (Зеренді ауданындағы «Милк Проджект» ЖШС) Ресейдің өңірлеріне экспортталады.
«Қазгер Құс» компаниясының (Біржан сал ауданы) өнімдері Орталық Азия және Таяу Шығыс, (Тәжікстан, Түркіменстан, Пәкістан) Сауд Арабиясы әмірліктерінің нарығына жеткізіледі. «Атбасар» брендімен ұн (Атбасар ауданындағы «Inter Trade» ЖШС) және «Бота-2015» ЖШС-нің (Бурабай ауданы) өсімдік майы Қытай Халық Рес-публикасына саудаға шығарылады.
Жақын уақытта елімізде ұлттық брендтердің тізімін қалыптастыру жоспарланған, сондықтан, мен өзіміздің ірі тауар өндірушілерді аталған тізімнен көріну үшін белсенді жұмыс істеуге шақырамын.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірісте ауа райы жағдайының әсер етуін азайту мақсатында ағын суларды пайдалану арқылы жайылымдарды суландыру бо-йынша жұмыстар жүргізілуде.
Осы мақсатта 2017-2025 жылдарға арналған ағын суларды реттеу, жинау және сақтау бойынша жоспар жүзеге асырыла бастады. Осының шеңберінде облыс бойынша 11 шара қарастырылған. Оның ішінде ең ірісі Целиноград ауданындағы құны 670 миллион теңге «Алва» жайылма суландыру жүйесін қалпына келтіру болып табылады.
Астана қаласы, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын баламалы сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан Бұзылық су қоймасының құрылысын жүргізу мәселесі қолдау тапты (сыйымдылығы 1 миллиард текше метрден астам). Бұл қосымша 25 мың гектардан астам жайылма жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді.
Төртінші. Бізге көліктік логистика және логистикалық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру қажет. Аталмыш бағытта Щучинск-Бурабай курорттық аймағы және Астана маңындағы елді мекендерді, облыстың көліктік-логистикалық жүйесін дамытуға қатысты преспективаларымызды қарастыруымыз қажет. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде облыста «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс» бағыттары бойынша құрылыс-монтаждау, «Щучинск-Зеренді» жолын қалпына келтіру, «Астана-Петропавл» автожолының учаскесін жөндеу бо-йынша жұмыстар жалғасады.
2017 жылы құны 9,6 миллиард теңгеге ұзындығы 222,3 шақырым жергілікті мақсаттағы автожолдарға күрделі, орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады (6,5 миллиард теңгеге 115,5 шақырым жолды жөндеу жоспарланған). Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жөндеу және құрылыс жұмыстарының барлық түрлерін толық және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Бесінші. Коммуналдық сектор және құрылыс саласында заманауи технологияларды енгізу. 2017 жылдың қорытын-дыларына сәйкес, облыста 426,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 17 пайызға жоғары. 2018 жылы 360,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл бір тұрғынды 22,4 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді (2017 ж. – 21,9 ш.м).
Құрылыста қабырға панельдерін қолдану арқылы жаңа технологияларды пайдалану тұрғын үйдің шаршы метрінің құнын 120-150 мыңға дейін төмендетуге (аяқталған күйде) және де көпқабатты үйлерді кірпішке қарағанда анағұрлым жылдам салуға мүмкіндік береді. Нысандарды салу кезінде жергілікті құрылыс материалдарын барынша көп пайдалануға жағдай жасалады.
Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында 2018 жылы 4,1 миллиард теңге қарастырылып отыр. Целиноград ауданына қарасты 26 мың тұрғыны бар Тайтөбе, Қараөткел, Қаражар ауылдарын орталықтандырылған сумен жабдықтау мәселесі шешілетін болады (2018 жылы облыс бойынша орталықтандырылған сумен жабдықталған елді мекендердің саны 2017 жылғы 58,8 пайыздан 59,5 пайызға дейін өседі).
Анықтама. 2017 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен жабдықталған ауылдардың саны 352-ден 357-ге дейін өсті, 5 ауылға сапалы ауыз су тартылды, соның ішінде 4 ауылға су сырттан тасымалданып тұрады).
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін шешу үшін халықаралық қаржы институттары да тартылуда. Еуропалық даму және қайта құру банкімен бірлесіп ауыз суды тазалау сапасын заманауи стандарттар деңгейіне дейін көтеретін жаңа энергиялық тиімді технологияларды қолдану арқылы облыс орталығында су құбыры тазартқыш ғимараттарын кеңейту және қайта құру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, нысандардың энергиялық тиімділігіне және экологиялығына, сапасына қатысты талаптарды күшейту шараларын қолдану, сонымен қатар, мүмкіндігінше мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұсыныстар енгізу, интеллектуалдық басқару жүйесін қарастыру қажет.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев
халыққа арнаған биылғы Жолдауында жетінші өзекті міндет ретінде адами капитал мәселесіне тоқталып, оны жаңғырудың өзегі етіп белгілеп берді.
Адами ресурстарды қалыптастыруда білім саласына көп мән берілген. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құру, жаңа білім сапасына көшу, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау – саланы жаңғырту жолындағы қайта құрылымдардың логикалық тізбегі болып табылады.
Осыған сәйкес, мамандардың білімділік деңгейінің заманауи форматқа сай болуы талап етіледі. Ол үшін педагог мамандарды даярлау, мұғалім мамандығының беделін көтеру жөнінде үлкен жұмыстар атқару қажет.
Айта кету керек, бұл істе жақсы көрсеткіштеріміз де бар. Шамамен 7,5 мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, соның ішінде 5,5 мыңы жаңартылған білім мазмұны бойынша оқытылды. Сондай-ақ, 2017 жылы алғаш рет Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің базасында жоғары білімді мұғалімдерді даярлау мақсатында 100 білім беру грантын тағайындау үшін облыстық бюджеттен (14,8 миллион теңге) қаржы бөлінді.
Білім басқармасына және қалалардың, аудандардың әкімдеріне цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау, техникалық үйірмелер құру, робототехника сыныптарын жинақтау жұмыстарын жалғастыру керек.
Жоғары оқу орындары жүйесі түбегейлі жаңа деңгейге көшті. Бұл өзінің инвестициялық жобалары, ғылыми ізденістері және экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласына айналуы тиіс. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет. Көрсетілетін қызметтерді кеңейтудің жаңа жолдарын іздестіру керек. Біздің жергілікті жоғары оқу орындарының бұл істе үлкен тәжірибесі бар, тек бұл іске бар күшімізді салуымыз қажет.
Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауының негізгі бағыт-бағдарына қатысты қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға бағытталған ерте диагностикалаудың жоғары тиімділігі, аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, интеграция арқылы ақпараттық жүйелендіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет.
Облыс бойынша 2020 жылға дейін онкологиялық аурулар ахуалының интеграцияланған моделін енгізу бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы Көкшетау қаласында бір күнде 150 адам қабылдайтын онкологиялық емхананың құрылысы басталады. Бұл үшін республикалық бюджеттен 2,2 миллиард теңге бөлінді (2018 жылға 250 миллион теңге бөлінген).
Биылғы жылы біздің облыс «қағаз қолданбайтын аурухана» жүйесіне көшу арқылы медициналық құжаттама жүргізуде Денсаулық сақтау министрлігінің пилоттық жобасына енгізілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен шамамен 111 миллион теңге қарастырылған (474 компьютер).
Өңірде дәрігер кадрлар тапшылығы шешілуде. 2017 жылы дәрігерлерге 20 пәтер бөлінді және медициналық ұйымдарға кадр тарту мақсатында республиканың жоғары оқу орындарында оқитын 250-ден астам біздің түлектерімізге облыс әкімдігінің стипендиясы төленіп, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражаты есебінен жәрдемақы бөлінді.
Ш.Уәлиханов атындағы КМУ базасында (бакалавриат деңгейінде үштілділікке дайындаумен) 150 орындық медицина факультетін ашу мәселесі пысықталуда. Болашақта шетелдік студенттерді оқуға тарту мүмкіндіктері қарастырылуда.
Жыл сайын салауатты өмір салтын
насихаттау мақсатында спорт нысандары, дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынуда. Мәселен, 2017 жылы Балкашино селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Шортанды поселкесінде бассейн кешені, Державинск қаласында стадион, Көкшетау және Степногорск қалаларында, Целиноград пен Аршалы аудандарында 40-қа жуық спорттық алаңдар салынған.
Денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт басқармалары, аймақ әкімдері, медициналық мекемелерде салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын күшейту, жастардың репродуктивті денсаулығын нығайту және қорғауға баса назар аудару, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша бірыңғай перспективалық жоспарын іске асыруға көшуді қамтамасыз ету, қашықтық диагностика, амбулаториялық емдеу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмысты кезең-кезеңмен енгізу қажет.
Мемлекет басшысы әлеуметтік қамтамасыз етуге зор көңіл бөлуде.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек және ынтымақты зейнетақы 8 пайызға, базалық зейнетақы мен басқа да жәрдемақы түрлері – 6 пайызға, еңбекке жарамсыздығынан және асыраушысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлемдер – 16 пайызға, жаңа туған балаға бір рет берілетін жәрдемақы – 20 пайызға көбейтілді.
Халықты әлеуметтік қорғаудағы басым бағыттардың бірі өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды және жұмыссыз халықты өнімді жұмыспен қамту болып табылады.
2018 жылы жұмыспен нәтижелі қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысында, шамамен 9 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып, оған 5 миллиард теңге қарастырылған.
Жаңа жылдан бастап жаңа форматты атаулы әлеуметтік көмек көрсету аясында 2 мыңнан астам отбасы қамтылды (9017 адам; осы жылы РБ-ден бөлінген 519,9 миллион теңге, ЖБ – 122,1 миллион теңге).
Аудандар мен қалалардың әкімдері әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасымен бірлесіп әлеуметтік қамтамасыз ету саласының жос-парларын және көрсеткіштерін орындау бойынша шаралар қабылдайды.
Келесі міндет – тиімді мемлекеттік басқару. Жергілікті атқару органдарын ынталандыру мақсатында салық салынатын базаны кеңейтуге қатысты корпоративтік табыс салығын шағын және орта бизнестен алып, аймақтық деңгейге тапсыру мәселесі қарастырылатын болады. Аталған шара жергілікті бюджет кірістерінің көбеюіне жол ашады, бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының өсуіне мүмкіндік береді (2017 жылғы КТС түсуі бойынша жалпы көлемнің 24,7 пайызы немесе 7,1 миллиард теңге ШжОБ-нің үлесінде, жалпы КТС бір жыл ішінде 28,7 миллиард теңгені құрады).
Облыста өсім резерві есебінен меншікті кірістердің көбеюіне бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Салық салынатын базаны кеңейту жөніндегі кешенді жұмыстар қарастырылған іс-шаралар жос-пары бекітілді. 2017 жылы атқарылған іс-шаралар нәтижесінде бюджетке қосымша 2 миллиард теңге қаржы түсті.
Кіріс бөлігін толықтырудың тағы бір көзі қоршаған ортаға эмиссия төлеу мөлшерлемесінің 1,2-ден 2-ге дейінгі мөлшерлемеге көбеюі болып табылады, бұл қосымша 1 миллиард теңге шамасында кіріс кіргізуге мүмкіндік береді. Аталған шара қалдықтарды аз шығару және мүлде шығармау технологияларын және басқа да тиімді тәсілдерді енгізу мен қолдану есебінен кәсіпорындардың зиянды қалдықтарды лақтыруын қысқартуға ынталандырады.
Электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Көкшетау қаласында бір терезе принципі бойынша автокөлік құралдарының иелеріне қызмет түрлерін ұсынатын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.
Еліміздегі жалғыз мамандандырылған деректерді сақтау мен қайта өңдеудің жекеменшік орталығы Целиноград ауданында салынды. Мыңдаған терабайттық ақпараттарды жолдауға, сақтауға, өңдеуге мүмкіндік беретін алғашқы Big date барлық әлемдік стандарттарға сай. Құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын жобаның ұйымдастырушысы әрі бастаушысы Қазақстандағы IT-индустриясының көшбасшыларының бірі, ақпараттық инновациялар саласында өнімдердің кең спектрін ұсынатын «Intarget Solutions» ЖШС-і болып табылады.
Туризм және демалыс индустриясы облыс экономикасының маңызды салаларының бірі болып табылады. Ел Президенті көшпелі және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Географиялық орналасуымызға және бірқатар бірегей табиғаты сұлу курорттық аймақтардың болуын есепке ала отырып, бізде бұл бағытты дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар.
Облыстың туристік әлеуетін кеңінен ілгерілету үшін интернет-кеңістігінде Туристік Ақпараттық Орталығы құрылды.
Бурабай курортының жыл бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту үшін 20-дан астам бағыт енгізілген «Four seasons» тұжырымдамасы іске асырылуда.
Курорттық аймақтың қыс мезгілінде және маусымаралық кезеңдерде жүктемесі максимальді болуы мақсатында агро және этнотуризмді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде («монорельсті және жылдам шаналар», ашық және жабық аквапарктер, «сақ моншалары», қарау алаңдары).
Инфрақұрылым мәселелерін кешенді шешу үшін Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының 2 кезеңі жүзеге асырылды, қазір жоспардың 3-інші кезеңін (61,4 миллиард теңге) іске асыру басталды.
Сонымен бірге, бұл атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз деп есептеймін. Қазіргі уақытта дамыған елдердің әрбір оныншы жұмысшысы туризм саласында істейді, ал, мұндай көрсеткіш біздің курорттық Бурабай ауданында да жоқ.
Осыған байланысты туризм, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары аймақтардың әкімдерімен бірлесіп, курорттық жүйенің жыл бойғы жүктемесі бойынша қызмет көрсету көлемін және келушілердің санын арттыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Бұған қоса, ішкі және көшпелі туризмді дамыту үшін аймақтың туристік әлеуетін ақпараттық насихаттау, туристік бағыттарды тиімді пайдалану жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек.
Келесі міндет – жемқорлықпен күрес. Заңның үстемдік құруын қамтамасыз етуде жыл қорытындысы бойынша соттың заңсыз шешімдеріне қатысты тұрғындар тарапынан шағым түскен жоқ.
Облыста жемқорлықпен күрес жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлықты азайту бойынша бірқатар шаралар қабылданып, құқық бұзушылық фактілері біршама азайды.
Жолдауда атап көрсетілген міндеттердің бірі – қалалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған «Смарт сити» тұжырымдамасын енгізу.
Аталмыш жоба зор мүмкіндіктер туғызып отыр. Біз өз қаламызға шағын провинциалды қала деп қарамауымыз керек. Миллиондаған тұрғыны бар мегаполистерге қарағанда, керісінше қаламыздың шағын болғандығынан аталмыш жобаны жүзеге асыруға мол мүмкіндіктер бар екендігін баса айтқым келеді.
Ақмола облысында экология, туризм бағытында цифрландырудың кешенді жобасы аясында курортты аймақтың туристік әлеуетін дамытуға арналған ағымдағы жылы төмендегідей шаралар жүзеге асады деп жос-парланып отыр:
Облыс бойынша интерактивті нұсқаулық құру, Щучинск-Бурабай курортты аймағында туристерге арналған интерактивті қызметтерді енгізу арқылы өңірге келушілер санын 20 пайызға арттыру қажет. Қауіптілігі бірінші дәрежелі кәсіпорынның автоматтандырылған өндірістік экологиялық мониторингі (мұндай кәсіпорындардың үлесі 10 пайыз); қоқысты жинау мен түсіруді автоматтандыру (қоқыс жинау тиімділігі 70 пайызға) ұлғаяды. Көкшетау қаласы бойынша қоршаған ортаның сапасын автоматтандырылған мониторингін жүргізу (әуе кеңістігінің мониторингі – 100 пайыз, су ресурстары – 50 пайыз болады). Ағымдағы жағдай туралы хабарламалардың жүйесін енгізу (ТЖ, жөндеу, жарықтың, судың өшуі және т.б) мобильді қосымша арқылы, сайт және электрондық түбіртектер (хабарлама уақытын қысқарту – 50 пайызға, 8 сағаттан 1 минут ішінде ТЖ туралы хабарлама беру) қолдану. Автобустардың интерактивті картасы құрылады.
Қымбатты жерлестер!
Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары оның Қазақстан халқына жолдаған әрбір Жолдауында баяндалып, нақты міндеттерге құрылады.
Заман талабына сай туындап отырған экономикалық жаңа өзгерістерге қабілетті жаңа Қазақстанды қалыптастыру міндеті алға қойылып, мақсат мүдделер мен алар асу, қол жеткізер меже белгіленді. Осы жолы да бізге, бүкіл қазақстандықтарға, басшылыққа алатын, әбден ойластырылған, логикалық тұжырымдалған стратегиялық нақты құжат ұсынылып отыр.
Осы орайда, идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері мен ел экономикасының өркендеуіне бағытталған бағдарлар басшылыққа алынып, Жолдауда атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруда облыс тұрғындары белсене ат салысып, қызу қолдайтынына сенімдімін.

Жолдауды талқылау, қолдау, ой-пікірлер

Дархан Балпанов,
«Биотехнология Ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры:
– Ел халқы жаңа жылды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауымен бастап, дамуымыздың өскелең мақсаттарын жүзеге асыруға жігерлене кірісті. Тәуелсіздік алғаннан бергі қысқа мерзімде елімізде технологиялық, экономикалық және саяси бағыттарда үлкен өзгерістер орнығып, дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылудың нақты қадамдары қайтарым бере бастады. Атап айтқанда, «100 нақты қадам – Ұлт жоспары», «Үшінші жаңғыру», «Индустрияландыру», «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламалары, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспары шеңберінде ауқымды шаралар атқарылды.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы осынау игі ұмтылыстарымыздың қуатты қозғаушы күші саналады. Мұнда индустрияландырудың жаңа технологияларды енгізудегі көшбасшысына айналуы, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, ақылды технологиялар, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын қайта жаңғырту, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес, «ақылды қалалар – ақылды ұлт» қозғалысын қалыптастыру басты бағыт болып табылады. Осының барлығы Елбасы алдымызға қойған 10 міндетте түйіндеп көрсетілді.
Біз, ғылым саласының өкілдері Жолдауда белгіленген тапсырмаларды орындау жолында айқын мақсатпен жұмыс істеудеміз. Степногорск қаласында картоптың элиталық тұқымын өсіру «ақылды суару», минералдық тыңайтқыштарды енгізу, зиянкестер және арам шөппен күрес жөнінде интеллектуалдық жүйелер технологиясы енгізілді. Ғылыми ізденістер нәтижесінде картоптың әр гектарынан 500 центнерге дейін өнім алу мүмкіндігі туды. Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет малдың құтыруына қарсы вакциналар шығарылды.
Елбасы сапалы және экологиялық таза өнім өндіру қажеттігін атап көрсетті. Орталық қызметкерлері Ақмола облысындағы 5 шаруа қожалығының бидай алқаптарында азот пен күкірт тыңайтқыштарын тиімді пайдалану тәжірибесін өткізу арқылы өнім қамырлылығын 37 пайызға көтере алды. Сапалық көрсеткіш 2 есе өсті. Осындай инновациялық технологияларды қолдану бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи өнімдер брендін қалыптастыруға септік жасайды.

Идаятула ӘДІХАНОВ,
Ақмола облыстық «Білім-инновация» дарынды балалар мектебінің директоры:
– Биылғы Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауының жетінші міндетінде – адами капиталды білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу арқылы дамыту көзделген. Бүгінгі таңда оқушының қазақстандық және әлемдік озық білім жүйелерін меңгеріп, халықаралық нарықта бәсекеге түсе алатын, шет тілдерін үйреніп, функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлана алуы ХХІ ғасыр жастарынан талап етілетін дағды моделі болып табылады.
Елбасының Жолдауда атап көрсеткен «Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек» деген тұжырымдамасы қазақстандық жастарды ғаламдық өркениет өрісіне бағыттайды. Осы мақсатта облыс бойынша техникалық бағыттағы 151 үйірмеде 4 мыңға жуық оқушы білім алуда. Сондай-ақ, оқушылардың ізденісін арттырып, ғылымға деген қызығушылығын ояту мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен төменгі сынып оқушыларына арналған «Балалар университеті» жобасы жүзеге асырылуда.
«Білім-инновация» лицей-интернаты білім беру қызметін жаратылыстану-математикалық бағытта жүзеге асырады және осы пәндерді ағылшын тілінде оқытады. Лицейдің оқыту үрдісінде робототехника технологиясын қолдану үшін оқу жоспарына «3D модельдеудің негіздері», «С++ тілінде бағдарламалау», «Robotics» таңдау курстары енгізілген.
Оқу барысын автоматтандыру технологияларына, онлайн білім құралдарына және ата-аналармен хабар алмасудың заманауи әдістеріне қол жеткізу үшін облыс бойынша мектептердің 95 пайызы кең жолақты Интернет желісіне қосылған. Осы жылдың аяғына дейін оны 100 пайызға жеткізу жоспарланды. Бұл білім мекемелерінің Kundelik.kz, Bilimland онлаин оқыту платформаларын кеңінен қолдануға мүмкіндік беріп отыр. 2018 жылдың аяғына дейін Смарт сити жобасы аясында Көкшетау қаласының
5 мектебінде «Оқушы паспорты» бағдарламасын енгізу жоспарланған.
Жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеу үшін қазақстандықтарға үш тілді меңгеру керектігі де Жолдауда басымдық тапқан. Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 117830 оқушы үш тілде білім алады.

Батырбек УӘЛИЕВ,
Жақсы ауданындағы «ТНК агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры:
– Елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты. Өткен жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Елбасы өз сөзінде «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың мүмкіндігі екенін, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігін айтып өтті. Біз жайқалтып егін өсірумен бірге, мал өнімдерін қайта өңдеуді қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы субъектілерінің жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Кез келген елде ауыл шаруашылығы саласының алдында азық-түлік қауіпсіздігі және әлем рыногында бәсекеге қабілетті болу мәселесі тұрады. Бұл бағытта біздің елде бірқатар жұмыс атқарылуда. Ауыл шаруашылығын қолдау жөнінде мемлекеттік бағдарламалар жасалып, қомақты қаржы бөлінді. Оны тиімді пайдалану жөнінде мәселелер бар. Жер және Салық кодексі тәрізді қажетті нормативтік құжаттар шығарылды. Осының бәрі біздің жұмыс істеуімізге қолайлы жағдай туғызып отыр.
Нарықта 20 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі таңда 200 мың гектар егістік алқабы бар біздің аграрлық холдингке 15 компания кіреді. Ұжымда екі мыңға жуық адам жұмыс істейді. Соңғы төрт жылда әр гектардан орта есеппен 17 центнерден өнім алдық. Өндірген өніміміздің 60 пайызын өңдейміз. Холдингте төрт диірмен кешені жұмыс істейді. Жалпы, біз Қазақстанда өндірілген өнімнің 6 пайызын өндіреміз. Бұл өнімнің 45 пайызы экспортқа шығарылады. Мал шаруашылығымен де айналысып, 8 мың бас ірі қара,
1 мың жылқы бағудамыз. Екі мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы бар. Малды асылдандыруға көп көңіл бөлеміз. Өзіміз өндірген сүт пен етті өңдейміз. 2016 жылы 6,3 миллиард теңге, 2017 жылы 7 миллиард теңге кіріс алдық. Атбасар қаласында екі кәсіпорын аштық. Қазір диірмен мен тары зауытын салып жатырмыз. Сөйтіп, әлемдік рынокта сұранысқа ие өнімдер өндіруді қолға алдық. Біз еліміздің қуатын арттыру үшін Елбасының тапсырмаларын толық орындауға міндеттіміз.

Владимир ПИНЧУК,
Көкшетау қаласындағы «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» серіктестігінің директоры:
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауы біздің мемлекеттің даму кезеңінің стратегиялық маңызды құжаты болып табылады. Биылғы Жолдаудың өзі ерекше. Бүгінгі таңда адамзат жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басты. Қазіргі заманғы технология әлемді өзгертеді. Ауқымды технологиялық алға басушылық өсудің жаңа мүмкіндігін ашады. Бұл біздің әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына жедел енуіміз үшін тарихи мүмкіндік.
Елбасы өзінің Жолдауында еліміздің 2018 жылғы дамуына бағытталған негізгі 10 басымдықты анықтады. Жаңа технологияны енгізудің көшбасшысы болатын қазақстандық индустрияға көп назар аударылған. Біздің өнеркәсіпке өндірістік үрдістерді цифрландыру және қазіргі заманғы бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өнімділігінің деңгейін көтеру қажет.
Өзім басқаратын кәсіпорын 2006 жылы құрылған. Құрылыс саласындағы он бір жылда белгілі жетістіктер бар. Біздің компания Астана мен Ақмола облысының сәулетін көркейткен нысандар салды. Мәселен, оларға «Авиценна» мен Астанадағы «Алтын Қорған» кешенін жатқызуға болады. Бүгінгі таңда компания Көкшетау қаласында құрылыс жұмысын жүргізуде. Өткен жылы «Юбилейный» шағын ауданында 90 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға бердік.
Мектепке дейінгі төрт топтық оқу және тәрбие кешенінің және облыс орталығында тоғыз қабатты 45 және 40 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы елдің азаматы ретінде алға қойған міндеттерді толық қолдаймын. Оны Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауында белгілеген төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімдеп жүзеге асырамыз. Біздің компания құрылыспен айналысқандықтан, бұл салаға қазіргі заманғы технологияны мықтап енгізу қажет деп есептеймін. Бұл еліміздің әр тұрғынын тұрғын үймен қамтамасыз ету және 2030 жылға дейін бір тұрғынға 30 шаршы метрге дейінгі көрсеткішке қол жеткізу бойынша алға қойған міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ғимараттар мен тұрғын үй кешендерінің құрылысы кезінде құрылыстың жаңа әдістері мен қазіргі заманғы технология қолданылады. Бүгінгі таңда әр қазақстандық Елбасының бізге жүктеген үлкен жауапкершілігін жете түсінеді. Мемлекет басшысы халқымыздың мықтылығына, еліміздің үлкен жетістіктерге қол жеткізетініне сенім артып отыр. Біз өз ұстанымымызды нығайтып, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашып, Ұлт Көшбасшысының үмітін ақтаймыз.

Татьяна ЗИНОВЬЕВА,
Ақмола облыстық онкология диспансері бас дәрігерінің орынбасары:
– Денсаулық сақтау мәселесі – Елбасы Жолдауында ерекше атап көрсетілген бағыттардың бірі болып саналады. Бұл құжатта айтылғандай ендігі кезекте отандық медицина асқынған науқас түрлерін емдеп, көп қаражат жұмсағанша, аурулардың алдын алу мақсатында жұмыстар атқармақшы. Бұл орайда, әлемдік озық тәжірибелерді пайдаланатын боламыз. Жастардың денсаулығын қорғауға ерекше назар аударылады. Егемен ел болғалы кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресте оң нәтижеге қол жеткізе білдік. Онкологиялық дертпен күресті де үдете түсу міндеті қойылды. Цифрлық жүйеге көшу арқылы «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу, яғни, медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру көзделуде. Білікті кадр мәселесі күн тәртібінде, осыған орай, медициналық жоғары оқу орындарында клиникалар ашу қолға алынады. Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жаңа редакциясы әзірленбекші. Жергілікті дәрігерлер бұл денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуына тың серпін деп санайды. Қазіргі таңда өңір ауруханаларында жаңа саяси құжаттың мазмұнымен танысып, жүктелген міндеттерді орындау қолға алынуда.
Медицина саласының қызметкері ретінде облысымызда азаматтардың денсаулығын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталғым келеді. Бүгінгі күні «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы арқылы онкологиялық аурудан сақтану, диагностикалау және алдын алу бойынша мамандарды оқытып жатырмыз. Медициналық мекемелердегі құрал-жабдықтардың ескісін жаңартып, қазіргі заманғы жаңасы сатып алынуда. Өткен жылдың өзінде ғана Жол картасы шеңберінде жергілікті бюджет есебінен онкология дертіне шалдыққандарды емдеу үшін 134 миллион теңге тұратын 13 заманауи техникаға қол жеткізілді. Биыл қосымша тағы 2 маммограф, видеокольскоп, ота және интенсивті терапия үшін қажетті құралдар сатып алу жоспарда бар.
Жолдауда білікті кадрларды даярлау мәселесіне зор көңіл бөлініп отыр. Ақмола облысында 1815 дәрігер бар болса, оның 962-інде біліктілік санаты бар. Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру мақсатында мамандарымыз Австрия, Франция, Дания, Италия және Финляндия тәрізді Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы клиникаларында оқу-тәжірибеден өтуде.

Елбасының Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысын облыс әкімі Мәлік Мырзалин қорытындылап, міндеттерді тұжырымдады:

Құрметті активке қатысушылар!
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Қазақстан халқының бірыңғай ұлтқа бірігуі жаңа уақытқа сәйкес келуінің және табысты реформалардың маңызды кепілі болып табылатындығын атап көрсетті. Жаңа реформаларға саяси тұрақтылық және қоғамдық келісім негізінде қол жеткізуге болады. Біздің өзіміз және бүкіл қоғам осыған бағыт ұстауға тиіспіз. Осы міндеттердің аясында ұлттық сана-сезімнің жаңғыру үдерісі жаңа көкжиектерді қамтуда. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмыс одан әрі күшейтілетін болады.
Сонымен бірге, 2018 жыл біздің еліміздің астанасының 20 жылдығы екендігін ерекше атап өтуге тиіспіз. Бұл республикалық, сонымен бірге, халықаралық деңгейдегі оқиға. Астана – ХХІ-ші ғасырда, 10 жылдың ішінде салынған жалғыз астана, ал, Қазақстан бүгінге дейін екі мың жылдықтың тоғысында жаңа астанасын салған жалғыз ел.
Астананың іргесінде орналасқан біздің облыс республикамыздың басқа аймақтары үшін үлгі-өнеге болуы керек. Біз тәуелсіз Қазақстанның астанасының осындай жоғары деңгейге дамығанына мақтаныш сезімімен және ынтымақ-бірлігімізбен Астана мерейтойын мерекелеуге белсене қатысуымыз қажет.
Жоғарыда айтылған мақсаттар мен міндеттерді ескере келе, әрқайсымыздың азаматтық парызымыз басты бағдарламалық құжаттың идеясын терең сезініп, оны облысымыздың әр тұрғынына жеткізу, сөйтіп, барлық алға қойылған міндеттерді іске асыруға лайықты үлес қосу деп білемін. Сондықтан, қазіргі кезеңде Жолдаудың негізгі қағидаларын түсіндіру және іске асыру тек қана мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл республикалық және облыстық ақпараттық топтардың мүшелерінің алдында тұрған маңызды саяси міндет болып табылады.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына, депутаттық корпусқа, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясына, «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасына, ардагерлер Кеңесіне, кәсіподақтарға, Азаматтық Альянсқа түсіндіру жұмыстарына белсене кірісу қажет.
Жолдаудың мақсаттары мен міндеттерін іске асыру жөніндегі нақты шаралар аймақтың әрбір тұрғынына жеткізілуі, ол маңызды құжат ретінде бүкіл түйсігімізбен қабылданып, шынайы қолдауға ие болуы тиіс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар