Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қарызды қайтаруға қалайсыз? - АРҚА АЖАРЫ

Қарызды қайтаруға қалайсыз?

Негізі мен ырымға сене беретін адамдардың қатарынан емеспін. Десек те, халықтың санамызда ертеден жатталып қалған «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің» деген сөзіне өзім іштей сенемін. Бала кезімізде анамыз жаңа жылда да дастарханымыз мол болсын деген тілекпен жаңа жыл қарсаңында көп ас әзірлеп, сонымен қатар, ешкімге берешек болмайын деп қарыздарынан құтылуға асығатын.

Жалпы, анам тек жаңа жылда қарызым болмасын деген ырыммен емес, ылғи да біреуден алған ақшасын тездетіп қайтаруға тырысатын. Ол кісінің осы бір жақсы әдеті біздің де бойымызда бар. Үнемі «Берешегің болғанша, алашағың болсын» деп тұрамыз.
Шынымды айтсам, біреуден қарыз алғанды ұната бермеймін. Және де соңғы уақытта біреуге қарыз бергенді де аса құптамайтын болдым. Көкшетау қаласының тұрғыны Нұрғали Садықов та (шын аты өзгертілген) осындай пікірде. Бір танысы өзінен қомақты қарыз алып, соны екі жыл өткесін әрең дегенде қайтарғаннан кейін кейіпкеріміз енді қайтіп ешкімге қарыз бермейтін болған.
–Үйімді жөндеу үшін банктен бір миллион теңге несие алып жатқан едім. Мектепте бірге оқыған сыныптас досымды кездестіріп қалдым. Ол да банкке несие алуға келіпті. Алайда, қарыздары болғаннан кейін банк оған несие беруден бас тартқанын, ақшадан қатты қысылып жүргенін айтқан танысым сол арада несиеге алған бір миллион теңгемнің жартысын беруімді өтінді. «Ренжітпеймін, екі-үш айдың ішінде қайтарамын» дегесін, не керек жалбарынып сұраған ақшасын бердім. Екеуіміз нотариуске барып, оның ақша алғанын, менің ақша бергенімді заңды түрде рәсімдеп алдық. Келісілген үш ай уақыт зымырап өте шықты. Сыныптас досым да жоқ, ақша да жоқ. Ішімнен жағдайы келмей жатқан шығар деп ойлап, тағы біраз уақыт күте тұрайын деп шештім. Сонымен арада тура бір жыл өтті. Әлгі танысым не қарасын да көрсетпеді, тіпті қарызды кешіктірген себебін түсіндіріп, телефон арқылы да хабарласпады, – деген Нұрғали бір жарым жыл өткеннен кейін сыныптасын кездейсоқ көшеде кездестіреді.
Екеуі сол арада сөзге келіп қалып, әлгі танысы аспаннан түскендей кейіп танытып, оған көк тиын да бермейтінін, ешкімге қарыз еместігін жеткізген екен. Алайда, жалған сөзбен жанын баққан танысы Нұрғалидың қолында нотариалды түрде рәсімделген құжат барын ұмытып кеткен еді. Сол күні сыныптас досының ақшаны бейбіт жолмен қайтармайтынын түсінген кейіпкеріміз онымен бет жыртысып жатпай, бірден қолындағы келісімшартпен сотқа барып, абырой болғанда қарызға берген барлық ақшасын соңғы тиынына дейін қайтарып алды.
–Біреуге жасаған жақсылығым өзіме зиянын тигізеді деп ешқашан ойламаған едім. Осы оқиғадан кейін «қарыз» деген сөзді жек көремін. Ақшадан қысылып тұрғанда көмек қолын созып, қарызға ақша берген адамдарды соңдарынан жүгіртіп қою адамгершілікке жатпайтын әрекет. Қарыз алған екенсіз, оны қайтаруға асығыңыз, – деп Нұрғали Садықов бізбен әңгімесінде көпшілікке осындай тілегін жеткізді.
Қарыз алғаннан кейін оны уақытылы қайтарған дұрыс қой әрине. Біздің осы бір мақаламызға арқау болған Нұрғалидың танысы ғана емес, мына қоғамда өзгелерді сан соқтырып, нәпақасын тартып алған қаншама борышкерлер бар. Ақшаның құны адамгершілік пен ар-ождан, ұяттан ешқашан аса алмайтынын естен шығармайықшы. Ал, сіз қарызды қайтаруға қалайсыз?

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар