Қоғамның қазынасы – қариялар

Қазақ халқы «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп ардагерін ерекше сый-құрметке бөлеп, ардақ тұтқан халық. Қариялар Елбасының сарабдал саясатын қолдаушы, қозғаушы күші бола білуде. Мәселен, біздің ауданда 4 мыңнан астам зейнеткерлер бар. 45 бастауыш ардагерлер ұйымы осыншама адамдарды біріктіріп отыр.

Ауданда 1983 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің кеңесі құрылды. Оның алғашқы төрағасы Ұлы Отан соғысының ардагері – Алексей Дроздов. Екі жылдан кейін ұйымды сол кездегі аудандық әскери комисариаттың басшысы, полковник Саябек Шәріпов басқарды. 1986 жылы төраға тағы ауысып, басшылық тізгінді Николай Гугучкин өз қолына алды. 1987 жылы жұмыс ауқымы кеңейіп, кеңестің де атауы өзгерді. Енді ол аудандық Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің кеңесі болып аталды. 1989 жылы төрағалық қызметке бекітілген Георгий Шмидт аудандық кеңесті табан аудармастан сегіз жыл басқарып келді. Аудандағы іргелі Урюпинский ауылының гүлденуіне ат салысқан, беделі биік азамат еді. Бұдан басқа И.Литвинов, А.Дроздов, С.Шәріпова, Н.Гугучкин, Г.Шмидт аудандық ардагерлер кеңесінің қалыптасуына көп еңбек сіңірді.
Жасырары жоқ жастар қандай да бір өнегелі істі бастаса, соның басы-қасында ардагерлер жүреді. Біле білгенге, қариялар қазына ғой. Жас ұрпаққа жол көрсетер, жөн айтып ақыл қосар ардагерлер емес пе. Аудандық кеңес өз жұмысын бастаған сәттен-ақ, ардагерлердің мүддесін қорғау, ел тарихында ерен еңбегімен еленген жандардың есімдерін жаңғырту, өнегелі істерін жас ұрпақ бойына сіңіру, бір сөзбен айтқанда ұрпақ тәрбиесіне де барынша атсалысу мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Мәселен, 1993 жылы аудандық кеңестің бастамасымен «Біздің батырларымыз – аудан даңқы» атты фотоальбом жарыққа шықты. Онда Кеңес Одағының Батырлары Виктор Булавский, Петр Исаков, Гавриил Кирдищев және Сағадат Нұрмағамбетов, сонымен қатар, Социалистік Еңбек Ері атағына ие атақты тракторшы Каролина Егель, бұзау бағушы Анастасия Власова мен механизатор Айтпай Құсайыновтар туралы фотошежіре өскелең ұрпаққа ұлағат. Ақкөл ауданында елеулі еңбек ардагерлері баршылық. Осындай өнегелі жандардың ғұмыр жолын жастарға үлгі ету мақсатында ауданда көптеген игі шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады. Ондағы мақсат адамгершілікпен астасқан ізгі қасиеттерді, баға жетпес ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ санасына сіңіре алсақ, біз үшін одан артық жеңіс болмас еді.
Еліміздің қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетіп, дүниежүзіне танымал, стратегиялық тұрғыдан сенімді әріптес, байсалды да сергек мемлекет болуына ардагерлердің сіңірген еңбегі зор. Әріге бармай-ақ бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалау жолында мыңдаған ардагерлеріміз Елбасына көмекші бола білгенін айта кеткеніміз жөн. Қоғамның барлық саласында еңбек еткен ардагерлер өздерінің бай тәжірибесін, білімі мен білігін ел тәуелсіздігінің қалыптасуына жұмсады. Өмірлік тәжірибесі мол, ақылман ақсақалдар басқарып отырған ардагерлер ұйымдарындағы атқарылып жатқан
іс-шаралар өзінің өміршеңдігімен ерекшеленеді.

Айжан МАНАНБАЕВА,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы, Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар