Тайбай ауылындағы «Бүркіт» әскери-патриоттық клубы Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығы қарсаңында ашылған болатын. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов қатысып, жаңа клубтың жұмыс жоспарына оң бағасын берді.
Жергілікті орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жамбыл Жаншуақов жетекшілік ететін клуб белсенді қызметімен көзге түсуде. Клуб мүшелері салтанатты түрде ант қабылдап, арнайы куәліктерге ие болды. Сондай-ақ, олар мемлекетіміздің «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары негізінде жеке жоспарлары бойынша жұмыс істейді. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Олар оқуда үздік атану, қоғамдық шараларда белсенділік таныту арқылы ел мүддесі үшін қызмет етудің үлгісін көрсетуге тырысуда.
Мектепте патриоттық клуб мүшелерінің қатысуымен Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің, қуғын-сүргін құрбандарының суреттері мен құнды жәдігерлері, естелік лебіздері жинақталған музей ашылған. Музей қонақтары оқушылар қолымен жасалған түрлі макеттерге де қызығушылық танытуда.
Гүлдана ҚАНАПИЯНОВА.
Ерейментау ауданы.