Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елін сүйген абзал ағамыз еді - АРҚА АЖАРЫ

Елін сүйген абзал ағамыз еді

Мен осы сөзді, осы бағаны күні кеше ғана арамызда жүрген Көкше елі үшін тұғыры биік тұлға, аяулы ардағымыздың бірі Бүркітбай Мәсіпұлы Батырхановқа арнап отырмын. Елі мен халқына қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп, өз өмірін жақсылыққа, үлгі-өнегеге бөлеп өткен осы бір асыл ағамыздың да фәни дүниеден бақи дүниеге көшіп, арамыздан ұзағанына бір жылдың жүзі болып қалыпты.

Өз заманының қайтпас қайсар нарын алдымен біз, тұстастары еске алмағанымыз дұрыс болмас деген ниетпен қолға қалам алып отырған жайым бар. Осылай істеуге, осылай бір өткен күнді жаңғыртып, жылдар қойнауына бойлауға Бүркітбай Мәсіпұлы қашанда лайық еді. Бүгін де, келешекте де өзінің сол аласармас биігінде қала бермекші, қашан біз қатарластары, қан майдандағы қаруластары тірі тұрғанша, жүрегімізде бірге өмір сүре бермекші.
Бір адамға тоқсан үш жыл ғұмыр кешу осыншама жыл жер басып, қиындықта да, жақсы күндерде де өзін тек жағымды қырынан көрсете білу оңай емес. Ол үшін адам баласына асып-таспайтын мінез, жақсылыққа ұмтылған ой-өре, елін, жерін шексіз сүйген қадір-қасиет және сол елі үшін бәріне де төзе білетін қайсар мінез керек. Міне, осының бәрі біздің Бүркітбай Мәсіпұлы ақсақалда бар еді және ондай кие молынан болатын.
Екеуіміз де партия қызметінде бірге, қатарлас жүргендіктен, бір-бірімізді бір кісідей білуші едік. Өзім де майданда болған, екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр қасіретін бастан кешкен адам ретінде әсіресе, Бүркітбай Мәсіпұлының нақ осы Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткендердің бірі болғандығына аса құрметпен қарайтынмын. Оның әсіресе, 1942 жылы Орлов жаяу әскер училищесін бітіріп, Курск майданындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысқанын, К.Ворошилов атындағы Одесса әскери училищесінде тағы бір мәрте білімін жетілдіріп, Батыс Украинаны, Польшаны, Чехославакияны жаудан азат еткенін жақсы білетін мен осы ұрыстар барысында үш рет жараланғанына, сонда да жанкештілікпен Жеңісті майданда қарсы алғанына қайран қалатынмын.
Бұл – бір адам, бір тірі пенде үшін аз жүк, аз өмір сабағы мен өмір сыны деп кім айтар. Сөйткен Бүркітбай ағамыз кеудесі орден-медальға толы қалпында әскер қатарынан 1947 жылға таман кеш босатылады. Сонда ойлайсың, қылшылдаған жас жігіттің қаншама қызық көрер, өмірдің дәурені мен жақсылығына бөленер жылдары от пен оқтың ортасында, одан кейін де оңай соқпаған әскер қатарында өткен екен-ау деп.
Асыл азамат осы бір ауыр, ұзақ сапардан туған жерге оралғасын да бұған дейінгі офицерлік қайратын, шалымды іс-қимылын өзіне сеніп тапсырылған комсомол, партия қызметтерінде де бар қырынан жарқырата көрсете білді. Оған өз басым да куәмін. Сұрапыл соғыс жылдары да, бейбіт өмірде де елі үшін шыбын жандарын аянбаған біздің буынның өзге ардақтылары да бұл жағынан терең хабардар. Олар өздері қоян-қолтық араласқан, партия, шаруашылық-кеңес қызметтерінде бірге істеген Бүркітбай Мәсіпұлының өнегелі еңбек жолын өз көздерімен көрген жандар, содан үлгі алып, осы ағадай болуға ұмтылған азаматтар.
Саяси ерік-жігері мықты Бүкең екі жылдық Алматы партия мектебін бітіргеннен кейін облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарып, одан кейін Қызылту аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Бұл 1953 жыл еді. Ал, келесі 1954 жылы тыңға ұлы жорық басталғаны, жері ұшы-қиырсыз Қызылту ауданы болса, сол тыңның нағыз орталықтарының бірі болғандығы өткен тарихымыздан белгілі. Бүркітбай Мәсіпұлы жапан далаға жан бітіру жолындағы жанкешті істерге үлкен дем беріп, осы ұлан-асыр істің ең алғы шебінен көрінді. Ондаған жаңа шаруашылықтардың құрылуына басшылық етті. Сөйтіп, 1957 жылға дейін осы жауапты қызметте өзіне көрсетілген сенімді толық ақтап, Көкшетау облыстық партия комитетіне жалпы бөлімнің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл қызметті табаны күректей жиырма жыл атқаруы да қадірлі Бүркітбай Мәсіпұлының партиялық тәртіпті терең білгендігін, әркез сенімнен шығып, өз ісінде ыждаһаттылық танытып отырғандығын, елмен бірге өсіп, бірге көркейгендігін көрсетсе керек.
Қадірлі замандасым туралы ойланып-толғанғанда менің есіме әуелі бұл кісінің осындай табандылығы, көпке үлгі болып қалған өзіндік асыл қырлары түседі. Мен аудандағы басшылық қызметтерде жүргенімде Бүркітбай ағамызбен жолым сондай көп түйісті деп айта алмаймын. Бірақ, ол кісілердің жақсы аты үнемі бізге де жетіп, обкомға келгенде кездесіп, қажет болса ақыл-кеңесін тыңдап, мейірленіп жүретініміз шындық еді. Сондай сәттерде өзімізге ақылшы болар осындай абзал азаматтардың облыстық партия комитетінде қызмет атқарып жүргеніне кәдімгідей іштей шүкіршілік ете түскеніміз де ақиқат.
Бұл кісі қызмет бабында көбіне «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген принциптің адамы еді. Әрдайым сырбаз, байыпты қалпымен кез-келген мәселені ойланып-толғанып, оның ішінде ауыры, кесектісі болса, тіпті де үлкен мән беріп шешетінінен құлағдар едік. Бертін ұзақ жылдар бойы осы жауапты қызметінде еліне елеулі еңбегін сіңіріп, құрметті демалысқа шықты. Одан көп ұзамай біз де зейнеткер ретінде ол кісінің қатарынан табылдық. Шағын Көкшетауда Ұлы Отан соғысына қатысып, сол сұрапыл жылдардың от-жалынын кешкен партия, кеңес және шаруашылық қайраткерлері тақа көп емес еді. Мен бұл арада өзіміздің ұлтымыздан шыққан азаматтарды айтып отырмын. Осы ат төбеліндей қатарымыз бір елдің үлкені атанған тұстарда берік жымдаса түсті. Бір-бірімізді қадірлеп, сыйлап, бұрынғыдан да жақсы араласатын болдық. Мен де осының арқасында Бүркітбай Мәсіпұлын жан-жақты танып, майдандағы ерлігі, жан дүниесінің кеңдігі мен еліне бір кісідей сіңірген қызметі үшін бұрынғыдан бетер қадірлеп, құрметтей түстім.
Бертін небір ақтаңдақтар ашылып, өткеннің қадірін біле түскен кезімізде Бүкеңнің де ел сыйлаған үлкен ортадан шыққандығы белгілі болды. Әкесі Мәсіп Арқаға белгілі үлкен құсбегі, саятшы болған екен. Сол аң-құстың білгірі ретіндегі аты мен даңқы қайта жаңғырып, осы күні бұл кісінің атындағы республикалық саятшылар турнирі өтіп жүргендігі де бек ғанибет. Оның бәрін ұйымдастыра білген Бүркітбай ағамыздың аяулы балалары. «Әке көрген оқ жонар» демекші, олар да Бүкеңнің өзі сияқты елінің қамын жеген, оның жақсылығы мен ізгілігінің молаюын ойлаған азаматтар болып шықты. Үш ұлы да бір-бір облыстық деңгейдегі қызметте жүріп жатыр. Соның ішінде әлі де аттан түспей келе жатқан Мұнарбегі біраз жыл Көкшетау қаласының әкімі болып, облыс орталығының одан әрі көркейіп, өсуіне өзінің лайықты үлесін қосты.
Иә, уақыт деген құдіретте тоқтау жоқ. Арамыздан Бүркітбай ағамызды алып кеткен қаралы күн де алыстамаса, енді жақындамақ емес. Бірақ, сол алып-ұшқан уақыттың өзі жанымызға жақын, жақсы адамдардың дидарын, олардың еліне сіңірген еңбегі мен жүрегімізде қалған жарқын бейнесін ешбір көмескілендіре алмайды. Бүркітбай Мәсіпұлы Батырханов ағамыз да біздер, қатарластары үшін сондай қымбат, қимас жандардың бірі. Мені бүгін толғандырып, қолыма қалам алғызып отырған да осы жәйт. Туған Көкшесі, ел-жұрты мұндай тектілерін ұмытпайтынына кәміл сенемін.
Асылбек ДӘУЛЕТОВ,
Ұлы Отан соғысының және партия,
кеңес қызметтерінің ардагері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар