Көкшетау қаласы жедел дамып, көркейіп келеді

Жергілікті жерлердегі барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері шеңберінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың «Көкшетау қаласының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылдың міндеттері туралы» тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті. Кездесуге облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысып, қорытынды сөз сөйледі. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысқан жиында қала әкімінің жұмысына оң баға беріліп, бірқатар ұсыныс-тілектер айтылды.

Елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі игі дәстүрге айналды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жуырда әкімдер есебін тыңдаудың жаңа тәртібі де енгізілді. Осының өзі мемлекеттің аумақтарды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлетінін, сондай-ақ, тұрғындар тарапынан атқарушы билік қызметіне мүдделестік пен сенімнің қалыптасқандығын көрсетеді.
Бүгін астаналық облыс орталығы – Көкшетау қаласы тұрғындарының тіршілігінде ерекше желпініс байқалады. Өйткені, шаһар басшысымен жүзбе-жүз тілдесу, толғанысты пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жолдау, оның жылдық есебіне баға беру мүмкіндігінің астарында екі жақты жауапкершілік жатқанын жұртшылық жақсы түсінеді. Осыдан болса керек, сәулетті «Достар» мәдениет сарайына жиналғандар қатары қалың еді. Қала басшылығы да бұл алаңды айшықты безендіру, жетістіктер стенділерін жарқырату, жергілікті өнімдер көрмесін ұйымдастыру, «еркін микрофон» ұйымдастыру арқылы ашық диалогтың мазмұнын арттыруға дайын екендігін білдіргендей.
Қаланың тіршілігі тұрғындардың көз алдында. Олар кешегінің өзгерістері бүгінгінің бағасы бола алмайтындығын жақсы біледі. Көкшетаулықтар жарқын бетбұрыстардың куәсі ғана емес, аталған игіліктерді өз қолымен жасаушылар. Баршаның бойында Елбасының «Мен астаналық облыстың тұрғынымын» деген мәртебелі бағасы қуат күші ретінде тасқындайды. Жерлестеріміздің бұлай деп марқаятын да жөні бар. Бұл күш мемлекеттік саясаттың сарабдалдығынан, қоғам мүшелеріне жасалып отырған кешенді қамқорлықтан, берекелі белсенділіктен көрініс беруде.
Қала әкімі Ермек Маржықпаев жылдың елеулі оқиғаларына тоқтала келіп, Мемлекет басшысының жуырдағы Жолда-
уынан туындайтын міндеттер ауқымында атқарылатын жұмыстар жоспарын ортаға салды. Оның мәлімдеуінше, өткен жылдың қорытындылары алдағы ауқымды істерге сенімді негіз бола алады. Экономиканың нақты секторы серпінділікпен дамуда. Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 101,8 миллиард теңгенің өнімін шығарыпты. Яғни, жоспар асыра орындалған. Уақыт талабына сай ұмтылыстар да көңіл тоқтатады. Өңірлік Индустрияландыру картасына Көкшетау қаласы бойынша жалпы құны 20,2 миллиард теңгенің 17 жобасы енгізілген. Бұл 1257 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұған қосымша, картадан тыс әлеуметтік 10 жоба қолға алынған. Бұл инвестициялық климаттың жақсарғанынан дерек береді.
Инвестиция демекші, негізгі капиталға құйылған қаржы 32,3 миллиард теңгеге жетіп, 2016 жылғы деңгейден 2,1 миллиард теңгеге асып түскені жақсы көрсеткіштер қатарында бағаланды. Қайтарым осындайдан молаяды. Мәселен, шағын бизнес саласынан ғана бюджетке 11,7 миллиард теңге қаржы (былтырғыдан 17,1%) түсіп отыр.
Қала басшысы «Елбасы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырып, қайта өңдеу тауарларының экспорттық бағыт ұстануына айрықша назар аударды» деді. Сала өкілдері міндет үдесінен шыға білуде. Былтыр мұнда 4,5 миллиард теңгенің тауары шығарылып, сәйкес мерзіммен салыстырғанда 1,1 миллиард теңгелік өсімді қамтамасыз етті. Бұл екпін күшейе түседі деген сенім бар.
Көкшетау соңғы жылдары шын мәніндегі құрылыс алаңына айналғаны баршаның көңілінен шығуда. Қала әкімі мұндағы істі 15,5 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, 158,8 мың шаршы метр пәтердің пайдалануға берілуімен сипаттады. Бюджет қаражатымен салынып жатқан 17 үйдің 12-сі 2018 жылы пайдалануға беріледі. Биылғы жылы тағы да 15 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл кезек санын елеулі түрде қысқартатыны сөзсіз.
Қалалықтар көп жыл күткен «Неке сарайының» сән-салтанатына құтты болсын айтты. Жаңа сипаттағы мәдени-әлеуметтік нысандар қатары өсе түспек. Олардың қатарында қаланың оңтүстік-шығысындағы мәдениет және демалыс паркі, жаңа шіркеу және басқа нысандар бар. Застанционный кентінде жылу магистралінің қайта құрылысы жүргізіліп, Әуезов көшесінің бойындағы 108 пәтерлік жаңа үйдің инженерлік жүйесі салынып, абаттандыру жұмыстары атқарылды. Васильковка шағын ауданындағы 94 және 28 гектарлық, сондай-ақ, Қылшақты көлінің маңындағы 72 гектарлық аумақтағы алаңдарда құрылыс жүргізудің түбегейлі жоспар-жобасы жасалынды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында адами капитал сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлген болатын. Оның ішінде балабақша мәселесін шешу айтылған. Шындығында, бұл мәселе Көкшетау қаласында да өзекті болып отырған жайы бар. Дегенмен, қала әкімі атап өткендей, облыс орталығында үш және алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 93 пайызды құрап отыр.

– Осы бағытта бала бақшаларда қосымша 331 орын пайдалануға берілді. Оның ішінде «Мирас» бала бақшасы жұмысқа қосылса, жекеменшік «Мир знаний», «Айгөлек» және «Балапан» бала бақшалары кеңейтілді. Бұған қоса, Боровской шағын ауданында 280 орындық бала бақшаның құрылысы жүргізілуде. Дәл осындай 280 орындық бала бақшаны Юбилейный шағын ауданында салу көзделіп отыр. Ал, сөйлеу қабілетінде кемістігі бар балаларға арналған жаңа бала бақшаның құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде,–деп атап өтті қала әкімі.
Сонымен қатар, қалада жалпы, білім беретін мектептердегі жүктеме мәселесі де біртіндеп шешілуде. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде ұлттық қордың қаржысы есебінен құны 1,4 миллиард теңгелік 2 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, №18 орта мектеп жанынан 420 орындық қосымша ғимарат салу, жаңа үлгідегі 900 орындық мектептің құрылыстары аяқталды. Ал, Краснояр кентінде оқу тәрбие кешенінің құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысандардың барлығы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, №13, №1 және №4 орта мектептерге қосымша ғимараттар салу жоспарланған.
Өңірдің əлеуметтік-экономикалық саласында көп ілгерілеудің бар екенін аңғаруға болады. Мұны есеп беру барысында үлкен экраннан көрсетілген толымды сандар мен дəйектемелер дəлелдей түседі. Әкім есебінде дамудың қарқынды қадамдары мен алдағы міндеттер ғана айтылып қоймай, мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мəселелері де талқыланды.
Қазақстандықтардың Отанды, туған жер мен салт-дәстүрді және мәдениетін сүюге тәрбиелеп, патриоттық сезімдерін оятуға бағытталған бағдарлама шеңберінде Көкшетау қаласында құны 647,8 миллион теңге болатын тоғыз жоба жүзеге асырылып жатқандығы жүрекке жылылық ұялатады.
Өткен жылы 1153 көкшетаулық нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысты. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 1644 адам жұмысқа орналастырылып, жоспарлық көрсеткіш 182,7 пайызды құрады. Экономиканың барлық салаларында 1964 жұмыс орны ашылды. Елімізде 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше мән беріліп отырғаны белгілі. Осыған орай, Көкшетау қаласында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда автокөлік құралдарының иелеріне бір терезе қағидасы бойынша қызметтер көрсетіле бастады.
Қала әкімінің баяндамасында айтылғанындай, осыған дейінгі кездесулерде жұмыссыздықты жою, зейнетақыны көбейту секілді сұрақтар көтерілсе, биылғы жылы көкшетаулықтардың өмір сапасын арттыруға қатысты мәселелер басым болды. Осыған орай, өткен жылы облыстың көмегінің арқасында Васильковский, Центральный және Юбилейный шағын аудандарындағы 60 аулада жөндеу жұмыстары қолға алынғаны айтылды. Аулаларда 22 ойын алаңы, 13 спорт алаңы және Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен 4 дала жаттығуы (воркаут) алаңы ашылды.
–Елбасы Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру жөнінде міндеттер қойылған болатын. Бұл міндеттер біздің қаламызда да жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы орталық көшелердің жүктемесін азайту мақсатында Тәшенов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келер жылы Ғабдуллин көшесі қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмыстары тек қана орталық көшелерде ғана жүргізіліп жатқан жоқ. Соның ішінде Бірлік шағын ауданында, Станционный және Краснояр кенттерінде де қолға алынуда. Жалпы, 58 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді,– деді қала әкімі.
Әкім атап өткеніндей, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін арттыру бағытында жүзеге асырылған жобалар да, атқарылар шаруалар да баршылық. Өйткені, ондаған жылдар бойы қордаланып қалған мəселелерді аз уақыттың ішінде шешу мүмкін емес. Мəселен, соңғы үш жылдың ішінде көпқабатты тұрғын үйлердегі 58 лифті жөнделді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасатын болып отыр.
Сонымен қатар, қаланың сыртқы келбетіне де зор мән беріліп келеді. Әсіресе, халық көп жиналатын «Даңқ аллеясы», Тәуелсіздік алаңы, Ауған соғысына қатысушылар аллеясы, қалалық саябақ және Қопа көлінің жағасындағы жағажайды абаттандыру мәселесі ұдайы назарда. Бір айта кетерлігі, өткен жылы «Жастар» және «Теміржолшылар» аллеясы ашылып, қалалықтардың таза ауа аясында демалатын сүйікті орнына айналды.
Қаланың рухани өмірінде де игі істер баршылық. Оның ішінде тарихи және сәулет ескерткіштері жөнделу үстінде. Биылғы жылы 17 ойын және 7 спорт алаңына қондырғылар орнату үшін 120 миллион теңге қаржы бөлу қарастырылған. Облыстық бюджет есебінен бөлінген 564 миллион теңге қаржыға Абай, Тәшенов, Әуезов, Пушкин көшелері мен Юбилейный шағын аудандарындағы үйлердің аулалары және осыған қосымша тағы 15 тұрғын үйдің аулаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ғабдуллин көшесінің бойында Қылшақты өзені арқылы өтетін, Набержная көшесі мен МПС, сондай-ақ, Чайкино ауылындағы көпірлерге, Абай және Уәлиханов көшелері аралығындағы Бейбітшілік көшесінің бойында, Көкшетау-Зеренді бағытындағы Уәлиханов көшесі Жайлау шағын ауданына дейін, Кенесары және Янко көшелері аралығындағы Наурызбай көшесінің бойында жөндеу жұмыстары басталды.
Қала әкімі өз баяндамасының басында бүгінге дейін қала тұрғындарымен шағын аудандар мен кенттерде 9 есептік кездесу өткізілгендігін, оларда халықтың тарапынан 108 сауал қойылғандығын, ең маңызды деген 17 мәселенің 15-і қарастырылып, қалған екеуі де бақылауға алынып отырғанын атап көрсеткен еді.
Осы жолғы қорытынды есеп беру кездесуінде де тұрғындар тарапынан облыс және қала әкімдеріне Көкшетау қаласының кейінгі жылдары айрықша екпінмен дамып, көркейіп келе жатқандығына зор ризашылық білдірілуімен қатар, бірсыпыра ұсыныс-тілектер айтылды.
Бұл орайда, Ермек Маржықпаев қала тұрғындарының құрылыс, жер бөлу, абаттандыруға және өзге де мәселелерге қатысты барлық сауалдары апта басынан бері Call орталығына түсіп жатқанын, оның жауабы бұқаралық ақпарат құралдары мен қалалық әкімдіктің сайтында жарияланатынын ескертті. Қала тұрғындарының бірі қалаішілік қоғамдық автобустардың қашан жаңартылатынын сұрады. Қала әкімі өз сөзінде бірінші жарты жылдықта автобус паркі елу шақты газбен жүретін автобуспен толығатынын айтып өтті. Еңбек ардагері Хабиболла Ғазизов та Көкшетау қаласының келбеті айтарлықтай жақсарғанын атап көрсете келе, Қопа көлін тазалау мәселесіне тоқталды. Ермек Маржықпаев өз жауабында бұл маңдағы көлді ластайтын жер үйлер біртіндеп алынып, орнына көп қабатты сәулетті үйлер салынып жатқанын, сондай-ақ, өткен күзде көлді тазалауға септігі тиетін балықтардың жіберілгенін айтты. Ел ағасы Болат Жанәділов та өз сөзінде қалада атқарылып жатқан игілікті істер көп екенін, шаһарымыз көркейіп ажарланып, қанатын кеңге жайып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге, көкшетаулықтарды көп жылдан бері толғандырып келе жатқан ауыз су мәселесін көтерді. Қала әкімі өз сөзінде су тазарту станциясының құрылысы сонау 2011 жылы басталып, тоқталып қалғанын, қазір технологиясы мен қондырғысы ескірген сақалды құрылысты жалғастыруға инвестор қарастырылып жатқанын жеткізді.
– Осы жылдарда қалаға аса қажет болып отырған жылу электр станциясын салуға жиырма шақты компания ниеттенген. Қазір олардың төртеуі тиісті құжаттарын әзірлеуде. Солардың ішінен біреуі таңдалып алынуы мүмкін. ТЭЦ салу біраз жылға созылады. Сондықтан, бұған дейінгі «РК-2» бу қазандығының үш қазандығына тағы бір жаңа қазандық қоспақпыз. Сөйтіп, жылу беру мәселесін осылай шеше тұрамыз,– деді қала әкімі осы тұрғыдағы сауалға.
Келесі қойылған сауалдарға орай, қалалық бақты көркейту, аквапарк салу мәселесі бизнес арқылы шешілетіні айтылды. Сондай-ақ, жиында тұрғындар тарапынан мемлекеттік тілді дамыту, жер үйлерді көмірмен қамтамасыз ету, көшелерді жөндеп, жарықтандыру, Оқушылар сарайын салу, «Оқжетпес» клубына қатысты мәселелер көтерілді.
Есеп беру кездесуін қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласына 2016 жылы облыстық бюджеттен 9 миллиард теңге, 2017 жылы 13 миллиард теңге, ал, биыл 15 миллиард теңге қаржы бөлінгенін айтып өтті. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп, қаланың дамытылуына қолайлы жағдай туғызылуда.
– Өткен жылдың қорытындысында Көкшетау қаласы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері бойынша облыста төртінші орыннан көрінді. Биылғы жұмыстар Елбасының Жолдауында белгіленген міндеттерді шешу өлшемдері арқылы бағаланатын болады. Есепті кезеңде өнеркәсіп саласы біршама жақсы дамығанымен, қалалық әкімдік биыл «Вектор», «Көкшетау минералды сулары», «Асыл арман», «Молоко Синегорье» серіктестіктерінің толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз етулері қажет. Қалада ұн өндіру, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары өз қуаттарын тиісінше 51 пайыз, 43 пайыз және 21 пайыз көлемінде ғана пайдаланды. Бұл жұмысты жүйелі түрде қолға алу қажет. Осының бәрі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Қалада қазіргі заманғы ірі сауда нысандарын салу керек. Көкшетауда кітап сатып алатын дұрыс дүкен мен жастар үшін тез тамақтанатын қоғамдық асханалар да жоқ. Сондай-ақ, қалада арнайы дүкендер ашып, сол арқылы азық-түлік тағамдарының бағасы көтерілуіне жол бермеу керек. Қаншама бала кезекте тұрғанына қарамастан, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында бала бақшалар салу жұмысы сылбыр жүргізілуде. Бұл орайда, Краснояр селосында ғана осындай жолмен салынған жалғыз бала бақша бар. Өткен жылы Көкшетау қаласында барлығы 1068 пәтер пайдалануға берілді. Соның ішінде кезекте тұрғандар алғаш рет 154 пәтер алды. Биыл жалға берілетін пәтерлер санын өткен жылдағыдан 3 есеге, несиеге берілетін пәтерлер санын екі есеге көбейтпекпіз. Бұған қоса, кезек бойынша 320 пәтер пайдалануға беріледі. Жекеменшік тұрғын үй салуға да жер телімдерін бөлу мәселесі қарастырылады. Былтыр облыста жоспардан тыс 2 миллиард теңге салық жиналса, биыл бюджет қоржынына қосымша 4 миллиард теңге қаржы түсіру көзделіп отыр. Бұл әрине, Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді,–деді өз сөзінде облыс әкімі. Кездесуде Көкшетау қаласы әкімінің өткен жылғы атқарған жұмысы жақсы бағаланып, жаңа жылда да осылай боларына сенім білдірілді.

Бақберген АМАЛБЕК,
Рамазан ТІЛЕУОВ,
Аслан ОСПАНОВ,
Берік ЕСКЕНОВ (фото),
арнаулы тілшілеріміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар