Индустрияландыру кезеңіндегі технологиялық серпін

Қазақстан қоғамы өз дамуының жаңа кезеңін бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 10 қаңтар күні «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты бағдарламалық Жолдауын жариялады. Осыған байланысты жылдың басты құжатымен танысу барысында, ұжым мүшелері алға қойылған 10 міндеттің маңыздылығын тілге тиек етумен бірге, алдымызға зор жауапкершілік қойылғанын атап көрсетті.

Бүкіл әлем өнеркәсіптік революция дәуірін және терең әрі қарқынды өзгерістер кезеңін бастады. Біздің еліміз де бұған мұқият дайындық жасап, мүмкін болған қауіп-қатерлер мен сын сағаттарды еңсере білуі керек. Бұған біздің кәсіпорынның мүмкіндіктері мен өндірістік әлеуеті жеткілікті деп санаймын. «Тыныс» акционерлік қоғамы заманалық құрылым – «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына енеді және еліміздің жетекші машина құрылысы кәсіпорындарының бірі саналады. Негізгі бизнес әріптестеріміздің қатарында Ресей Федерациясы мен Белоруссияның жетекші авиа құрылыс және авиа жөндеу кәсіпорындары бар. Біздің өнімдеріміздің 40 пайызы экспортқа шығарылады. Елбасының биылғы Жолдауындағы экономикалық үрдісті қуаттандыру жөніндегі тапсырмасы «Тыныс» акционерлік қоғамының бәсекеге қабілеттік әлеуетін күшейтуге, тұтыну нарығын кеңейтуге бағыттайды. Біздің қадамдарымыз да осы талаптармен қанаттас болмақ.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Сонымен қатар, индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс» деген тұжырымға ерекше мән беріп отыр. Бұл сөздер қазіргі қатаң бәсекелестік ортадағы біз үшін де өте маңызды қағида. Осыған байланысты кәсіпорында Қазақстанның сандық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, өндірісті жаңғырту мен цифрлық технологияға көшу үрдісі бас-талып кетті. Тәжірибе көрсеткеніндей, индустрияландырудың сандық технологиясы жұмысымыздың базалық ұстанымдарын өзгертеді және бұрын қолмен атқарылған көптеген операцияларды автоматтандырады. Ең бастысы, қолайлы сандық ортаны қалыптастыру адам ресурсын басқару мен бәсекелестік қабілетін нығайтудың басты шарты болмақ. Қазіргі таңда кәсіпорын «Сандық зауыт» жобасын жүзеге асыруға кірісті және бұл жұмыспен айналысу таңдаулы әрі білікті мамандарға жүктелген.
Мемлекет басшысы-Ұлт Көшбасшысының «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасымен өзектес Жолдауы отандық индустрияның халықаралық интеграциялық үрдістегі қадамына екпін қосады. Бұл орайда, ел ауқымында белсенді жұмыстар атқарылып жатқанын айтқым келеді. Халықаралық ІІ Бизнес-форум аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы мен «Krantas Group» ашық акционерлік қоғамы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта белгіленген келісімдер бойынша қос кәсіпорын өнеркәсіп пен құрылыс секторының әртүрлі салалары үшін арнайы техникалар өндірісін ұйымдастыруды қолға алды. Атап айтқанда, 16-дан 100 тоннаға дейін жүк көтеретін автокрандар, құрылыс алаңдарының крандарын, жүкті өздігінен түсіретін көліктер, мұнай өнімдерін тасымалдайтын автоцистерналар шығару ниетіндеміз. Қазіргі күні «Тыныс» АҚ өндірістік алаңдарында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көп арналы жұмыстың бір парасы ғана.
Елбасы Жолдауының алтыншы міндеті қаржы секторының жүктемесін жеңілдетуге арналғаны көңілден шығады. Мұндағы экономиканың нақты тиімділігіне негізделген бизнесті ұзақ мерзімді несиелендіру өндірісті дамытуға және жаңа жобаларды енгізуге қолайлы мүмкіндік туғызады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, жастарды жаңа технологиялық үрдістерге бейімдеуге, білім берудің өзіндік озық жүйесін қалыптастыруға айрықша назар аудару қажеттігін атап көрсетті. «Тыныс» АҚ мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті біздің акционерлік қоғам өндірісінде «Инженерлік технология және көлік» кафедрасын құру жөніндегі өзара ынтымақтастық мәмілесіне қол қойды. Бұл шара жоғары білікті кадрлардың жаңа легін даярлауға, оқу процесінің тәжірибелік нұсқасын күшейтуге, бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізуге және оның нәтижелерін өндірісте қолдануға мүмкіндік береді.
Жалпы, Жолдауда көтерілген өзекті мәселелер Қазақстан қоғамының жаңа әлемге – Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне оңтайлы бейімделуіне және бұл кеңістікте еркін қозғалуына зор мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз дегім келеді.
Қайрат ҚАЛМАНБАЕВ,
«Тыныс» акционерлік қоғамының бас директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар