Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мерей еңбекпен өседі - АРҚА АЖАРЫ

Мерей еңбекпен өседі

Қазақ халқының ұстазға деген құрметі ерекше болған. Ертеректе үлкеннің балаға берген батасы: «Рахмет қарағым, мұғалім бол!» деген қасиетті сөздермен басталатын. Көшеде келе жатқан жастар ұстаздарын байқап қалса алдымен барып сәлем беретін, көлік ішінде кездессе, бірден орындарын ұсынатын. Әрине, уақыт өте көзқарас та, талғам да өзгереді. Бірақ, жақсы адамдардың дені балалық шақтарында көңілдерін тапқан, өмірге, білімге деген құштарлықтарын оятқан мұғалімдерге деген құрметтерін әсте естен шығарған емес және ұмытпайды да.

Орыстың ғұлама жазушысы Лев Николаевич Толстой: «Өзіңді қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, орынсыз қаталдықтан іс өнбейді» деген екен. Бұл шын мәнінде адамзаттың ең ауыр мамандығын таңдап алған жандарға арналған ұлағатты сөз бе деп ойлаймын.
Мектеп табалдырығын жеті жастан аттаған баланы алтын ұядан ұшыратын ұзақ мезгілге дейін жеткізу – ұстаздан шын мәнінде табандылықты әрі үлкен ұстамдылықты талап етеді. Біз білетін Айсұлу Биғожақызы Сәрсенбаева сондай жан. Бүгіндері ол кісі 60-тың мерей шағына көтеріліп отыр. Ұстаздық мамандықты таңдаған Айсұлудың қазақ әйеліне ғана тән жайдары мінезіне, өмірде атқарған жұмыстарына қарап, таңырқайсың әрі сүйсінесің.
1979 жылы Сандықтау ауданының Амангелді орта мектебінде мұғалімдік қызметін бастаған А.Сәрсенбаева бүгіндері Целиноград ауданының Қосшы орта мектебінде еңбек ету үстінде. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ұзақ жылдар бойы аталмыш мектептің білікті басшысы, яғни, директоры бола білді.
Астанаға іргелес жатқан осы шағын қазақ ауылы бұл күндері ірі мегаполиске айналған. Тұрғындар саны жағынан Қосшы қазіргі кезде Ақмола облысының барлық іргелі аудандарын соңында қалдырды. Бізге белгілісі бұл елді мекенде 40 мыңға жуық халық қоныс тепкен. Ауылдың әлеуметтік-мәдени нысандары жыл сайын көбейген үстіне көбейіп келеді. Бәрін айтпағанның өзінде мұнда осыдан бірер жыл бұрын жаңа мектеп пен бала бақша пайдалануға берілді. Жоспарланғаны, салынып жатқан нысандары әлі де жетерлік.
Айсұлу Биғожақызы 1964 жылы іргесі қаланған осы көне мектепте 1999 жылы жұмысын бастады. Жалпы, Целиноград ауданындағы оның еңбек өтілі 25 жылдан асып отыр. Аумалы-төкпелі кезеңдерде ұстаздардың жүйке тоздырар жұмыстарды ерлікпен атқарғанын біреу білер, енді біреуі білмес.
Халық Қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен дарабоз батыр Рақымжан Қошқарбаевтың есімі аталмыш орта мектепке кейіпкеріміз жетекшілік жасаған кезде ғана берілді. Онымен қоймай, ізденісі мол жанның жүрек қалауымен осы білім ордасында Нұра бойының тумасы – Р.Қошқарбаев атындағы мұражай ашылды. Оның салтанатты ашылу рәсімі ұмытылмастай болып көпшіліктің есінде қалды.
Ұлағатты ұстаздың сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Жүрегі жалын, көкірегі ояу асыл адамның өнегелі ісін Целиноград ауданының басшылары да мақұл көрді. Сондықтан болар, Айсұлу Биғожақызы екі рет қатарынан астаналық аудан мәслихатының депутаттығына ұсынылды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел халқына арнаған әрбір Жолдауында ұстаздар мәселесіне, орта мен жоғары білім саласына көңіл бұрмай кетпейді. Әрбір Жолдаудың негізгі идеясы айтылғанда шетелдік инновациялық үрдістер, заманауи тың міндеттер алға тартылады. Мысалы, бүгінгі таңда балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бірыңғай стандарттарды енгізу қажеттігі де көпшілікті ойландырған мәселеге айналды. Шын мәнінде, білімді азамат болу үшін өзіңнен-өзің талпынбасаң – заман талабына сай маман бола алмайтындығың айдан анық.
Бұл қағидалар ұлағатты ұстаз Айсұлу Сәрсенбаеваның әрбір сынып сағаттарында астын сызып тұрып айтатын дағдылы сөздері.
Ұлы бабаларымыздың «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деуі бекерден-бекер айтыла салған нақыл сөз емес. Бесік жырын айтқан біздің әжелеріміз өз заманының тамаша ұстаздары болды ғой. Солардың әлдиін, әдемі ертегілерін естіп өскен әке-шешелеріміз өмірлік бағыттарынан ауытқыған жоқ. Оқыды, үйренді, елдің жақсы адамдары қатарына қосылды.
Ұлы Абай хакім Зере сынды әжесінен алған білімін өмір бойы жоғары бағалап өткен. Оның зор тұлғалы қазақтың маңдайалды азаматы, мақтанышы болып қалыптасуына осы ұлы анасының септігі зор.
Біз білетін іргелі елдер: Үндістанда, Жапония мен Қытайда да ұстаздарға деген құрмет күні бүгінге дейін үзілген жоқ. Оларда мұғалімнің мәртебесін бәрінен де жоғары санайды.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген сөзінің мағынасы тереңде жатыр. Сондай кеменің штурвалын әркез Айсұлу Сәрсенбаева сияқты білім капитандары басқарса, нұр үстіне нұр болар еді. Өскелең ұрпақтың алдында зор міндеттер тұр. Заман уақытына сай туындайтын проблемаларды шешу, мемлекетті әрі қарай ілгерілету – ендігі кезекте солардың міндеті болатыны анық. Өмірлік тәжірибесі мен алған тағылымы зор Айсұлу ұстаздың келешек ұрпақтарға артар үміті қашанда мол.
Бұл кісі өмірде асыл жары Қайырбекпен бірге үлкен құтты шаңырақтың иесі атанып, бір шеті Көкшетауда тұрып жатқан ағайын-туыстарының да сый-құрметі мен ыстық ықыласына бөленген жан. Үш ұлдарынан көрген немерелері оларды қуанышқа кенелтіп, жастарын ұзартып жатқандары белгілі. Дастарханы жиналмайтын Сарыарқаның бұл кәделі отбасы қазақ елінің әрбір қуанышына, шыққан биігі мен жетістігіне шүкіршілік етеді. Елбасының берген Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары, республика Халық ағарту ісінің озаты атағы – ұлағатты ұстаз еңбегінің биік өлшемі сияқты. Ерен ісінің жемісін көрген Айсұлу Биғожақызына біз де адам баласына тиесілі жақсылық атаулының бәрін тілейміз. Шәкірт жүрегіне жол тапқан жан жылуыңыз, ел мен ердің қамын жеген парасатты ісіңізге орай, мына өмірдің қызық-қуанышын молынан көре беріңіз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Целиноград ауданының
құрметті азаматы.

Суретте: ортада ұлағатты ұстаз Айсұлу Биғожақызы Сәрсенбаева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар