Аграрлық облыста мал өнімдерін мол өндіруге тиіспіз

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында шикізат өңдеуді қамтамасыз етіп, жоғары сапалы дайын өніммен әлемдік рынокқа шығуымыз қажет деп атап көрсетілген.

Еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 5 пайызға жуығын ауыл шаруашылығы өнімдері құрайтыны белгілі. Бірақ, азық-түлік тағамдары өндірісі көлемінің орташа жылдық өсу қарқыны тұрғындардың тұтынуы мен кірістерінің өсу қарқынымен ілесе алмауда. Соның салдарынан рыноктың бос жері импорт есебінен толтырылуда. Оның үлесі ішкі тұтынуда өте үлкен. Сондықтан, 2017-2021 жылдардағы Қазақстан Республикасы Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында экспорттық саясатқа бағытталған қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлері бойынша тұрғындардың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету қарастырылған.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында егіншілік және мал шаруашылығы салаларын дамыту жөнінде белгілі бір жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік қолдау шараларымен мал шаруашылығының барлық бағыты қамтылған. Бүгінгі таңда облыстың барлық санаттағы шаруашылықтарында ірі қара саны 399,3 мың басты құрайды. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қара мал 5,7 мың басқа өсті. Шаруа қожалығының, тұрғындар шаруашылықтары мен фермерлердің қолындағы сауынды сиыр басының 6,8 пайызға көбейгені байқалады. Жылқы мен қой саны былтырғы жылдың деңгейінде қалып отыр. Құс саны 818 мыңға өсіп, 5,775 миллионды құрады. Ірі қара мал басының өсуі Бурабай, Жақсы, Астрахан аудандарында, қой санының көбеюі Целиноград, Қорғалжын және Бұланды аудандарында, жылқы басының өсуі Есіл, Қорғалжын және Бурабай аудандарында байқалады.
Мал басының көбеюімен бірге бұл саладағы өнімнің көлемі де ұлғайды. Мәселен, облыс бойынша ет пен сүт өндіру сәйкесінше 108,7 және 101,8 пайызға көбейді. Сүт көлемінің өсуі облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарында да байқалады. Жұмыртқа өндірісі 61,3 миллион данаға өсіп, 793,6 миллион дананы құрады. Барлық санаттағы шаруашылықтарда әр сауын сиырдан жылына 3068 келі сүт сауылды, бір тауықтан 261 дана жұмыртқа алынды. Облыста мал шаруашылығын дамытуға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Негізгі белгіленген барлық индикаторлар орындалды. Өңірге 14,8 мың бас өнімділігі жоғары асыл тұқымды ірі қара, оның ішінде ет бағытындағы 12,2 мың бас ірі қара әкелінді. Облыста шетелдік және отандық асыл тұқымды мал басын көбейту бойынша 23 асыл тұқымды шаруашылық құрылды. Жоспардағы шараларды жүзеге асыру кезінде облыстың тауарлы шаруашылықтарына және республиканың өзге де өңірлеріне ет бағытындағы 20 мың бас асыл тұқымды ірі қара сатылды. Субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетудің және атқарылған жұмыстың нәтижесінде асылдандырылған сиыр санының өсуі байқалады. 2017 жылы ірі қараны асылдандыруға 59 мың бас сиыр тартылды.
Жалпы, облыс бойынша асыл тұқымды ірі қара мал көбейіп, 67,1 мың басты құрады. Кешендік жоспардың бірі – ет бағытындағы ірі қараны көбейтуге және еттік тұқымдас өнімділігі жоғары бұқаларды пайдалану арқылы оның генетикалық әлеуетін жақсартуға бағытталған «Сыбаға» несиелік бағдарламасы болып табылады. Бағдарламаны жүзеге асыруға 381 шаруа қожалығы қатысып, 24,9 мың бас сиыр сатып алды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарында мал басының қарқынды өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындары мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі өндірушісі болып отыр. Ауыл тұрғындары барлық малдың 60 пайызын бағады. Демек, етті мал басын көбейту үшін тұрғындардың шаруашылықтарындағы ірі қара мал табындарында асыл тұқымдас бұқаларды пайдалану керек.
Биылғы жылы қоғамдық табынға өнімділігі жоғары 361 бас асыл тұқымды бұқа жіберілмекші. Қоңды мал басын көбейту үшін облыста 31 мамандандырылған мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Оның ішіндегі жеті ірі мал бордақылау алаңының әрқайсысында 1,5 мың бастан 5 мың басқа дейін асыл тұқымды мал бағылады. Бүгінгі таңда облыстың мал бордақылау алаңында 11,1 мың бас мал семіртілуде. Оның 2,3 мың басы етке тапсырылады. Өңірдің мал шаруашылығы кооперацияны дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында қосымша серпін алды. Осы орайда, облыс әкімі 78 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жөнінде индикативтік көрсеткіштер бекітті. Бұл жоспар артығымен орындалып, 93 кооператив құрылды. Семіртілген малды мамандандырылған кәсіпорынға өсіріп, тапсыру үшін отбасылық мал бордақылау алаңын құру мақсатында 3241 бас мал сатып алынды. Сондай-ақ, мал басын көбейту үшін 3472 бас сиыр әкелінді.
Облыста өндірістік қуаты 22,8 мың тоннаны құрайтын ет өңдейтін 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ, бұл кәсіпорындар қуатының 70 пайызы ғана пайдаланылуда. Алдағы жылдары ет өнімін одан әрі көбейту есебінен ет өңдейтін кәсіпорындардың қуатын 5-7 пайызға көбейту жоспарлануда. Өңірде сүт өңдеумен 14 кәсіпорын айналысады. Олардың жылдық өндірістік қуаты 136,8 мың тоннаны құрайды. Бірақ, сүт өңдейтін кәсіпорындар өз қуатының 60 пайызын ғана пайдалануда. Облыста сүт өңдейтін жаңа кәсіпорындарды іске қосу арқылы өңдеу қуатын арттыру жұмысы жүргізілуде. Мәселен, Астрахан ауданының «Нұр-А» ауыл шаруашылығы кооперативінің базасында сүт өңдейтін цех пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы кооперативтері мен жақын аудандардың жеке қосалқы шаруашылықтары есебінен «Гормолзавод» серіктестігінің қуатын көбейту, Ерейментау ауданындағы «Хамзе» шаруа қожалығы базасында сүт өңдеу көлемін ұлғайту жоспарланған. 2016-2017 жылдары облыс бойынша мал шаруашылығын дамытуға бағытталған Ерейментау ауданындағы «Хамзе» шаруа қожалығы мен «Жаңа береке», «Ерейментау Құлан», Целиноград ауданындағы «Родина», Шортанды ауданындағы «Пюр Продукт», «Алинур-2015» серіктестіктерінің инвестициялық жобалары іске қосылды. Сөйтіп, жергілікті сүт өнімдерін мол өндіру арқылы импортты ауыстыру басты міндеттің бірі болып отыр.

Совет БАЛТАБАЙ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар