«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында аграрлық сектор бағыты бойынша өңірлік партия кураторының комиссия отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі екенін айтқан болатын. Өңірлік комиссия кураторының отырысында да аталған саланы жетілдірудің жолдары қарастырылды. «Ақмола облысының ауыл шаруашылығы кооперациясын одан әрі дамыту барысында ақылды технологияларды қолдану» тақырыбында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Серік Шайгөзов баяндама жасады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қаржы ұйымдарының қолдауымен жалпы құны 738 миллион теңгеге 179 жеке кәсіпкерлік ұйым ашылды. Сонымен қатар, өткен жылы облыста 93 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның 45-і сүт, 48-і ет бағытындағы кооперативтер. 2017 жылдың қорытындысы бойынша сүт бағытындағы кооперативтер 8 мың тоннадан астам сүт өндірген. Үстіміздегі жылы бұл межені 20 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Баяндамашы өз сөзінде бүгінде сүт өндіру Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Атбасар, Целиноград аудандарында жақсы жолға қойылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында отбасылық мал бордақылау алаңдарын құру мақсатында 3200-ден астам бас мал сатып алынған. Жоспар бойынша 3040 бас мал сатып алынуы тиіс. Бүгінге дейін Шортанды, Атбасар аудандары мен Степногорск қаласы бұл жоспарды асыра орындады.
Одан кейін Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Владимир Елисеевтің, Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары Жарысбек Жақановтың ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы атқарылған істер және 2018 жылы қойылып отырған мақсат-міндеттер туралы баяндамалары тыңдалды.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша өңірлік партия кураторы, облыстық мәслихат депутаты Максим Божко отырысты қорытындылай келе, алдағы уақытта кооперативтер санын көбейтуді ғана мақсат етпей, қазіргі таңда бар, нақты жұмыс істеп тұрған кооперативтерді қолдау қажеттігін айтты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.