Қоғамға зор жауапкершілік жүктейді

Күні кеше біз тағы да, шын мәнінде, үлкен тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ол – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты аса маңызды Жолдауы.

Еліміз егемендік алып, ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасыр ішінде қыруар істер атқарылып, ұлы жетістіктерге жетелейтін биік белестерді бағындырғанымыз да рас. Бүгінгі күні Қазақстан мемлекеті басқа елдерге үлгі боларлық дамудың жаңа моделін қалыптастырғаны сөзсіз.
Елбасының тың бастамаларды көтеріп, барша қазақстандықтар алдына үлкен міндеттер қойып отырған бұл Жолдауы біздің Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ұжымының да көңілінен шығып, бірауыздан қолдау табуда. Бүгінгі таңда барша әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, яғни, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып отыр.
Елбасы жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенім білдіре отырып, ел алдында он міндетті айқындап берді. Сол міндеттердің ішінде білім беру саласына тоқтала кеткен жөн деп санаймын.
Бізге білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Жолдауда ол 2021 жылы аяқталатыны туралы сөз қозғалды. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар мен кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керектігі де көңілге қона түседі. Жолдауда еліміздің жоғары оқу орындарында педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқытудың сапасын күшейту жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты аталып өтті.
Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетіні, оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуы керектігі, цифрлық білім беру ресурс-тарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді бейне құрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне баса назар аударылғаны құптарлық. Сондай-ақ, «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ.
Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіліп отыр. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажеттігі айтылды. Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізу керектігі сөз болды. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту, сонымен қатар, оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажеттігі де сұранып тұрған мәселе.
Сөзімнің соңында өз ойымды Елбасының мына бір сөзімен түйіндегім келеді: «Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтайық. Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі».
Еліміздің әлеуетін әлемге паш ететін осынау ұлы істерге Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті де өзінің сүбелі үлестерін қосатынына деген сенімім мол. Елбасының бүгінгі Жолдауы елдің бірлігі мен болашағын одан әрі нығайтып, қазақ елінің Мәңгілік болуына жол көрсететін ұлы мақсат болмақшы.

Айдар ҚОЖАБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар