Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Маңызды меморандумға қол қойылды - АРҚА АЖАРЫ

Маңызды меморандумға қол қойылды

Кеше Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Ақмола облысы активінің Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халқымызға арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» аталған Жолдауында алға қойылған міндеттерге сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияларды енгізуді ұйымдастыру бойынша бірлескен жиын өтті. Маңызды шараға Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Ақмола облысындағы аудан (қала) әкімдері, А.Бараев атындағы ҒЗИ мамандары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері және жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлық құрамы қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халқымызға Жолдауында: «Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Осыған орай, аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады» деп атап көрсетілді. Жаңа дәуір алға тартқан қағида астықты өңір Ақмола облысының кең тармақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды орын алмақ.
Өңір бұл мәселеге айрықша көңіл бөлуде. Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев пен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өз сөздерінде жаңа технологиялар мен бизнес модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуі еңбек ресурстарының тиімділігін арттырып, шаруашылықтарды әртараптандыруға, нарықтық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бастайтындығын атап өтті. Осы орайда, астаналық облыстың еліміздің жетекші жоғары оқу орнымен мүдделестіктің дәстүрлі қадамдарын жаңа тұрпатта жалғастыруы маңызды болмақ. Өңірдегі аграрлық сала мамандарының, ауыл шаруашылығы өндірісі басшыларының басым көпшілігі аталған оқу орнында білім алған және бүгінгі ұрпақ та осында тәлім алуда. Облыс әкімінің шәкіртақысымен, шаруашылықтардың жолдамасымен білім алып жатқандар қатары да көп. Университет
пен облыс басшылары осындай игі жұмыстар алдағы кезде дәстүрлі сипат алатынына сенім білдірді.
Ақылбек Күрішбаев университеттің ғылыми әлеуеті ауыл шаруашылығы кешенін қолдауға қабілетті екендігін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі жуырда ҚазАТУ-ді ғылыми-әдістемелік орталық ретінде белгілеп, өзінің ақпараттық офисін осында құруға шешім қабылдады. Біз Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының әрқайсысындағы екі шаруашылықта базалық зерттеулерімізді жүргізетін боламыз. Алдағы уақытта бұл шаруашылықтар егіншілік саласындағы озық технологияны енгізудің орталықтарына айналмақ. Жалпы, университет ауылдық тауар өндірушілерді ғылыми талдамаларға негізделген және тәжірибелік сынақтан өткен ұсыныстармен қамтамасыз ететін болады. Мал шаруашылығы саласында да кешенді ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Мамандар даярлауда, оларды жергілікті өңірлерде тұрақтандыруда бірлескен қызмет атқарылады.
– Біз ең алдымен практиктерміз, сондықтан ғылыммен байланысқа сұраныс аса түспек, – деді Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин. Елбасы биылғы Жолдауында еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру міндетін қойды. Бар күш-жігер, мұның ішінде ғылыми әлеует осы мақсатқа жұмсалатын болады. Бізге ғылымға негізделген жаңа ойлар мен идеялар керек және мұны жергілікті өндіріске енгізіп, қалыптастыру қажет. Жас мамандар қажет, бірақ олардың сапалық деңгейі жоғары болуға тиісті. Біз өз тарапымыздан оларды жұмыспен қамтуға, тұрмыстық жағдайына байланысты көмек көрсетуге әзірміз.
Университеттің бас корпусындағы кездесуде ғалымдар жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеу, студенттерге диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандар даярлау қажеттігі жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Жиналғандар оқу орнының ғалымдары Нұрлан Серікбаевтың, Балғабай Майкеновтың, Ғани Сатыбаевтың, Фараби Ермековтың ғылыми жетістіктерінің ауыл шаруашылығындағы орны жөніндегі баяндамаларын тыңдады. Сондай-ақ, Ақмола облысындағы «Ақмола-Феникс» АҚ бас директоры Максим Божко өз тәжірибесімен бөлісіп, заманалық ғылым мен өндірістік байланыстардың жемісі, оқу әдістемелік жұмыстар мен тәжірибе алмасулардың өзектілігін атап көрсетті.
Шара барысында Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин мен университет ректоры А.Күрішбаев агроөнеркәсіп кешеніндегі ғылыми және инновациялық даму жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Онда ауылдық округ әкімдіктерінде ғылым ордасының ғылыми-кеңес бекеттерін ашу, ауыл шаруашылығы мамандары мен фермерлердің оқу семинарларын ұйымдастыру, оқушыларды мектеп жасынан жергілікті өндіріске машықтандыру арқылы болашақ студенттер құрамын нығайту, студенттердің оқу тәжірибесін ғана емес, олардың науқандық ауыл шаруашылығы жұмыстарына тарту, тағы басқа маңызды мәселелер қамтылған.
Актив жиналысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Е.Көшербаев қатысып, сөз сөйледі.

Бақберген Амалбеков.

Астана.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар