Тектінің ұрпағы

Тамыры тереңдеп, кеңге жайылған, дәулетіне сәулеті жарасқан Әділбектердің әулетінде Естай Қайырбекұлы деген жұртқа көрсетер өнегесі мол, текті елдің бір азаматы бар. Естай Арғынның ішіндегі Қозған руының тумасы. Атадан атаға мирас болып, осы күнге жеткен шежіре бойынша оның Оразгелді бабасы туғаннан ширақ, еңбекқор адам болған, малына шөбі шүйгін өріс іздеп, кең даланы ен жайлап, көшіп-қонудан бір тынбаса керек. Сондықтан, жұрт оны Қозған деп атап кеткен. Бабасының қоныс таңдап, тынымсыз еңбек еткендігінің арқасында шығар, мал мен жаны қатар өсіп, қозғандықтар тамырын кеңге жайып, сол бір атадан тараған ұрпақ бүгінгі күні іргелі руға айналып отыр.

Естайдың келесі бабасы Тоқтастан тараған ұрпақ та қазір бір қауым елге айналған. Ол кісінің қара бәйбішесі Мақпалдан туған ұлдарынын ұрпақтары Қара қозған, ал тоқал Сары қыздан туғандары Сары қозған деп аталып кеткен. Тоқтас ел қорғаған нағыз ер азамат болған екен, сондықтан, оны жұрт батыр деп атаған. Ауыздан ауызға тараған аңыз, табылған деректер бойынша мұздай қаруланған орыс-казактарға батыр бабамыз қарсы тұрып, Керекуден оңтүстікке бет алған жауларды Сібірге қарай бұрып жіберген көрінеді. Таң алдындағы тәтті ұйқыда жатқан орыс-казактарын үстінен мыңдаған жылқыны әрі-бері бірнеше рет айдап шыққан. Үріккен жылқының тұяғының астында қалған орыс-казактар қылыштарын суырып алып, шайқасайын десе, адам көрінбейді, жан-жақта тек шапқылап өтіп жатқан асау жылқылар ғана. Аң-таң болып тұрған кезде көп жылқы арасында бой тасалаған батырдың аттылы сарбаздары қолдарындағы шоқпарларымен жаудың басын жарып, жайрата берген… Мұндай айланы күтпеген орыс-казактары жеңіліп, оңтүстіктен шығысқа бұрылып, Сібірге шабуыл жасайды.
Еліміз тәуелсіздік алған жылы қозғандар өздерінің байырғы атамекені Баянауылда бас қосып батырдың сүйегі жатқан жерде алыстан менмұндалайтын үлкен биік қара тастан ескерткіш орнатып, ерлігін еске алып ас берген. Содан бері жаздың ортасында жылда жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен Қозғанның ұрпақтары атамекеніне жиі ат басын бұрып, Тоқтас батырдың аруағына құран бағыштап, ұлы бабасы туралы аңызға бергісіз әңгімелерге қанық болып қайтады.
Естайдың бесінші атасы Нарбай. Атына сай Нарбайға мыңдаған жылқы біткен, еңгезердей қара бұжыр нағыз нардай, дәулетті бай болған. Екі әйелінен он ұл туылған, солардан көп ұрпақ тараған. Әйелдерінің ауласында мыңдаған жылқы, табын-табын қой-ешкі, өріс толған сиыры болған. Нарбай өте ырымшыл болғандықтан, ешқашан малын санап, ен-таңба салып әуре болмаған, жылқыларын айғырлардың үйірімен ғана шамалаған. Тек бір түсті боз айғырлар мен боз биелерді тұқымдыққа жаратқан. Естайдың атасы Сағындық та тек боз ат мінген, боз биені тұқымдыққа ұстаған. «Нарбайдан келе жатқан біздің тұқым», – дейтін. Сонда өзінің үлкен атасы туралы білген-естігенін әңгімелеп отыратын. Оның айтуынша 1833 жылы Нарбай басқарған ағайынды Қара қозғандар Қарабай, Жабай, Шорман Атбасардың маңайына көшеді, ал Баянауылда Сары қозғандар қалады.
Естай Қайырбекұлының ата-тегі Әділбек, Нарбайдың екінші әйелінен туылған немересі. Осы атаның екі баласы болған, үлкені Боранбай, кішісі Сағындық. Екі ағайын жиырмасыншы жылдардағы алғашқы ашаршылықта малдарын біріктіріп жан сақтап қалады. Әділбек кіші баласын Атбасардағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде оқытып үлгереді. Осы білімнің арқасында 30-жылдардағы екінші ашаршылықта Сағындық жаңа ашылған «Атбасар» совхозына жаяу барып жұмысқа орналасады. Үлкен ағасының отбасын өзіне көшіріп алады. Соның арқасында екі ағайын ашаршылықтан тағы да аман қалады.
Боранбай Биғайша зайыбымен соғыстан кейінгі жылдары бір мезгілде қайтыс болды. Естайдың атасы Сағындық жастай әкесі мен анасынан бірдей айырылған ағасының төрт баласын бауырына басып, өзінен туғандай өсіріп-жеткізді. Балдақпен жүргеніне қарамастан балаларын еңбекке тәрбиелеген, мал баққызып, картоп ектірiп, қосымша ақша тапқан. «Қатарыңнан кем болма, еңсеңді көтеріп жүр, жылы етік, үстіңе сәнді дұрыс киім ал», – деп Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының студенті Досанға каникулға келген сайын қомақты ақша ұстататын.
Естай атасының ағасының тұңғышына осындай қамқорлық жасағанын есейе келе түсіне бастады. Әділбектердің арасынан Досан бірінші болып жоғары білімге қол жеткізген, алғашқы совхоз директоры, ерен еңбегі үшін Кеңес Одағының «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл ту», «Октябрь Революциясы» ордендерімен марапатталған адам. Сол оқыған ағасының жоғары білімге салған сара жолымен Әділбектер әулеті жоғары білімді мамандар: агроном, зоотехник, экономист, мұғалім, журналист, ғалым да болды. Естайдың ортаншы інісі Мұрат Әділбеков Москвада Тимирязев ауыл шаруашылығы академиясын бітіріп, совхоз директоры орынбасарынан бастап Атбасар ауданының әкіміне дейін көтерілді. Мемлекеттік қызметпен қатар өзінің бизнесін де дөңгелетті.
Естай студент кезінен ізденгіш болды. Ғылыми жаңалықтарды қалт жібермей, өз мамандығы бойынша озық тәжірибелерді, әдістемелерді меңгеріп колдануға тырысатын. Жас маман өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қойды тез қырқудың «новозеландтық» әдісін меңгеріп, осы үздік тәжірибеге жастарды, інілерін үйрету арқылы Ақмола облысында тұңғыш рет жүзеге асырды.
Осы әдістің арқасында басқа шаруашылықтарда бір жарымнан екі айға дейін созылатын қой қырқу науқаны «Красная заря» колхозында екі-үш жұмада аяқталатын. Бұл жетістік Естайдың ізденімпаздығының нәтижесі, өзі басқа шаруашылыққа ауысып кетсе де, жақсы бастамасы елінде жалғасып жатты, оның көптеген шәкірттері ризашылығын білдіріп, кездескен сайын қанша қой қырыққанын ұстазына мақтанышпен айтатын. Ал, інісі Мұрат болса жылда қой қырқу науқаны тез арада аяқталғанына қуанып Алексеевка (қазіргі Ақкөл) ауданында «Ивановский» совхозында директор болып отырған Досан ағасына тезірек жетуге асығатын. Сол шаруашылықта ол Естай ағасының тәжірибесін насихаттап, өзіндей мектеп оқушыларын новозеландтық қой қырқу әдісін бірінші рет барған жылы үйрете бастады. Екі шаруашылықтың қой қырқу науқанына қатысатын мектеп оқушысы бір жазда жеңіл машинаның құнындай табыс табатын.
Естай да Досан ағасынан үлгi алып, ауыл шаруашылығы институтын бiтiрдi. Еңбек жолын елінде «Красная заря» деген колхозда зоотехник болып бастады. Бiраз тәжiрибе жинаған соң Атбасар қаласының iргесiндегi «Садовый» совхозында бас зоотехник қызметiне ауысты. Студент кезiнен ғылыммен айналысуды армандаған, қазақтың ақбас сиырларын суыққа төзімді болатын жабайы буйвол, сарылық, қодас сияқты дала малдарымен шағыстырып жаңа тұқым шығаруды ойластырған. Осы арманы жетелеп оны Арқалық тәжірибе станциясына әкелді. Онда аға ғылыми қызметкер ретінде қара малды суықта өсіріп-семірту әдістемесі туралы тәжірибе сынақтар өткізді, ғылыми-зерттеу мақалаларын ауыл шаруашылығы журналдарында жариялатты. Сол шаруашылықта Естайдың зайыбы Роза Құлбаева отыз жылдан астам бас бухгалтер болып icтеп зейнетке шықты. Өкінішке қарай, қаржы тапшылығына байланысты ғылыми-зерттеу бөлімі жабылып, тәжірибе станциясы әдеттегі шаруашылыққа айналды, ғылыми қызметкерлер қысқартылды. Естай өзінің жекеменшік шаруашылығын ашып, егіншілікпен, жылқы өсірумен айналысты. Нарбай бабасындай тек боз биелермен боз айғырларды тұқымдыққа ұстады. Зейнетке шыққасын Астанаға көшті.
Әке жолымен Естай Қайырбекұлының балалары да жоғары білімді мамандар, ұлы Ерлан Семей технология институтын және Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы университетті бітірген, Солтүстік Қазақстан облысында Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық мәслихаттың хатшысы. Ал, қыздары да жоғары білімді білікті мамандар, үлкені Нәсіп бір компанияда қаржы директоры, ал кішісі Назгүл банк қызметкері.
Естай Қайырбекұлы жетпіс жасқа толды, мерейтойға жетті. Әлі де ширақ, таңертеңнен кешке дейін дамылсыз Астананы бірнеше рет айналып шығады. Бір немересін спорт кешеніне апарса, екіншісін ертіп қосымша музыка сабағына апарады, үшіншісін бала бақшаға дегендей. Жай жүрмей кездескен сайын немерелерінің бойына, ойына сана-сезімін оятып, қазақтың мақал- мәтелдері, салт-дәстүрі, туралы айтады. «Зейнетте немен айналысасың?» – деп сұрағандарға «Арманыма енді жеттім, қазіргі жұмысым өте лауазымды, жас кезімде атқарғандардан талай есе артық, бүгінгі қызметім «немере тасушы», «внуковоз» деп күлері бар. Бұл бәлкім бақыт күлкісі болар!..
Шолпан МӘЖИТҚЫЗЫ.
Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар