Кітап – ұстаз

Облыс орталығындағы Достық үйінде Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Дара жол» жобасын жүзеге асыру аясында «Кітап – өмір ұстазы» атты іс-шара болып өтті.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны рас. Адамдар бір-бірімен сол арқылы араласады, жұмыс істейді. Соның салдарынан ғаламтор байланысы дамыған мына заманда адам баласы кітап оқудан қалып барады деген пікірлердің де айтылып жүргені бар. Осындай жағдайда кітап оқу мәдениетін қалайша қалыптастырамыз, жастардың кітап оқуға деген құлшынысын қалай оятамыз деген мәселе туындайды. Достық үйінде өткен шарада көбіміз кітап оқуға кедергі деп жүрген әлеуметтік желілердің көмегімен кітапқа деген қызығушылықты арттыруға болатынына көз жеткіздік. Мәселен, бүгінгі таңда елімізде қолға алынып жатқан «Ең үздік буктрейлер» акциясы осыған дәлел.
Кез-келген адам өзінің сүйікті жазушысының еңбектері жайлы буктрейлер, яғни шағын бейнебаян түсіріп, оны әлеуметтік желілер арқылы насихаттауға, сөйтіп сол кітапқа немесе ақын, жазушылардың шығармаларына деген көпшіліктің назарын аударуына болады. Қазіргі заманда кітап оқуды насихаттаудың ең ұтымды жолы – осы буктрейлер болып отыр. Шараға қатысқан Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Галина Савенкова буктрейлер жасау үшін компьютер тілін ғана білу жеткіліксіз екенін, ол үшін адамның бойында актерлік шеберлік, буктрейлерге негіз етіп алынған кітап жайлы терең білімі болуы қажеттігін атап өтті. «Көкшетау» қалалық газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев те шараға жиналған жастарға кітаптың білім бұлағы екенін, адам тек кітап оқу арқылы ғана рухани байитынын айтты.
Шара барысында қатысушылар назарына Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасына, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романына, Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда» романына түсірілген буктрейлерлер ұсынылып, Достық үйінің фойесінде Жабал Ерғалиев, Төлеген Қажыбаев, Қайырбай Төреғожа, Қорғанбек Аманжолов, Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабек, Серік Жетпісқалиев сынды жергілікті ақын-жазушылардың еңбектері қойылған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар