Ғалым

Осы бір үнемі ойлы да жинақы жүретін, толқынды шашын кейін қайыра, кездескен адамына сыпайы жымиып, нұрлы жүзімен тіке қарап, көңіліңе шуақ құя, ішкі дүниеңе ерекше бір жылу себе, өзіне етене жақын тартып алар қасиетімен әркімді бірден баурап алатын адаммен танысқаныма да, міне, отыз үш жылдан асып барады. Содан бергі уақыт ішінде шәкірт болып алдынан оқымасам да қатар жүріп, еңбек еткен ұзақ жылдар бойында өзінің сөйлеу машығымен, жүріс-тұрысымен ерекше зиялылықтың, биязы мейірбандықтың, бір сөзбен айтқанда өз бойындағы шын мәніндегі үлкен тектіліктің ықпалын үлгі етер ұстаздықтың әсерімен өмірдегі ұстазыма айналған Оғаз Арыстанғалиұлымен кездестіріп, қатар еңбек еткізген тағдырыма дән ризамын.

Өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылынан басталған ұстаздық жолымда бастауыш, орталау, орта мектептерде, аудандық оқу бөлімінде еңбек ете жүріп, ұстаздық сатыларынан өткеннен кейін келесі белес – жоғары оқу орнындағы қызметімде 1978 жылдан ғалым жерлесіміз атындағы білім ордасына ұстаз болып орналасқанда талай абзал адамдарға кездесіп, олардан көп нәрсе үйрендім, көңіліме көп дүние түйдім. Әсіресе, әріптес ағаларым Жағыпар Мұсаұлынан, Нарбай Сафиянұлынан және сөз етіп отырған Оғаз Арыстанғалиұлынан алған өнегелерім ұшан-теңіз. Бұл ағалар жас айырмашылығына қарамастан, мені өз қатарларына алып, бойыма талай игілік іздерін сіңірді, менің ғылым мен білім жолындағы қол жеткен азды-көпті табыстарыма куә болды. Қатар еңбек ете жүріп, олардың жан дүниесіне, өмір өнегесіне үңілу арқылы, көп нәрсеге қанықтым, өмір жолында өсіп, толықтым. Соның ішінде, әсіресе, бүгін еске алып, өзінсіз өткен бес жыл бойындағы сағынышымды, жүрекжарды лебізімді жеткізбекші болып сөз арнаған Оғаз ағайдан алған өнегем ерекше. Оның өмір жолы кімге де болса үлгі тұтарлық, нағыз азаматтық жол. Ендігі әңгіме сол туралы болмақ. Өйткені, ол жан-жақты толысқан, өте білімді азамат, не нәрсеге болсын ойлы көзбен, ақыл-парасатпен қарайтын, ел қамы, тіл, діл, туған жер, ұлт мүддесі дегенді жоғары қоятын, дархан көңіл, абзал аға, өзінің өзгені баурап алар жарқын мінезімен, шынайы тазалығымен, кімге болса да тіктеп қарар адалдығымен таза ғұмыр кешкен үлкен жүректі ұстаз, білікті ғалым, жанашыр азамат болатын.
Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтанияев 1938 жылдың 21 ақпанында бүгіндері Ресей еліне қарасты Астрахан облысының Володар ауданындағы Блиново селосында дүниеге келді. Бұл өлке әкімшілік басқару жағынан Ресей өкіметіне қарағанымен, қазақ елінің елдік туының, ұлттық рухының қаймағы бұзылмаған, қазақтың ұлттық салт-санасын, ерлігі мен өрлігін берік ұстаған, кісілігі де кішілігі де қатар жүретін ел болатын. Бұл елдегі жылдар қатпарына кеткен тағы бір дәстүр жастардың білімге деген құштарлығы еді, кез келген жас оқуға, білімге құмар еді. Содан болар, ауылды жерде орыс мектебінің жетінші сыныбын аяқтаған Оғаз Арыстанғалиұлы Астрахан қаласындағы қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түседі де, оны 1956 жылы үздік бітіріп шыққан соң ұстаздық жолын бастайды. Кейін ұзақ жылдар бойына оның берік ұстанған қостілділік арнасы осылай басталып, өркен жайған болатын.
Білімге деген құштарлық, осы өңірдегі жақсы дәстүр, ұстаз еңбегіне ерекше құрметпен қарау, оны 1957 жылы Алматы қаласына – осындағы қазақ елінің жоғары білімінің қарашаңырағы болып табылатын Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының филология факультетіне алып келді. Өзі жайсаң жанға қай жерде болмасын жақсылық мол болатындығы сияқты тағдыр мұнда оны ұлы ғалым, батыр да абзал азамат Мәлік Ғабдуллиннен дәріс алып, біліммен қатар адамгершілік сабақтарын қоса алуға, қайраткерлік қырларын ұғуға жетеледі, осында жүріп үлкен ортаның жастар жетекшісі – комсомол басшысы болды, сүйікті жары Майрамен қауышып, әке бақытына ие болды, тұңғышы Марлені өмірге келді. Бәлкім, кейінгі өмірінің Арқаның кербез сұлуы – Көкшетаумен мәңгілік жарасуы ұстазы мен жарының осы өлкеден болуынан да болар. Қайткенде де ұстаз, ғалым, азаматтың тағдырында Көкшетау жерінің әсері ерекше екендігіне таңданбасқа болмайды.
Айтулы білім ордасын үздік бітірген жас маман Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру министрлігінің жолдамасымен жаңадан ашылған Көкшетау педагогика институтының оқытушысы болып қызығы мол, өзі армандаған қызметке белсене кірісіп те кетті. Содан кейінгі ұзақ жылдардағы өрісті де өркенді ғұмыры, қол жеткен табыстары осы оқу орнымен бірге дамыды, бірге өрледі.
Қатардағы оқытушы болып бастаған оның өсу жолы да осы оқу орнымен бірге ілгеріледі. Бір кездегі екі факультеттен тұратын педагогикалық институт бүгінде республикамыздың іргелі оқу орны – мемлекеттік университет деңгейіне көтеріліп, елуден астам мамандықта жастарға білім берсе, өзі өмірден өткен 2005 жылдың басына дейінгі кезеңде осында талмай қырық бес жыл еңбек еткен ол да биік асуларға жетті. Осынша жылдар ішінде үнемі іздену үстінде болған ол қатардағы оқытушыдан университеттің ғылым жөніндегі проректорына дейінгі бар қызмет сатысынан өтіп, деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, факультет деканы (20 жыл) қызметтерін абыроймен атқарды. Осы бір қызығы да қиындығы мол ұстаздық еңбегін өрісті ғылым жолымен де қиюластыра жүргізді. Ғылымдағы алғашқы қадамын сонау студенттік шағынан бастаған ол 1960 жылы Орта Азия мен Қазақстан студенттерінің III ғылыми конференциясының жүлдегері атанды да, қызық та қиын шытырман ғылым жолына батыл араласты. Өзі жүрегімен қалап алған Көкше жерінің тылсым сырына қанығып, сұлу табиғатын тамашалап қана қоймай, жер-су аттарына терең бойлай отырып, тәлімді зерттеу арқасында Томск университетінде ономастика мәселесінен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұдан кейінгі қарымды қоғамдық еңбегімен қатар (облыстық «Білім» қоғамының төрағасы), осы өлкенің айтулы ұлдарының өмірлерін де қызыға зерттеді. Соның нәтижесінде дарынды ғалым Шоқан Уәлиханов шығармаларының тілін зерттеп үлкен ғылыми еңбек жазды. Өз шығармаларын орыс тілінде жазып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің асылдарын көпке танытқан ғалым еңбегін зерттеу барысында Оғаз Арыстанғалиұлына қос тілділіктің көп мәселелеріне тереңдеп баруға тура келді. Соңында ол докторлық диссертация қорғап, үш монография шығарды, оның біреуі – «Шұрайлы сөздің шебері» қазақ тілінде.
Осыншама қыруар істермен айналыса жүргенде ол өзінің басты міндеті – ұстаздықты еш уақытта ұмытпады. Ол өткізген сабақ өзінше үлгі, одан оның көптеген әріптестері үнемі үйреніп отырдық, бүгінде одан білім алған әрі оның жетекшілігімен ғылым жолына өрлеген ондаған шәкірттері де осы ғылым ордасында жемісті еңбек етуде.
Көптеген жастардың ғылымға баруына жол салған ол үш ғылыми кеңес мүшесі, жоғары аттестациялық комитеттің сарапшылық комиссиясының мүшесі бола жүріп, білім жолының бастауында тұрған мектеп тағдырын да ешуақытта есінен шығарған емес. Жылма-жыл кәсіптік бағдардағы жұмысқа белсене араласа жүріп бүгіндегі өзекті мәселе болып отырған мемлекеттік тіл мәселесіне де тереңдеп барды. Өзі өмірге келген Астрахан өлкесіндегі мектептерге арнап бастауыш мектеп үшін 1-3 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулықтарын шығарып, О.К.Мырзагелдинованың «Қазақ тілін үйретеміз» оқулығының редакциясын басқарды.
Алты жылдай ғылыми жұмыс жөніндегі проректор болып жүргенде «Шоқан тағылымы» жинағының бастауында болып, ғылыми жинақтар шығуының басы-қасынан табылды. Биязы мінезді осы жан қажет кезінде өзіндік ой-пікірі үшін табанды күресе де алатын еді. Оны ширек ғасыр бойы «Білім» қоғамын басқарған кездегі ұлағатты істерінен, ғылыми айтыстардағы пікір өрелігінен, ел алдындағы турашылдық өмір жолынан аңғарсақ, үш баласынан тараған жеті немересіне берген өнеге-тәрбиесінен де анық байқаймыз.
Абзал жанның өнегелі істері де атаусыз қалған жоқ. Ол «Қазақ КСР-інің оқу ісінің озаты» (1976), «КСРО оқу ісінің озаты» (1986) белгілерімен марапатталып, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болып, Президент стипендиаты атанды.
Ұнатпаушы ем, тау болмаса төбеңді,
Алтын ұя, аясына ап мені енді.
Құшағына енгеннен-ақ білімнің,
Биігіне тура бастап жөнелді.
Па, шіркіннің асқақ қарап тұруын!
Нұр төгеді күмбезінен сұлу күн.
Қойыныңа келдім мен де білімнің,
Бір жұтуға зәру болып тұнығын.
Мен дағы бір перзенті едім Отанның,
Аялаған, әлдилеген Отан-күн.
Босқа ауаға ортақ болып жүргем жоқ,
Ұрпағымын кәдімгі ұлы Шоқанның.
Сондықтан да сүйе алмаймын төменді,
Алтын ұя құшағында мен енді.
Келген бетте кәусәріне білімнің,
Өзі бастап сусындата жөнелді.
Көкшелік ақын шәкіртіңіз сияқты саналы азаматтар барында, өзіңізден ағалық ақыл нәрін алған әріптестеріңіз бен Көкше елі тұрғанда, өзіңіз жарты ғасыр еңбек еткен алтын ұяңыз – Шоқан атындағы оқу орны күннен-күнге өркендеп тұрғанда есіміңіз мәңгілік деп білеміз, еңбегіңіз ұрпақ жадында жаттала берсін, нар аға!
Аманжол ЕСМАҒҰЛОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінің
қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар