Дамудың қарқыны да, алдағы іс-жоспар да қуантады

«Ақмола облысының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және
2018 жылдың міндеттері туралы» облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің есебі

Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің халық алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың төрағасы мен депутаттары, департаменттер мен басқармалардың, мемлекеттік органдардың, оқу орындарының басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері және делегациялары, зиялы қауым, қоғамдық жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Есеп беру кездесуге Қазақстан Республикасының Әділет министрі М.Б.Бекетаев қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ф.Ш.Қуанғанов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы
Қ.Б.Бәйімбетов қатысып отырды.
Бұл жолғы аймақ басшысының есебі осы заманға сай, жаңа үлгіде өтті. Әкімнің есебі «call-орталық» арқылы «онлаин» режимінде және облыстық теледидар арқылы көрсетілді. Сөйтіп, облыс тұрғындарының әкім есебін тыңдап, өз сауалдарын қоюға мүмкіндік жасалды. Кездесу барысында «Facebook», «YouTube», «Skype» әлеуметтік желілер арқылы да сұрақтар қойылды. Облыс әкімі өзінің есебінен кейін бірден залдан қойылған сұрақтарға жауаптар берді. Қойылған сұрақтар мен жауаптар сараланып, алдағы уақытта баспасөз беттерінде жарияланатын болады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әкімдерге жүктеген ең басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл әрине, мемлекеттің экономикалық қуаттылығына тікелей байланысты. Жаңа дәуірдегі Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы туралы Стратегиялық бағдарламасы да осыны көздейді. Сондықтан, Президент аталған ауқымды әрі маңызды тапсырмалардың орындалу барысын барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебі арқылы бағалау қажеттігін алға тартты.
Өткен жыл барша еліміз үшін ерекше жыл болды. Елбасының халықаралық беделі және еліміздің экономикалық мүмкіндіктері арқасында әлемдік ауқымды шаралар – жыл басында Универсиада, ал, жаз айларында ЭКСПО көрмесі өте жоғары деңгейде өтті.
2017 жылы біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы шеңберінде экономиканы модернизациялау және мемлекеттік басқаруды қуаттандыру ел экономикасын сапалы әрі тұрақты дамытуға бағытталған. Бұл мақсаттар Мемлекет басшысының шешуші бағыттар бойынша кешенді 10 міндеттері айқындалған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі арқауына айналды.
Саяси және экономикалық дамудың стратегиялық міндеттері «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасымен толықтырыла түсті.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қорытынды есебін осы талаптар негізінде құруы жұртшылық көңілінен шықты. Өңір басшысының сахна төріндегі электронды диаграммалар мен қолындағы планшетке сілтеме жасай жүріп, мінберсіз баяндама жасауы, ауық-ауық өз сайтына түсіп жатқан сұрақтарға назар аударуы, тікелей қосылым арқылы аудан тұрғындарымен жанды диалог орнатуы жылдың басты жиынының мазмұнын аша түсті. Әкімнің сөзімен айтқанда, биылғы қаңтар-ақпан айларында аудандар мен қалалар, ауыл округтері әкімдерінің 673 есепті кездесуі өткізіліп, бұған 72 мыңнан астам адамның қатысуы қоғамдық белсенділіктің артқандығын байқатады. Кездесулерде көтерілген 722 ұсыныс-тілектерді шешудің нақты мерзімдері көрсетіліп, арнайы іс-шаралар жоспары бақылауға алынатын болады.
Көтерілген мәселелерді шешудің барысы туралы ақпарат облыс әкімдігінің ресми сайтында тоқсан сайын орналастырылады.
Мәлік Кеңесбайұлы 2017 жылы облыс экономикасының өсу баспалдақтары нығайғанын атап көрсетті. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы жақсарып, өндіріске 257 миллиард теңге қаржы тартылған (106,1%). Бұл өндірістік, әлеуметтік инфрақұрылым, шағын және орта бизнес саласында 300-ден астам нысанның іске қосылуына ықпал етіп отыр.
Елбасының бастамашылдығындағы мемлекеттік бағдарламалар экономиканы өркендетуге орасан зор серпін берді. Мәселен, тұрғын үй құрылысының қарқыны 17 пайызға артып, шағын және орта бизнес нысандарының саны 2,9 пайызға өсуі жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін күшейте түскен. Бұл еңбек нарығының екпін алып, 12 мың жаңа жұмыс орнының құрылуынан, жұмыссыздық деңгейінің 4,8 пайызға төмендегенінен де байқалады. Өткен жылы бастау алған нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 15 мыңнан астам кісінің тұрақты жұмысқа орналасуы елеулі жетістік ретінде бағаланды. Қолға алынған шаралар нәтижесінде облыс бойынша орташа айлық жалақы 6 пайызға (110 мың теңгеге дейін), бюджеттік салық түсімдері 19 пайызға өсті.
Жалпы, есептің кеңейтілген нұсқасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сондықтан, алдағы кезеңге арналған шешуші бағыттар мен міндеттерге тоқталайын, – деді облыс әкімі.
Экономиканы әртараптандырудың негізі қуатты және бәсекеге қабілетті өндірістерді индустрияландыру болып қала бермек.
Өнеркәсіп саласындағы өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіші 2017 жылы 80 пайызға жетіп (республикада 4-ші орын), өңірлік жалпы өнімнің көлемі 17 пайызға артты (2016 жылы 14%).
Ақмолалық индустрияның көшбасшылары саналатын Степногорск подшипник зауыты, «Алтынтау Көкшетау» компаниясы, «Қазақалтын» концерні, «ЕНКИ» кірпіш зауыты былтырғы көрсеткіштерін биыл да еселей түсуде.
«КамАЗ-Инжиниринг» АҚ өндіріс көлемін 40 пайызға арттырып, 900 бірлік жүк және арнайы автотехниканы дайындық сапына қойды.
Целиноград ауданында осыдан үш жыл бұрын ашылған жедел саты (лифт) және эскалаторлар зауыты («Sky Express Elevator KZ» ЖШС) ЭКСПО нысандарына 85 дана көтергіш жабдықтарын жеткізді (77 лифт пен 8 эскалатор).
Мемлекет қолдауына ие болған «КАИК» ЖШС тіркеме техникалары мен көтергіш құралдарын шығаруды ұйымдастырды.
Елбасымыздың АҚШ-қа сапары аясында Қазақстанда «Amity» дән себу кешендерін құрастыру туралы лицензиялық келісімге қол қойылды. Алғашқы техникалар «КАИК» ЖШС өндірістік алаңдарында құрастырыла бастайды (1,5 миллион АҚШ долларына 12 дана кешен сатып алу-сату мәмілесі жасалған). Кәсіпорын сондай-ақ, жақын арада «Ростсельмаш» фирмасымен ауыр салмақты «Buhler» тракторларын құрастыру туралы келісімге қол қою ниетінде.
Жуырда Беларусь Өнеркәсіп министрімен және «Ростсельмаш» компаниясының өкілдерімен кездесуде «КАИК» ЖШС базасында ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының модельдік қатарын толықтыру жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Жалпы, аталған кәсіпорын 2018 жылы 1800 дана техниканы құрастыратын болады.
Алдағы уақытта «Eurasian Group Kazakhstan» ЖШС сервистік орталығында «John Deer» комбайндарын құрастыру жоспарлануда.
Индустрияландыру картасы аясында өткен жылы 95 миллиард теңгенің 7 жобасын жүзеге асыру нәтижесінде 1119 жұмыс орны құрылды.
Облыста жылдық қуаты 2 миллион тонна болатын ірі цемент зауыты іске қосылды. Бұл құрылысқа 63 миллиард теңге жекеменшік инвестиция құйылды. Цемент өндірісі облыстың индустриялық буынындағы жаңа бағыт екендігін атай кеткен жөн.
«Қазақалтын» концерні жылына 4 тонна алтын шығаратын жиынтық қуаттағы үш алтын айыру фабрикасын пайдалануға берді.
Мемлекеттік инновациялық грант арқылы «BIOTRON GROUP» ЖШС ауыл шаруашылығы малдары үшін вакциналар өндіру жобасын іске қосты (60 миллион теңге). Ғылым мен бизнестік әріптестікті нығайтуға бағытталған жоба өнімдері жоғары сұранысқа ие болатындығы айқын. Бұл Степногорск қаласында биотехнологиялық кластер құрудың бастамасы және мұнда ғылыми, өндірістік және кадрлық әлеует жеткілікті.
Индустрияландыру картасы шеңберінде өңдеуші секторды дамыту мақсатымен құны 500 миллиард теңгелік 10 жоба жүзеге асырылуда. Жобаның алтауын (53,4 миллиард теңге) биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттерге сай өндірістік процестерді цифрландыру жұмысы жалғасын табады. Бұл еңбек өнімділігін еселеп арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні өңдеу өндірісінде еңбек өнімділігі 30 мың АҚШ долларынан аспайды. Былтыр қолданысқа қосылған жаңа өндіріс орындары бұл көрсеткішті барынша өсіруге негіз болмақ. Мысалы, «Көкше Цементтің» жобалық қуатына енуімен жылдық өнімділік 90 мың долларға жеткізіледі.
Өңірдің 20-дан астам ірі өнеркәсіп кәсіпорындары қазір Индустрияландыру 4.0 ұстанымындағы цифрлық технологияны қолданады.
Бүгінгі күні біздің кәсіпорынның әрқайсысы сәтті және бәсекеге қабілетті болу үшін жаңа технологияларды жүзеге асыруда плацдарм жасауы керек.
Тағы бір міндет – энергия тиімділігін арттыру және ресурстық әлеуетті дамыту.
Осы салада Ерейментау ауданындағы жел электр станциясы (45 МегаВатт) және Целиноград жел электр станциясы (750 кВт/сағат) сияқты бірқатар баламалы энергетикалық жобалар іске асырылды және олар Астанадағы ЭКСПО-да таныстырылды.
Мемлекет басшысының Жолдауында 2030 жылға қарай баламалы энергияның үлесін 30 пайызға дейін арттыру міндеті қойылған.
Облыста жалпы қуаты 350 МегаВатт (Аршалы, Ерейментау және Целиноград аудандарында) жаңа 3 жобаны іске қосқан кезде балама көздерден электр энергиясын өндіру облыста шығарылған электр энергиясының жалпы көлемінде 54 пайызды (821 МВт) құрайды.

Ауыл шаруашылығы

2017 жылы 3,5 мың аймақтық құрылымдарды мемлекеттік қолдау есебінен (2016 жылы – 2,5 мың) 38 миллиард теңге бөлінді (өсім 23 пайыз). Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, егін жинау науқаны сәтті өтті. Дәнді дақылдардың жалпы өнімі 5,1 миллион тоннаны құрады (орташа өнімділігі 12 ц/га), оның 88 пайызы жоғары сапалы.
Майлы дақылдардың аумағын әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың шеңберінде олар 30 пайызға дейін (276 мың гектарға дейін), ал, пайдалы дақылдардың бірі – жасымық – 4 есе (100 мың гектарға дейін) кеңейтілді.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің ғарыш мониторингін ұйымдастырамыз. Жерді пайдаланушылардың жер учаскелерін мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған кезде заңнамалық актілер алынып тасталады және жерді тиімді пайдалану үшін беріледі.
Облыста 35 ауыл шаруашылығы кооперативінен құрылған (5 ет және 30 сүт) белгілі бір резерв бар. Биылғы жылы үй шаруашылығы кооперативтеріне тартылушылар санын 25 мыңға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Енді 28 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылатын болады.
Қазіргі күні өзін-өзі қамтитындардың 70 пайызы ауылдық жерде тұратындықтан,
аудан және ауыл әкімдерінің басым бағыттағы міндеттерінің бірі болып кооперативтерді ұйымдастыру болып қала береді.
Астана маңайынан азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасы біздің облысымызға үлкен міндет жүктейді.
Облысымызда ет, сүт өнімдерін, ұн, өсімдік майы мен жұмыртқаны брендтік өнім ретінде экспортқа шығаратын 80-ге тарта компания бар.
Қытайлық кәсіпкерлер «Көкшетау минералды сулары» АҚ-ының табиғи суларына деген қызығушылық танытқан және біздің өніміміз бойынша Гонконг пен оңтүстік Қытайдың Гуандун провинциясындағы әріптес болуға ниет білдірген болатын.
Жаңа жобаларды жүзеге асыру жоғары сапалы өнім өндіруге бағытталатындығын баса айтқым келеді. Өткен жылы Целиноград ауданында асыл тұқымды ешкі шаруашылығын дамыту қолға алынды. Мұнда бес мың бас асыл тұқымды ешкі бағылады. Көкшетау қаласында да тәуліктік қуаты 40 тоннаға тең келетін сүт өңдейтін зауыт пайдалануға берілді. «Родина» агрофирмасы» елімізде жаңалық болып табылатын қышқыл сүтті «Нәр» сусынын өндіруді қолға алды. Ал, Аршалы ауданында диірмен, макарон комбинаты жұмысын бастады. Ағымдағы жылы Жақсы ауданындағы «Урожайное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дақылдарды өңдеу цехы салынса, жылдық қуаты 50 мың тоннаға жететін Макинск құс фабрикасы құс етін өндірудегі еліміз бо-йынша ірі жобалардың бірі болып табылады.
Жаңа заманғы технологияларды өндірісте қолданудың арқасында Целиноград ауданындағы «Capital Projects LTD» серіктестігі 2017 жылы еңбек өнімділігін 50 мың долларға жеткізіп, осы саладағы
орташа көрсеткіштен он есе артық дәрежеге жетті. Бұл тек бір ғана кәсіпорынның мысалы. 2017 жылы азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 13 пайызға өсіп, 80 миллиард теңгеден асты.

Шағын және орта бизнес

Мемлекеттің қолдауы және банктер берген несиелердің арқасында шағын және орта бизнес жандануда. 2017 жылы мұндай субъектілер саны 1000 бірліктен аса көбейді. Осы орайда, қосымша 6 мың жұмыс орны құрылды. Өнім өндіру және бюджетке түсетін салық көлемі 21 пайызға артты. Кәсіпкерлік саласын дамыту, оның экономикаға қосар үлесін молайту бағытында қызмет көрсету, туризм, агробизнес саласын дамытуда қосымша мүмкіндіктер бар. Мысалы, селолық жерлерде әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым нысандары жетіспейді. Бұл сала 700 нысанға зәру. Міне, бизнес осы жерге келіп жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджетті толықтырулары керек. Бізде жақсы мысалдар да бар. Есет Нұралин үшінші топтағы мүгедек. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша кәсіпкерліктің негізін оқып білгеннен кейін үш миллион теңге шағын несие алып, Краснояр селосында жылыжай шаруашылығын ұйымдастырды.
Жеке бастама қашанда қолдауға ие болу керек. Маған Зеренді ауданынан Андрей Рыманов хабарласты. Ол спорттық-демалыс орталығын салғысы келеді. Бірақ, әкімдік жер телімін бере алмай отыр. Бүгінгі есептік жиынға аудан әкімі Мереке Мұстафин қатысып отыр. Оған айтарым, осы мәселені шешу керек.
Басқа да мәселелер бойынша мен баршаңызға мынаны айтқым келеді. Әкімдік мәдени қызмет немесе спорттық ойын-сауық орталықтар салуға міндетті емес. Мұның барлығы жеке бастама арқылы жүзеге асуы керек. Әрине, әкімдік жақсы шарадан шет қалмайды. Жер телімі, инфрақұрылым бағытында көмек көрсетеді.

Тұрғын үй құрылысы

2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 426 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3640 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2016 жылмен салыстырғанда 117 пайыз өсім бар. 7 жалдық (190 пәтер) және 5 несиелік (171 пәтер) тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
Жекеменшік үй салу көлемі 130 пайызға өсті. 250 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Үстіміздегі жылы көп пәтерлі 28 үй салу жоспарлануда. Оның 16-сы жалдық және 12-сі несиелік. Оған қоса, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация-сы арзан құрылыс механизмін жүзеге асырмақ. Ақмол ауылында 10 көп пәтерлі үй мен Қабанбай батыр селосында 200 жеке үй салынбақ. Облыстық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға 210 миллион теңге бөлінді. Жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамыту үшін инфрақұрылымдары дайын 360 жер телімі берілмекші. Оның 168-і облыс орталығында беріледі.
Биылғы жылы 2400 жер телімін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз еткелі отырмыз. Келешекте 8200 жер учаскесі, оның 3200-і Көкшетауда, осылай қамтылатын болады.
Мемлекет басшысының Жолдауында 2030 жылы әрбір тұрғынды 30 шаршы метр тұрғын үй алаңымен қамтамасыз ету жөніндегі міндет жыл сайынғы құрылыс қарқыны 110 пайыздан кем болмағанда ғана орындалады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 21,9 шаршы метр болса, 2018 жылға жоспар 22,4 шаршы метр.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы

Электр, жылу және ауыз сумен тұрақты жабдықтау тұрғындар үшін бірінші кезектегі мәселе. Сондықтан, оның бәрі облыстық әкімдіктің ерекше бақылауында тұр. «Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижесінде жылу көздерін модернизациялау мәселелері шешілуде. 2016 жылы Краснояр селосында 956,2 миллион теңге қаржыға жаңа қазандық іске қосылды. Қазіргі уақытта Есіл қаласында бұрынғы ескірген 10 қазандықтың орнына 7 миллиард теңгеге ірі қазандық құрылысы жүргізіліп жатыр. Осындай екінші қазандық Шаңтөбе кентінде салынуда.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі жоспарлы түрде шешілуде. Өткен жылы 11 ауылдық елді мекенде 241 шақырым су құбыры желілері тартылды. Биыл 14 ауылда сумен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуге, 19 ауыл бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаржы қарастырылып отыр. Тұрғындар саны 200 адамға жетпейтін 132 елді мекенді сумен қамтамасыз ету мәселесі тазартқыш блок-модульдерді қою арқылы шешілетін болады.
Өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдар проблемасын бюджет қаржысының есебінен ғана шешу мүмкін емес. Қазір біз Көкшетау қаласында жылу электр станциясының құрылысын жүргізуді мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің есебінен шешумен белсене айналысудамыз. Қазір жоба концепциясы бар, 1 наурызға дейін инвесторды анықтауды көздеп отырмыз. Ақмола облысын газификациялау жобасын жүзеге асыру жөнінде «Global Gas Group» ЖШС компаниясымен белсенді жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылы Щучинск қаласындағы қазандықтардың қуатын арттыруды және мазутпен жағылатындарын газға көшіруді бастаймыз. Келесі жылы бұл жұмыс облыс орталығында жүргізіледі.

Жолдар

Жол инфрақұрылымын дамыту жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілді. 2017 жылы «Нұрлы жол» жобаларын қоса алғанда облыста 630 шақырым автомобиль жолдары қайта жаңартылды және жөнделді, оның 236 шақырымы жергілікті маңыздағы жолдар. 2017 жылы автокөлік инфрақұрылымын дамытуға «Нұрлы жол» бағдарламасын бірге есептегенде 70,3 миллиард теңге, соның ішінде жергілікті жердегі жолдарды дамытуға 12,3 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттер шеңберінде биыл жергілікті желідегі жолдарды дамыту жұмыстары белсенді жүргізілетін болады. Барлығы 639 шақырым жол жөндеумен және қайта жаңартумен қамтылады. Оның 426 шақырымы жергілікті маңыздағы жолдар. Бұл өткен жылдағыдан 1,8 есе артық. Щучинск-Зеренді автожолын қайта жаңарту, Көкшетау қаласына кірер жолды төрт жолаққа дейін кеңейту – бұл ірі жобалар. Облыстың 8 ауданында, Ақкөл, Атбасар, Бұланды, Есіл, Ерейментау, Жарқайың, Зеренді және Сандықтау аудандарында ауыларалық жолдарды жөндеу қарастырылып отыр.

Білім беру

Адамзат дамуы білім және ғылым саласының дамуына байланысты. Әрі бұл саланың қоғамдағы рөлі өте маңызды. Адами капиталды дамытудың басты шарты және оның жаңа сапасы Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында да басты міндеттердің бірі болып отыр. Бүгінде білім беру процесінде 515 мектеп ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолданады. Облыстағы барша мектептер Интернет желісіне және «Bilim Land» инновациялық білім беру платформасына қосылды. Мектептерді мультимедиялық және жаңа радиотехникалық кабинеттермен жарақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Облыстың 12 мектебіндегі үш ауысымдық оқыту проблемаларын шешу мақсатында облыста 2700 орынға арналған 7 мектептің, Көкшетау қаласындағы №18 мектептің және оқу-тәрбие кешенінің қосымша корпустарының құрылысы жүргізілуде. Жеке инвесторлар есебінен Целиноград ауданының Қосшы ауылында 200, Отаутүскен ауылында 50 орындық 2 мектептің құрылысы аяқталған соң, олар тегін мемлекеттің есебіне беріледі. Мектеп жасына дейінгі білім саласында 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98 пайызға жетті. 2017 жылы осындай 2 мың орын ашылды. Оның барысында мемлекетке жатпайтын сектор кеңейе түсуде. Бүгінгі таңда 226 бала бақшасының 86-сы немесе 40 пайызға жуығы жекеменшік бала бақшалар болып табылады.
2020 жылға қарай толық қамту үшін мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту жұмыстары жалғасатын болады. Таяудағы 2 жыл ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 4000 орын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, үшжылдық бюджет жоспары шеңберінде (2018-2020 ж.ж) 4200 орындық 21 бала бақша салу жоспарлануда (2018 жылы – 1540 орындық 7 бала бақша). 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа оқыту бағдарламасынан өткен мұғалімдердің жалақылары 30 пайызға көбейтілді. Облыс әкімдігінің білім гранттары есебінен 100 студент көкшетаулық жоғары оқу орындарында педагогикалық, олардың 30-ы математика және жаратылыстану пәндері бойынша білім алуда.
2017 жылғы «Тегін кәсіптік-техникалық білім» Президенттік жобасын жүзеге асыру бо-йынша колледждерге оқушылар қабылдау 20 пайызға, яғни 6000 адамға дейін көбейтілді. Жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді курстардан 5 мыңдай адам өтті. «Цифр-лы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сай, ІТ технология саласында экономиканың барлық салалары бойынша мамандарды сапалы даярлаудың маңыздылығы арта түсті.

Денсаулық сақтау

«Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 206 бірлік медициналық құрылғылар сатып алынды, жедел жәрдем паркі 33 жаңа автомашинамен толықты (16 бірлік аудандық жедел жәрдем стансалары үшін). Денсаулық сақтау құрылымы да кеңейтілуде. Проблемалы болып келген Ақкөл және Зеренді аудандық емханалары және 3 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. 2 инсульт орталығы ашылды (№2 облыстық ауруханасы базасында және Атбасар ауруханасында). 8 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілді. 2018 жылы 12 жаңа нысандар салынып, 15-іне күрделі жөндеу жасау жоспарланып отыр.
Көкшетау қаласында онкологиялық емхана құрылысы басталмақшы (150 адамды қабылдайтын). Бұл жоба біздің облысымыз үшін аса қажетті және әлеуметтік маңызды болып табылады. Ол онкологиялық науқастарды емдеу мен аурудың алдын алу шараларын жақсартуға игі ықпалын тигізеді.
Негізгі және маңызды міндеттердің бірі ретінде ана мен бала және туу жасындағы жастардың денсаулығын қорғау болып қала береді. Аса маңызды мәселелердің бірі медициналық кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады (қазір 123 дәрігер қажет). Қазіргі күні жергілікті бюджет пен шаруашылық етуші субъектілердің қаржысы есебінен медициналық жоғары оқу орындарында 400 адам оқып жатыр.
Жыл сайын оларға облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы беріледі. Қажет мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы 350 мың теңгеге (2016 жылы 250 мың теңге болатын), ал, медициналық оқу орындарының студенттері үшін 700 мың теңгеге дейін көбейтілді.Бүгінгі күні медициналық оқу орындарында оқитын 57 студент шәкіртақы алады. (2016-2017 оқу жылында 192 адам шәкіртақы алды, олардың ішінде 36-сы медициналық оқу орындарында оқитындар, 2017-2018 оқу жылында 276 адам, оның ішінде 57-і медициналық оқу орындарының студенттері шәкіртақы алады). Өткен жылы облысымызға 384 медициналық қызметкер, олардың 140-ы дәрігерлер келді. Оларға 61 пәтер, оның 20-ы облыс орталығынан берілді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті базасынан 150 орындық медициналық факультет ашу мәселесі қолға алынуда.

Спорт

Қазіргі күні облысымыздың барлық өңірлерінде спорттың әр түрі бойынша секциялар жұмыс істейді. 2017 жылы 54 спорт нысаны пайдалануға берілді. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар онан әрі жалғасатын болады (Макинск қаласында жүзу бассейні, Бурабай ауданында спорт сарайы, Астрахан селосында және Ерейментау қаласында спорт залы салынып, Көкшетау қаласындағы «Оқжетпес» командасының футбол алаңы мен спорт залы және Есіл қаласындағы стадион жөнделеді).
Біздің басты міндетіміз – инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, физкультурамен айналысатын адамдар санын көбейту (2017 жылы – 27,6 пайыз, 2018 жылы – 28 пайыз). Кәсіби спортқа келсек. Өткен жылы қысқы спорт түрлері бойынша жақсы жетістіктерге қол жеткізілді. Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарында ақмолалық спортшылар 7 медальді жеңіп алды (2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль). Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарында жерлестеріміз 6 медальге ие болды.
Өткен жылы республикалық және халықаралық түрлі жарыстарда жерлестеріміз 790 медальді жеңіп алды. Қазіргі күні Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Қысқы олимпиада ойындарына 6 ақмолалық спортшы қатысуда (3-еуі биатлоннан, 3-еуі шаңғы спортынан). Ерлер арасындағы шаңғы жарысында қазақстандық құрама 8-ші орыннан көрінді. Құрама командада екі ақмолалық спортшы: Евгений Величко мен Денис Волотка өнер көрсетті. Бұл жақсы көрсеткіш.
Қазір осы залда олимпиада ойындарына спортшыларды дайындаған бапкерлер отыр, олар: Николай Юрьевич Александров, Геннадий Петрович Макаров, Сергей Николаевич Райков, Виктор Петрович Васильев және Татьяна Викторовна Сергеева. Оларға осындай спортшыларды дайындағандары үшін қол соғып қошамет көрсетейік!

Туризмді дамыту

Туризм индустриясын дамыту басым міндеттердің бірі. Елбасы Жолдауда атап көрсеткеніндей, кез келген аймақ үшін сыртқы және ішкі туризмді дамыту кіріс көзі болып табылады. Аймақтың бірегей табиғаты мен географиялық орналасуын ескерсек, бізде осы бағытты дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Щучинск-Бурабай курорттық аймағы «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің тұтастығы» туристік кластердің мәдени орталығы болып табылады.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының ІІІ кезеңін жүзеге асыру іс-жоспарының нақты қадамы қолға алынды, осы мақсатта іс-шараларды қамтитын 60 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Ағымдағы жылы туристік аймақтағы инженерлік жүйе мен автомобиль жолдары және туристік инфрақұрылымдар құрылысы бойынша жұмыстар жалғасатын болады.Үлкен Шабақты көлінің жағасында (Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен бірлесіп) 233 гектар аумақты қамтитын жаңа курортты аймақты дамыту жоспарлануда (қонақ үйлер, демалыс және ойын-сауық нысандары, инженерлік жүйе мен автомобиль жолдары).
Бурабай кентінде 14 гектар аумақты қамтитын тұрғын үйлері, променады, мешіті мен автотұрағы бар курортты кешеннің құрылысы жоспарлануда. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп Бурабай кентінде көпфункционалды кешеннің құрылысы ауқымды жоба жүзеге асуда (конгресс-зал, кинотеатр, балалар ойын-сауық орындары). Шортан көлінің жағалауында «Rixos» қонақ үйінің маңайында 370 аумақты қамтитын премиум санатындағы курорттық аймақ құрылады, қазіргі таңда инвесторлар іздестіріп жатырмыз (инженерлік инфрақұрылым тартылды).
Республикалық тау шаңғы кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, Щучинск қаласында Спорт сарайының құрылысы жопарлануда, шетелдік инвесторлармен бірлесіп Кіші Шабақты көлінің маңайында ат-спорттық кешенінің құрылысы қолға алынады (3 ат қора, 30-дан астам жылқы).
Инвестиция тарту және өңіріміздің тартымдылығын арттыру мақсатында туристік саланы дамытудың Жол картасы әзірленді (100 іс-шараны қамтиды). «Four Seasons» жобасы белсенді түрде жүзеге асуда, белсенді демалыс та демалушылар тарапынан зор қызығушылық тудырып отыр (жаяу жүргіншілер мен хайкинг-туристер саны артуда). Облыстың туристік әлеуетін алға қарай дамыту үшін Туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді.

Астана қаласы маңындағы аймақ

Астана қаласы маңындағы аймақтың инфрақұрылымын дамыту мәселелері арнайы бекітілген Кешенді жоспар бойынша кезең-кезеңмен шешілуде (Аршалы, Шортанды және Целиноград аудандарының 34 елді мекені енгізілген). 2017 жылы 18 ауылдың тыныс-тіршілігін жақсарту мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 7,4 миллиард теңге бағытталған. Ағымдағы жылы қаржыландыру 40 пайызға өсті, 10 миллиард теңге бөлінді, бұл қаражат қала маңындағы 28 елді мекенін сумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, әлеуметтік және жол инфрақұрылымын дамыту мәселелерін шешуге бағытталған.
Бәріміз облыс орталығының көркін жақсарту бойынша ауқымды жұмыстың куәсіміз. Өткен жылы Көкшетау қаласын абаттандыруға және көгалдандыруға облыстық бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Қаланың картасында тағы бір жаңа көрікті жер – Неке қию сарайы пайда болды. Тұңғыш Президент күні «Жастар» аллеясы, вокзал маңындағы шағын ауданда «Теміржолшылар» аллеясы ашылды. «Бұқпа» жотасында қарау алаңы жөнге келтірілді. Мәдениет және демалыс саябағының құрылысы жалғасуда. Станционный кентінде, «Бірлік» шағын ауданы мен Краснояр селосында үлкен жұмыс атқарылды.
Қазіргі заманғы спорт алаңдарының жүйесі ұлғаюда. Жастар арасында воркаут алаңдары танымал болуда. Сондықтан, оның саны көбейеді. «Оқжетпес» стадионында футбол жамылғысы жаңартылды.
Өткен жылы биоресурстарды сақтау және дамыту үшін Қопа көліне балық жіберілді. Оған облыстық бюджеттен 11 миллион теңге жұмсалды. Биылғы жылы бұл мақсатты қаржыландыру 4 есеге көбейіп, 40 миллион теңгені құрады. Жақын уақытта облыс орталығында қала құрылысы көп өзгермекші. Қопа көлі жағалауының жоспарлық жобасы жасалуда. Қалалықтар мен меймандар демалысы үшін спорт алаңдары, дәмхана, жағажай тәрізді рекреациялық аумақ құру қарастырылған. Мұнда тұрғын үй, әлеуметтік сала нысандары, күре жол тәрізді инженерлік және транспорттық инфрақұрылым салынады. Биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Жансая» мен «Сарыарқа» шағын аудандары белсенді салынады. Қалаішілік Ғабдуллин, Бейбітшілік, Наурызбай батыр, Вавилов көшелеріндегі және өзге жобалардағы жол жүйесі қалпына келтіріледі, жөнделеді. Қалалық қоғамдық көлікті жаңғырту аясында автобус паркінің 40-50 пайызы жаңартылады. Жолдаудағы міндеттердің бірі «Смарт сити» тұжырымдамасын жүзеге асыру болып табылады.
Заманауи технологиялардың көмегімен – QR-кодтар арқылы Ақмола облысының киелі нысандарын ақпараттық цифрлау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында 8 ақмолалық жеңімпаз атанды. Біз бүгін сол республикалық байқаудың жеңімпаздарының осы залда отырғаны үшін қуаныштымыз.
Туған жер кіші Отан жобасын қолдау мақсатында бизнес қауымдастық пен жергілікті кәсіпкерлер қала, ауылдарды абаттандыру, әлеуметтік нысандар, спорт алаңдарын салу бо-йынша бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Мәселен, Есіл ауданының Юбилейное ауылында «Новоприречное» серіктестігі (басшысы Валерий Николевич Тюркин) 160 тұрғын үйге газ тартып берді. Екі көшені жөндеді, екі тұрғын үй салды (270 миллион теңге). Есіл ауданындағы «Заречное» серіктестігінің арқасында (Уәлихан Сәпиұлы Әріпов) Заречное ауылының тұрғындары бір орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Қорғалжын ауылында («Түсіпбеков» жеке кәсіпер. Құралай Айтқабылқызы) өңірлік бірінші орнитологиялық орталық ашты. Целиноград ауданының Бірлік ауылында 50 орындық бастауыш мектеп ашылды. Бұл игі іске осы жердің тумасы (Лоренц Александр Александрович) қаржы бөлген. Аудандағы меценаттар құны 1,2 миллиард теңгеге тағы 3 мектептің құрылысын жүргізуге тілек білдіріп отыр.

Қоғамдық қауіпсіздік

Құқық қорғау органдары тұрғындармен тығыз жұмыс істеуі керек. Полицейлер тұрғындар арасында сыйлы болуы, билік заңдылық пен құқығын қорғауды қамтамасыз етуде сенімділік ұялатуы тиіс.
Материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында 2017 жылы 20 бірлік автокөлік, облыс орталығы үшін 6 стационарлық бекет, 460 бейнетіркегіштер мен арнайы техниканың барлық түрлері сатып алынды. Бұл өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейінің азаюына көмектесті.
(2017 жылы облыс аумағында қылмыстың жалпы 5%, ауыр – 14%-ға, аса ауыр қылмыс түрлері – 3%-ға, көшелерде (20%-ға), төмендеуі байқалды).
Ағымдағы құқық қорғау органдарының күштері мен құрылымдарын нығайту жұмыстары одан әрі жалғаса беретін болады. Біздің басты басымдығымыз қоғамдық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету.

«Skype» арқылы байланысқа Біржан сал ауданының тұрғындары шықты:

– Жуырда біздің өңіріміздің тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенеліп, ауданымыз Біржан сал ауданы атанды. Осы бір игілікті іс үшін Елбасына, өзіңізге мың да бір рахметімізді айтамыз. Халқымыз рухани жағынан жаңғырып жатқан бүгінгі таңда осы Біржан сал бабамыздың бай музыкалық мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу мақсатында тағы қандай шаралар жүзеге асырылмақшы?

Әкімнің жауабы: – Сіздерге де рахмет! Біз мұндай даңқты адамдарымыздың есімін әрқашан қастер тұтып, ойда ұстауымыз керек. Біржан сал есімінің өзі туып-өскен, өнерімен танылған туған ауданына берілуі бүкіл облыс үшін айрықша маңызды оқиға болды. Осындай игі жұмыстарды әлі де жалғастыруымыз қажет. Жуырда бұл жөнінен Мәдениет және спорт министрлігімен келісімге келдік. Алдағы жазда Бурабайдағы Оқжетпестің бауырында «Біржан-Сара» операсы қойылатын болады.

Облыс әкімі есепке дайындық барысында өзінің жеке парақшасына көптеген сауалдар келіп түскендігін айтып, Зеренді ауданының тұрғыны Андрей Рымановтың сауалын оқып берді.
– Садовый селосының тұрғындары көп уақыттан бері ауыз су мәселесінен қиындық көріп келеді. Оның үстіне бір жарым шақырымдық жол жөндеуді қажет етеді. Селода шаштараз, монша, пошта, банкомат тәрізді нысандар жоқ. Село тұрғындары үнемі облыс орталығына шапқылаумен болады. Әншейінде май зауытын мақтайды. Бірақ, сол май зауыты табиғатқа көп залал келтіріп жатыр. Қазіргі қордаланып қалған мәселенің бірі абаттандыру. Қай жағыңа қарасаң да шашылған тұрмыстық қалдықтар. Міне, осындай біз үшін күрделі мәселелердің шешімі қалай табылар екен?

Әкімнің жауабы: – Мен бұл сұрақты жақсы білемін. Алдымен айтарым, сұрақ қоюшы азаматтың өзі туған жеріне жанашыр жанның бірі. Селода мәдени қызмет көрсететін нысанды өз қаржысына салмақшы. Көтеріліп отырған мәселелер біртіндеп шешілетін болады. Әрине, бәрін бір күннің ішінде қалыпқа келтіру қиын. Ең бастысы, өздері мекен еткен елді мекендерді көркейтуге ынталы адамдардың болғаны қуанышты. Әлеуметтік нысандар туралы қойылып отырған сауалдар өте дұрыс. Ал, банкомат мәселесінде былай айтар едім. Банкомат – жекеменшік бизнес. Мұндай іспен әкімдік айналыспайды. Бизнестің осындай түрін дамытуға құштар адамды тауып, бұл мәселені оп-оңай шешуге болады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар