Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Толғанысқа толы туынды - АРҚА АЖАРЫ

Толғанысқа толы туынды

«Театр киім ілгіштен басталады» деген тәлсім бар. Тегін айтылмаған. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының табалдырығынан аттасымен толғанысты күй ауанында болдық. Ұлық мәртебелі театрдың қасиеті де осында. Толғанатындай да жай бар еді. Қойылымдары көп талантты өнер ордасы бүгін елімізге танымал жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасын (қоюшы режиссер Мұратбек Оспанов) сахнаға шығармақ.

Алдын ала келген көрермендер қатары қалың. Әсіресе, жастар жағы көптеу. Бұны спектакльдің премьерасы болған 2014 жылмен салғастырып айтып отырмыз. Сол жолы «Егемен Қазақстан» газетінде «Сананы сілкінткен «Жан шырылы» атауымен мақала жазғанбыз. Күндер өтсе де көнермейтін туынды сананы сілкінткен-ақ екен. Шығарманың мақсаты да осы еді. Бір қызығы, «Жан шырылы» үнемі жұмыс үстінде болыпты. Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Астана театрларында кезектесіп сахналанған. Қойылымға келген көрермендердің ғана емес, құлағы түрік көпшіліктің есігін қағып, шаңырағына ой салған…
Көкшетаудағы бүгінгі қойылым бұрынғыдан екпінділеу болды. Идея мен сюжет өзгермегенімен театр әртістерінің шеберлігі жаңа арнамен толысқанына ризамыз. Көрерменнің үстін-үстін қол шапалақтауы осыны айғақтайды. Сахнадан көз алмаған бәріміз қым-қуыт күрең оқиғаның жетегіндеміз. Жанарлар жасаурағанын әр жерден «үһілеген» дауыстар білдіріп қояды.
Сонда бұл қандай оқиға дейсіз ғой? Тіптен, қарапайым. Кәдімгі қазақы шаңырақ. Мамыражай тіршілік кешіп отырған отбасында күдік аралас сәл ғана әбігерлену бар. Жасы еңкейген бейбақ ана мен әке ала дорба арқалап, тіршілігін саудадан айыру жолындағы қызы мен күйеу баласын күтуде. Ниет дұрыс сияқты еді. Бұл сынақтан кімдер өтпеді дейсіз. Бірақ, бұлардың перзенттері хабарсыз кеткелі біраз болды. Тіпті, кішкентай қыздарына алаңдап, еске алмайтындығы секем алдырып барады. Алматыда жүрсе бір лебіз білдіретін уақыт баяғыда жетті емес пе?! Мүмкін одан да әрі асып кетті ме? Жыл өтті. Жым-жырт. Әйтеуір жолға шықтық деген хабар жеткен. Үй-іші ұшып-қонып жүр. Ана шіркіннің ендігі қиял-жоспарлары қолындағы ұршығымен бірге шыр айналуда. Ақсақал таяғын тықылдатып, үйге сияр емес. Бәрінен есі кіріп қалған немересінің алақай көңілін айтсаңызшы. Қазан көтеріліп жатыр. Асық ойнап отырған қос бүлдіршіннің ештеңемен шаруасы жоқ.
Күтуден асқан азап болар ма? Осы сәтте жазушы оқиғаның негізгі сөлін тарқата бас-тайды. Кең сахнаның алдыңғы бөлігіндегі медреседе ауыл имамы шәкірттеріне уағыз-насихат айтуда. Ақ киімді ұстаздың иман жүзінен ақ ниеттер ақтарылуда. Бастарынан сипағаны – болашағымыз дегені. Балалардың киімдері де аппақ. Жүздері де аппақ. Осы кезде тарсыл-гүрсіл басталды. Беттерін тұмшалаған, мұртсыз сақал, қысқа шалбарлы, мұздай қаруланған жендеттер алысқа көз тастаған бейбіт тіршіліктің шырқын бұзды. Дәстүрлі діни ұстаным мен мәзхабтан жаңылғандар арасындағы идеологиялық тартыс шынайы тарқатылды. Мұның соңы әпербақан содырлардың имамның беліне мина байлап, жарып жіберуімен аяқталды. Трагедиялық көрініс. Бұл теріс ағымның жеңілгенін, жеңілетінін білдіретін байлам. Сахнадағы өрмекшінің шылауына байланған қара перденің сілкініп кетуі содан.
Трагедияның қоюланар тұсы өз жерімізде арбалып, Сирия сапарына бел байлаған бейбақтардың ата-ана шаңырағын аттауынан көрініс береді. Міне, есіктен қара киіммен тұмшаланған, екі көзі ғана жылтырап көрінетін Гүлнұр еніп келе жатыр, қасында балағы тобығын жаппайтын шолақ шалбар киген қаба сақалды екі жас жігіт. Әлгілердің сұрқын көрген Кәрім ақсақал мен Рәзия шешей от басып алғандай шошып кетті. Қыздары Гүлнұрдың киімге де, өзгеше ұстанымға да еті үйреніп кеткен тәрізді. Ал, ерекше белсенділіктегі Жұман өзгеше жосықты өзінше түсіндіріп, имансыз жүрген қазақты имандылыққа шақырып жүрміз деп қояды көкірегін аспанға керіп. Күйеу баласы әуелде Асқар болғанымен, жаңа жосық, өзгеше танымдағы Асқар Әбу Анас ибн Қожаға айналыпты. Дін тақырыбындағы тартыс қыза түсті. Ықылым заманнан бері «Құдай бір, Пайғамбар хақ» деп таныған ізгі діннен ірге ажыратпаған кейіпкерлер аналардың тантық танымына таң қалады. Қияпат қарсылық көрсетеді. Өзгеше жосықты өңешін кере уағыздаған әлгі Жұман – Жұман Абдул-Азиз әл Қазақидың түпкі болмысы арбаудан түскен харам ақша екендігі көрініп тұр. Адал діннің адамы Кәрім ақсақал оған шынайы тойтарыс бергенімен, қызы Гүлнұр анасын кеудеден итеріп, қаршадай қызы Жанардың үстіне қара жамылдырып, қара үзіп кете барды.
Шығарманың өн бойында арбасу мен адасу, үміт пен өкініш, күдік пен сенім тайталасып жатыр. Әуел баста әлде жастық, әлде білімнің таяздығынан ба екен, арбағанның артынан еріп кете беру Гүлнұрды да, Асқарды да жарға жықты. Өздері ғана емес он екіде бір гүлі ашылмаған Жанарды да жалмап кетті. Сүттей ұйыған Кәрім аға мен Рәзия шешейдің де шаңырағы ортаға түсті. Әке жүрегі шыдамады. Ана мен қыздың ақырғы кездесуі жындыхана болды. Бұл санаға салмақ салатын, жүрекке күш түсіретін зілбатпан көрініс еді. Адасудың соңы дәл осындай тығырыққа әкеліп тірейтіндігін меңзейді «Жан шырылы».
Шығарманың шырқау шегінің тұтқасы ананың ақ ниеттей желбіреген, ақ сүтіндей мөлдіреген ақ орамалы болды. Тұла бойын тұмшалаған қара киім, қара ниет ысырылып, ақ орамалдың тартылуы жамандықты жақсылықтың жеңгенінің белгісі.
Жазушы үшін тым ауыр, аса өзекті тақырып бұл. Бұлай жазбасқа да болмайды қазір. Қоғам осыны талап етеді.
Біз көрермен көңілінен шыққан қойылым соңында «Бұлтты түнгі толған Ай», «Тойғандар мен тозғандар», «Жетім тағдыр» және басқа драмалық шығармалардың авторы Жабал Ерғалиевтен «Жан шырылына» қалай келгендігі жөнінде пікір сұрағанбыз.
– Бұл көркем шығарма, онда қиял да, дәлелдер де бар, негізінен, қоғамда орын алған фактілер келтірілді. Радикалды діни ағымдар Қазақстанда тамырын жайып келеді, жастарымыз олардың ықпалына түсіп, кейбіреулері отбасыларын алып Сирияға кетіп жатыр. Бұл бір халықтың, бір ұлттың ғана мәселесі емес, – дейді драматург. Рухани жан дүниенің, діни наным-сенімнің қазаны қисая қайнай бастағалы қауіп те, қатер де көбейді. Атқан таң мен батқан күндей жақсылық пен жамандық бір-бірімен жағаласа жұлқысып жатқан жайы бар. «Жан шырылы» – ел ішіне дендеп болмаса да, ендеп еніп келе жатқан жат діндердің уытына уланған адамдардың қайғы-қасіреті. Солардың ата-аналарының перзент үшін күйінген, бауыр еті баласы үшін қайғының уын ішкен сәтіндегі ғазиз жандарының өзектерін өртеген өкініші. Қолымдағы қаламның қалтырамайтындығы – осыдан сабақ алсақ, ұрпағымыз, болашағымыз жазиралы күй кешсе деген ізгі үмітке малынғандығынан деп білемін.
Біздің бұл түйінге қосып аларымыз жоқ.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар