Дін мен дәстүр сабақтастығы

Қазіргі таңдағы басты мәселе – халықтың асыл қазынасын қабылдау, рухани байлығынан сусындау – салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін жетік меңгеру.Дін мен дәстүр біздің ұлттық болмысымыз болып қала бермек. Халықтың салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне бүгінгі күнде үлкен мән берілуде.

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет.Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін бар деп айтуға болады. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері мен әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан, ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды.

Халқымызда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай, ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды.Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ, рұқсат етілетіні, тіпті, орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді. Сонымен қатар, елімізде соңғы кезде дәстүр мен дінді бөліп қарайтын жастар тым көбейіп бара жатқандығы ойлантады. Дәстүрді исламнан бөліп қарауды кейбір ағымдар әдейі теріс пиғылмен насихаттап отырса, ал, енді бір жастар білместікпен солардың сөзіне сеніп, ата-баба дәстүріне қарсы шығуда.

Бүгінгі таңда біз елдігімізді сақтап қалу үшін жан-жақты, білімді де мәдениетті, ұлтжанды болуымыз қажет. Тарихымыздың тағылымына назар салсақ, тағы бір шындыққа көзіміз жетеді. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан, дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Кез-келген теріс пиғылды діни ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал, бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге, ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы – дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға тоқталайық. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Ал, зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп, көктейді. Осындай асыл құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз. Сонда ғана тәуелсіз кең-байтақ дархан еліміз бар деп мақтана аламыз.

Диас БАЙЖІГІТОВ,
      Ақмола облыстық  «Науан Хазірет»
мешітінің наиб имамы, теолог.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар