Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойларды жүзеге асыру аясында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері Роллан Сейсенбаевпен кездесу кеші болып өтті.
Бүкіләлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі, қазақ халқының тұғыры биік тұлғасы Роллан Шәкенұлы өзінің терең әдеби мұрасы арқылы бүгінгі күннің талап-тілегіне сай келетін, яғни, халық педагогикасы мәселелерімен үндес көптеген ағартушылық еңбек қалдырып отыр. Сондықтан да, жазушының туындылары қазақ халқының рухани қазынасына айналып отыр десек артық айтқандық емес. Оның шығармашылығының ерекшелігі, өміршеңдігі – ол қай дәуірдің болсын қажетіне жарарлық қасиеттілігінде.
Облыстық кітапханада «еркін микрофон» түрінде өткен аталмыш кездесуге өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен жас-тар қатысты. Салтанатты шарада «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов сөз сөйлеп, жазушының шығармашылығын жастарға көбірек насихаттау керек екендігін баса айтса, композитор Иран сал Тасқара Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзіне жазған өзінің әнін тарту етіп, жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Әлемдік әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырған Роллан Сейсенбаевтың «Тау басында түйіскен жол», «Түнгі диалог», «Сағынып жеткен жаз еді», «Өзімді іздеп жүрмін» атты повестер мен әңгімелер жинағы жұртшылықтың жүрегінен айрықша орын алған. Алайда, жазушының ең басты мақсаты дүйім елге өзін таныту емес, Абайды әлемге таныту. Роллан Сейсенбаев Абай шығармаларының 15 тілге аударылуына тікелей мұрындық болса, әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласынан өз қаржысына Абай үйін ашқан.
Кездесу барысында жазушы қазақ әдебиетінің алыптары жөнінде де тебірене сөз сабақтады. Олардың мұраларын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің, рухани мұраларын тек елімізде ғана емес, сонымен қатар, шетелдерге танытудың да маңызы зор екендігін баса айтты. Айтыс-кер ақын Құдайберлі Мырзабек, публицист Әлия Ахетова әдебиет әлеміндегі тұғырлы тұлғаның шығармашылығына қатысты көкейдегі сауалдарын жолдап, қойылған сұрақтарға тұшымды жауап алды. Кездесу соңында кітапхана ұжымы халқымыздың игі салтымен жазушының иығына шапан жа-уып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде жиналған оқырман қауымға, кітапхана ұжымына алғыс білдірген жазушы аталмыш мәдени шарада әннен шашу шашқан Иран салға қазақы дәстүрмен шапан жауып, ризашылығын білдірді.
Кездесу кешінде оқырмандар қаламгерден қолтаңба алып, естелікке суретке түсіп, рухани қуат пен жақсы әсер алып тарқасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.