Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін

Халықаралық конференция

Түбі бір Түркі жұртының тасқа қашалып жазылған тарихын зерттеп-зерделеу, ақ-қарасын ажыратып ғылыми тұрғыда лайықты бағасын беру тарихшылар мен ғалымдардан аса үлкен жауапкершілік жүгін талап етеді.

Сан ғасырлар бойы жабулы қазан күйінде қалып, күні бүгінге дейін ұрпаққа әлі де болса беймәлім әрі елеусіз күйде келе жатқан деректерді іздеу қажырлылық пен мол ізденісті қажет етеді.  Бірнеше жылдардан бері еліміз бойынша өткізілген «Абылай ханның қара жолы» ғылыми сапар экспедицияларының басы-қасында жүрген  ұйымдастырушылар ел тарихына байланысты бұрын-соңды қағаз бетіне түспеген мол құнды деректерді паш ететін төрт бірдей ғылыми кітапты жарыққа шығарған. Ел тарихына сүбелі үлес қосатын тың дүниелер «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атауымен халықаралық дәрежеде Көкше төрінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде таныстырылды.

Шара қазақ халқының тарихи тұлғаларын ұлықтап, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Халықаралық конференцияға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Ақмола облысының әкімдігі мен мемлекеттік органдар қызметкерлері, Көкшетау қаласының зиялы қауымы, оқытушылар мен студенттер, «Абылай ханның қара жолы» халықаралық экспедициясының мүшелері, Абылай ханның, Кенесары ханның ұрпақтары, сондай-ақ, еліміздің түрлі өңірлерінен келген тарихшы ғалымдар, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері мен студент-жастар қатысты. Басқосу барысында Абылай ханның мемлекет басқарудағы даналығы, Тоныкөк жазбаларының түркі әлеміндегі орны, сол сияқты осы екі тарихи тұлғаны байланыстыратын идеялық сабақтастық жан-жақты талқыға түсті.

Іс-шараны ашқан ұйымдастырушылар қазақ тарихындағы көрнекті қайраткерлердің өмірі мен еңбегін зерттеу елдік пен бірліктің негізі екенін атап өтті. Конференция аясында бірнеше баяндама тыңдалып, архивтік деректер мен археологиялық жаңалықтар негізінде мазмұнды пікірталастар өрбіді.

–Бұған бас-аяғы бес-алты жыл болды. Осы Арқа, Көкшетаудың қоғам қайраткері, белсенді азамат, ұлт руханияты мен тарихының жанашыры Мұратқажы Ыдырысұлының бастамасымен Қазақстан бойынша бірнеше экспедициялар жасалды. Осы экспедициялар негізінде бүгінгі күнді қоса есептегенде, төрт кітап жарыққа шығып отыр. «Абылай ханның қара жолы» деген сериялы тізбекті экспедиция.  2023 жылы кезекті экспедиция Моңғолияға бағытталған еді. Ол экспедиция «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» деп аталды. Мен осы экспедицияның ғылыми жетекшісі сонымен қатар, сол экспедиция бойынша шыққан жинақтың ғылыми редакторы болдым. Міне осы кітабымыз баспадан шығып, қолымызға тиіп қуанып, алғашқы тұсаукесерін жасап жатырмыз. 2022 жылы Қазақстанның батыс аймақтарына «Абылай ханның қара жолы» сериясы бойынша экспедиция жасалды. Сол экспедицияның жинағы – осы төртінші кітап. Ол біздің Моңғолияға жасаған төртінші кезекті экспедицияның мән-маңызы туралы. Біз көбінесе, Қазақ мемлекеттілігі мен тарихы жөнінде айтқанда оны еліміздің шеңберінде ғана айтамыз. Бірақ, біздің Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым ұзақта жатыр ғой. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары байырғы ғұндардан, ежелгі үйсіндерден, көне түркілерден бастау алады. Олай болатын болса, біздің ол тарихымыз қайда?! Тарихымыздың бір бөлігі шетелде, Қазақстанның шекарасынан тыс жерлерде жатыр. Өйткені, Қазақтың этно-мәдени кеңістігі Қазақстанмен шектелмейді. Сондықтан, мына Моңғолияда сол көне түркілердің әлемге әйгілі Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктердің ескерткіштері тұр. Түрік Қағанатының негізін салған, оның негізгі идеологиясын жасаған мемлекеттілік сананы орнықтырған түркілік мемлекетті салдырған ұлы абыздардың ескерткіштері тұр. Біз бүгінгі мемлекетілігімізді онымен байланыстырмасақ, біздің мемлекетіміздің түбі күмәнді болып қалады. Бұл біздің мемлекеттігіміздің түбін бекітетін, ешқандай өзгеріске түспеген, бүгінге дейін жеткен бабаларымыздың төл мұрасы. Біздің көздеген мақсатымыз да сол мұрағаттарға тәу ету, Арқа мен Өтегеннің арасын түркілердің өз кезіндегі киелі орталығы болған Орхон бойымен  рухани жалғастыру, –дейді Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тұрсынхан Зекенұлы.

Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері өз ғылыми жобаларын таныстырып, тарихи мұраға жаңаша көзқарас ұсынды. Сонымен қатар, конференцияда «Тоныкөк жазулары және заманауи түркология», «Абылай хан дәуірі – қазақ мемлекеттілігінің берік кезеңі» секілді тақырыптар кеңінен талданды.

Ел тарихының бастауындағы тарихи тұлғалардың бейнелері мен Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы орны мен рөлі жайлы ғылыми тұжырымдар мен көзқарастар айтылды. «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» экспедициялық ғылыми кітабының үшінші томында Қазақтың ежелгі тарихынан бастап, Қазақ елінің қалыптасқан кезеңіне дейінгі тарихи тұлғалар жайлы тың деректер беріліпті.  Атап айтқанда, Ұлытау өңірі, Жошы ұлысы, Алтын Орда, Қазақ хандары Әз-Жәнібек, Әбілқайыр, Абылай, Сұлтан Бейбарыс, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Мыржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Шәрәпи Әлжанов,  ұлт азаттығы жолында жанын қиған Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Кейкі батырлар, күй атасы Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісова, қазақтың тұңғыш дәрігері Аққағаз Досжанова, сондай-ақ, аймақта  өмір сүрген әулиелер жайлы тың деректер  топтастырылыпты. Конференцияға шетелден арнайы келген ғалымдар да бұл экспедициялық сапарлар негізінде жарыққа шыққан кітаптардың мән-маңызының ерекшелігін баса айтты.

–Бұл тарихқа терең бойлайтын, ұлттық тарихқа деген, өркениетке деген көкжиекті ашатын бір жақсы жұмыс болды. Моңғолияда дүниежүзі қазақтарының үлкен Құрылтайы болып, мен сонда осы экспедиция ұйымдастырушыларымен кездесіп қалдым. Бұл «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» жобасының қандай мән-маңызы бар десек, Абылай хан үш жүздің басын қосқан әйгілі хандардың бірі, Тоныкөк бүкіл түркі жұртының абызы әрі данышпаны. Осы екеуін тауып қосу, бұл үлкен тапқырлық. Өйткені, біздің тарихымыз тек Қазақ хандығымен ғана шектелмейді, ол өте тереңде жатыр. Атап айтсақ, бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихын сонау үш мың жыл бұрынғы Тоныкөкке тіреп отыр. Өйткені, біз соның ұрпақтарымыз, –дейді Түркиядан арнайы келген Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, түркітанушы Әбдіуақап Қара.

Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Тоныкөк жазбаларының түркі өркениетіне қосқан үлесі, Абылай ханның қазақ бірлігін сақтау жолындағы тарихи шешімдері мен дипломатиялық шеберлігі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, тарихи деректер мен археологиялық мәліметтерге сүйене отырып, қос тұлғаның ой әлеміндегі ұқсастықтар мен дәуірлік ерекшеліктері сарапталды.

Шара соңында өңірдің бірқатар қоғам белсенділері мен белгілі тұлғалар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен, қатысушы сертификатымен және «Абылай ханның қара жолы» медалімен марапатталды.

 Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар