«Мәңгілік тұлғалар» – музейлер фестивалі

Елдік іс

Көкшетауда «Мәңгілік тұлғалар» атты I республикалық тұлғалық музейлер фестивалі болып өтті. Фестивальдің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Бұл Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толуына және Батыр музейінің ашылуының 30 жылдығына, сондай-ақ, Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған шара.

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Мәлік Ғабдуллин музейінің мұрындық болуымен өткізілген фестивальдің мақсаты республика аумағындағы тұлғалық музейлердің өзара байланысын нығайту, қазақ әдебиеті мен тарихына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, осындай музейлердің шығармашылық бастамаларын ынталандыру, осылайша Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы мен Мәлік Ғабдуллин музейінің 30 жылдығын мерекелеуге үлес қосу, музейлердің заманауи жұмысы мен жаңа форматтағы қызметін насихаттау болып табылады.

Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етумен басталған фестиваль театр алаңында ұйымдастырылған музейлердің көрмесімен жалғасты, одан әрі фестивальға қатысқан музейлер ұжымдарының шеруіне ұласты. Әр облыстан келген музей ұжымдары театр алаңындағы қызыл кілеммен жүріп өтіп, жиналған қауымға алыс-жақын облыстардан келіп жеткен музейлер тарихынан жалпылама ақпарат ұсынылды.

Сонымен, тұлғалық музейлер фестиваліне Қостанай облысындағы Ыбырай Алтынсариннің, «Жангелдин мұражайлар кешеніне» қарасты Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының, Алматы облысынан Жамбыл Жабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Ақтөбеден Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, Ақмола облысынан Ілияс Есенберлиннің музейлері мен Солтүстік Қазақстан облысынан Абылай хан резиденциясы ұжымдары ат терлетіп келіп, фестиваль шеңберінде бақ сынады. Фестивальді тамашалауға мәдениет саласының қызметкерлері, өңірдің зиялы қауым өкілдері, мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысты.

–«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл музейлер фестивалі бұған дейін өткен басқа фестиваль-байқаулардан өзгеше. Бұл шараның музей ұжымдары былай тұрсын, жас ұрпаққа берер мән-маңызы, тәлім-тәрбиесі өте зор. Кеңес Одағының Батыры, академик, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына, батыр атымен аталатын музейдің 30 жылдығына және Халықаралық музейлер күніне орайластырылған  шарадан жастар ерекше тәлім тәрбие алады деп сенемін. Жан-жақтан ат терлетіп келген музей ұжымдарына зор алғыс білдіремін, –дей келе, облыс әкімінің орынбасары Досұлан Ерланұлы кербез Көкше өзінің тұмса табиғатымен ғана емес, танымал тұлғаларымен аты әлемге танылған киелі аймақ екенін жеткізді. Алаш ардақтыларының есімдерімен аталатын музейлердің жәдігерлерінен жастар ерекше рух алатынына сенім білдіріп, фестиваль жұмысына сәттілік тіледі.

Фестиваль-байқаудың ережесіне сәйкес алғашқы айналымда ұжымдар өз музейлеріне есімі берілген тұлғаларды сахнада тірілтіп, образдарын сомдаса, екінші айналымда Батыр Мәлік Ғабдуллин өмірі мен шығармашылығына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді, ал, соңғы кезеңде музейлеріндегі ең құнды деп танылған  жәдігерлерін таныстырды.

Осылайша, үш кезеңнен сүрінбей өткен Алматы облысының М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің филиалы – Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі бірінші орынды жеңіп алып, 400 мың теңгенің ақшалай сертификатына ие болды. Ақтөбеден жеткен Әлия  Молдағұлова атындағы облыстық музей ұжымы жүлделі екінші орынды иеленсе, Қостанай облысындағы «Жангелдин мұражайлар кешеніне» қарасты Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының музейі үшінші орынға лайықты деп танылды. Бұл ұжымдар 300 және 200 мың теңгелік ақшалай сертификаттармен марапатталды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Фестивальдің ұйымдастырушылары елдік іске үлес қосқан «Көкше-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Досымхан Аралбаевқа, Зеренді ауданының әкімдігіне, «Енки» кірпіш зауытына, ел ағалары мен музей жанашырларына алғыстарын жеткізді.

Мәлік Ғабдуллин ақмолалықтар үшін ғана емес, барша қазақ жұрты үшін аса көрнекті ортақ тұлға. Ел басына күн туғанда ерлікпен Отанын қорғап, ұрпақ тәрбиесіне көп еңбек сіңірген оның бейнесі қашан да отансүйгіштіктің берік нышаны болып қала бермек. Көкшетау жұрты, Ақмола өңірі батырдың тұлғасын әрқашан барынша дәріптеп, құрметтеп келеді. Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен өткен дәл осы фестиваль да сол құрметтің айқын белгісі деп түсіндік.

Фестиваль аясында өткен баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері елдегі музейлер жұмысы, оның менеджменті, шалғай ауылдарға музейлердің жылжымалы көрмелерін апару, жазғы уақытта ұйымдастырылатын балалар лагерьлеріне де музейден түрлі тақырыптық көрмелер жеткізіп тұру секілді сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын айтты.

Бүгінде көптеген музейлер қалалық аумақтарда орналасқан. Оған қала балалары болмаса, шалғай елді мекендердің оқушылары тұрмақ, ересектері де баруға мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан, шалғайдағы аймақтар мәдениет пен тарихтан қол үзіп қалмаулары үшін музейлердің жәдігерлерін апарып, ондағы жастар мен оқушыларға оның тарихы мен маңызын түсіндірсе, жас ұрпақ өз елінің әдебиеті мен мәдениетіне қанығып өспей ме?!

Күні кеше өткізілген фестивальде таныстырылған, сонау алыс облыстардан жеткізілген жәдігерлерде Алаш арыстары мен ел үшін басын бәйгеге тіккен азаматтардың, Кеңес Одағының Батыры, мерген қызымыз Әлия Молдағұлованың рухы мен болмысы, ерлік-жігері де сезіліп тұрды. Осындай ұлтымыздың мәдениеті мен тарихы әспеттелетін фестиваль-кештерге жастарды көбірек жинаған абзал. Мұндай тағылымы мол, мазмұнды шаралар облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайы секілді ауқымды орындарда ұйымдастырылып, оған қаладағы барлық оқу орындарының студенттері мен жоғары сынып оқушыларын жинаса, қандай ғанибет болар еді. Ұлттық болмыс, қазақы рух, ар-намыс, ерік-жігер, адамгершілік қасиеттер салтанат құратын осындай шаралар бүгінгі әлеуметтік желіге телмірген заманда жастар тәрбиесіне өте қажет-ақ. Оны біз осы кеште анық байқадық. Театр залына жиналған азды-кем оқушылар тарихи тұлғалардың болмысына бойлай түсті, Әлия болып ерлікке бойлады, Ахмет пен Міржақып болып күңіренді, Жамбыл болып жігерленді, Мұқағали болып маздады…

Сөз соңында айтарымыз, мәдениет саласының үздігі, М.Ғабдуллин музейінің директоры Кенжебай Мұқышев бастаған ұжым ұйымдастырған фестиваль өте жоғары деңгейде өтіп, көңілге қуаныш ұялатты. Осындай ұлттық рухты оятатын, ұлт мәдениеті мен халқымыздың ардақты арыстары әспеттелетін толымды кештерге билік басындағылар басынан-аяғына дейін қатысып, өз тараптарынан қызығушылық танытулары тиіс. Билік ел болашағын ойласа, мәдениет пен тарихқа өздері де бойлап, мұндай маңызды шаралардың ұйымдастырылып, өтуіне баса мән берулері керек.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар