«Аналар үйіндегі» мереке

Көкшетаудың коттедж қалашығындағы «Аналар үйінің» бүгінгі жасауы ерекше көрінді. Халықаралық әйелдер күнінің мерекелік ауанына бөленген ғимараттың іші-сырты көз тартарлықтай. Есіктен бастап төрге оздырар ілтипатқа ризамыз. Гүлге оранған мерекелік шараның «Көңіл шырайы» атануы да жарасып тұр.

Мұндағы жас аналардың жанарындағы жарқыл жүректің түкпіріне еріксіз ілініп қалған мұң-наланы бір сәтке ысырып тастағандай. Өздері де сәбидің ар жақ-бер жағындағы балалы қыздар ұшып-қонып жүр. Бір керемет оқиғаның боларын сезгендей топ-томпақ балапандар да мамыражай, момақан күйде. Қонақтардың құшағында қолдан-қолға ауысқан бөбектердің жатырқауды білмейтіні де ғажап. Сәби жүрек аналарының бүгінгі айрықша мейрамын жақсы өткізулеріне тілектестік білдіріп жатқандай ғажап көрініске қайран қаласың.
Мерекені Александра Болдышева жүргізді. Қазақ тіліне судай екен. Тақпақтатып сөйлегенде «бәрекелдімен» талай мәрте қол соқтық. Басқа ананың қолындағы жасқа толмаған бөбегі күлімсіреп қояды. Жүректі елжіретер көрініс еді бұл.
Жұлдыз осы үйдің жұлдызы екен. «Аяулы ана» әнін қоңырлатып бастап, әуелетіп алып кетті. Жанды дауыс деп жатамыз ғой. Жұлдыздың дауысы ерекше еді. Әуелемей де, төмендемей де бір қалыпта жүректі шымырлатады. Бұлар әуесқой өнерпаздар ғой. Әннің де айтылатын кезі болатыны рас екен. Жұлдызды пәк сезім, толқын дүние, шалыс қадамдардың өзі әнші қып жібергеніне тәнтіміз. «Аяулы ананың» екінші қайырмасында қонақтардың өзі бірге шырқай жөнелді. Ән мен көңілдің қоса тербелген қасиеті дегеніміз осы болар шамасы.
Мұндай әндер көп айтылды. Балаларымен бірге айналып, көздері мөлтілдеп билеп жүрген қырмызылардың жан дүниесі ағыл-тегіл ақтарылып жатқандай еді осы сәт. Бұлар арнайы құттықтап келген облыс әкімдігінің өкілдерін, қарапайым қонақтарды өздерінің ең жақын адамдары санап тұр, сағыныш сезімдерін осы кісілерге арқалатып жіберіп тұр.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ринат Галлямов «Аналар үйінің» ұжымы мен осында уақытша тұрып жатқан жас аналарды, сәбилерді көгілдір көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Облыс әкімдігінің атынан мекемеге кең форматты теледидар тапсырып, бөбектерге сый-сияпат үлестірді.
Ринат Галлямов бір жасқа енді толған бүлдіршін Әлішердің тұсауын ұлттық салт-дәстүр жоралғысымен кесіп, оның анасы Камиланы, салтанатқа қатысушы әйелдер қауымын
8 наурыз мейрамымен құттықтады.
«Тұсау кесер» демекші, бұл баршаны толғандырған, ұмытылмастай рәсім болғанын бөлектеп айтқымыз келеді. «Тәй-тәй» кілемде тұсауы кесілген Әлішер апыл-тапыл төрге озды. Төрде кітапша, қалам, қағаз ақшалар және кәдімгі балға қойылған екен. Бөбек межелі жерде жайғасып отырды. Жан-жағына барлай қарап алғандай болғаны қызық. Енді бәріміз тым-тырыс күтіп тұрмыз, «қайтер екен» дейміз бір-бірімізге қарап. Әлішер азамат екен. Ақша-мақшаға қарамастан балғаны көтеріп алды. Жарадың, жігітім! Жолың ашық, өмірдің де, қоғамның да құрылысшысы болғайсың. Әумин!

Бақберген АМАЛБЕКОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар