Көктемдей көңіл шуағының салтанаты

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Көкшетау» мәдениет сарайында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналып өткізілген салтанатқа қатысып, ақмолалық аналар мен қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін бір топ қыз-келіншектерді Алғыс хатпен марапаттады.

Ұлт пен ұрпақтың бесігін тербетіп, тәрбиесін түзеген, тіліміз бен ділімізді санамызға сіңірген Ана деген құрметті атқа ие ардақты жандарға арналған салтанатты жиын қоғам игілігін еселеп жүрген әйел атаулыларға арналған мерекелік шара облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтауымен басталды. Әр салада еңбек ететін ер азаматтардың әйелдер қауымына жолдаған бейне құттықтауы да мерекенің шырайын аша түсті.
– Ақмола облысы өзінің бірегей табиғатымен, көрікті жерлерімен қатар, еңбекқор, парасатты да сұлу қыздарымен де танымал. Олар өздерінің ерен еңбектерімен өңірдің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосуда. Бүгін осы залда еңбек ардагерлері, көп балалы аналар, сондай-ақ құрылыс, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, бизнес саласы, көлік пен байланыс, білім беру мен ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, үкіметтік емес салаларда көзге түсіп жүрген әйелдер қатысып отыр. «Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған» деген даналық сөз бар. Расында, адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қашан да тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы. Сондықтан да, асыл аналарымыз бен қарындастарымыздың орны ерекше, – дей келе, облыс әкімі Мәлік Мырзалин барша әйелдер қауымын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Қазір облысымызда 7 мыңнан астам көп балалы ана тұрып жатыр. Олардың 2,5 мыңнан астамы «Алтын алқа», 3,7 мыңнан астамы «Күміс алқа» иегерлері. Салтанатты жиын барысында Көкшетау қаласында тұратын көп балалы ана Тазагүл Жәдігероваға «Алтын алқа» белгісі тапсырылды.
Облыста ер адамдармен қатар, саяси-қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, еліміздің дамуы үшін аянбай тер төгіп жүрген нәзік жанды арулардың саны арта түсуде. Мәселен, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының 70-тен астамы әйел. Сонымен қатар, бір облыс әкімінің орынбасары, бір аудан әкімі әйел және мемлекеттік қызметшілердің арасында басшылық лауазымында 20-дан астам ару абыроймен қызмет атқарып келеді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Аслан Оспанов.

Суретте: (солдан оңға қарай) «Алтын алқалы» ана Тазагүл Жәдігерова мен «Күміс алқалы» ана Сұлушаш Дажин.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар