АЙБЫНДЫ САПТЫҢ САРБАЗДАРЫ

«Көктем-2018» әскерге шақыру науқаны аясында Ақмола облыстық қорғаныс істері департаменті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен дәстүрлі баспасөз турын өткізді.

Департамент бастығының орынбасары, полковник Еркеш Бекбаев журналистерге ғимараттарды аралата жүріп, болашақ сарбаздарды шақыру пунктінде орналас-
тыру, оларға жасалған тұрмыстық жағдайлар, кешенді медициналық байқаудан өткізу барысы, «Жас сарбаз» курсының жұмысы жайлы мағлұматтар берді.
Мәжіліс залындағы басқосуда Е.Бекбаев департамент тарихынан қызықты әңгіме өрбітті. Ақмола облыстық әскери комиссариаты 1939 жылдың 14 қазанында құрылған. Мекеме алғашқы күннен белсенді қызмет атқарды. Ел басына күн туған 1941 жылдың тамызында жоғары оқу орындарындағы барлық курстың студенттерін әскерге шақыру ұйымдастырылды. Ал, қыркүйек айында 54-ші шерулік автомобиль батальонын, желтоқсанда 106-шы ұлттық кавалерия дивизиясы мен 29-шы атқыштар дивизиясын жасақтаумен айналысты. Бұл құрамалар 1942 жылғы ақпанда майданға аттанды. Сондай-ақ, 1942 жылы 368-ші және 310-шы атқыштар дивизияларын жасақтауға қатысты.
Оқырмандар назарына мына бір тағлым деректерді де ұсынғымыз келеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында өңірімізден әскерге шақырылған азаматтардың 2470-і
әскери училищелерге, 24976-сы жауынгерлік құрамаларға, 41175-і
запастағы бөлімдерге және 1360 адам тылдағы бөлімдер мен мекемелерге жіберілген. Жалпы, облысымыздан 83867 жерлесіміз Қызыл Армия сапында басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастарға қатысты. Майдандағы ерлігі үшін олардың барлығы дерлік орден, медальдармен, басқа да жоғары марапаттармен наг-
радталды. Кеңес Одағының Батыры атанған ақмолалықтар баршамыздың мақтанышымыз саналады. Ұлы Отан соғысынан кейінгі ұрпақ та мәңгі ұмытылмас ерліктерімен бүгінгі ұландарымызға үлгі-өнеге көрсетті.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі қорғаны да берік сапта. Ақмола облысынан жыл сайынғы көктемгі және күзгі әскерге шақыру кезінде 1600 жас өзінің абыройлы парызын өтеу үшін әскер құрамаларының барлық түрлеріне аттанып жатады. Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім бүгінгі жастарды жауапкершілікке, өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқаруға жігерлендіруде. Департаменттегі тәлімді шараға елімізге белгілі тұлғалардың, ата-аналардың, мектеп оқушыларының қатысуы Қазақстан әскерінде қызмет етудің қаншалықты маңызды әрі абыройлы екендігін білдіреді. Шара барысындағы ашық пікір алмасулар, ардагерлердің естеліктері, әскерге шақырылушылардың дайындық барысы баршаға ой салғаны анық. Облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Мақшәріп Мартазанов, келісім-шарт қызметіне алу бөлімінің бастығы, майор Мереке Қабланбеков әскер қатарында қызмет етудің шарттары мен тәртіптері, бұл бағыттағы ерекшеліктер мен жаңалықтар туралы әңгімелеуі, қойылған сұрақтарға жүйелі әрі түсіндірмелік жауаптар қайтаруы көңілден шықты.
Облыстық «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық ұйымының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, запастағы полковник Дуанбай Ыбырай өткізген «Ерлік сабағына» қатысушылар ардагердің жігерді жани сөйлеген әңгімесін ұйып тыңдады. Әсіресе, сабаққа қатысушылардың отбасында Ауған соғысына, басқа да ұрыс кикілжіңдеріне қатысқан азаматтардың бар екенін білген жас-
тар бойында оларға құрмет, солардай болсақ деген игі сезімнің оянғаны көрініп тұрды.
Департаменттің арнайы ғимаратында кең көлемді медициналық тексеру жүргізіліп жатыр. Дәрігер мамандардың қабылдауынан шыққан жастардың басым көпшілігінің жүздері жадыраңқы. Демек, олар міндетті әскери қызметке барады деген сөз. Ал, медицина қызметкерлерінде тыным жоқ, оларды жұмысынан бөлудің өзі дұрыс болмайтын еді. Сондықтан, осы тексерістердің қалай өтіп жатқаны жөнінде департамент бастығының орынбасары әрі әскер қатарына және келісім-шарт қызметіне іріктеу басқармасының бастығы, полковник Е.Бекбаевты сөзге тарттық.
– Тоқсаныншы жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында жастардың салмағы аз болып жататын, – дейді
Еркеш Хизатұлы. Қазір мұндай фактілер жоққа тән. Әйткенмен, терапевтік, хирургиялық, неврологиялық сырқаттардың белгісі байқалып қалуда. Мұның себебін мамандар компьютер және ұялы телефондарды шексіз пайдаланумен байланыстыруда. Осының салдарынан омыртқаның қисаюы, көру қабілетінің нашарлауы кездеседі. Бірақ, өздеріңіз куә болғандай жастардың денсаулығы жаман емес, дене бітімі де талапқа сай. Бұл облысымызда саламатты өмір салты мен физкультуралық қозғалысқа жете мән беріле бастағанын білдіреді. Әрине, аракідік қатаң тексерістен өтпей жатқан жас-
тар да бар. Оларға стационарлық емдеу-
ге жолдама беріледі, кейбіреуін осы жолғы шақырудан алып қалуға тура келеді. Негізінен, әскерге шақырудың белгіленген жоспарлы деңгейі қамтамасыз етіледі деген ойдамыз.
– Мен Біржан сал ауданындағы Еңбек ауылынан әскерге шақыру алып отырмын, – дейді біз тілдесуге шақырған Руслан Ахмедгазин. Бұл біздің отбасымыз үшін елеулі оқиға. Анам азамат болдың деп қуанып жүр. Ал, өзім ағам Рустамға ұқсағым келеді. Ол Ұлттық гвардия сапында қызмет етті. Жауынгерлік жетістіктері мен әскери дайындықтағы табыстары үшін марапаттар алды, үйімізге алғыс хат та келген. Қазір медициналық, психологиялық тексерістердің барлығынан ойдағыдай өттім. Әуе десант әскерлері қатарында қызмет етуге сұранып жүрмін. Оған дайындығым бар сияқты. Былтыр Көкшетаудағы азаматтық қорғаныс колледжін бітірдім. Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік тілді насихаттау жөніндегі облыстық байқауда үшінші орынды алдым.
Біз қолына шақыру хатын алған жастардың барлығы Отан алдындағы парызын, ата-ана аманатын асқан жауапкершілікпен, айта жүрер абыроймен атқаратынына сенімдіміз және тілектеспіз.

Бақберген Амалбеков.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар