– Маржан Арыстанбекқызы актерлік өнерді жүрек қалауымен таңдағандардың бірі. Оны өнер сахнасынан бір көрген талғампаз көрермен актердің табиғи талантын бірден бағалап, нағыз бабы келіскен хас жүйріктің бірі екендігін даусыз ұғады. Себебі, актрисаның сахнада өзін-өзі ұстауын, рухани тегеурінін, зиялы болмысын, қазақ әйеліне тән жан сұлулығын бір көріп, сезіну жеткілікті. Маржан Бөкешова эпизодтық рөлдің өзіне шыға қалса да, үлкен сахнаны шұғылалы нұрға толтырып, жайнатып жіберетін шынайы өнер иесі.
– Сұхбат барысында байқағанымыздай Маржан замандасымыз өзінен гөрі өзі тәлім алған аға буын өкілдері туралы, оларға деген риясыз көңілін айтуды құп көреді екен. Осы ниеті оның кісілік келбетін, тал бойынан қазақ қызына тән инабаттылық пен қарапайымдылық сияқты ізгі қасиеттердің мол екендігін аңғартады.
– Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жоғары санатты драма әртісі Маржан Бөкешовамен арнайы жолығып, өнері мен өмірі туралы кеңірек әңгімелеп беруін өтінген болатынбыз.
– Маржан Арыстанбекқызы, театр өнеріне қалай келдіңіз? Осы салада кімдерден тәлім алдыңыз? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…
– Актриса болу бала күнгі арманым еді. Адамның ой-санасы желдей жүйрік болса, көңілге қанат бітіретін арманы екен. Аллаға мың шүкір өзімді ана, әйел, өнерпаз ретінде де бақытты санаймын. Үнемі жолыма жақсы адамдар жолықты. Зергер зерлегендей Зерендінің Бірлестік ауылында тылсым дүние есігін ашып, өнегелі отбасында тәрбиелендім. Әкем қарапайым жұмысшы, анам сауда саласында жұмыс істеді. Мектепте оқып жүргенде театр үйірмесі болды. Біздің сынып өте ұйымшыл еді. Үйірмені де ұйымдастырған өзіміз. Мектепішілік мәдени шараларда түрлі скетчтер, қойылымдар қоямыз. Міне, осы кезден бастап, менің актерлік өнерге деген қызығушылығым арта түсті. Мен үйдің кенжесімін. Содан болар ата-анам бетімнен қақпай, аялап өсірді. Мектепті тәмамдаған соң ғұмыр жолымды актерлік өмірмен сабақтастырамын дегенімде анам мені өзі жетелеп Көкшетауға алып келді. Елдегілерден Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанынан актерлік бөлім ашылды дегенді естіген едік. Алайда, ол жансақ болып шықты. Анам сағың сынбасын, бір жолы бар шығар деді де, мені ертіп Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына алып барды. Жолым болды. Алдымнан белгілі өнер қайраткері Мұратбек аға Оспанов шығып, «Қарғам, сенің арманың орындалатын болды. Биылдан бастап Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде актерлік бөлім ашылды. Оқуға қабылдау енді басталады. Сен сонда бар», – деп жөн көрсетті. Барсақ, колледжде актерлік бөлімді өзі мұрындық болып ашқан, айтулы ұстаз Айжан Бәдірқызы емтихан қабылдап жатыр екен. Апайымды көрген сәттен туған анамдай қабылдадым. Себебі, туған анам мені қолымнан жетелеп, сол кісіге тапсырып еді. Шәкірті атанған сол күннен бастап, Айжан Бәдірқызын өзімнің рухани анам санаймын.
– 2003 жылы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін бітіріп, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрына драма актері ретінде қабылдандым. 2008 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің сырттай бөлімін бітіріп, жоғары білім алдым.
– Сіз колледж қабырғасында оқып жүрген кезден-ақ театр сахнасында өнер көрсетіп жүріпсіз. Бұл кез-келген жас өнерпазға көрсетілген зор сенім ғой.
– Иә, дұрыс айтасыз. 2002 жылы Мұратбек Оспановтың режиссерлігімен С.Балғабаевтың «Ғашықтар болмайтын ғасыр» драмасы қойылды. Сол қойылымда мен Нәзіккештің рөлін сомдадым. Жалпы, осы уақытқа дейін қырыққа жуық рөл сомдаған екенмін. Атап айтар болсақ, О.Бөкейдің «Атау кере» драмасында Айнаны, Ш.Ыдырысұлының «Ағнұрында» Ботаны, С.Жүнісовтің «Абылай» драмалық толғауында Күләйімнің рөлін, Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісінде» Зейнеп рөлін, Ж.Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасында Гүлнұр, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасында Мәншүктің, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» келінді, тағы басқа рөлдерді сомдадым. Театр табалдырығын аттаған сәттен ұжымда Мұратбек ағамыздың, Жібек Бағысова сияқты сахна саңлақтарының жанында жүріп, өнерімізді шыңдауға тырыстық. Жібек апа ұзақ жылдар бойына жинаған асыл өнер қазынасын жастарға үлгі етіп ұсынуда жалыққан емес, ана болып ақыл бөлісуден тартынған жоқ. Ол кісі біздің өнерде өскенімізді қалады, үнемі жанашыр болып жүретін. Алдыңғы толқын Жарас пен Төлеубек, Сафуан мен Құмарбек, Қайрат пен Ербай, Жанар мен Гүлмира, Зафура мен Айна есімді аға-апаларым бір лек болса менің олардан жасым да, жолым да кіші еді. Сол себепті де, өзіме үміт артқан айтулы жандардың зор сенімін ақтап, сол үдеден шығуды ойладым.
– Бір рөлді сомдауға қанша уақыт жұмсайсыз?
– Ол қойылымның дайындығына байланысты. Рас, ізденуіне біраз уақыт кетеді. Қойылымға деген ізденіс қаншалықты көп болса, рөлдің жақсы шығуына септігін тигізері анық. Өзіме берілген рөлден жақсы нәтиже шығу үшін, жұмыс аяқталғаннан кейін де дайындаламын. Образдан шығуға тырысамын.
– Армансыз адам қанатсыз құс деген. Осы рөлді ойнасам ғой деген арманыңыз бар ма?
– Жалпы кез-келген өнер иесі өзінің ішкі потенциалын жақсы біледі, сезеді. Мен осы рөлді алып шыға аламын, не болмаса мен оған дайын емеспін деген іште бір ой мазалайтыны бар. Алдағы уақытта Алла сәтін салса У.Шекспирдің шығармаларында бір ойнасам, атап айтар болсам, Леди Макбет рөлін сомдасам ғой деген ниетім бар.
– Кейбір актерлердің өзі сомдаған кейіпкерінің ауыр тағдырын жүрегіне жақын қабылдап, образдан шыға алмай жүретін сәттері бола ма? Жалпы, актердің сомдаған рөлі өміріне әсер етеді дегенге сенесіз бе?
– Сенемін. Себебі, актер өнер адамы болғандықтан ол өте секемшіл және не нәрсені, қандай жағдайды болмасын жүрегімен қабылдай біледі. Содан болар ол әрбір кейіпкерінің жан толғанысын өзінікіндей сезініп жүрек елегінен өткізеді. Ол оңай оспақ шаруа емес. Өз басым осыған дейін неше түрлі рөлдерді ойнадым. Оның ішінде жеңілтек әйел, жынданған, есі ауысқан адам рөлін де сомдадым. Сондай сәтте жүрекке абай болу керек. Жүрек, адамның жаны деген өте нәзік дүние. Ол жерге әркімге, не болмаса әрнеге жол жоқ. Меніңше, актердің басты қаруы – шеберлік. Рөлді беріліп ойнау керек, алайда, сол образдан дер кезінде шығып, өзіңнің бет-бейнеңді жоғалтып алмау шеберлік деген осы шығар.
– Жалпы сіз үшін өмірдің мәні не?
– Өнерімнің өрістеуі, бұл күнде ел алдында жарқырап сән-салтанат құруым, халыққа қызмет етуіме жағдай жасап отырған әрине жан жарым, өмірлік қосағым Саян Мұхамедияровтың арқасы. Егерде Саян мені қолдамаса, өнерімді бағаламаса мен осындай биікке жетер ме едім? Аллаға мың шүкір үш баланың анасымын. Осыдан артық қандай бақыт керек! Әрине, өзімді тәрбиелеп өсірген ата-анама сансыз шүкіршілік етемін, жаныма рухани қуат сыйлаған ұстаздарымның, оның ішінде Айжан Бәдірқызының тәлім-тәрбиесін көргендігімді есімнен бір сәт те шығарған емеспін. Туған анамнан айырылған кезде де осы апайым мені қанатының астына алып, жан жылуын, аналық мейірімін, ізгілік шуағын төгіп мені өз баласындай жақсы көрді. Мен де күні бүгінге дейін өз анамды аузыма алғанда, ұстазым туралы бір ауыз айтпасам өзімді жазғыра бастаймын. Себебі, жақсы ұстаз анаңдай екен. Енді міне, қос анамнан да айырылып жүрегім әлі де болса егіліп тыншымай жүр. Меніңше, әйел мейлі ол қоғам қайраткері болсын, тіпті топ жарған талант болсын, кім болса да ана деген ардақты есімге қылау түсірмеуі керек. Бақытты осылай ұғамын.
– Неден қорқасыз?
– Тастанды баланың көз жасынан, тасбауыр анадан, көрсоқыр қоғамнан қорқамын. Ананың қадірін білмейтін қыздан, ұлтының ұлылығын ұқпаған ұлдан қорқамын.
– Замана шеріне, қоғам қасіретіне айналған осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бола ма?
– Әрине. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демеп пе еді. Біз өз отбасымызда мұндай зұлымдықты көрдік пе? Құдай сақтасын, қазіргі таңда небір сұмдық жағдайлар баланың көзінше жасалады. Енесі келінімен, анасы қызымен, әкесі ұлымен стақан соғыстырып, арақ ішіп жатады. Сұмдық емес пе? Осының барлығын интернеттен көріп алған бүгінгінің адамы заман талабы солай деп қабылдап жатқандай. Сол себепті, әркім өз баласын осындай келеңсіздіктерден қызғыштай қорғап, дұрыс жол көрсетіп, жөн сілтеуі керек. Баламыз өзге тілде сөйлесе біз қазақша үйретуіміз керек. Өз басым балаларымның біздерді әке, ана деп атауын және тек қана қазақша сөйлеуін талап етемін.
– Өнердегі Маржанмен, өмірдегі Маржанның айырмашылығы қандай?
– Өмірдің өзі театр ғой. Сіз өзіңіздің де өмірде бірнеше рөлді сомдап жүргендігіңізді байқамайсыз. Мәселен, жұмыста журналиссіз, үйде ана, жар, келінсіз. Өнердегі Маржанмен өмірдегі Маржанның айырмашылығы жер мен көктей, әрине. Себебі, сахнада мен өзімді емес өзгені сомдаймын. Ал, былайғы өмірде қарапайым қазақ аналарының бірімін. Бұрынғы аналарымыз қандай еді? Мен де сондай болмасам да, сол бейнеге ұқсап бақсам деймін.
– 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі – әдемі мереке. Қандай сыйлық алдыңыз? Өміріңізде сізге сыйлаған сыйлықтардың ішінде ерекше деп қайсысын айтар едіңіз?
– Шынында да сыйлық алғанды бәріміз де ұнатамыз ғой. Әсіресе, қыздарға гүл сыйлаған жарасады. Маған да көптеген сыйлықтар тарту етіп жатады. Жан жарым да барынша ықыласын көрсетуден жаңылмайды. Қайын інілерім бар, туған-туыс, өнердегі тілеулестерім мереке күні мені құттықтап жатады. Алайда, сол сыйлықтардың ішінде мен үшін бір өте құнды сыйлық бар. Өткен жылы колледждегі оқушыларым менің туған күніме арнайы маған арнап естелік сыйлыққа тапсырыс беріпті. Ол қандай сыйлық десеңіз? Кез келген актер үшін Оскар сыйлығының маңызы жоғары ғой. Олар да маған арнайы өздері тапсырыспен жасап «Таңдаулы адамға таңдаулы марапат» деген аталым бойынша Оскар сыйлығы тақылеттес шағын мүсін тарту етті. Бәрінен де оқушыларымның ыстық ықыласы жүрегімді елжіреткені күні бүгінгідей көз алдымда.
– «Арқа ажары» газетінің оқырман-
дарына айтар тілегіңіз қандай?
– Арқа елі ежелден сал-серілер мекені болған киелі топырақ. Олай болса Арқаның төрінен ән мен күй үзілмесін! «Арқа ажары» газетінің оқырмандарына амандық, саулық, отбастарына бақ-береке тілеймін!
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.