Кеше облыс әкімі Мəлік Мырзалин мен Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Щучинск қаласында жаңадан салынған шаңғы базасының ашылу салтанатына қатысып, құттықтады.
«Щучинск-Бурабай» курортты аймағында салынған нысанның ашылуы шаңғы жарысынан халықаралық FIS турнирімен басталды. Шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халықаралық талаптарға сай салынған шаңғы базасының өңірде қысқы спорттың дамуына серпін беріп қана қоймай, жастарымыздың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыруға да септігін тигізетінін атап өтті.
«Елбасының тапсырмасына орай елімізде бұқаралық спортты дамытуға жете назар аударылуда. Әсіресе, қысқы спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінуде. Табиғаты көркем Бурабай баурайында осындай нысанның ашылуы еліміздің болашағы жастар үшін маңызды», – деді министр.
Бұдан кейін құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Мәлік Мырзалин жаңадан пайдалануға берілген әлемде теңдесі жоқ шаңғы базасы ақмолалық шаңғышылардың халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінулеріне игі ықпалын тигізеді деп атап көрсетті.
«Биыл қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алты ақмолалық шаңғышы ел намысын абыроймен қорғады. Бүгінгі күні облысымызда қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшыларға барлық жағдай жасалуда. Келешекте қазіргі заманғы талаптарға сай салынған бұл нысанда көптеген спортшылар тәрбиеленіп, байрақты жарыстарда еліміздің көк туын асқақтататынына сенімдімін», – деді облыс әкімі.
Нысанның салынуына барлығы 38 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Шаңғы базасы қысқы спорт түрлері (шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан секіру) бойынша әлемдік талаптарға сай салынған. Спорт кешеніне шаңғы трассасы, 90 және 125 метрлік биіктіктегі тұғыр (трамплин), 200 орындық қонақ үйі, 250 орындық асхана, жүзу бассейні, дәрігерлік-сауықтыру орталығы кіреді. Кешеннің құрылысы түгел біткенімен, тұғырды ағымдағы жылдың тамыз айында тапсыру жоспарланып отыр.
Нысанның ашылу рәсімі Украина және еліміздің он облысынан 120-ға жуық спортшы қатысқан халықаралық шаңғы жарысымен тұспа-тұс келді. Қатысушылардың арасында жетекші қазақстандық шаңғышылар да бар. Жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер арасында скиатлон сайысы өтті. Онда әйелдер арасында 10 шақырымға сынға түскен Анна Шевченко, Елена Коломина және Марина Матросова жүлделі орындарды өзара бөліссе, ерлер арасында 20 шақырым қашықтық бойынша Виталий Пухкало, Денис Волотка, Сергей Малышев үздік атанды.
– Шаңғы жолы әлемдік деңгейге сай. Бәрі ұнады. Бізде мұндай базаның салынуы өте қуанышты. Бұл жерде қыс пен жаз мезгілінде де дайындалуға болады. Спорт кешені үлкен, ішінде жаттығу залдары көп екен, – деп өзінің жылы лебін білдірді спортшы Анна Шевченко.
Осы күні Қазақстан Республикасы Спорт жəне дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев, Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов және Шаңғы федерациясының вице президенті Никита Девяткиннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, онда елімізде қысқы спорт түрлерін дамыту мәселесі айтылды.
Аслан Оспанов.
Бурабай ауданы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.