Асығың алшысынан түссін!

ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұраны қорғау үкіметаралық комитетінің 12-ші сессиясында қазақтың дәстүрлі ұлттық ойыны саналатын Асық ойыны материалдық емес мәдени мұраның тізіміне енгізілді. Сөйтіп, Асық ойыны халықаралық беделді қоғамның арнайы тізіміне еніп, әлемдік деңгейде танымал болды.

Тәуелсіздігіміздің арқасында қайта жаңғыртылған ұлттық құндылықтарымыздың қатарында ұлттық ойындарымызды, оның ішінде Асық ойынын атап өтуге болады. Тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының көбі сол төрт түлікке байланысты болғандығы белгілі. Ұсақ малдың, оның ішінде қой-ешкінің асықты жігінен алынған жұмыр сүйекпен ойналатын ойын халық арасына кең таралған. Асықты негізінен балалар ойнайды десе де, қыз-жігіттер, тіпті, үлкен кісілер де ойнайтын болған.
Асық ойыны қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі ойыны. Асықты күндіз де, түнде де ойнайтын болған. Күндізгісі – мергендікке, ал түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы деп аталады. Асық ойынының халық арасына кең таралған мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл. Мысалы, құмар ойынға 2-4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да, кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгел алады. Осылайша ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы деп атайды. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Оған қатысатын ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асықты ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадамнан екі көмбе сызады да, көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді.
Асық ойынының халық арасына кең тараған тағы бір түрі – хан ату немесе ханталапай деп те аталады. Оған кем дегенде екі немесе одан да көп адам қатысып, әрқайсысы белгілі мөлшерде асық салады. Кезектесіп асықты еденге немесе тегіс жерге шашады. Содан кейін бүк түскен асықпен бүктерді, шікпен шіктерді атып, тигізгендерін алып отырады. Қызыл түске боялған хан аталған асық алшы түссе онда ханталапай болады. Яғни, қатысушылар бірден қолдарына іліккен асықты қарпып алуға тырысады. Кім көп алса, сол ұтқан болады. Ханталапай ойынын балалар ғана емес, ересек қыз-жігіттер, тіпті қариялар да ойнайтын болған. Бұл адамды ептілікке машықтандырады.
Кеңес заманында асық ойыны шалғай ауылдарда ойналып, кейін келе мүлдем дерлік ұмыт бола бастады. Халық арасында, тіпті «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақал айтылып, асық ойнауды еріккеннің ермегі санайтын түсінік қалыптасты. Осылайша, ұлттық ойын ел жадынан шыға бастағандай еді. Тәуелсіздігіміз арқылы ана тіліміз бен ұлттық салт-дәстүрлеріміз, оның ішінде ұлттық ойындарымыз қайта жаңғыртылып, ол енді аймақтық, республикалық деңгейдегі жарыс түрінде өткізілетін болды. Тұңғыш рет Асық ойыны республика көлемінде 2011 жылы спорт жарысы ретінде аталып өткен еді. Міне, содан кейінгі жылдарда жыл сайын Асық ойыны жарысы өткізіліп келеді.
Өткен жылы Асық ойынының республикалық чемпионаты Көкшетауда өтіп, оған еліміз бойынша 8 команда қатысып, бақ сынасты. Атап айтқанда: Астана, Көкшетау қалалары мен Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда және Ақмола облыстарының ойыншылары өз өнерлерін ортаға салды. Үш жігіт, үш қыз болып іріктелген командалар мергендіктерін сынап, «Бес табан» ойынын ойнады. Шапшаңдық пен ептілікті, мергендікті қажет ететін бұл ойын қатысушылар үшін ғана емес, көрермен көпшілік үшін де аса тартымды. Жалпы командалық есеп бойынша бас жүлдені Астана қаласының асықшылары иемденсе, екінші және үшінші орындарды Жамбыл, Қостанай облысынан келген асықшылар бөлісті. Жарыс жеңімпаздарын республикалық Асық ойындары федерациясы арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапаттады.
Тағы бір айта кетелік жай, өткен жылы облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласында Асық ойынынан ардагерлер арасындағы жарыс өткізілді. Сөйтіп, ЮНЕСКО тізіміне енгізілген ұлттық
ойынымыз бүгінде жалпыхалықтық сипат алып келе жатқан жайы бар.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар