Әз Наурыз, қош келдің Кербез Көкшеге!

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтауы

Қадірлі жерлестер! Сіздерді көктемнің көңілді мерекесі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз ежелден бейбітшілік пен бірліктің, молшылық пен игіліктің мейрамы болып тойланып келсе, Тәуелсіздігімізбен бірге жаңа сипат алып, қайта жаңғырды.
Биылғы жылы Ұлыстың ұлы күнін отандастарымыз ерекше көңіл-күймен қарсы алып отыр. Қазақстан төртінші өнеркәсіптік революцияны қолға ала отырып, байыпты жаңғыру мен серпінді дамудың жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыруға кірісті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы аясында еліміздің әлеуметтік саясатын жаңғырту бағытындағы тиімді шаралар қолға алынуда.
Республикамыздың басқа аймақтары сияқты біздің өңіріміз де табысты дамуда. Ақмола облысы экономикалық-әлеуметтік даму нәтижелері бойынша ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді деп айта аламыз. Осы орайда, барша ақмолалықтарға қол жеткен жетістіктерімізге қосқан үлестері мен еңбектегі табыстары үшін зор алғысымды білдіргім келеді.
Көктемнің шуақты да нұрлы ұлық мейрамы Әз Наурыз әрбір отбасына бақыт, қуаныш пен игілік, тыныштық пен татулық әкелсін!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Көкшетау.
Әз Наурыз мерекесі өтетін Абылай хан алаңы айрықша талғампаздықпен әсем безендіріліп, мерейлі мерекелік көрікті күйге еніпті. Сандаған ақ шаңқан үйлер кешегі жауған аппақ қармен шағылысып, ерекше әрленіп те, сәнденіп те кеткендей. Көңілдерде – қуаныш!

– Самауырға шоқ салуды ұмытпашы!, – дейді кимешек киген бір әжей.
– Түндікті ашып қойыңдар, – дейді бір келіншек.
Бәрі асығулы. Жаңа жылды – жыл басы Наурыз мерекесін бір үйдің балаларындай ілкімді ынтымақпен, бекем бірлікпен жұмыла қарсы алу қамында.
Тәуелсіздік алаңында мейрамға орайлас-
тырыла ұйымдастырылған сауда-саттық жүріп жатыр. Алған да, сатқан да мәз. Бірін-бірі сақал сипағанша ізім-ғайым болатын сауданың салтымен қысқа қайырып, жаңа жылмен құттықтап та үлгеріп жатыр.
– Әз Наурыз мерекесі құтты болсын! Жаңа жылда ақ мол болсын, сол молшылықтың басы деп сүт-қаймақ, ірімшік алыңыздар! – дейді бір сатушы.
Дәл іргеде қайыңның безіндей шымыр жігіттердің спорттық сайысы өтуде. Әділ сайыс. Күштілердің мерейі үстем.
Ал, «Көкшетау» қонақ үйінің алдында мерекелік сахна құрылған. Сахнада қазақ ұлт аспаптары оркестрі салтанатты рәуішті күй сарынын төгіп тұр. Көгілдір Көкшенің көкмұнар биіктерінен әуелеп ұшқан әдемі әуен Қорғалжынның күміс көлдерінің үзіліп түскен моншақтай үлбіреген аппақ айдынына қалықтай ұшып жетіп, аққу-қаздай мамырлап қонып жатқандай. Күй тілі сан алуан сыр шертеді. Жасампаз елдің жарқын еңбектегі ерлігін де, туған ел тұлғаларының талассыз өрлігін де, бақ-береке қонған қазақ елінің сайын даласын да, сол даланы мекен еткен жүз сан ұлттың береке-бірлігін де әсем рәуішті, құйқылжыған күй тілімен өріп тұрғандай. Ақ түйенің қарны жарылған алапат қуанышта ертеңге деген сенімің де артып, үміттің үлбіреген гүлі қауызын жарып көктейтіндей.
Үлкен, айшықты, түрлі-түсті экраннан ұлтаралық, дінаралық келісімнің әдемі мысалдары сабақталып, тұтас елдің тұғырының беріктігін жырлап жатыр. Иә, қазақ даласы кімге болсын, дос құшағын айқара ашқан. Арғы заманда ата қазақтың көл-көсір пейілі, мерейлі мейірі сол салтын жалғастырған кейінгі ұрпаққа да дәл осындай дархан достықты мәңгілікке аманат етіп кеткендей. М.Горький көшесінен облыстық әкімдіктің ғимаратына дейін ине шаншатын орын жоқ. Иен тірескен халық. Абай көшесінде өтетін мереке прологына қатысу үшін сап түзеген.
Міне, шеру де басталды. Алдымен «Тарих керуені» театрландырылған көрінісі. Алтайдан Атырауға дейінгі ен даланы жайлаған Алаш жұртының көне тарихын, рухани қазына байлығын, ата мұрасын қайта жаңғыртып, уақыт шаңынан аршып алған баға жетпес асылдай жалпақ жұртқа жарқырата көрсетіп, ел еңсесін тіктеуге, келешектің көңілін тоғайтуға қисапсыз үлес қосатын бастама. Алаңды қақ жарып, алып самұрық құстың бейнесі орнатылған көлік келе жатыр. Азат елдің аспанында кереге қанаттарын самғайтын, еркіндікті аңсаған, бостан кейіпті бағына балаған құс бейнесі ел жүрегіндегі ізгі арман-мұраттың әуелеп ұшқан әдемі кейпіндей.
Іле Абай көшесінің бойымен торғай көзді ақ сауыт киген, дулығалы батырлардың алқалай қоршауымен Тайқазан көтерген Алтын адам өтті. Тайқазан босағасына береке байланған, бірлігі бекем жұрттың ешқашан ортаймас ырыс-құты. Азуын айға білеген, айбарынан ай ыққан арыс-тан жүректі ата қазақ осы Тайқазанның түбіндегі адал дәмнен ауыз тиіп атқа қонған. Тайқазан бір қазақтың емес, бар қазақтың берекесі деп ұқты жұрт. Ал, Алтын адам туралы әңгіме бөлек. Есік қорғанынан Алтын адам табылғанда төрткүл дүниенің есі шыққан. Біз бүгін мақтан тұтатын бабалардың мықтылығын сонда ұққанбыз.

Ақиық ақын Мұқағали «Алтын адам шынымен қазақ болса, білген екен құнының қымбаттығын» деп жырлаған болатын. Ақын айтпақшы, қазақ ел қадірін, сол елдегі ер қадірін білетін жұрт. Алтынмен апталып, күміспен күптелген арыдағы жұрттың бүгінгі ұрпағы сол қымбат қадірін жоғалтпай, тәуелсіз елдің тұғырын бекемдей түсуде.
Ендігі бір көрініс бағзы замандағы сақ ханшайымы Томирис бейнесі. Өжет ерлік пен асқан ақыл-парасаттың өлмес бейнесін ұлттық киім киген қырмызы қызғалдақтай құлпырған арулар сомдады. Хореографиялық композицияның иірім-нақыштары жаһандағы жасампаз елдің бүгіні мен болашағын ишара-ыммен ұқтырғандай.
Одан әрі қала халқы мен меймандары жиналған алаңға бүркітшілер мен Қыдыр ата мінген түйе келіп жетті. Қыдыр ата халыққа батасын берді. Осының бәрі бұрынғы ұлттық салт-дәстүрді көз алдымызға елестеткендей болды. Қала тұрғыны Балғожа Жанәділовтың айтуынша, күн мен түн теңелген Ұлыстың ұлы күні қазақтың сайын даласын Қыдыр ата кезіп, адам баласына құт береке, бақ-дәулет сыйлаған екен. Осы күні табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, оңтүстіктің тал-теректері бүршiк жарады. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Жиналғандарға молшылық пен қазақтың қонақжайлығын паш ететін Наурыз көже таратылды. Ертеректе дастарқанның басты асы наурыз көже болған. Нау-рыз көже жеті түрлі тағамнан жасалған. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын! – деп бата береді. Еңбек ардагері Елубай Әйіпов өз сөзінде ұлан-байтақ Ақмола өңірінің халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың ұлы күнiн тойлайтынын, бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болатынын айтып берді.
– Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Мұсылман қауымына Исламның жеті байлығын тiлеймiз. Ұлыстың ұлы күнi құтты болсын, ағайын!–деді еңбек ардагері. Сәлден соң алаңға «Сазгер» сапы аяқ басып, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай тұлғасын сомдаған салт атты әртістер соңынан жүз домбырашы еріп жүрді. Олар Құрманғазының «Адай» күйін орындап берді. Ұлы Отан соғысының ардагері Асылбек Дәулетовтың айтуынша, Ұлыстың ұлы мерекесiн тойлауға көкшетаулықтар жақсы дайындалыпты.
– Ұлт жоқ, ұйысқан Одақ қана бар деген кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан бастап 70 жылдай ұлт мерекесiн терең зындан түбiнде бұғаулап ұстағанын бiлемiз. Одан кейiнгi ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының үкiсiн қисайтуға тырысып бақты. Тiптi, ашаршылық жағадан алған тұста жарапазан – жас балалардың нан сұрап жеу тәсiлiне айналғаны шындық. Елiмiздiң солтүстiк бөлiгiнде көрiсу ғұрпы санадан өшкен. Ал, 31 желтоқсан түнi Жаңа жыл табалдырықтан аттағанда кейбiреу төл мейрамды мойындамайды да. Мұның бәрiн бүгiнгi жастың кемшiлiгi деу жөн бола қоймас. Бала жасындағысын ұмытпайды,–дейді тоқсанның жотасындағы майдангер.
Иә, көнекөз қариялар – салт-дәстүр сабақтастығының соңғы буыны. Ал, 70 жыл идеология құрбаны болған мерекенiң көптеген ырым-жоралғылары кейiнгiлерге таныс емес. Наурыз – кей бiлгiштердiң жаңалық ашып, онысымен жұртты адастырып жүргенiндей, дiни мереке емес. Бұл бағзы заманнан қалыптасқан бүкiлхалықтық Жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кавказ және Орта Азия халықтары төл мерекесi ретiнде тойлайды.
Абылай хан алаңына этномәдени бірлестіктер сап түзеп келіп, өз өнерлерін көрсетті. Олардың киген ұлттық киімдері көз тартады. Наурыз – достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Көңілді өткен Наурыз күні әр адамның есінде көпке дейін сақталатыны бар. Жүректер жылуын таратқан көктемнің бақыт сыйы – Наурыз көп ұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын Достық мерекесі. Ол Анаға деген тағзымнан да көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Бір тал кессең, он тал ек!», деген сөз осыдан шыққан болуы керек.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін Наурыз мейрамның орны ерекше. Осы күні күннің көзі жарқырап, бейне бір бірлік пен достықты қуаттап тұрғандай болды. Орталық алаң мерекеге сай безендірілген. Көңілді әуенмен әртүрлі ұлттың киімін киген қыз-жігіттер Абылай хан алаңына келіп тоқтады. Бұларға ілесе, жүздерін қуаныш пен шаттық кернеген алдында татар, күрд, кәріс, неміс, әзірбайжан, өзбек, тағы басқа ұлттардың өкілдері ұлттық киімдерімен, сән-салтанатымен «Сәлем, Астана» әнінің сүйемелдеуімен «Менің жүрегім Астана» шеруін жасап, жүріп өтті.
Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы Мəлік Мырзалин құттықтау сөз сөйлеп,
жиналған халыққа жүрекжарды тілегін арнады.
– Наурыз – жыл басы. Ата-бабамыздан бізге келіп жеткен қасиетті мереке. Бұл біздің халқымыздың береке-бірлігі және татулық пен достықтың белгісі. Өткендi саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Жыл санап қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Еліміз өркендеп, экономикамыз дамып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы ел экономикасын дамыту, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға үлкен серпін берді. Жақында жарияланған бес әлеуметтік бастама халқымыздың өмір сүру жағдайын жақсартуға арналған үлкен стратегиялық жоба. Біз бұл бағытта, яғни, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретін боламыз. Осының бәрі қарапайым халық үшін жасалып жатқан шаруалар. Баршаңызға да мереке құтты болсын! Ырыс пен игіліктер молынан болсын! – деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.
Бала бесіктен белі шығып, еңбектеуден өткен соң, аяғын қаз-қаз баса бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап, таң-тамаша болады. Бұл кішкентай бөбектің ең алғашқы талпынысы, өзі жасаған тіршілігі. Осындайда дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен «тұсаукесер» тойын жасайды. Бұл жолы салтанатты шара барысында облыс әкімінің қатысуымен өткен «тұсау кесу» рәсімі сонау ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді жаңғыртып, мерекенің шырайын одан сайын аша түскендей болды. Облыс әкімі Қайдар есімді сәбидің тұсауын кесіп, алғаш басқан қадамына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін облыс әкімі Мәлік Мырзалин Абылай хан және Тәуелсіздік алаңдарында тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен ұлттық дәстүр дәріптелген спорттық ойындар, театрландырылған қойылымдар және көрмені аралап көрді. Шара қазақстанның эстрада жұлдызы Әлішер Кәрімовтың ән шашуы мен «Наурыз мереке!» атты мерекелік бағдарламаға ұласып, мейрамның көркін одан сайын қыздыра түсті. Әсіресе, облыстық филармонияның әншілері мен облыстың әр шалғайынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары мерекені әсем әнмен әрлендіріп, күміс күймен, мың бұралған бимен түрлендіріп, көп көңілін шалқыта түсті.
***
Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар облыстың әр ауданы мен әр елді мекенінде сән-салтанатымен аталып өтілді.

Мерекелік репортажды жүргізгендер
«Арқа ажарының» өз тілшілері
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Аслан ОСПАНОВ,
Рамазан ТІЛЕУОВ,
Берік ЕСКЕНОВ (фото).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар