Осындай тақырыпта облыстық әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен студенттер арасында жас суретшілер байқауы болып, мереке қарсаңында талабы мол талантты жастарды марапаттау салтанаты өткізілді. Мәдени шараға зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жас суретшілер қатысты. Көрменің ашылу салтанатында қазылар алқасы өз пікірлерін ортаға салды.
Күнсұлу Сатыпалды Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 4 курс студенті. Аталмыш өнер додасында маңдайы жарқырап, топты жарғандардың бірі осы Күнсұлу. Ол өзінің өнер туындысында көктем туғанда қыратқа шығып, гүлденген, нұрға шомған сұлу әлемге тамсанып, таңырқап қарап тұрған қазақ қызының суретін бейнелеген. Бір ғажабы Күнсұлудың суретінде бүрмелі көйлек киген қыздың етегі жасыл желекке оранып, тіршілік тамырымен астасып, тұтасып тұрғандай үлкен философиялық ойды меңзейді. Иә, рас, көктемде қыз әдемі! Күн ананың мейіріміне құндақталған жер ана да көз тойғысыз сырлы сұлулыққа шомып тұрғандай жүректерді ерекше мейірімге бөлейтіні бар. Әсемдік тұнған әспет суреттен біз осыны аңғардық.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға облыс орталығындағы жоғары және орта кәсіптік білім беретін оқу орындарының отызға жуық талабы мол талантты жастары тартылған. Байқаудың басты мақсаты өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Бір атап өтерлігі, бұл сайысқа басқа мамандық бойынша білім алып жатса да, сурет салуға бейімі бар жастар көптеп қатысуда. Мәселен, Көкшетау қаласындағы жоғары колледжден өткен жылы дәл осындай байқауға үш бала қатысса, биыл алты жас суретші өз өнерін ортаға салған. Осындай дарынды балалардың бірі Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің білім алушысы Баян Махат. Жазиралы дала төсінде бұрымын желге сүйгізген қазақ қызының көктем келген қуанышын сипаттап сурет салған талабы мол жас қыздың болашағынан зор үміт күтеміз.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, байқау қорытындысы бойынша байқаудың жеңімпазы, жүлделі бірінші орынды Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенті Төлеген Әлішер иеленсе, жүлделі екінші орын Күнсұлу Сатыпалдының еншісінде. Үшінші орыннан Мұрат Бекмағамбетов пен Камила Нұрмағамбетовалар көрінді. Байқауға қатысушылар мен жүлдегерлер ұйымдастыру алқасының дипломдарымен марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.