Іске асырылса, халыққа берері мол

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Достық үйінде өткен дөңгелек үстел Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін талқылауға арналды.

Көктемнің алғашқы күні жарияланған үндеудің басымдықтары мен халықтың әлеуметтік жағдайының нығая түсуіне қосар үлесі жан-жақты талқыланған шараға мемлекеттік органдардың басшылары, саяси партиялардың төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен қоғамдық-саяси бірлестіктердің өкілдері қатысып, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Кәрімова төрағалық етті. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында көтерілген мәселенің бірі – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Осы тұрғысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров облыс орталығындағы жоғары және орта арнайы білім беретін мекемелердің жатақхана жағдайы, жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны, биылғы жылдан бастап аталмыш университет жанынан құрылысы қолға алынатын 1 мың студенттік екі жатақхана жайында жан-жақты түсінік беріп, медицина факультетінің ашылуының мән-маңызына тоқталды.
Ал, әлеуметтік бес бастаманың ең алғашқы бөлімі «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» мәселесіне арналғандығы белгілі. Осы орайда, «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ-ның Көкшетаудағы филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Әсет Боранбаев біраз түйткілді мәселелерге тоқталды. Облыста осы күні баспана кезегін күткен 21 мыңнан астам адам бар, ал, «7-20-25» бағдарламасының қалай және қай банктер арқылы жүзеге асырылатыны әлі белгісіз. Кейбір екінші деңгейлі банктердің бұл бағдарламаға қарсылық танытып жатқандығы және бар. Сондықтан, көп нәрсе аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін Ұлттық банк жанынан арнайы компанияның құрылуына және оның жұмысына байланысты болмақшы.
Бұдан соң Көкшетау қаласындағы ардагерлер мен мүгедектерге арналған емхананың бас дәрігері Бағила Закрина, облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бөлім меңгерушісі Сандуғаш Алшынбаева да өз салаларына қатысты мәселелерге тоқталып, облыстағы жағдаймен салыстырып түсіндіріп берді. Дөңгелек үстел соңында қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің, партия ұйымдарының өкілдері бес бастаманың облыста іске асырылуы туралы өздерінің тұшымды ой-пікірлерін ортаға салды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар